ТАРИХЫ ТОҒЫЗЫНШЫ ҒАСЫРДАН МӘЛІМ КӨНЕ ШАҺАР

Семей – біздің еліміздің арғы-бергі тарихындағы тағдыры ерекше, даңқы зор қала. Оның өткеніне көз салсақ, ғұндар мен көне түркі заманын былай қойғанда, орта ғасырлардың өзінде Семей кентті қоныс екенін аңғарамыз. Ол –Қимақ-Қыпшақ мемлекетінің 16 қаласының ішіндегі астана мәртебесіне ие болған елді мекен.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін осы қалада тұрып, қаланың тарихымен көптен шұғылданып жүрген ғалымдар, тарих ғылымдарының кандидаттары Амантай Исин, Мұхтарбек Кәрімов, Ерлан Сайлаубай, философия ғылымының кандидаты Асан Омаров және басқа танымал зиялылар қол қойған «Семей қаласының жасы туралы тұжырымдама» деп аталатын тарихи құжаттан ұзақ үзінді келтірсек: «Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасының ең үздік жетістіктері археология және тарих салаларына келетіні аян. Соның бір нәтижесі – «Сарыарқа төсінде бұрын қалалар болмаған-мыс» деген көзқарас соңғы жылдары түбегейлі өзгеріп отыр. Бір ғана мысал алсақ, елорданың дәл іргесінен Бозақ деген қалашықтың орны ашылып, ғалымдар оның ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергенін анықтады.
Ал осы кезеңде Ертістің бойында Қимақ конфедерациясының он алты қалашығы болғаны тарихшы қауымға бұрыннан жақсы мәлім жай еді. Міне, соның бірі – Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының межесі Семияр селосының маңынан табылып, археолог ғалымдарды елең еткізді. Қазіргі күні көне кенттің орнында үлкен қазба жұмыстары жүргізіліп, жер қойнауынан көптеген құнды айғақ алынуда.
Ендігі сөз арқауы – Қыпшақ-Қимақ қағанатының бас ордасына келейік. Оның қазіргі Семей қаласының орнында орналасқаны туралы болжамды жергілікті өлкетанушылар мен тарихшы ғалымдар 1988 жылдан беріде баспасөз бетінде айтып жаза бастады.
Өйткені осыған сілтенетін археологиялық ескерткіштер де, жазба мағлұматтар да жеткілікті болды. Бұлтартпайтын дәлел ретінде әйгілі көне құрылыс – «жеті мешіт» жайлы естіп, он сегізінші ғасырда Санк-Петербургтен орта Ертіс жағасындағы орыс бекінісіне арнайы келген Миллер және Паллас сынды атақты ғалымдар айтқан деректерді ерекше атау қажет. Сондай-ақ Тәмим ибн Бәкірдің, әл-Идриси мен Гардзинидің мәліметтері орта ғасырларда Семей орнында үлкен сауда қаласы тұрғаны – тіректі тұғырымыз. Мәселен, әл-Идрисидің ХІ ғасырда сызылған картасы ескі шаһардың Ұлы «Жібек жолы» бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқанын дәлелдейді. Бірден айтайық, жаңағыдай дерек-дәйектер жаңалық емес, бәрі де ғылыми айналымда бұрыннан бар. Мысалы, «Қазақ ССР тарихы» кітабының 1-томының 395-бетінде жаңа аталған араб географы әл-Идрисидің еңбегінде: «Қимақ астанасы – темір қақпалы қорғандармен берік қоршалған, ішінде базарлары, ғибадатханалары бар ірі қала» деген мағлұмат келтірілген.
Ал көне шаһардың болғанын Қазақ Совет энциклопедиясының «Семей» (10-том, 114-бет) және «Қимақ қағанаты» (6-том, 557-бет) деп аталатын көлемді мақалаларында келтірілген мол мағлұматтар толықтай таныта алады. Бұл – әсіресе, бұлтартпастай дәлелденген жайт» делінген.
«Семей қаласының жасы туралы тұжырымдама» – ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің талқылауынан өтіп, қолы қойылған құжат. Ғалым Асан Омаровтың «Қазақия» деп аталатын кітабындағы «Семей қаласы тарихының хроникасы» (маңызды даталар) деген бөлігінен тағы да үзінді келтірсек. Себебі бұл маңызды даталар «тұжырымдамадағы» Семейдің жасына қатысты кезеңдерді нақтылай түседі.
Сонымен, хроника:
840-940 жж. Көне Семей шаһары – Қимақия мемлекетінің астанасы. Осы ғасырда Ертістің оң жағалауында Қимақ одағына кірген тайпа санына сәйкес жеті тас мешіт бой көтереді.
Х ғасырда көптеген араб саяхатшысы, ал ХІІІ ғасырда итальян жиһангері Плано Карпини Орта Ертіс шаһарына ат басын тірейді. Қала туралы жазба деректерін қалдырады.
1368 жылы өзінің қалың әскерімен Бұқара, Самарқандтан шығып, қазақ сахарасын қиып өтіп, Орта Ертіс бойына ат басын тіреген Ақсақ Темір құлап жатқан жеті тас мешітті қайта қалпына келтірген деп жорамалданады.
1616 жылдың 25 сәуірінде орыс патшасы Михаилдың грамотасында: «Ертіс бойында тас мешіттер бар, оларды тексеру керек», – деп көрсетіледі. Бұл құжат-грамотаны орыс ғалымы Г.Миллер Тюмень архивінен тауып алып, ғылыми айналымға енгізді;
1653 жылы Қытайдағы орыс елшісі Ф.Н.Байков Ертіс жағалауындағы ірі құрылыс – жеті тас мешітті салдырған бұхаралықтар екен» деп ресми орындарға рапорт жолдайды (ҚСЭ. 10-том, 114-бет);
1660-1758 жж. Көне сауда қаласы орнына Жоңғар мемлекетінің қаласы орнықты. Қала Тархан Доржы деген дінбасы атымен Доржынкит (немесе Доржынкент) деп аталды. Қалмақтар будда дінінің «ламаизм» деген бағытын ұстанған;
1670 жылдары «Жеті мешіт» Доржы пірәдардың басшылығымен күрделі жөндеуден өтіп, будда монастырлерінің кейпіне енді. Бұл туралы XVII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген археолог-зерттеуші Н.Абрамов дерек қалдырды. Енді осы жерде сәл шегініс жасайық. «Е, бәсе, Семей – қалмақтың қаласы екен ғой!» – дейтіндер осы жерден бас көтереді. Болса қайтеді! Қалмақ та – киіз туырлықты, ағаш керегелі көшпенділер. Түп атасын қусаң, ол да – түркі, төскейде – малы, төсекте жаны қосылған ежелден туыс ел. Екі елді айырып, өшпенділіктің отына май құйып, бір-біріне айдап салған Орыс-Қытай империялары. Әйтпесе, қалмақ халқы Қазақ ордасының құрамында тұрған кезеңді де біз жақсы білеміз. Оған дәлел – 1595 жылы Ораз-Мұхамет Ондан Сұлтан мен атақты тарихшы Қадырғали Қосымұлы Жалайыри орыстардың қолына түсіп, Мәскеуге айдалып барғанда, сондағы Қазақ ордасының елшілігі Ораз-Мұхаметке хат тапсырғаны. Онда «ағаңыз Тәуекел – Қазақ ордасының билеушісі, ініңіз Шах-Мұхамет Қалмақ ордасының билеушісі» делінген. Бұл хат күні бүгінге дейін Мәскеудің Орталық архивінде сақтаулы, яғни Қалмақ ордасы Қазақ хандығының құрамында еңсегей бойлы Ер Есім заманынан бірге болып, жаңағы Ораз-Мұхамет оқиғасынан қырық жыл өткенде, яғни 1635 жылы Еміл өзені бойындағы Еміл қаласында Орыс саясатының ықпалымен қалмақтектілер бас қосқан құрылтайда «Жоңғар империясын» жариялайды. Сондықтан Қытайдағы орыс елшісі Федор Байков Доржынкент қаласында өз үйінде жүргендей тайраңдап жүр. Ал: «Осы қаладағы жеті тас мешітті бұқаралықтар салдырған екен», – десе, Доржын пірәдардың шындыққа қиянат жасамаған ізгілігінің арқасы деп ұғу керек. Енді Семей тарихы үшін «аса маңызды» датаға келеміз, ол – 1718!
1718 жылы Бірінші Петрдың әмірімен бүгінгі «Старая крепость» ауылының орнына келіп түскен орыс әскері нан-тұз алып келген жоқ, зеңбірегін зіркілдете сүйретіп, мылтығын кезеп, қылышын жарқылдатып, қаһарын шашып келген және оны «орыс-қазақ» достығы деп мәймөңкелетудің де керегі жоқ, жаулаушының аты – жаулаушы! Осы бекініс алпыс жыл өткенде түгі қалмай өртеніп кетіп, гарнизон 1778 жылы көне шаһар Семейге келіп кіреді.
«Семей» деген сөз күні бүгінге дейін көбіне «Семипалатинскінің» қазақшаланған транскрипциясы ретінде түсіндіріліп келеді (Усть-Каменогорскіні Өскемен деген сияқты). Ал Шыңғыс қаған Орта Ертіске келген ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде бұл шаһар Ертістің бойында еңсесі биік жеті ғибадатханасы бар қайнаған сауда орталығы деп білуіміз керек. Шыңғыс қағанның құрметіне «Найманкүре», «Шыңғыстау» атанса, сол кезде де Семейтау бар. Қаладан бар-жоғы 50 шақырым жерде тұрған таудың атауын қалаға жақындастырғымыз келмейтіні өкінішті-ақ. Қайсыбір түркі дүниесін зерттеушілердің сөзіне қарағанда «семей» сөзі көне түркі тілінде «ғибадат ететін, құлшылық ұратын мекен» дегенді білдірсе керек. Ал логикалық ойлау жүйесіне салсақ, Шыңғыс қағанның атақты «Отырар керуені» жер түбіндегі Қарақорымнан емес, осы Семейден аттанғанын болжау қиын емес сияқты.
2018 жылы Семей қаласының 300 жылдығын тойлаймыз деп жалаулатқандар көп болды. Білмеген у ішеді деген. Соның көпшілігі – өз қандастарымыз! «Көшпенділерде қала да болмаған, мәдениет те болмаған, болуы да мүмкін емес!» – дейтін еуроцентристерді алыстан іздеп керегі де жоқ, олар біздің айналамызда толып жүр.
Сексенінші жылдарда «Верный бекінісінің іргетасы қаланған күн» деп Алматы қаласының 250 жылдығын тойлау мәселесі көтерілген болатын. Бұған қазақ зиялылары қарсы тұрып қана қоймай, Алматының көне қала екенін дәлелдеп шықты. Абырой болғанда сол кезде қала ішінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде біздің заманымыздан мың жыл бұрын сол қалада соғылған алтын, күміс теңгелер саудырап шыға келгені…
Қазақтың ұлы ғалымдарының бірі – Ақжан Машани көзі тірісінде цензура өткізбеген, тек өлген соң ғана жариялауға мүмкін болған, шығармалар жинағының 15-томында былай деп жазады. «Қазақстанның кен қазу тарихын алайық. Кен тастары, бұл да – тарихи мұра, таңбалы тастардың бір түрі ғой! Қазақстан жерінде көптеген кен байлығының көзі бар екені мәлім және олардың көпшілігі ерте замандардан белгілі болған. Айтайық, осыдан төрт, бес мың жыл бұрын Жезқазғанның мыс кені, Алтай мен Арқаның алтын, күміс, қалайы, қорғасын, мыс, мырыш, темір және көмір кендері, Алатаудың, Қаратаудың қорғасын кендері қазылған. Сол қазылған кен орындары, оны қорытқан орындары, одан шыққан металдары – жергілікті халықтардың қолданған айқын деректері. Соны қазған, сол кендерге ие болған халықтардың мекендері, қойылған зираты, тасқа салған таңбалары, ескерткіш-мұралары сонау Сібірден бастап Каспий жағасына дейін кең таралған. Оның барын ешкім жоя алған жоқ. Бірақ та сол бай мұраны сол жерді ерте заманалардан бері мекендеп келген халықтар – қазіргі қазақ халқының бабалары екенін мойындамай, бұрмаланып келеді. Батыстық отаршылар «көшпелі халықтарда мынадай кен қазу мәдениеті болуы мүмкін емес» деген жалған жорамал таратқан. Демек, қазақ халқының өз жерін өзіне жат етуге тырысқан», – дейді Ақжан Машани «Өгізхан» мақаласында.
«Өркениет тек қана батыстан басталған», – дейтін бүгінгі еуроцентристердің ата-бабалары 731 жылы «Үлкен Күлтегін ескерткіші» жазылғанда, ашығын айтқанда, әліпті таяқ деп білмейтін надан, бір-бірін тас балтамен төпелеп жатқан жабайылар болатын. Ал «Үлкен Күлтегін ескерткіші» Күлтегін батырдың жоқтауы ғана емес, мемлекеттік трактат еді. «Күндіз – отырмадым, түнде – ұйықтамадым, қара терімді шұбырттым, қызыл қанымды жүгірттім түрік бұдыны сен үшін!». Ел үшін еңіреген ер! Тұлға! Бұл – көне, кешегі емес, бүгінгі өркениеттің биігі!
Күллі әлем жер-көкке сыйғызбай мақтайтын Ескендір Зұлқарнайынның елу-ақ мың әскері болған. Ал Күлтегін күн түбіне жортқанда алты жүз мың қолмен жер қайыстырған!
Қазақстан аумағынан табылған жеті алтын киімді адамның үшеуінің шығыс өңірден шығуы – заңдылық әрі өркениет қайдан басталатынының алтын белгісі. Өркениет батыстан шығысқа емес, керісінше, шығыстан батысқа қарай, Алтайдан асып, күн түбіне қарай қанат жайғанының белгісі – бұл!
Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру – үлкен парасат пен жауапкершілікті талап етеді. Иә, қорыта айтқанда, қасиетті Семей – орыстар салған бекініс емес, ол тарихқа 840 жылдан мәлім көне шаһар.
Құсмілия НҰРҚАСЫМ