КІТАП ОРАЛҒАН КҮН
05.10.2023
208
0

Тоқсаныншы жылдардың жуан ортасы болып қалған кез еді… «Фатима Ғабитованың естеліктері, күнделіктері баспадан шығыпты» деген сөз желдей есті. Ол уақытта нән биліктен бастап, бәріміз жабылып кітап атаулыны құрдымға атып жатқанбыз. Әйтсе де көпшілік, әсіресе жаңалыққа жаны құмар жастар ортасы: «Фатима апамыздың кітабында не айтылыпты? Не жазыпты ол кісі?» – деп елең ете қалдық.


– Ой, несін сұрайсың, бұрынғының бұғауында булыққан шындықтың бәрі сол кітапта жазылған көрінеді.
– Бәле, М.Қ. мен С.Ілияс Жансүгі­ровтің соңына шам алып түсіп, түбіне жеткен екен ғой…
– Фатима Ғабитова Жазушылар одағының бір ұлық жиынында қазақтың аймаңдай ұлдарына қастандық қылған әдебиеттегі қаскөйлердің бетін тіліпті.
– Әуел десең, Фатима ханымға Ахаң да ынтық болып, бір шумақ өлең жазып қалдырған екен.
– Фатима қасірет пен қайғы кеше жүріп, Алаштың үш арысынан сүйген ұрпағын өсіріп, жеткізіпті.
Кітап қолымызға тиген жоқ, бірақ кітаптың даңқы осылай ауыздан ауызға тараған.
Менің бір өкінішім – сол кітапты сол кезде неге іздеп тауып алмадым болатын…
…Ал, міне, бүгін (26.09.2023 жыл) Фатима Ғабитова әниімнің тоқсаныншы жылдарда-ақ, қоғамды дүр сілкіндірген баяғы кітабының толықтырылған, заманауи дизайнмен өрнектелген және мұқабасына «Өртеңде өскен гүл» деп жазылған жаңа нұсқасының тұсаукесері болды. Кітап әйгілі «Атамұра» баспасынан шықты. Кітаптың алғысөзін Ұлт­тық ғылым академиясының академигі, энциклопедиялық білім иесі, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-
Мұхаммед жазыпты. Біләл мен Фатима, Ілияс пен Фатима, Мұхтар мен Фатима тағдырына тамырлай бойлап жазылған Мұхаңның бұл алғысөзі «Қазақ әдебиеті» газетінің қыркүйек айындағы жалғасты үш санында (№35-37) «Жолаушы» деген эссе түрінде жарияланған еді.
Тұсаукесерде жазушы, Жазушылар Одағының Басқарама төрағасы Мереке Құлкенов: «Өртеңде өскен гүлді» биылғы жылдың «Үздік кітабы» деп тануымыз керек. Бұл кітап – ана боламын деген қыз, әке боламын деген ұл оқуға тиіс кітап», – деді.
Тұсаукесердің беташар сөзінде баспагер, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед Фатима Ғабитованың қайсар рухы жайын­да шешіле сөйлеп, кітаптың мазмұны мен дизайнына дейін жиналған қауымға баяндап берді.
Жиын барысында мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Мұхтарұлы Әуез, Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Төрегелді Шарманұлы, жазушылар: Кәдірбек Сегізбаев, Роллан Сейсенбаев, Смағұл Елубай, Дидар Амантай, ақын Иран-Ғайып, ғалым Қансейіт Әбдезұлы, Фатима Ғабитованың немересі, «Ілияс Жансүгіров» қорының президенті Жанар Жандосовалар үш бәйтерек, бір шынар – Біләл, Ілияс, Мұхтар және Фатима туралы, олардың ұрпақтары туралы ойлы сөздер айтты.
«Бүгін кітап оралған күн болды» дедім мен ішімнен. Енді ол кеудемізді Күндей жылытып, біз бара алмайтын заманаларға сапар шегіп, ұзақ өмір сүретін болады.

Дәурен Қуат

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір