САРТАЙ БАТЫР ОРТАМЫЗҒА ОСЫЛАЙ ОРАЛҒАН ЕДІ
14.06.2023
918
0

Әшейінде бір-бірімен қанша айтысып, тартысса да әлем ойшылдары түгел пәтуаға келген бір қағида бар. Ол қағида бойынша «Ақиқат» және «Әділет» деп аталатын ең қасиет­ті қос ұғымның екеуі де өзін-өзі қорғауға дәрменсіз, ақиқат­ты, әділет­ті жақтайтын жандар өздерін әлдекімдердің өтіріктен, жаладан қорғауына зәру болып тұратын әрі әлжуаз, әрі нәзік қасиет­тер екен. Осы күні есімі екі қазақтың біріне мағлұмат. Сартай батыр Байжанұлы туралы айтқанда, әлем ойшылдарының әлгі ой-пәтуасы есіме түсе беретін болды. Өйткені Сартай бабамыз туралы ақиқат­ты, әділсөзді айту қашан тәуелсіз ел атанғанша еш мүмкін болмады. Оның ең басты себебіне сәл кейінірек тоқталайық. Бабамыз туралы ақиқат­тың айтылуына ең алғаш қозғау­шы болған адам – белгілі журналист, әсіресе еліміздің арғы-бергі тарихы туралы зерт­теулерден мол хабары бар марқұм Өмірзақ Жолымбетов еді. Алғаш танысқанымызда менің «Жұлдыз» журналында жарияланған өлеңдерімді сүйсініп оқығанын айтып тұрды да: «Сен Нұрмағамбет ақынды білесің бе?» деді. Мен ол кісінің есімін әкем Сахидан естігенімді – Арал, Шалқар маңында ғұмыр кешкен Жарымбет ишан баласы Ашубай шайырмен айтысқан және Ахметоллаға хат деген өте бір өрелі өлеңі бар екенінен әкем арқылы ғана хабардар екенімді айт­тым. Сартай батыр туралы жыр жазған Нұрмағамбет Қосжанұлы екенін алғаш рет сол Өмірзақ Жолымбетов ағамнан естідім. Ол кез­де мен «Санат» баспасында редактор боп қызмет істейтінмін. Бір күні Өмекең келді. Әңгіме тағы да Сартай батыр туралы Нұрмағамбет Қосжановтың дастанын қайтсек шығарамызға кеп тірелді. Әрі ойлап, бері ойлап, не болса да жаны руханиятқа жақын жүретін Иманғали Тасмағамбетовке хат жазуды ұйғардық. Хат­та Сартай батырдың 16 жасында өзі құралпы мың баладан жасақ құрып, 1726-28 жылдары Әбілқайырдың әскеріне қосылып ел қорғағаны, өңкей өрімтал жас баладан мың адам құралып, ел қорғау деген ешбір елдің тарихында болмағаны айтылды. Өйткені тарихи ақиқат солай. Ал атақты орыс жазушысы А.Фадеевтің «Жас гвардия» романындағы жастардың өзі өмірде болмаған, тек сол көркем шығарманың ойдан алынған кейіпкері екені, осы Сартай батырды жазамын деп ақын Нұрмағамбет әуелі бір рет түрмеге жабылып, одан екінші рет әлдебіреулердің көрсетуімен тағы да ұсталып, сол жолы «халық жауы» атанып атылып кеткені, бұл дастанның әлі да жарыққа шықпай жатуының тағы бір себебі – Сартай батыр кейін Ресей отаршылдығына қарсы күрескені, тіпті Хиуаға бет алып бара жатқан полковник Гарбердің отрядын талқандағаны және басқа да деректер қат­ты кедергі болып отырғанын баса көрсет­тік. Өз басым Иманғали Тасмағамбетовтен келген жауапты оқи алмадым. Бірақ көп ұзамай баспа директоры марқұм С.Әбдірайымов мені алдағы уақыт­та жарияланатын «Сартай батыр» дастанына редактор қып бекіт­ті. Сөйтіп, бұл кітап 1996 жылы жарық көрді. Сол кітапқа менің қосқан үлесім Нұрмағамбет Қосжанұлы мен Ашубайдың айтысы туралы және Ахметолла деген құрдасына хаты туралы мағлұмат қана болды. Сөйтіп, Сартай батырды Нұрмағамбет (өзі Бөлебай баласымын дейді) дастан қып жазып атылып кетсе, бұл шайырдың да, Сартай батыр бабамыздың да атын бүгінгі ұрпаққа алғаш паш еткен журналист, зерт­теуші Өмірзақ Жолымбетов болатын. Кейін өз басым осы Сартай батыр туралы бір-екі рет мақала жазып баспасөзде жарияладым. «Сартай батырдың зары» деген ұзақ толғауымды өлеңдер жинағыма енгіздім. Осы толғау өлеңім кейін Астанадағы Әзірет Сұлтан мешіті жариялаған бәйгеде жүлде алды. Кейін сол мақалаларымды қайталағандай етіп Ақтөбеде тұратын бір азамат мақала жазыпты. Оның сол мақаласын өзім редакциялап, жарық көруіне көмектестім. Ойым – әйтеуір Сартай нақақтан халық жауы атанып арманда кеткен Нұрмағамбет­ті, елін мына жақта орыстан, мына жақта жоңғардан қорғаған баһадүр есімін жұрт біле берсін деген еді.
Дастаны жарыққа шыққасын арада біраз уақыт өткенде бұл тарихтан мүлде бейхабар адамдар «Жаужүрек мың бала» деген фильм түсіріп жатыр деген хабарды естіп сол кез­дегі «Қазақфильм» директоры Ермек Аманшаев ініме бардым. Фильм сюжеті тарихи уақиғаға өрескел қайшы келетінін, Сартай батыр 15-16 жасында емес, 90-нан асып, би болып өмірден өткенін, кейіннен Әбілқайыр ханмен бірге Ресейге қарсы күрескені туралы деректерді айтып, дастанның бір данасын қолына беріп кет­тім. Амал не, менің жасаған ескерткіштерімнің бірде-бірі ескерусіз қалды. Ұлт­тық дүниетанымымызға, салт-дәстүрімізге өте оғаш көріністерге толы бұл фильмде Сартай 15-16 жасында «өлтірілді». Ең сорақысы, ұлтымыздың қасиет­ті үрдістеріне қайшы келетін, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне зор залалын тигізетін тұсы жап-жас Зере деген қыз ата-анасының оң жағында отырып, Сартайдан жүкті болып қалатын жері де сол күйінде қалды. Фильм түсірушілердің ұлт­тық үрдіс-салт­тардан мүлдем бейхабарлығы сондай, фильмнің соңында қарны шермиген сол жүкті қыз үй тігіп, шаңырақ көтеруге көмектесіп жатады. Осы бір надандық көріністі де сынап, фильмнің ұлт­тық болмысымызға өте кереғар екенін көрсетіп, баспасөзге тағы да мақала жарияладым. Фильмнің қазақтың ұлт­тық салт-дәстүріне мүлде кереғарлығын ақсақал жазушымыз Әбдіжәмил Нұрпейісовке де айтып едім, ол кісінің бұған араласуға ықыласы бола қоймады.
Міне, өз заманында әрі би, әрі баһадүр атанған Сартай бабамыздың есімі бүгінгі ұрпағына осылай оралған еді. Кейін шалқарлық кәсіпкер, жүрегі қашанда ұлтым, қазағым деп соғатыны әр лебізінен көрініп тұратын сырбаз азамат Абдул-Насыр (Нәсен) Қожаниязов Ақтөбеде Сартай Байжанұлының есіміне көше беру және ол құрған жасаққа ескерткіш қою туралы бастама көтерді. Ақтөбе уәлаятының әкімі Бердібек Сапарбаевқа хат жазылды, мен ол хат­ты қазақтың Алматыда тұратын аты әлемге әйгілі жазушыларына көрсет­тім, олар түгел қуат­тап, қуана-қуана қол қойған. Бұл рет­те уәлая­тының сол кез­дегі әкімі Бердібек Машбекұлының осынау игілікті іске қат­ты ризашылығын білдіріп, мақұлдауының да көп септігі тигенін атап көрсету артық болмас. Оның бержағында қала әкімі Ілияс Испанов, қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова осы істің ілгері басуына жас балаша қуанып атсалысқаны да өз алдына бөлек әңгіме.
Бұл жағдаят­ты қысқаша да болса жұртшылыққа баяндап беруімнің тағы бір себебіне тоқтала кетсек артық болмас. Осыдан біраз бұрын Шалқар қаласына, одан Ақтөбеге бардым. Сонда біреулер Сартай батыр туралы мәселені қозғап, осы іске түрткі болған мен едім деген сыңайда әңгіме өрбітіп жүргенін естідім. Бұл жерде мен өзімнің болар-болмас бітірген шаруаларымды айтқалы отырған жоқпын. Мәселе мынада: Қазір елімізде Ресейдің қамыты мойнымыздан алынбаған кеңес заманында айтуға тыйым салынған ақиқат­тар ашық айтылып, осынау ұлы даламызды жат жұрт­тың табанына түсірмей, ұрпағына мирас қып қалдыру үшін қаны мен терін қатар төккен, қажет болса жанын садаға еткен ата-бабаларымыздың рухын ояту қызу қолға алынды. Сартай батыр да – сол аруақты бабаларымыздың бірі десек, оның отансүйгіштігін, ерлікке толы өмірі туралы әр лебізін де, ат­таған әр қадамың да аңдулы Кеңес заманында-ақ жыр-дастан қып жазғаны үшін 40-тан енді асқанда атылып кеткен дүлдүл шайыр Нұрмағамбет Қосжанов (өзі «мен Бөлебайдың баласы» депті) болатын. Сол дастанды мен қызмет істейтін «Санат» баспасына әкеп тапсырып, жоғарғы жаққа хат жазып, зор еңбек сіңірген журналист әрі тарихтан мол хабары бар кеудесі аңқылдаған ақдомбыра ағамыз, спортшы-зілтемірші Өмірзақ Жолымбетов болатын. Бүгінде сол Нұрмағамбет шайырдың да, Өмірзақ Жолымбетовтің де туып-өскен жерінде олардың есімінде көше не ескерткіш бар ма, жоқ па білмеймін. Сондықтан Сартай бабамыздың тарихы, оны бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп ұсыну сияқты сауабы мол істі айтқанда осы қос аруақтың есімі қатар аталуы тиіс.

 

 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір