Ғасырдан асқан аманат
Алаш ардагері Райымжан МәрсековтІң
«Қазақ қайда бара жатыр?» кітабынан туған ой
Ең алдымен, Р. Мәрсековтің жер басып жүрген барлық туыстары атынан аталған кітапты құрастырған Светлана Сымағұлова қарындасым мен кітапқа алғы сөз жазып, басып шығарған «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес мырзаға таудай үлкен рақмет айтып, шексіз ризашылығымды білдіремін.
Аталған кітаптың шыққанына биыл 22 жылдан асып барады екен, 500 дана- мен таралыпты. Кітапқа Мәрсековтің отыздан астам мақалалары, сөйлеген сөздері, хаттары топтастырылған. Кітаптағы әр мақаланың әлеуметтік-қоғамдық маңызы, көтерген идеясы, саяси салмағы, ұлт, халық мүддесіне қатысты көкейтестілігі, өзектілігі бүгінгі күнге аса қажетті екендігіне көзіміз әбден жетті. Автор өз мақалаларында баяндалған оқиғалардың, саяси-экономикалық жағдайлардың қайнаған ортасында жүргендіктен де, нені жазса да шындықтың бетіне тура қарап, батыл сөйлей алған. Кітаптың ең үлкен құндылығы да, міне, осында деп білеміз.
Р.Мәрсековтің қоғамдық- саяси өмірі Петербург университетінде оқып жүрген кезінде басталады. Дәл сол кезеңде қазақтың сорпа бетіне шығар талантты жастары (кейінгі Алаш қозғалысының көшбасшылары) Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Жақып Ақбаев, Бақтыгерей Құлманов, Жаһанша Сейдалин, Айдархан Тұрлыбаев, Барлыбек Сыртанов, Мұхаметжан Тынышбаевтар ілгері кейінді Омбыда оқыған екен. Ал Райымжан Мәрсеков пен Айдархан Тұрлыбаев заң мамандығын бірге оқыпты…
Университет қабырғасында жүрген кезінде аттары аталған жастармен бірге Р.Мәрсеков те патша үкіметінің отарлау саясатына, зорлық-зомбылығына қарсы наразылық қимылдарына белсене қатынасқаны үшін, қара тізімге ілініп, оқудан қуылып, ауылына қайтарылады. Артына аңдушылар қойылады. Бірақ Мәрсеков амалдап жол тауып, университетке қайта қабылданып, оқуын бітіріп шығады.
Ол дербестігінен айырылған қазақ жерінің жоғын жоқтап, бірнеше мақала жариялайды әрі қайткен күнде жерді қайта иемденуге болатынын халқына түсіндіруге тырысады. «Қазақ қайтсе жерге ие болады?» деген мақаласында:
«Соңғы өткен 15 – 20 жылдарға көз салсақ, біздің қазақтан көп жер кеткен екен, кеткенде де жерінің шабындысы кетіп, өздері сығылыса-сығылыса, барған сайын жинтық жерлерге кетіп жатыр. Әсіресе соңғы 3 – 5 жылдың ішінде жер қатты тарылды. Енді бұлардың жері тарылды. Бұдан былай мужик жіберуді тоқтату керек!» деген сөз әлі естілмейді. «Оның бір жағында қала салсаңыздар, бір белгілі жерді мекен қылсаңдар, жер береміз, ол жерге содан соң ешкім тимейді, өздерің ие боласыңдар» дейді. Олай болғанда, отырған жеріміз қазынаныкі болып жыл сайын мужик келіп, отырған жерімізден қуатын болса, бұлай тұруымызда не қасиет? Жә, бір осы қалпымыздан айырылмадық, қала салмайық, басы байлы жер алмайық, сонда бір беріп тұрған жерді алмағанда, табарымыз бар ма? Тамам тау, тас, құм, шөлге келіп тығылмаймыз ба ақырында?.. Қазақ қала салғандай болса, белгілі бір жерді мекен қылса, одан келер зауал бар ма? Түбінде байлық жерде. Жерсіз байлық жоқ не шаруа болса да, диқаншылық болсын, мал өсіру болсын, қайсысына болса да, жерсіз болмайды. Олай болғанда осы бастан жер алып қалуымыз жөн болмас па?..» (8-бет).
Мәрсеков жоғарыдағы ойларын қорыта келіп, жер алудың төрт түрлі алғышартын былай көрсетті:
«1. Бізге 30 – 40 үйге қала салуға рұқсат берілетін болсын. Біз мал өсіріп өскен халықпыз, бір күннің ішінде сол ата-бабамыздан күйлі жатқан шаруамызды тастауға мүмкіндігіміз жоқ, 30 – 40 үйден қала салатын болса, бір жағынан, мал шаруа, бір жағынан, диқаншылық еткенді тастамай кәсіп қылуымызға болады.
2. Бізге жер кесіліп, белгіленіп бергенде егіндікке, шабындыққа лайық жер де берілсін. Оның үстіне мал бағуға лайық жер де берілсін. Мужикке лайықтаған өлшеу бізге лайық емес.
3. Қазақ халқы, мүмкін, қазір бірыңғай болсын. Мұны айтатынымыз: Мужиктен (Хахол) қазақ жұртының момындығынан көрген қорлықтары көп, ол зорлықтарды маңайына хахолдар келіп орныққанын ел айтпай-ақ біледі.
4. Қала болған уақытта қазақты орыс волостарына қоспай, өз алдына қазаққа қандай низам шықса да бөлек болатын болсын, бір қала болса да.
Осы жөніменен бір қала салып, жер алсақ һам осылайша сұрансақ, сөзімізді ұлық қабыл алар еді һам пайдамыз осымен табылар еді деймін…» (10-бет).
Р.Мәрсеков «Қазақ қайда бара жатыр?» деген мақаласының соңын ала:
«Ендігінің жастары, қазақты ілгері басқызу, адам қылу сендерден болмаса, қырдағы жақсы деген «жақсылардан» үміт аз, оларға қалған күн қараң. Оқу, оқыту, өнер үйрену, адал кәсіп істеуге қазақ көңіл қойып талаптанса, көзі ашылар еді, сонда қазақ ел болар еді…» деп барлық үмітін жастарға артып, ұлттың ұлы болашағына тура жол сілтейді (32-бет).
«Керектің керегі – ғылым» атты мақаласында: «Адамға қару-жарақ қандай керек болса, ғылым-білім сондай керек…енді ел боламыз, қатарға қосыламыз десек, мектеп, медресені көбейтуге тырысу керек. Партия қуып, қулық-сұмдық сауғанша баламызды оқытып, жұрт болу жағын көксеу керек. Бұл біздің атқаратын зор міндетіміз…» дей келіп, «Жерімізді қарасақ ұшан-теңіз, неше мемлекеттің жерінен көп, бірақ сол жер бізге жетпей тарлық қылып отыр, 40 миллион француздың жері біздің арғын, найман жайлаған жерден көп аз, соған да сыйып отыр, мұның себебі неде? Олар шөл даладан су шығарған, шөпсіз жерге шөп еккен, мұның бәрі ғылымның арқасы…» (52–53-бет).
Бір ғасырдан бұрын ұлтына, халқына осылай үгіт айтып, ұлт болашағы үшін жанын сала күйініп, ұлт мүддесін қызғыштай қорғаған Марсековқа қалай сүйінбейсің?!
Кітаптағы мақалаларына қарағанда, Р.Мәрсековтің ат басын тіремеген, алаш идеясын сіңірмеген салалары кемде-кем көрінеді. Айталық, ол Семейде шыққан «Сарыарқа» газетін ұйымдастырып, шығарушылардың біреуі әрі алаш қайраткерлері Дәлел Ғаппасұлы, Имам Әбілғазыұлдарымен кезектесіп, аталған газеттің редакторы да болады. 1911 жылы шыға бастаған «Айқап» журналының тұрақты авторларының біреуі болып, газетте жарияланған мақалалар жөнінде де өз ойларын бүкпесіз жарялап отырады.
Кітапта автордың Қазақ әдебиеті жайында арнаулы мақаласы беріліпті. Мақалада келтірілген сөз – күллі қазақ тарихында тұңғыш рет өткізілген әдебиет кешінде сөйленген сөз екен. Былайша айтқанда, бұл сөзді қазақтың әдебиет тану ғылымындағы беташар сөзі деп есептеуге болады. Ендігі сөзді Р.Мәрсековтен естиік: «Бұл күнгі жиын кітапша айтқанда, әдебиет кеші деп аталады. Мұндай жиынның болуының, осындай ізгі іске жасалуының қазақ ортасында бұл тұңғышы да шығар?.. Әдебиет деген сөз айтылған соң, әдебиет деген не нәрсе, ол қазақ жұртында өткен замандарда қандай еді, осы күнде қай қалыпта, бұл турасында біраз сөз айтып, мағлұмат беруді мақұл көрдік. Қазақша айтсақ, әдебиет «сөз» деген мағынада. Сөз дегенімен, сөздің сөзі болады. Сөздің сырты шырайлы, сынды болып, іші мағыналы, ойлы болса, сонда ол әдебиет болып табылады. Өлең, жыр, мақал, жұмбақ, ертегі, хикая – баршасы әдебиетке қосылады. Бұл сөздердің қай түрін алсаңыз да, әрқайсында мағына бар, халықтың ойлаған ойын, пікірін білдіретін, мұңын, мүхтажын көрсететін осы әдебиет. Бұл жұрттың айнасы: халықтың түрі, қалпы, салты бәрі сонда көрініп тұрады…» дей келіп, қазақ әдебиетінің сол кезге дейінгі барысын үш дәуірге бөліп көрсетеді. «Бірінші дәуірі – ескі замандағы қазақ арасында жазу таралмай тұрған кез. Ол заманда қазақ өз алдына тұрып, кең далада еркін дәурен сүріп, көк орай шалғын жерлерде шалқыған көл, сарқыраған өзен жағасын жайлап жүрген кездері. Кеңшілікте туып, бар керегі өзінен табылып, төрт түлік малдан бәрі шығып тұрған мезгіл. Ойлауға уақыты кең, сөз сөйлеуге тілі еркін болған заман. Біреу мен біреу кез келіп, сөйлесе қалса, жай сөз қалып, өлеңмен, жұмбақпен, пернемен сөйлескен. Той болса, жиын болса, ол ақынсыз, өлеңсіз болмаған. Айтысу парыз сияқты болған. Ол заманда еркек, әйел демей бәріне де шешендік салыстырып, айтыспақ, бірін- бірі жеңісбек – бір мерей болып саналған. Сөз білген, өлең білгендер ол заманда ел ішінде қадірлі болған. Бұлардың қадірлі болу себебі – сөз бағалы болып, өлең мен күй адам баласының өнерінің зорына саналған…» дей келіп, сөзінің дәлелі үшін Мамырдың Қалқаманға жұмбақтап айтқан бір шумақ өлеңі мен қазақтың әйгілі үш биінің үш ауыз сөз айтып, үш жүздің басын біріктірген ұлылықтарын мысалға келтіреді, әрі сол дәуірде атағы шыққан Орымбай, Кешімбай, Айман, Шолпан, Болық ақындарды ерекше ілтипатпен атап өтеді. «Бозінген», «Қоңырқаз», «Сарыбел», «Қос келіншек», «Ерке атан» тәрізді күйлердің тарихын баяндайды да, «енді әдебиеттің екінші дәуірі келді, бұл екінші дәуірі – жазудың халық арасына көбірек таралған заманы, әр жақтан әртүрлі халықтың адамдары келе бастап, қалың қазақтың ортасына орнап қалғаны да болған, осындай адамдар өлең айтып, сауық қылу, домбыра шерту дұрыс емес деген. Бұл «Дұрыс емес» деу – қожа, молдалар көбейген сайын молайған. Сөйтіп, жұртқа тыйым салына бастаған… Сөйтіп, әдебиетіміз төмендеп, тіл болса кедейленіп бара жатқан уақытта ардақты Абай марқұм шығады. Қазақ әдебиетін көркейтіп, көгертіп, түрлендіріп, сөз қадірі кетіп бара жатқан уақытта сыртына өң беріп, ішіне жан кіргізіп, сөз қадірін танытқан – осы Абай болды. Абай бұрын қазақта жоқ үзіндерді (қалаулар) білгізді. Неше түрлі мақаммен таныстырды. Сөздерін, ойларын жұртқа мирас қылып қалдырды.
Абай марқұмнан бері қарай, қазақ әдебиетінің үшінші дәуірі басталады. Өлең мен сөз турасындағы Абайдың айтқаны еске түседі.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», –
деп өлеңнің алты шумағын түгел мысалға алады да, мақаласын ары қарай жалғайды: «Бұл күнгі жиында айтылатын өлеңнің көбі – Абайдың сөзі, бір сыпырасы – Абай аттас Қыпшақ Ыбырай Алтынсарин деген кісінікі.
Бұл кісі де сөзге ажар берушінің бірі… Абайдың замандасы…» деп, Алтынсариннің «Өнер білім бар жұртта» деген өлеңін мысалға келтіреді. (33 – 39-беттерде)
Демек, жоғарыдағы сөздерінен Р.Мәрсековтің қазақ әдебиеті тарихындағы алғашқы зерттеулері мен сыншыларымыздың, әдебиет танушыларымыздың бірегейлерінің біреуі екендігін білумен бірге, ол әрі поэзиямыздың пайғамбары, жазба әдебиетіміздің бұйдагері Абайдың ұлылығын да алғаш танып-білген сергек ойлы арыстарымыздың да біреуі екендігін әбден түснуімізге болады.
Бір ғасырдан астам уақытты араға салып, өз құндылығын, өзінің шынайы тарихи келбетін еш жоғалтпай бізге жеткен аманаттың негізгі мән-жайы, міне, осылай қадірлі оқырман қауым!
Сәли Садуақасұлы,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі