Қоғам игілігін көздеген өзгерістер
27.08.2024
178
0

Әлеуметтік мемлекет құру бағытын таңдаған елімізде жүзеге асырылып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – әрбір қазақстандықтың бақытты өмір сүруіне жағдай жасау.

Халықты әлеуметтік қорғау, оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандармен әлеуметтік жұмыс, бүгінде еліміздің ішкі саясатындағы басым бағытқа айналды. Мүгедектік – тек қана медициналық мәселе емес, ол – бірдей емес мүмкіндіктерге қатысты туындайтын әлеуметтік проблема. Сондықтан арнаулы әлеуметтік қызмет жүйесін үнемі жетілдіріп отыру – қоғам дамуындағы маңызды міндеттердің бірі.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары әлемдік қауымдастық негізге алған арнау­лы қорғау шараларынсыз мүгедектердің барлық негізгі құқықтарын мойындау тұжырымдамасында Адам құқықтары туралы халықаралық билльде жария етілген адамгершілік қадір-қасиетті кемсітпеу және құрметтеу қағидаттары мүгедектер үшін жеткілікті деп саналды. Алайда мүгедектік мәселесін зерттеп, зерделеу және мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау жөніндегі нақты іс-тәжірибе олардың құқығын қорғаудың жекелеген халықаралық жүйесін құру қажеттігін көрсетті. Осылайша, мүгедектердің жағдайын жақсартуға бағытталған нақты мәселелер БҰҰ ұйымдастырған жоғары деңгейдегі кездесулер мен жиындардың күн тәртібіне жиі енгізіле бастады. Дегенмен БҰҰ 1987 және 1992 жылдары жүргізген мониторинг нәтижесі саладағы біршама өзгерістерге қарамастан, мүгедектердің тең мүмкіндіктерге ие болмағанын, тіпті көптеген елдерде қоғамнан оқшауланған күйде қалғанын көрсетті. Осыған байланысты 1994 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы мүгедектерге қатысты дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасын одан әрі жүзеге асырудың ұзақ мерзімді стратегиясын мақұлдады. Стратегияда жария етілген негізгі мақсат – түрлі адамдық ресурстарды қамтитын және әрбір адамға оның өзіндік әлеуетін барынша дамытуға мүмкіндік беретін баршаға бірдей мүмкіндіктер қоғамын құру. Халықаралық қоғамдастықтың стратегияда көзделген мақсатқа жету жолындағы күш-жігері мен қоғамдық дамудың қазіргі кезеңінде мүгедектік – әлеуметтік жалғыздықтың негізі бола алмайтынын көріп, біліп отырмыз.
Бүгінгі қазақ қоғамы да мүгедектік пролемасын әлеуметтік маңызды мәселе ретінде қарастыруда. Елімізде мүгедектік проблемаларын халықаралық талаптарға сәйкес зерделеп айқындау және олардың шешімін табу тәсілдерінде өмірдің бар саласындағыдай өзгерістер жүріп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі күні елімізде 732 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде, 619,8 мың ересек адам, 112,3 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар. Таяуда министрлікте өткен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі республикалық кеңес барысында вице-министр Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ведомство жүргізіп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
Мүгедектік – бұл бірінші кезекте медициналық мәселе екені анық. Осы орайда елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс аясында 2022 жылдан бастап, медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде МӘС мамандарының көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмайтын сырттай проактивті формат енгізілді. Биыл қанатқақты режимде тәуелсіз сарапшылар институтын енгізуді сынақтан өткізу басталды. Осы жұмыстың нәтижесі сарапталып, сараланып, 2025 жылдың қаңтарынан бастап институт толық көлемде іске кірісетін болады. Көзделіп отырғандай, бұл медициналық-әлеуметтік сараптамаға білікті медициналық кадрларды тартуға мүмкіндік береді. «Министрлік медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін трансформациялау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Алдағы кезеңде Ақмола және Павлодар облыстарында екі қанатқақты жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олар дәрігерлік-консультативтік комиссияларды орталықтандыруға, жекелеген нозологиялар бойынша мүгедектікті сырттай форматта белгілеудің ерекше тетігін енгізуге бағытталған. Бұл ретте аталған арнайы тетік, ең алдымен, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақаулар, сондай-ақ Даун синдромы бойынша енгізіледі. Сонымен қатар қазіргі күні Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, сырттай форматта куәландыруға жататын нозологиялық нысандардың тізбесін кеңейту мәселесін пысықтап жатырмыз. Аталған тізім бүгінде отызға жуық нозологияны қамтиды», – деді вице-министр.
Мүгедектердің жағдайын жақсартуға бағытталған шаралардың қатарында айта кетерлігі, былтыр 1 шілдеде күшіне енген Әлеуметтік кодекстің нәтижесінде елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілуі болды. Биыл алғашқы жартыжылдықта әлеуметтік инспекторлар 1771 тексеру жүргізді. Оның 528-і алдын ала бақылау, 260-ы жоспардан тыс, 983-і прокуратура талаптары аясында жүргізілген. Сол тексерулердің нәтижесінде, 642 ұйғарым беріліп, 134,4 млн теңгеден астам сомаға 612 айыппұл салынған.
Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы да мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету бағытында жетілдіріліп отыр. Ведомство өкілі атап өткендей, порталға тауарлар мен қызметтерді жіберуге қойылатын талаптар күшейтіліп, sms-код жіберу арқылы санаторлық-курорттық ұйымға мүгедектігі бар адамдардың келуін тіркеу жүйесі енгізілген.
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өмірінің барлық саласына араласуына кедергі болар тосқауылдар жетерлік. Күнделікті тұрмыс-тіршіліктің бар саласында кездесетін осындай кедергілер, мүгедектердің басқалармен бірдей негізде қоғамға интеграциялануына көп жағдайда бөгет болатынын білеміз. Сондықтан еліміздің мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау саясатының басымдық берілген бағытының бірі – инфрақұрылым нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл басымдық «Amanat» партиясының  2023-2027 жылдарға дейінгі кезеңге арналған «Халықпен бірге!» бағдарламасын іске асырудың Жол картасында интерактивті қолжетімділік картасына орналастырылған барлық нысанды бейімдеу мақсатында қарастырылған шаралар мен атқарылатын жоспарлы жұмыстар түрінде көрініс тапты. Жұмыс нәтижесі жоғарылай отырып, жылдық орындалу пайызы 20 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда қолжетімділік картасына енгізілген 43 083 нысанның 16 541-і немесе 38,4% пайызы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттілігіне қарай толық бейімделген. Осылайша, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың тұрғын және қоғамдық ғимараттарға, көлікке, коммуникация құралдарына, білім алу және еңбек етуге қол жеткізу мен таңдау еркіндігіне ие болуы үшін барлық талаптар ескерілетін болады. Оның ішінде пандустар, бейімделген лифттер, дәретханалар, сондай-ақ зағиптарға арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етуді қоса алғанда, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасын тауып, мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге бар мүмкіндік жасалады.
Салалық ведомство есебінде арнау­лы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау жұмыстарының аясында заң қабылданып, соның негізінде қызмет көрсетуге қойылатын біліктілік талаптары бекітілгені атап өтілді. Енді алдымыздағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілетін болады. Лицензияларды алу үдерісін толығымен цифрландырып, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпы, Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бизнес-үдерістерін цифрландыру былтырғы қыркүйекте басталған. Қазіргі күні 14 өңірде 117 орталықтың қызметі цифрлық негізге көшкен.
Айта кетерлік тағы бір маңызды жайт, алдымыздағы 1 қаңтардан бастап, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшеді. Мұның тиімді жағы, әсіресе ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызмет алуға мұқтаж азаматтарды көптеп қамтуға мүмкіндік беретіні. Саладағы өзгерістер, әрине, мамандардың кәсіби біліктілігіне де сын болары анық. Осы ретте, «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың басқа да кәсіптері» жаңа кәсіби стандарты бекітіліп, жоғары оқу орындары және колледждермен әлеуметтік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру үдерісіне тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту ұлттық орталығының базасында Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін тану орталығы құрылады.
Қай қоғамды, қай елді алсаңыз да, әртүрлі жастағы, әртүрлі деңгейдегі мүгедектігі бар адамдар баршылық. Айырмашылық – тек әр мемлекеттің өз азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға деген қамқорлығында. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеуде. Сарапшылар мүгедектігі бар адамдарға қатысты саясаттың медициналық-әлеуметтік-әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшуге бағытталған бұл құжаттың мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне жаңа тыныс бермегін атап өтеді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір