Қоғам фейкоманиядан түбі бас тартады
17.06.2024
121
0

Әкесіндей кісіге әкіреңдеп, атасындай адамның алдында астамсып сөйлейтін, мақала жазса, жекіріп, ұрсып жазатын журналистердің қарасы тоқсаныншы жылдардың соңын ала көріне бастаған еді. Телеарналарда тепсініп, тістеніп тұрып бағдарламалар жүргізетін, жаңалықтар жеткізетін әріптестеріміз де сол «тоқсанның» аяғында пайда болды. Әріптестеріміздің әлгіндей қылығын біреулер өткірлікке, мінезге балап жүрді. «Ой, сойып салды, сойқан» десетін. Ал «сойып салды сойқандар» соқалап тастаған баспасөзде қандай мәдениет, қандай кәсібилік болсын?.. Атышулы бір арнада бір журналист болды… ашулы аруақ сияқты. Экранға шығып алып абыройлы азаматтарға ақпараттық тұрғыдан абьюзер жасап отыратын. 

«Караван» дейтін газет басқаны қойып, тұтас ұлттың ар-намысын аяққа таптап, талай мақала жазды. «Караванның» көшіне ілескендер де тілі кемістік көріп жатқан қазақты аяған жоқ. Баспасөз майданында сондай кезеңнен өттік. Қазір де сондай келеңсіздік әредік шаң беріп қояды.
Қазір, міне, интернет заманы. Дәстүрлі БАҚ-ты жайына қалдырып, аламанға жаңа медиа шықты. Бұл күнде қолында гаджеті бардың бәрі – «журналист», бәрі – блогер. Мұның бір есептен қоғамдық пікірдің пәрменін арттыруға септігі тиіп-ақ жатыр, зияны да жоқ емес. Зияны – жалған ақпараттың көбеюі, оқиғалардың мейлінше бұрмаланып берілуі, деректердің тексерілмеуі, сараптамалық материалдардың азаюы…
Осы күні журналисі мен блогері бәсекеге түскендей қоғамды жалаңаштау­ға жарыса кіріскен. Құндылық атаулы қалмай барады. Жұрттың құлағы да, құлығы да жамандыққа үйренді. «Атып кетті, шауып кетті, зорлады, қорлады» деген хабарларды шімірікпей тыңдап немесе оқып отыра береді. Ойлы дүниеге жоламайды. Білікті көсемсөзшінің, кәсіби журналистің талдап, таразылап жазған мақаласы (көлемі қысқа болса да) газет-журналды қойып, фейсбуктің өзінде оқылмайтын болды. Есесіне «елім» деп еміренетін жұртымыз жеңіл-желпі жазбаға әуес, соған үйір. Жә, солай-ақ болсын. Қалың көпшілік қашанғы қалың ойдың құшағында қамалып отырсын. Оның үстіне, тұяққапты тұрмыстың еңсені езетін мәселелерімен кім болса да бетпе-бет келіп жүр емес пе? Сондықтан қоғам үшін ойланатын ақылды бастар болуы керек. Ол бастардың қауашағындағы ойлар қоғамды ізгілендіріп алға жетелеуі қажет. Бұл – инклюзивті инс­титуттарға жүктелген міндет. Сондай міндет журналистерге де жүктелген.
Адамзат қоғамының шалғайын соғыс өрті шарпыған, транскорпорациялық мүдделер дүниені былықтыруға белсене кіріскен, стресс жайлаған, психикалық дерттің түрлері асқынған, жас ұрпақтың жанын езіп-жаншыған, қарттардың қадірін қашырған заманда халықаралық журналистік қоғамдастық ендігі бағытты өзгерту керек деген мәмілеге келген сияқты.
Осы орайда, халықаралық журналистер қауымдастығы ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен «Журналистердің мінез-құлық қағидаттарының декларациясын» және «Журналистикадағы кәсіби этиканың халықаралық қағидаттары» деп аталатын құжаттарда көрініс тапқан негізгі этикалық принциптерді анықтады.
Шынайы ақпарат беру және оқиғаларды объективті жариялау жөніндегі ережелерді сақтау, журналистің әлеу­меттік жауапкершілігі мен кәсіби адалдығы, кез келген тұлғаның жеке өмірі мен қадір-қасиетін, қоғамдық мүдделерді, жалпыға ортақ құндылықтар мен мәдениеттердің алуан түрлілігін құрметтеу – жаңа әлемдік ақпарат­тық және коммуникациялық тәртіпті дамытуға және нығайтуға арналған.
Бүгінгі таңда қазақстандық қоғамда фактчекинг және верификация ұғымын нығайту маңызды болып тұр.
Халықаралық журналистикада sensitive journalism, яғни «сезімтал журналистика» бағыты пайда болды. Оның басты мақсаты – этносаралық қатынастар, кемсітушілік, харассмент, суицид, зорлық-зомбылық, қылмыс атаулы һәм күрделі, һәм нәзік тақырыптарды сараптап жазу, мәселені ушықтырмау…
Айналып келгенде, біз көтеріп отырған мәселенің бәрі журналистің ішкі әдебі мен кәсібилігіне келіп тіреледі.
Ақпараттың ала топалаңы да бір күні басылар. Өйткені халық фейкомания жайлаған қоғамнан түбі бас тартады. Сол кезде шынайы ақпаратқа деген сұраныс қайта туады. Сәйкесінше, кәсіби журналистиканың да бәсі артпақ. Біз соған дайын болуымыз керек. Оған дейін журналист этикасы деген тақырыпты талқылай тұруға тура келіп тұр.

Д.ҚАСЕНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір