Жүректегі жалғыз арша
20.04.2026
57
0

Кейбір кітаптар болады – оқисың да, жауып қоясың. Ал кейбірі жүрегіңде қалып, ойыңды өзгертеді. «Жалғыз арша» дәл сондай туынды екеніне жақында көз жеткіздім.

Ұлттық Кітап күні аясында И.А. Крылов атындағы кітапханада өткен «Ашық есік күні» мен үшін жай ғана іс-шара емес, рухани жаңғыру сәтіне айналды. Кеш қонағы – жазушы, журналист, тарихшы Серік Сарыбаймен кездесу кітаптың мазмұнын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Жарты сағатқа жоспарланған кездесу екі сағатқа созылды. Бірақ уақыттың қалай өткенін ешкім байқамады. Себебі айтылған әңгіме – жай сөз емес, жүрекке жететін шындық еді. Жазушының асықпай, салмақпен жеткізген әрбір ойы тыңдарманды терең толғанысқа батырды.

«Жалғыз арша» арқылы мен 1916–1932 жылдардағы Жетісу өңірінің ауыр тарихына жаңаша көзқараспен қарадым. Бұрын тек дерек ретінде қабылданған оқиғалар бұл жолы тірі тағдырлар ретінде сезілді. Кеңес өкіметі тұсындағы асыра сілтеулер, «бандит» деген жалған айып тағылған ерлердің күресі, Қорғас тауы арқылы Қытайға ауған халықтың қасіреті – бәрі де жүрекке ауыр тиді.

Ең әсерлі сәттердің бірі – арша символы туралы айтылған тұс болды. Таудың биігінде жалғыз өссе де, тамырын тереңге жайып, жел мен аязға төтеп беретін мәңгі жасыл арша – төзімділіктің, жалғыздықтың және ұлттық рухтың бейнесі екені ерекше әсер қалдырды. Бұл бейне ұлттық жадымыздың мәнін терең ашты.

Серік Сарыбайдың өзі де осы арша секілді көрінді маған. Қарапайым, бірақ биік. Даңққа емес, мазмұнға мән беретін, шындықты айтуға ұмтылатын тұлға. Оның әңгімесін тыңдай отырып, тарихты тек білу жеткіліксіз, оны жүрекпен сезіну керек екенін түсіндім.

Бұл кітап маған бір маңызды ой қалдырды: өткенді ұмытпау – болашаққа деген жауапкершілік. Егер біз тарихымызды еске алмасақ, тамыры әлсіз ағашқа айналамыз. Ал «Жалғыз арша» – сол тамырымызды тереңдететін шығарма.

Кітапханадан шыққан сәтте мен жай ғана кездесуден емес, үлкен ойдан қайттым. Ішімде бір «арша» оянғандай болды. Мүмкін, бұл – ұлттық рухтың үнсіз жаңғыруы шығар.

А.Жолдасқызы

қаламгер, кітапханашы

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір