«ЖАЛҒЫЗ ҚАРАҒАЙ»
27.11.2023
134
0

Қараша айының 22-сі күні Алматы қаласындағы «Атакент» КО «Ұлы Жібек жолымен–2023» XI Халықаралық кітап және полиграфия көрмесінің форумы алаңында қазақтың көрнекті ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және Түркі әлемінің «Түрік бірлігі» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері Ғалым Жайлыбайдың «Жалғыз қарағай» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.

«Атамұра» баспасы біраз жылдан бері көпшілік оқырманға арналған«Атамұра» кітап­ханасы» және мектеп жасындағы балаларға арналған «Атамұра» мектеп кітапханасы», сонымен қатар бүлдіршіндерге арналған «Менің алғашқы кітапшам» атты серияларын шығарып келеді. Ақынның жыр жинағы осы «Атамұра» кітапханасы» сериясымен жарық көріп отыр.
Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар қаламгердің бұл кітабына кейін­гі жылдары жазылған өлеңдері мен поэмалары топтастырылған.
Ақынның өзі бұл туралы: «Кітаптың «Жалғыз қарағай» аталуы да бекер емес. Қазақтың белгілі әншісі Әсет Найманбаевтың мәйіті арғы бетте жатыр. Сол мәйітке Найманбай қыстағындағы әкесінің топырағын апарып қостым. Сол жердің аты Жалғыз қарағай аталады екен. Сондықтан осы кітаптың атын «Жалғыз қарағай» қойғым келді. Ішінде шағын поэмам, азаматтық, ел мен жер туралы, пандемия мен «Қаңтар оқиғасы» кезінде жазылған өлеңдер бар», – деді.
«Ғасырлар ауса
жанатын бағы,
Армандар тірі
Алаш ұлында…» –
деп жырлаған ақын өлеңдерінде өмір, тағдыр, табиғат тылсымдары өзара астасып жатады. Жыр жинағындағы лирикалық ішкі иірімдерімен қоса философиялық ой түюі оқырман көңілінен шығатыны анық.
Сиясы кеппеген жаңа басылымның тұсаукесеріне қазақтың белгілі ақын-жазушылары қатысып, ізгі тілегін білдірді. Абай атындағы республикалық мамандандарылған дарынды балаларға арналған орта-мектеп интернатының оқушылары ақынның шығармаларын жатқа оқыды. Ал кітапты басып шығарған «Атамұра» баспасы ақынға ат мінгізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір