Атады алтынымды тереңдегі жүректегі жанартау жарылыстар

Бақыткерей ЫСҚАҚ
Туған жер төсінде
Сонда да сонау сар белден,
Созылып сағым көшетін.
Сүйрікті салқын көлдерден,
Сәскеде самал есетін.
Бозторғай әнге басатын,
Бозаңнан ұшып байқалмай.
Боздаған бота қашатын,
Бас жібін үзіп байпаңдай.
Жалбызды, жусан жотаға,
Жараған жүйрік жеткенде.
Жүлдегер жандай ортада,
Жайраңдап жүргем көктемде.
Қас сұлу қаламқастардың,
Қолдарын қысып қимағам.
Қара көз қарлығаштардың,
Қадірін біліп сыйлағам.
Шыққанда күнді қарсы алғам,
Шапанды шешіп шағырға.
Шалғынды шаптым, шыңдаған,
Шалғының шымыр шағында.
Тамыздың торғын кешінде,
Толқыған тыңның төсінде.
Туған жер, тұрмын өзіңде,
Талайлар түсіп есіме.
Талайлар түсіп есіме…
Арман үміт
Торғайдың тоғайының талын қарап,
Келемін кер құнанның жалын тарап.
Көк шыбық күнге қарап бой созады,
Етегін тастаса да салынды орап.
Көрінсе арман-үміт бір шық болып,
Жүрегім қуанады бүршік толып.
Торғайлар нота жазып әндетеді,
Бұтадан бір бұтаға ұшып-қонып.
Толассыз өзен суы төгіледі,
Шашыңдай тарқатылып өріледі.
Бұлтиып жеткізбеген екі төбе,
Төсіңдей төңкеріліп көрінеді.
Көңілдің мөлдір асау ағындарын,
Арнадым, сен де мені сағын, жаным.
Серт еткен сайда тосып отырсың ба,
Күзетіп көкжиектің сағым жалын.
Шындық сыры
Туған жердің даласын қарлығаш
боп шарладым,
Көкжиектей мұнартып
жеткізбейді арманым.
Жол бойынан сендерге көргенімді жайып сап,
Жүрегімнің жас толқын
бұлақтарын арнадым.
Асыл затты өмірде іздейді екен тереңнен,
Қабат-қабат үйлер де басталады төменнен.
Күнге тосып маңдайды,
қағып қойып жол шаңын,
Өнер деген бәйгеде таймен шауып келем мен.
Сақина
Ақ сақина еркем берген
жалтырайды саусақта,
Біздер үшін жалғыз жол бар екі
ауылда тұрсақ та:
Жат көздерден жасырынып,
айсыз түнді жамылып,
Кездесеміз, ашпа жанға, ақ сақинам,
сыр сақта.
О, жастық шақ, сен осындай тәтті
ме едің шырынды?
Күміс бүрін сипалаймын сипағандай бұрымды.
Бал ерніңе батыл жетпей сүйе
алмаған күндері,
Оңашада сақинаңа ақтарамын сырымды.
Сеніменен өткіземін өмірімнің шат шағын,
Алдап мені жеткізбейтін
бола көрме ақ сағым.
Антым болсын: махаббатты
айырбастап басқаға,
Жат бұрымды сипап тұрсам,
сынып түссін саусағым.
Қамшы
Жылқының тері бұрқырап,
Бұзау тіс жұмыр өрімнен.
Сабыңда сары жез жылтырап,
Қарайсың бүгін төрімнен.
Аламын қолға ойланып,
Өзіңе тозаң қонбасын.
Таспамен тастай байланып,
Өзекте жатыр қорғасын.
Сенімен атын борбайлап,
Жауларын бабам қайтарған,
Қалса да кейде сор қайнап,
Безді деп, сенен айта алман.
Саптама етік қонышына,
Бүктеліп талай кірдің сен.
Бозбала қолмен ұмсына,
Үзікті түнде түрдің сен.
Өзіңсіз сонау заманда,
Ат мінген қазақ болмаған.
Барымта қуған даламда,
Сен тиген бастар қандалған.
Жауға да, дауға, тойға да,
Апарды батыр өзіңді.
Қорықты темір қайла да,
Қалдырдың күшпен ізіңді.
Ақиқат үшін күрестің,
Тұрса да таулар жолыңда.
Бұзық та болып күн кештің,
Ақымақ пенде қолында.
Сөндірмей отын әр үйдің,
Ұлдары, сені ұстаған.
Бесікте жатқан сәбидің,
Басына әжем жастаған…
Гүл теріп күндіз аулақтан,
Оңаша қыздар кеткенде.
Бүлдірге сусып саусақтан,
Жаттың ба жасыл көктемде.
Сырың көп бойда қашаннан,
Бәрін де ойлап толғанам.
Айбар сап, сәндеп жасаған,
Өнерлі қолға таңғалам.
Қаншама ғасыр тер сіңген,
Бұзбайын берік өрімді.
Атадан қалған көзсің сен,
Сыйладым мәңгі төрімді.
Қыз ұйқысы
Тәтті ұйқыда жатыр сұлу маужырап,
Алма төсі көтеріліп, басылып.
Аймалайды айдың нұры жалғыз-ақ
Ыстық дене аунақшиды ашылып.
Сезім, шіркін, алып-ұшып әр саққа,
Тигізгің де келеді екен қол ұшын.
Бірақ… бірақ…
Бор кеміксің бұл шақта,
Жігіт ез боп кетпейді ғой сол үшін.
Қыз деміндей үйдің іші тым ыстық,
Көкейімнен,
Арман,
Қиял күй ақты.
Жаным – боран,
Жаным – боран,
Ал, ол жақта – тыныштық
Жақындасам бұзылатын сияқты…
Найзағай
Шайқалып көлдің көк төсі,
Шапшыды толқын жарға атып.
Алқынып аспан өкпесі,
Шаштарын жайды тарқатып…
Жауынның суы жағалай,
Жөнелді жөнсіз шапқылап.
Жар басындағы қарағай
Өртенді көктен от құлап.
Ызадан таудың тастары
Сұрланып көкке түйілді.
Жас төгіп, талдың бастары,
Төсіне жердің иілді…
Көктемде құстар келгенде,
Панасы болған қарағай,
Өмірді қимай өлерде,
Жыладың жетім баладай.
Орманда неге өспедің,
Талпынып шықтың жар-құзға?
Әлі де ажал өш пе едің,
Биікке қонған жалғызға?!
Тәжіңе
Тәжіңе табындырган тәңірім бе ең,
О, Муза!
Қорқам сенің әміріңнен?!
Қас пен көзде қайнар боп құйыласың,
Өлең өріп өрімдей өмірімнен.
Алқынтып, арғымақ ой ала қашып,
Жүйріктей жүлде қуған жағаласып.
Төсектен түн ішінде жұлып алдың,
Атойлап,
Арпалысқа араласып.
Қаймықпас қабыландай қыр астынан,
Шаппаған
Шабытыңның құны аз маған.
Төсімнің түкпірінен төгіл тулап,
Көл қылып көңілімді құлазыған.
Шұғылаң шапақ шашып шаттандырып,
Алысқа арманыммен аттандырып.
Күніңдей күмбез көкке көтермек боп,
О, Муза!
Келе жатсын тақтан тұрып.
Кеудемді кернегенде сағыныштар,
Менің қолым
От көсеп,
Жалын ұстар.
Атады алтынымды тереңдегі,
Жүректегі жанартау жарылыстар!
Аңсау
Қырық қыздың арасынан ұнаған
Сені ойласам,
Көкейімнен туады ән.
Есіміңді өзге жанға айта алмай,
Аңсап сені,
Жеңешеңнен сұрағам.
Аңсағанда мөлдірлікті,
Пәктікті,
Сені ойлаумен қайран көңіл аптықты.
Сағынамын сұлулықты сендегі,
Нәзіктікті,
Асқақтықты,
Шаттықты.
Сені сұрап,
Үміт артып келгем мен,
Әзілі көп, қара көзді жеңгеңнен.
Мекеніңді жазып хатқа бермек боп,
Күнде: «Ертең», – деп,
Алдай берді сенгенмен.
Сен деп жүрек лүпілдейді аңсайды,
Білмеймін мен өткіземін қанша айды.
Менің жаным үміт жүгін арқалап,
Саған деген сағыныштан шаршайды.
Сен бір Жібек,
Мен Төлеген іздеген,
Махабаттың нәзік қылын үзбеген.
Қосабада Бекежандар тосса да,
Сағынғанда саған, жаным, жүз келем.
Жас дәурен
Жас дәурен,
Жайсаң жылдарым,
Қай жаққа бастап барасың?
Жазбаған жұмбақ жырларым,
Жүректе қашан жанасың?
Шаттыққа тоймай бұл күнде,
Шақырам досты, жолдасты.
Келсең де бәрің бір түнде,
Базарлы төрім толмас-ты.
Келіңдер ойнап, еркелеп,
Тербетші әнмен, тербетші.
Жастықтың жырын термелеп,
Қиялдың құсын өрлетші.
Дауысыңды көтер, жатсынба,
Жаңғырсын таудың жар-тасы.
Биіңнен сенің жатсын да,
Думан боп үйдің ортасы.
Жібіндей сусып жібектің,
Өтеді жылдар білінбей.
Есіктің емес, жүректің,
Ілгегі тұрсын ілінбей.