Бала құқығы – жүректегі мейірім мен бірлік

2026 жылғы 3 сәуір күні И.А. Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасында ерекше кездесу өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің оқытушылары мен қала мектептерінің оқушылары жиналған бұл шара балаларға деген шынайы қамқорлық пен олардың құқықтарын бірлесіп қорғауға арналды.
Жиын тек заң мен құқық мәселелеріне арналған ресми кездесу емес еді. Оның негізгі мәні – балаларға мейіріммен қарау, олардың құқықтарын қорғауда ортақ жауапкершілікті сезіну, сондай-ақ жаңа технологиялар мен жасанды интеллектті дұрыс түсініп, саналы түрде қолдану болатын.

Кездесуді кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Гульдана Амангельдиевна Куаналиева ашып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Құрметті қонақ ретінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының экрандағы бейнесін шебер сомдаған белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байғали Мақұлбекұлы Есенәлиев шақырылды.
Ахмет Байтұрсынұлының рөлін «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи телехикаясында басты кейіпкер ретінде ойнаған Байғали аға өзінің әңгімесін балалар тақырыбына сәйкес, әже тәрбиесінен бастады. Жүрекке жылы тиетін сөздерімен ол баланың ашылуына біздің өзіміз себепкер болуымыз керектігін, бәрін мұғалімнің мойнына артып қою дұрыс еместігін баса айтты.

Содан соң Байғали аға күрсініп тұрып былай деді:
«Менен біреу Ахмет Байтұрсынұлы кім десе, ол өзінің әулие екенін білмей кеткен адам дер едім».
Бұл сөздер залды бір сәтке үнсіздікке батырды. Актер Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдаған кездегі рухани терең әсерлерімен де бөлісті. Экранда Ақаңның данышпан ойын, тіл мен әдебиетке қосқан зор үлесін, ұлттық намысын жеткізу үшін актердің өзі де іштей Алаш арыстарының рухымен байланысқанын сезінгенін жеткізді.
Сонымен қатар, іс-шара барысында кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамынан Г.Т. Айгаринова, Қ.М. Қожабек, Г.К. Рашева және И.Б. Шапкатова жасанды интеллектті пайдалану арқылы бала құқықтарын қорғаудың инновациялық тәсілдерімен таныстырды. Олар цифрлық технологиялардың көмегімен балалардың құқықтарын тиімді қорғаудың заманауи әдістерін көрсетіп, қатысушыларға нақты мысалдар келтірді.
Кездесу ашық пікірталас форматында жалғасты. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, түрлі сұрақтарға жауап алды. Іс-шара соңында ұсыныстар айтылып, болашақтағы серіктестікті дамыту жолдары талқыланды.
Бұл кездесу бірлік пен қамқорлықтың, білім мен жүрек жылуының тоғысқан сәттеріне айналды. Осындай жиындар бізге тағы бір рет еске салады: бала құқықтарын қорғау тек заңмен шектелмейді. Ол әрбір жүректегі мейірім мен жауапкершілікте, әрбір отбасындағы қамқорлықта және қоғамның ортақ ұмтылысында жатыр. Ал Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлы тұлғалардың мұрасы мен рухы осындай кездесулер арқылы жаңа буынға жалғасады.
А.Жолдасқызы,
қаламгер,
кітапханашы