Жалғыз қайық
24.03.2024
753
3

1959 жыл. Алматыны лүп еткен самал лебі білінбейтін шілде тымырсығы қысып тұрды. Етегі торғын желек жамылған паң кеуделі Алатау таңғы нұр секілді тұп-тұнық боз мұнарға бөгіп, үнсіз мүлгиді. Аспан зеңіп, ыстық леп тынысты тарылтып, аяқ астындағы асфальт былқ-былқ етіп балқып жатыр. Жамырай аққан арық суына қол салып көр, ол да – жып-жылы.
Сондай бір күні… Газет редакторы Сансызбай Сарғасқаевтың алдында (Мен С.М.Киров атындағы университет­ті бітіріп, осы «Қазақ­стан пионері» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқара бастаған кезім. И.Ж.) тамыз айында орындалуға тиіс іс-жоспарларымды көрсетіп, бір-бірімізді іштей ұғынысып отырдық. Сансызбай ағай – балалар жазушысы, қаршығадай жұтынған өте жинақы жан. Мектептің оқу-тәрбие жұмысы мен пионерлер өміріне зерделі көңілі бәрімізді қызықтырады. Сөйлесе көме­йінен күн көрінген ақкөңілдігі жан-жағына шырай таратады. Болмашы нәрсеге балаша мәз боп, әлденеге оқыс налыса, әп-сәт­те сынады. Қайта түзелуі де оп-оңай. Газет ісіне әбден тынған жан іс-жоспарыма ойлана қарап:
– Енді аз уақыт­та жаңа оқу жылы басталады. Алматыдағы балабақшаларда бірінші класқа баратын бүлдіршіндерді тәрбиешілер қазірдің өзінде әзірлеп жатыр. Сен сол балабақшалардың бірінен бүлдіршіндерді шығарып салудың қандай қызықты, қуанышты сәт екенін газет­тің бірінші бетіне үлкен мақала – репортаж етіп жазасың, мұны жауапты хатшымыз Әкім Әшімов (Тарази) екеуміз осылай шештік, – деді.
– Білем. Әкім бұл жайды айт­ты да, – дедім.
– Бұған де­йін балалардың мақалаларын қорыта бересің. Ол ісің дұрыс жүріп жатыр. Диктовкаға төселе бер. Оған жарамаған қызметкерді журналист деп айта алмаймын. Машинисткамыз Бәтес апаң… Қалай басады ол кісі, ә? Керемет… Музыкада «виртуоз» деген сөз бар ғой, Бәтес апаң машинка емес, рояль клавишін басып ойнап отырған виртуоз секілді. Диктовкаңа жел береді, желпінтеді, ойыңа қанат бітіреді Бәтес апаң! Ал мына тапсырма сенің алғашқы үлкен мақалаң болады, – деп Сарғасқаев дәйім күлімсіреп жүретін қоңыр көзінің мейірлі нұрымен үйірді.
Әлденеге көңілі көншіген жанша өз-өзінен жымиып қойып, шылымын тұтат­ты. Сөйт­ті де:
– Алматының мына аптабы…Мұндай ми қайнатқан ыстықты бұрын-соңды көрдім бе, тегі… Ә, шіркін, біздің Қордайдың бауыры… Қоңыр салқын самалы лыпып тұрған шығар жан сергітіп. Сұлутөр жайлауына барып екі-үш күн тұяқ серппей ұйықтар ма еді, ә, шіркін! – деді толқи сөйлеп.
Осы әңгімеден ке­йін Сарғасқаев екеуіміз Абай проспектісінің бойындағы үлкен кітап дүкеніне келдік. Ол кісі біраз кітап сатып алды. Мен жаңа кітаптар қойылған сөрелерді жағалап келе жатып ақын Еркеш Ибраһимнің «Қарлығаш» деген жұп-жұқа жинағына көзім түсіп кет­ті. Алдым да, жайлап оқи бастадым:
Қараңғы түнде мұңайып,
Толқынға малып тұмсығын.
Жағада жалғыз тұр қайық,
Маңайда меңіреу тылсым үн.

Менің де жарым жабығып,
Ойлардан небір айықпай.
Отыр ма екен, сағынып,
Осынау жалғыз қайықтай, – деп аяқталған екі шумаққа қадалдым да қалдым. Қайта-қайта оқыдым. Дәл осы сәт­те қап-қараңғы тымық түнде, тып-тыныш жатқан көлдің жағасында өзім тұрғандай орнымнан қозғалмадым. Көз алдымда жалғыз қайық… Менің осы тұрысыма таңғалды ма, сатушы қыз келіп: «Бұл жинақ ұнады ма сізге?» – деді, сыпайы ғана езу тартып.
Мен үн-түнсіз бас изедім. Екі көзім екі шумақ өлеңде. Бір кез­де… Бұл не құбылыс, мен әндетіп тұрмын ба, кұдай-ау? – деп біртүрлі ыңғайсызданып жан-жағыма қарадым. Қасымда ешкім жоқ.
Жинақтан көз айырмай үңілген күйі сатушы қыздың қасына келіп, ақшасын бере бергенімде Сарғасқаев:
– Көп тұрып қалдың ғой, сондағы алғаның осы тит­тей ғана жинақ па? – деп мырс ете қалды. – Мен есік алдында күтем.
Біз сыртқа шықтық Сарғасқаев маған жымия қарап:
– Қане, алған кітабыңды көрсетші, – деді.
Жинақты парақтап тұрған Сарғасқаев:
– Бұл – Еркеш деген ақынымыз. Алматыға бір келгенінде радиодан өлеңін оқыды. Кең тынысты үні сондай жарқын, шабыт қуаты ыстық, құштарлық сезімі тұңғиық, ойлы ақын. Поэзияның еркін сілтейтін нағыз еркебұланы! Тек Алматыдан жырақта жүр. Көкшетауда «Соцалистік Қазақ­стан» газетінің тілшісі. Өлеңдері сирек жарияланады. Аңда-санда оқып қаламыз. Алматыға да сирек келеді. Тұлғасына қарасаң еңселі емен секілді бір ірі бітім. Бір кез­десу кешінде лебізін тыңдадым, бағзы бір ақындар сияқты орынсыз лақылдамайтын тоқтамды қасиетін, ішкі мәдениетін, өресі биік көшелі азамат екенін байқадым. Уызына жарыған бір бағлан! Бұл менің сырт­тай ғана таңғалысым әнше­йін. Жаңа осы жинаққа көп үнілдің, – деді.
Мен әлі де іштей толқыған күйі, екі шумақ өлеңді көрсет­тім. Сарғасқаев оған ойлана үңіліп:
– Айт­тым ғой, бұл ақынның жаратылысы мүлде бөлек, нәзік сезімді лирик, өлеңмен сурет салыпты, – деді.
Ал мен сол күні осы әңгімеден ке­йін Үкімет үйінің батыс жағындағы фонтанның қасында демалып отырдым. Көкейімде әлгі екі шумақ. Жат­талып қалыпты. Көз алдымда жалғыз қайық мүлгіген тынық түн. Жұлдыздар алыстан… Тым алыстан жымың-жымың еткендей болады. «Менің де жарым жабығып», – деп аңсаулы көңілмен сағыныш азабын сезіп тұрған Еркешті көрмесем де, о, тоба, оны да елестетіп, осы хәлді өзім кешкендей қиял тұңғиығына бат­тым. Бірте-бірте есімнен шықпай қойған екі шумақ өлеңнің әуезге айналып бара жатқанын сездім.

* * *

Сол күні түстен ке­йін консерваторияға келіп, әнді композитор Анатолий Васильевич Бычковқа көрсет­тім. Осы әңгіменің үстіне Теміржан Базарбаев келе қалды. Екі композитор әнді алма-кезек ойнады. Бычков сол қолда жыбырлаған толқынды бейнелеп, жұп-жұмсақ аккорд­тарды жеп-жеңіл басты. Оны Теміржан бас изей қоштады. Бычков күлімсіреп отырып:
– Наш Ильюша, наверное, хорошо знает русские городские романсы, – деді.
Теміржан бұл сөзге бас изеп:
– Да-а, Вы правы, в нашем фольклорном кабинете имеются русские народные песни и романсы. Мы часто собираемся там с Ильей, Алтынбеком Жаныбековым, Кунсайын Куатбаевым и постоянно слушаем такие романсы как «Однозвучно звучит колокольчик» и «И скучно, и грустно» Гурилева, «Соловушко», «На заре ты ее не буди», «Белеет парус одинокий» Варламова, «Соловей», «Зимняя дорога», «Вечерний звон» Алябьева. После таких прослушиваний мы обсуждаем мелодии романсов, – деді.
Бұл сөзді қызыға тыңдаған ілтипат­ты Бычков:
– Хм-м, теперь понятно откуда ветер дует! – деп мырс ет­ті.
Бұған еліге түскен Теміржан менің «Ақ қайыңымды», «Нұрланып менің-дағы туар айым» деп аталатын романсымды ойнады. Бычков бұл романстарға да ойлана қызығып:
– В этих романсах прослеживается стиль Сыдыка Мухамеджанова, а в «Жалғыз қайық» чувствуется явный русский колорит. Мне очень понравилось мелодия. Илья, ты давай ко мне часто приходи, будем вместе разбирать твои песни, буду писать акомпонементы к ним. Ну что, как назовем этот романс? – деп, аккорд басып отырғандай саусағын жыбырлат­ты.
Мен әнді «Жалғыз қайық» деп атайтынымды айт­тым. Екі композитор мақұлдап бас изеді.

* * *

Екі-үш күннен ке­йін Теміржан Базарбаев «Жалғыз қайықтың» аккомпонементін жасады. Мен сол күні «Жалғыз қайықтың» нотасын радионың музыка редакциясына апарып, бас редактор Өмірбек Байділдаевке бердім.
Бір күні… Типографияда газет­тің кезекшілігінде отырғам-ды. Кешкі сағат алты жарымның кезінде радиодан жас композиторлардың жаңа әндерінен концерт берілді. Концерт­тің соңғы жағында Торғын Тасыбекованың орындауында «Жалғыз қайығым» сызылып бара жат­ты. Жүрегім бір соғады, бір соқпайды. Мен күтпеген жағдай! Әннің эфирге тез арада шыққаны таңғалдырды.
Сол күннен бастап «Жалғыз қайық» эфирден түскен жоқ. Халық арасына кең тарады. Кейде пәнәйі бір себептермен бейтаныс жандармен бас қоса қалсам, олар осы «Жалғыз қайықты» өткен күндерінің қимас белгісіндей көріп, елжіреп тұрып мөлдірететіні бар. Әнге зерделі әкейдің өзі менің көп әндерімнің ішінде осы әнді ерекше жақсы көрді. Тыңдайды, тыңдайды да: «Абай әндерінен қол үзбе», – дейді. Осыған ойланып қалам. Іштей сезем, әкей «Жалғыз қайықты» Абай әндеріне жақындата ма қалай?!

* * *

1959 жыл. Жаз айы. «Салтанат», «Ақ қайың», «Жалғыз қайық» әндерімнің ел жүрегін тербеп жатқан шағы. Сондай бір күні Алматыда шығармашылық интеллигенция өкілдерінің үлкен жиналысы болды. Жиналысқа Алматыдағы, облыс орталықтары мен қалаларда, аудандарда тұратын ақын, жазушы, журналистер, суретшілер мен кинематографистер, театр, музыка қайраткерлері, яғни артистер мен композиторлар, музыкант­тар қатысты. «Жазушы» баспасының директоры Мұхамеджан Қаратаев кең көлемді баяндама жасады. Мен бұл жиналысқа қатысқам жоқ.
Жиналыс біткен күні және ертеңінде, одан ке­йінгі күндерде менің жүрегім «Жалғыз қайықпен» талықсыды. Мұндай сынды көрмегем басым жүнім жығылып, іштей тынып, қабағым түсіп кет­ті. Жабырқап калдым. Өз көңілімді барласам «Жалғыз қайық» қай жағынан алсаң да өзгеше боп туа қалған дүние ғой. Өз жүрегімнің лүпілін тыңдасам сынға ұшырайтын ән емес. Оны түсінген жандар әннен гөрі «романс» деп ықылас білдіріп жүрді. Енді, міне, мәдениет пен ізет­тен жұрдай бір бәтуасыз замандасы­мыз: «Сен өзің ана заманның композиторы екенсің ғой», – деп жынға тиді. Қаратаев өз баяндамасының бір тұсында біраз әндерді сынап, менің «Жалғыз қайығым» жөнінде: «Бұл – ескі заманның ескі сарынымен жазылған пессимистік ән», – деп іліп кетіпті. Мұны мен сол жиналысқа қатысқан газетіміздің редакторы Сансызбай Сарғасқаевтан естідім. Тірі пендеге теріс ой ойламайтын бұл бір бала мінезді ақкөңіл жан, менің кірбің шалған қабағымды байқап: «Өнер жолын оңай деп ойлама, Илья, ол анда-санда осылай да уһілетіп қояды. Біздің шықпай жүрген жанымыз… Сен осы газетке келгелі шамалы ғана уақыт болыпты, ал осы уақыт ішінде мен неше рет сыналдым? Білесің оны. Сілікпемді шығарды. Бәрібір сол кітаптарым сол күйінде жарық көрді. Тек сағымды сындырып, мұқатудың амалы. Күншіл әріптестердің ісі. Сен жас болсаң да бүгінде әндерің елге тарап, шырқалып жатыр. Бар сүйінішің – осы… Осы! Сол жиналыстағы сөзге налыма. Жаңа айт­тым ғой, сағыңды сындыратын ондай сөздің талайын естігенбіз. Менің бір білетінім, өзіңе аян, Қаратаев – әдебиетші адам, оның музыкадан хабары да жоқ. Композиторлар одағында іші тар біреулердің берген мәліметін баяндамасына қоса салған болуы керек. Оның бар құпиясы – осы, Илья. Сондықтан қапа болма. Салың суға кетпесін. Қабағыңды аш. Еңсеңді көтер. Түк естімеген жанша жайраң қағып жүр. Қасымның «жаса, дұшпан, сорына» дейтін сөзі бар емес пе?! Күншілдерге сыртыңды берме», – деді.
Бәрібір «Жалғыз қайықтың» мына хикаясы есімнен шықпай қойды. Езіліп бара жатып, қайта түзелем.
Қаратаевтың баяндамасы салақұлаш боп газет­терге шықты. Оны оқуға жүрегім дауаламады. Қаратаев… Осы есімді іштей қайталаған сайын ептеп өзіме-өзім келе бастадым. Соноу 1935 жыл… Әкейдің «бай тұқымы» деп қуғындалған кезі. Сол бір сергелдеңді күндерде әр жерде бой жасырып жүріп бір күні Жамбылға жасырын келіп, бір кез­де өзі оқыған
педучилищенің директоры осы Мұхамеджан Қаратаевқа жолығады, оған бар жағдайын айтып, шағынады. Қаратаев әкейдің хәлін түсініп, бір сөзге келмей, «кедей баласы» деп жақсы мінездеме береді. Оған қоса ауылдағы есті ағайындардың қолдауы, міне, осының бәрі жар болып, әкей бұл сұмдықтан құтылады. Осының бәр-бәрі есіме түсті. Бұл жайды ойлай-ойлай жүріп, «Жалғыз қайықтың» төңірегіндегі көңілсіз әңгіменің бәрін ұмыт­тым. Соның бәрін ойлатпаған, ел арасына кең тараған «Жалғыз қайықтың» өзі болды.

* * *

Бұл енді жетпісінші жылдардың орта кезі. Күз айы. Радиода музыка редакциясының Бас редакторымын. Осында дыбыс режиссері боп істейтін Мұрат Ыбыраев деген музыкант жігіт Көкшетау­дың Оқжетпесінде емделіп келіпті. Сонда сол жердегі демалған жандар «Жалғыз қайыққа» өздерінше:
Сарғаяр күзде жапырақ,
Барады өтіп жастық шақ.
Өзгерсең өзгер, табиғат,
Өзгерме бірақ, махаббат! – дейтін шумақ қосып айтыпты.
Бұл оқиға жүрегіме жылы тиді. Мен танымайтын жандардың әнге деген ықыласын қараңыз, осы бейтаныс шумақты қайталаған сайын әндердің, ән сөздерінің вариант­тары қалай жасалатыны қызықтыра түсті.
Мұндай мысалдар Матвей Блантердің әйгілі «Катюша» әнінің төңірегінде көп-ақ. Оған соғыс кезінде итальяндар мен француздар, поляктар, испандар өз тілдерінде қилы-қилы қызық сөздер жазды. Соның бірін италиялық жойқын әнші Мильваның орындауында алпысыншы жылдардың екінші жартысында радиодан көп тыңдадым.
Халық өзі сүйген әндерге өзі ие болып, оған өзгеше сыр-сипат, тіпті мазмұнын да өзгертіп, басқа бір өмір береді. Тағы бір мысал, кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде: «Выпьем за Родину, выпьем за Сталина, выпьем и снова нальем», – деп ұлы шайқас, майдан төрінде жауынгерлерге керемет рух беріп, ерлікке көтерген осы бір ғажап ән елге еркін жетіп, ол тылда да жай ғана қарапайым жұрт­тың жан дауасы секілді жиі айтылды. Ал әннің өз сөзін білмеген жандар бұл әнге сонша ынтық болып, өз жүрегінен шыққан сөздерді қосып айт­ты. Сондай тебіреністі сөздің бірін ақын Асқар Тоқмағамбетов жазды. Әлгі ән:
Мөлдіреп көзің,
Жібектей сөзің,
Отырсаң ойнап,
Жан лебіңмен тартып.
Ойнасаң шалқып,
Ұмытар кім бар сізді?

Қиылып қасың,
Төгіліп шашың,
Отырсаң ойнап,
Жан жадырап күндей,
Жайнаған гүлдей,
Ұмытар кім бар сізді, – деп жан-жүректі елжіреткен осы сөзбен айтылды. Бұл мысал «Жалғыз қайықтан» шығып кетіп отырған сөз ғой. Менің әндерімді халық әндеріндей етіп, жеріне жеткізіп шырқаған әнші – белгілі ақын, ғалым Тұрсынхан Әбдірахманова. «Жалғыз қайық» елге еркін тарап жатқанда осы Тұрсынхан апай бір жолы радиоға келіпті де «Салтанат», «Ақ қайың», «Сағыныш» және «Әнші қыз», «Жалғыз қайық», міне, менің осы әндерімнің бәрін бір аптаның ішінде жаздырыпты. Бір қызығы «Ақ
қайың» әнін өз сөзімен айтыпты. Міне, әркім өзі сүйген әніне, осылайша, сөз жалғап, құлай беріледі екен. Мұның еш сөкет­тігі жоқ. Әннің халық әніне айналғаны – бұл!

* * *

Ән сөзін жазған Еркеш Ибраһимді бір-ақ рет көрдім. Ол былай болды: жоғарыда «Жалғыз қайық» сыналған жиналысты айт­тым. Сол жиналысқа Еркеш те қатысыпты. Баяндамадағы сөзді өз құлағымен естиді. Ақын жаны – белгілі, кінәмшіл. Ол болмашы нәрсеге күйіп, болмашы нәрсеге мәз болады. Еркеш қат­ты ренжиді. Бір әріптестері әзілдеп, оны да қағытады. Еркеш соның ертеңінде таудағы бір демалыс үйіне кетіп қалады. Ешкіммен хабарласпай, сонда тым-тырыс жатады. Ашуы басылған соң бір күні өз-өзіне келіп, әркім-әркімнен сұрап, менің қайда істейтінімді біледі. Өзіме телефон соқты. Телефонда ағынан жарылып, елпілдей сөйледі. Еш тосырқау жоқ. Мені бірден баурап ала жөнелді. «Кез­десейік», – деді. Қуанып кет­тім. Сол күні уағда бойынша мен түс мезгілінде Жазушылар одағына келдім. Келсем, Еркеш фойеде біреулермен қыза сөйлесіп, қарқылдап күліп тұр екен. Суретінен жобалап таныдым Ұзын бойлы, сом денелі, қапсағай, ірі бітім. Көзі ойға тұнған қараторы жігіт. Қасындағы жолдастары мені көре салып, Еркешке ымдады. Еркеш маған жалт қарап: «О, Илья!» – деді екі қолын көтеріп. Келді де, мені құшақтай алды. Бауыры ыстық ежелгі қадірлес жан сияқты. Таныстық. Тез шүйіркелестік. Еркеш маған: «Анадағы бір жиналыста екеуімізді «ескі заманның пессимисі» деп кінәлады. Алғашқыда бұл сөз жүрегіме жайсыз тиді. Налыдым. Ке­йін ызам басылып, оған қолымды бір сілтедім де, сабама түстім. Мына заманда ана заманның ескі музыкасын жазып, Ақан сері болғаның жақсы, Илья. Әндеріңе қарасам, сен – қазақ әнінде консерваторсың. Солай ескішіл болғаның жақсы. Сенің нәрің де, қуатың да – бағзы заманның әндері. Сол себепті сенің әндерің – анау Садық Кәрімбаев, Әбілахат Еспаевтың әндеріндей тұмадай тұнық, әуезі бұзылмаған нағыз халықтық дүние. Әсіресе «Салтанат» әнің Біржан сал, Ақан сері, Естай кезінде шыққан әндер сияқты таңғалдырады», – деді.
Еркеш екеуіміз сол бетімізбен сөйлесе жүріп, буфетке келіп, кофе іштік. Ол тебірене толқып, әңгімесін жалғай түсті:
– «Жалғыз қайық» – бар болғаны екі-ақ шумақ. Өмір бойы ұмсындырып, аңсатып, қол жеткізбей қойған арман ол! Сарғайт­қан сағыныш, үздіктірген үміт­тің болымсыз өбектеуі. Соны қалай-қалай жүрек шымырлата мөлдіреткенсің, Илья! Мен бұрын осы әнді орындаған актриса Торғын Тасыбекованың ән салатынын білмейді екем. Үніндегі нәзік лиризмнің жан тебірентуі ешбір әншіде жоқ. Актрисаның аты – актриса. Образға қалай кірген десеңізші! Ешкімге айтылмайтын бір сырым… Өмірде отбасың, бала-шағаң, тұрмыс-тіршілігің бар, әрине. Біреуден – ілгері, біреуден ке­йін тірлік етіп, Абай ағам айт­қандай, Алла асыраған пендесі аш бола ма деп… Барды – бар, жоқты жоқ демей, тапқан нәпақаны қанағат тұтып жүріп жатасың. Бірақ жүрегіңнің бір шетінде беріш боп қатқан бірдеңе жатады. Оның сырын ешкім… Ешкім білмейді. Ол – өзіме ғана аян жай. Мен бір аяулы жанды сүйіп едім. «Ақынмын» деп көкірегімді соғып, лепіріп жүріп, бәлкім, одан да басқа осалдығым, кінәм болды ма, қайдам, сол адамнан қапыда көз жазып қалдым. Жүрек күйігінің не екенін білмейтін, алаңсыз, аусар кезім, ақылға жүгіну жоқ, сабыр-тағат және жоқ, «өмір біткен екен» деп, жайнаған дүние тас түнек, қап-қараңғы боп, тілдесерлік тірі пенде көзге көрінбей – бәрі-бәрінен түңілдім. Тығырыққа тірелдім. Сол күйзелісті күндердің бірінде Оқжетпесте, Айнакөлдің жағасы… Көзім тұнып, құлағым ештеңе естімей, біреу мені күшпен итермелегендей биік жарқабаққа шыға келдім. Неге өйт­тім? Мүлде ес жоқ. Бұл ненің түртпегі, Илья, көлге сүзіле бір қарадым. Дүние көз алдымда дөңгеленді. Көзім жұмылды. Өзімді-өзім көлге тастап жібергім келді. Түбі шіріген кәрі емен секілді бір сәт теңселіп тұрдым. О, тоба… Дәл сол сәт­те ту сыртымнан «Жалғыз қайық»… Осы ән естілді. Мен денеме біреу су бүркіп жібергендей дір ете түсіп, қалтылдап тұра қалдым. Бір секунд… Екі секунд… Өлімге бас байлаған адамға қандай ұзақ уақыт бұл! Қандай ұзақ! Ән шыққан жаққа жалт қарадым. Екеу-екеу қол ұстасып кетіп бара жатқан бейтаныс жандар. «О, тоба!» – дедім ішімнен. Сол сәт­те есімді жидым. Есімді! Мен өлу үшін сүйдім бе, оны? Білем, сондайлар үшін өліп кеткендер де бар. Сонда сол шіркін ке­йін сенің сол «ерлігіңді» түсіне ме, а? Абайдың «шыдайды риза болып жар ісіне, қорлық пен мазағына табынса да» деген сөзі талықсыған жүрегіме қан толтырғандай теңселіп тұрған бойым қайта түзелді. Пендеміз… Кейде беталды құла дүзге лағып кеткен дәруіштің мүсәпір кейпін киемін. Сөйтіп, торыққан шақта түс сияқты бір елес келеді көз алдыма, сағым ойнаған құба белде мүлгіп тұрған жалғыз шынарды көремін. Түбінде бозарған боз бейіт. Ол да жағада құлазыған жалғыз қайық секілді. Сол бейіт – өз бейітім… «О, шіркін, сүт­тей ұйыған қайран тыныштық!» – деймін. Бірақ мен өлгем жоқ. Махаббатым үшін жасап жатырмын мен. Сол махаббатымды да, өзімді де өлтірмеген – «Жалғыз қайық» бұл, Илья! – деді.
Бұл Еркеш екеуіміздің тұңғыш рет және соңғы рет кез­десуіміз болды. Одан ке­йін мен Еркешті көргем жоқ. Қайран, Еркеш…

* * *

2007 жыл желтоқсанның 6 жұлдызы… Дәл осы күні біз Атыраудың бұрынғы Облисполкомының төрағасы Есен Тасқынбаев жұбайымен, інісі Жақсылық, қарындасы Рахимаш, журналист Өтепберген Әлімгереев, Құлсарыда тұратын бизнесмен туысы Мейіржан, тағы да басқа бір топ жан бар, елден көшіп кеп, Астарханда тұратын қазақтардың ел ағасы, Ресейге белгілі ірі банкир, «Жолдастық» қауымдастығының жетекшісі Никита Сеитович Ысқақовтың жетпіс жасқа толу тойына қатыстық. Бұл тойға Астархан губернаторы Александр Жилкин өз нөкерлерімен келіп отырды. Маған құт­тықтау сөз бергенде астархандықтар шуылдаса қол соғып, «Еділ-Жайықты» орындауымды өтінді. Мен Никита Сеитович жөнінде жылы лебізімді білдіріп, «Еділ-Жайықты» айт­тым. Микрофон жаңа екен, сондай «таза», үнімді желпінтіп, көтеріп жіберді.
Ән орындалып біткен соң келіп, өз орныма отыра бергенімде Есен ақсақалдың жылап отырғанын көріп:
– Оу, Есаға, мұныңыз қалай? – дедім таңғала сасқалақтап.
Есаға кемсеңдеп:
– Мына Еділдің жағасында тұратын ағайындардың әніңе тебіреніп, көздеріне жас алғаны… Мен де толқып кет­тім, – деді.
Жұртқа «Еділ-Жайықтың» қалай әсер ететінін осы жолы да байқадым.

* * *

Тойдың ертеңінде Никита Сеитович бізді баласының үйіне қонаққа шақырды. Әңгімеміз жараса кеткен осы отырыста біраз ән айтылды. Бір кез­де Никита Сеитович жұбайы Мәдина екеуі қосылып «Жалғыз қайықты»:
Ескекті алдым қолыма,
Түстім ғой сенің жолыңа.
Алыстан аңсап келгенде,
Оралсын колың мойныма, – деген сөзбен айт­ты. Мен мына тосын шумаққа елең ете қалдым. Осыны сезе қойған Никита Сеитович:
– Неге таңғалдыңыз? – деді. – Біз бұл әнді 1964 жылдан бері айтып жүрміз. Ғайша есімді әнші қыз Астрахандағы Культпроссвет училищесін бітірген еді. Ғайша Алматыға бір курсқа оқуға барып, осы әнді Астраханға алып келді. Содан бәріміз үйреніп алдық. Ғайша бір күндері әннің сөзін ұмытып, біраз уақыт айта алмай ділгір боп, ақыры оған өзіміз өлең жаздық. «Жалғыз қайық» содан бері біздің сүйікті әнімізге айналды. Оны орыс достарымыз да сүйіп тыңдайды. Ғажап ән!
Никита Сеитовичтің осы сөзін ұйып тыңдаған атыраулық қарындасы Рахимаш Назкенова күлімсіреп сөз бастады:
– Осы ән шыққан кез­де біз Алматыда шет тілдер институтында оқушы едік. Бізбен бірге Медеубай Құрманов деген жігіт оқыды. Өзі Талдықорған жағынан. Ойлы, сырлы сезімді ақын еді, анда-санда газет­терге өлеңдері шыға бастады. Гетенің «Фаустын» аударып жүрді. Біз сол ісіне қайран қалатынбыз. Бізге сабақ беретін Мұхтар Арынов ағайымыз – неміс тілінің маманы ғой, сондай парасат­ты жан Медеубайдың аудармасын әр жерінен оқып, сүйсінгенін тамылжыта сөз етіп, сол классикалық шығармаға бізді де қызықтырып қоятын еді. Медеубай – сондай қарапа­йым, мақтанудың не екенін білмейді, мінезі жұмсақ, жан баласына тек жақсылық тілейтін ізгі жүректі инабат­ты жігіт. Өзі әскерге барып келген, киімі жұпыны, жалғыз шешесі екеуі пәтер жалдап тұрады. Қарасатын жақыны да жоқ екен. Осы Медеубай бізбен бірге оқитын Сүйін­бике деген қызға өлердей ғашық болды. Сүйінбике – Арқа жақтың қызы. Киімді керемет киеді, тәкаппар, Медеубайды менсінбеді кедейсініп. Біз құрбымызды еркелетіп «Сүйкеш» деуші едік. Ол ақын жігітімізді біраз ауре-сарсаңға салды. Сол кез­дерде «Жалғыз қайық» әні радиодан жиі берілетін-ді. Мөлдір лиризмге тұнған романс. Медеубай осы романсты өте жақсы көрді: «Әдейі барып авторымен таныстым, үйдегі жеңешем Тиыштың қолынан шай ішіп тұрам. Ол кісі сондай мейірбан, он саусағынан өнері тамған іскер екен, пальтомның сетінеген жерін, жеңімнің қырқылған жерін білдірмей, әп-әдемі ғып әдіптен жамап беріп отырады – деп мақтанатын да еді. Сол Медеубай бір күні «Жалғыз қайыққа»:
Тәт­ті едің, неткен, тәт­ті едің,
Алғашқы көрген махаббат.
Қуатыңменен дәл сенің,
Тауды да кетем арқалап, – деп, үшінші шумақты жазды. Біз Медеубайдың Сүйін­бикеге деген махаббатына куә болғандықтан ақын досымыздың жүрекжарды сөзін қуат­тап, «Жалғыз қайықты» осы үшінші шумақпен де сүйсіне айтатын болдық. Астарахандық аға-апалар… Ағайындар, сіздер сөз жазып айтып жүрген «Жалғыз қайық» әнінің авторы Илья Жақанов орталарыңызда отыр, – деді сөзінің соңында.
Рахимаштың сөзіне жұрт ду ете түсіп, таң-тамаша боп қол соқты. Рюмкелер сыңғырлады. Ықыласты сөздер айтылды. Никита Сеитович шат­тана бас изеп:
– Қандай бақыт бұл! – деп, жары Мәдина екеуі тағы да «Жалғыз қайықты» биязы үнмен әндет­ті…

* * *

1999 жылы күзде Бішкекте композитор досым Алтынбек Жаныбековтің үйіне қонақ болдым. Алтынбек – сыршыл сезімді елгезек жан (бұл азамат Евгений Григорьевич Брусиловскийдің класын үздік бітірген талант­ты шәкірті. Ол – Қырғызстанның мемлекет­тік гимнінің авторы. «Біржан-Сара» операсын жатқа айтатыны ғажап. И.Ж.), пианинода «Жалғыз қайық­ты» ойнап толқығаны сондай, өзінің сезімін білдіргісі келіп, Бетховен жайлы кітаптан сөз қозғап:
– Француз композиторы Гектор Берлиоз Бетховеннің «Айлы сонатасы» жөнінде: «Это заходящее солнце в Римской компанье… Всё глубоко печально, спокойно, величественно. Огненный шар медленно опускается… Ни одно живое существо не беспокоит мир гробниц, покрывающих опустошенную землю. Человек созерцает… Любуется… Плачет… Молчит», – деп таңғала жазыпты, – деп сөзін жалғастырып: «После смерти Бетховена в ящике его письменного стола нашлось письмо, которое Людвиг адресовал беспечной Джульет­те. В нем он писал о том, как много она для него значила, и какая тоска нахлынула на него после измены Джульет­ты. Мир композитора рухнул, а жизнь потеряла смысл. «Лунной» сонату назвал один из лучших друзей Бетховена, поэт Людвиг Рольштаб, уже после его смерти! При звуках сонаты он представлял себе тихую гладь озера и плывущую по ней одинокую лодку под неверным светом луны», – деп келетін естелікке мұңая беріліп, қалай екені белгісіз, сенің осы «Жалғыз қайығың» да – сондай шығарма, – деді.

* * *

Жұрт қалай десе де «Жалғыз қайық» әрқилы аңыз-әңгімелерге арқау болып менен алыстап, оның иесі халыққа айналып барады…

Илья ЖАҚАНОВ

ПІКІРЛЕР3
Аноним 30.03.2024 | 20:21

Илья ағамыздың мына «Жалғыз қайық» естелік-әңгімесі әдемі, құнарлы тілмен шебер жазылған дүние екен. Ілекең нені жазса да адал жүрегімен «қопарып» жазатын қаламгер. Алла Тағала қуат беріп, ұзақ жасасын!

Аноним 18.04.2024 | 09:02

Илья аға қазақ халқының ән тарихын зерттеп, зерделеп жүрген Асан қайғы деп атап жүрміз. Ағаға Құдай қуат берсін, ғұмырлы болсын. Ағамен пікір бөлісудің өзі бір ғанибет дүние. ЖАСАЙ БЕРІҢІЗ, АҒА! Ізгілік тілекпен Сағындық ОРДАБЕКОВ ініңіз№

Аноним 18.04.2024 | 09:03

Илья аға қазақ халқының ән тарихын зерттеп, зерделеп жүрген Асан қайғы деп атап жүрміз. Ағаға Құдай қуат берсін, ғұмырлы болсын. Ағамен пікір бөлісудің өзі бір ғанибет дүние. ЖАСАЙ БЕРІҢІЗ, АҒА! Ізгілік тілекпен Сағындық ОРДАБЕКОВ ініңіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір