Бір жым-жырт жолға шықтым, түнде жалғыз
13.03.2024
121
0

«Бір жым-жырт жолға шықтым,
түнде жалғыз»…
Лермонтов пен Абай жүрегінің толғанысы – бұл… Дүниеден тиянақ таппай, тылсым тыныштықты тілеген қос мұңлықтың үндесуі.

* * *

1961 жыл. Желтоқсан айы. Мен «Есентуки» курортында емделіп жүрдім. Асқазан, бауырым ауыратын-ды.
Кавказда екі күннің бірінде жауын-шашын. Төңірек, тау қойнауы дым бүріккен боз мұнар. Еңсеңді көтертпей, иығыңды басады да тұрады. Жауыны қарға ұласады. Қары шылп-шылп етіп, замат­та ериді. Бір жақсысы – қара суық, аяз жоқ. Сол күндердің бірінде курорт­тың экскурсоводы бізді Пятигорск қаласына алып барды. Ондағы мақсатымыз – ұлы ақын Михаил Юрьевич Лермонтов болған жерлермен танысу. Біз Пятигорскіде ақын тұрған музей-үйін, галереясын тамашаладық. Лермонтов керемет суретші де болған, өз қолымен жазған картиналары жақсы сақталыпты, шеберлігі кәсіби суретшілердей бізді таң-тамаша қалдырды. Лермонтовтың бұл қалада көп араласқан адамы – атақты генерал Верзилин. Верзилиннің сұлу қыздары Лермонтовты ерекше жақсы көріп, өлеңдерін өз үйлерінде болған сауық-кештерде жатқа оқыған. Олар ақсүйектердің әдебімен тәрбиеленіп, әдебиет­ті, музыканы жетік білген, рояльда ойнаған. Лермонтов осы үйде Мартыновпен де жиі кез­десіп жүрген. Екеуінің соңғы жүздесуі қасірет­ті дуэльге душар етеді. Осы оқиға сөз болғанда жүрегім ұйып кет­ті.
Кіші бесін кезінде біз жиырма шақты адам автобуспен ақын мерт болған Машук тауының етегіне келдік. Бұл – 1961 жылдың желтоқсан айының оныншы жұлдызы.
Машук найза шыңдары көкке шаншылған көгілдір тау екен. Жылы жаңбыр жайла-а-ап қана бүркіп-бүркіп өтеді. Тау қойнауына тереңдеп еніп бара жатқан тастақ жолдың бойында Лермонтовтың қоладан құйылған ескерткіші тұр. Дәл осы жерде оққа ұшып құлаған қайран ақын. Ескерткіштің қасында бізді суретке түсірді. Жұрт өзді-өзі гулесіп, сөйлесіп жат­ты. Мен сай-саланы, тау-тасты, тіпті ағаштарына дейін жақсылап көріп алайыншы деп көпшіліктен бөлініп, оқшау шығып, жан-жағыма көз салып тұрдым
Мен, сөйтіп, өзіммен-өзім боп жүргенде автобусымыз кетіп қалыпты. Сасқалақтап, жан-жағыма қарап біраз аңырып тұрдым. Бар маң құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тым-тырыс. Тіпті машинаның гүрілі естілмейді. Бір кез­де тастақ жолда шақ-шұқ еткен ат тұяғын құлағым шалды. Жолға түстім. Әні-міне дегенше қос дөңгелекті сықырлауық ескі арба қасымнан өте берді. Үстінде үсті-басы су-су боп мыжырайған шал-кемпір отыр. Олар маған енжар көзбен қарады да өз жөнімен кете барды.
Мен аяңдап жүріп келем. Біраздан кейін табаным ойылып, ақсаңдай бастым. Қиялым тау ішін шарлап, ақынның мұңды кейпін көріп келе жат­тым. Лермонтовтың шүңірейген тұңғиық жанары мүлде тереңдеп кеткендей… Сондай сұлық… Дүниеге налалы көзбен зілдене қарап, түнек түннің қойнына еніп барады. Жападан-жалғыз. Жүрегі шерге толы. Алды да, арты да – болжаусыз меңіреу түз. Ол бір күрсініп, бір жымиды. Көк жүзіне көз тікті. Бір-бірімен ымдасып, сансыз жұлдыз жымың қақты. Соның нұры қапас түнге сәуле шашты. Қым-қиғаш ой шашырай берді. О, тоба, Лермонтовтың бейнесі енді бір қарасам, қарт емендей шайқалған Абайдың ту сыртына ығысты. Лермонтов қоңыр үнмен сөйлеп тұр. Абай оны үнсіз тыңдап, бас изей қоштап, көкірегін қысқан мына бір сөздердің тиегін жайлап қана ағыта берді:
Бір жым-жырт жолға шықтым,
түнде жалғыз,
Тастақ жол жарқырайды
буға амалсыз.
Елсіз жер тұрғандай бір хаққа мүлгіп,
Сөйлесіп, ымдасқандай көкте жұлдыз.

Мен көрдім көктің
ғажап жасалғанын,
Жер ұйықтап,
көкшіл шықпен бу алғанын.
Менің не мұнша қапа, қысылғаным,
Үміт пе, өкініш пе ойлағаным?

Дүниеден үмітім жоқ менің деймін,
Өмірге өткен тит­тей өкінбеймін.
Азат­тық пен тыныштық көксегенім,
«Ұйықтамақ пен ұмытпақ» деп
іздеймін.

Жел гулеп, су сылдырлап,
күн шуақтап,
Достықты жылылықпен
тұрсын мақтап.
Жақсы деп өскен-өнген емен ағаш,
Теңселіп айтып тұрса
ол шайқақтап…
Көз алдымда мың құбылып, иә, бір өліп, бір тірілген Лермонтов қанша үмітсіздікке салынса да, жайнаған ұлы тіршіліктің қас-қағым сәтіне сондай ғашық… Одан қол үзгісі келмейді. Өмірге өлердей құштар. Жеңілуді, шегінуді білмейтін паң көкірек өршіл жанның от­ты сөзін айт­ты осылай. Ол сөз менің жүрегімді жалындатып, әуез боп ағылып келе жат­ты…
Мүлгіген тау ішінде езіле аяңдап, Пятигорскіге зорға жет­тім. Соңғы пойызға әрең іліктім. Вагон ішінде «бір жым-жырт жолға шықтым, түнде жалғыз» деген сөз бесік жырындай тербеді де отырды.

* * *

Мен «Есентукиден» қайтуға он шақты күн қалғанда самолетке билет алайын деп, ақшамды санадым. Масқара! Ақшамды жұмсап қойыппын. Енді не істеу керек? Тыпыршып, мазам кет­ті. Дегбірім қашты. Бір уақыт­та есіме өзімізбен бірге емделіп жүрген Бөлебай Исабеков деген бір аяулы адам түсе кеткені. Өзі Қостанай жағынан. Бұрын ЦК мен Совминде мәдениет жағын басқарған. Өнер қайраткерлерінің барлығын біледі. Соғыс жылдары Алматыға эвакуацияға келген композиторлар мен музыкант­тардың ішінде ең беделдісі Серафим Туликов жазам деген «Біржан-Сара» операсының либрет­тосын Ахмет Жұбановтың айтуымен сол кез­де өрімдей жап-жас Мұқан Төлебаевқа зордың күшімен алып берген жан – осы кісі. Бөлекең – мені дәл сол күндерде осында емделіп жүрген Қаныш ағамен таныстырған-ды. Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті! Академик! Аты аңызға айналған геолог! Бір өзі бүгінде ғарышта бір планета боп жарқырап тұрған Қаныш Сәтбаев!
Бөлекеңе жағдайымды айт­тым. Ұялып отырып қарыз сұрадым. Бөлекең ақкөңіл жан, қат­ты қысылды. «Үйдегі жеңгең татар ғой, сол кісі тықақтап: «Ананы ал, мынаны ал», – деп, мен де байқамай, ақшамның бәрін жұмсап қойыппын. Әйтеуір, самолетке билетім бар. Япыр-ай, ә, енді қайт­тім?» – деп қинала елпектеді. Сөйт­ті де, ойланып отырып мені Қаныш ағаға жұмсады.
Қанекең жатқан корпусқа бара жатқанда өзіміздің Алматыда тұратын сатирик ақын Оспанәлі Иманалиев жолыға кет­ті. «Есентукиге» сол күні келіпті. Амандық-саулықтан кейін мен бар шынымды айт­тым. Осекең маған жымия қарады да: «Қой, Қанекеңдей үлкен кісіден ұят емес пе, менде ақша бар», – деді де сол жерде қолма-қол қырық сом ақша берді. Мәз болдым да қалдым.

* * *

Әңгімесі сел-сел боп шертіледі. Бір жолы Бөлекең осындай жүздесу кезінде мені қоярда-қоймай қолпаштап ән салдырды. Мен қымсынып, жарты дауыспен ыңылдадым. Қанекең маған ерекше үйіріліп, бас изей берді. Мұндай бауыры ыстық, жан дүниесі кең өрелі адам болар ма! Пешенесі жазылып, кез келген жанды ықыласын төгіп, керемет тыңдайды екен. Мен «Салтанат», «Ақ қайың», «Жалғыз қайық», «Алматы кешінде», «Нұрланып менің-дағы туар айым» әндерін бір-бір шумақтан ғана қайырдым. Ал «Бір жым-жырт жолға шықтым, түнде жалғыз» романсымды сөз етіп, Лермонтов атылған Машук тауының етегіндегі жол үстінде келе жатып шығарғанымды айт­тым. Қанекең бұған ойлана мән беріп, романстың үш шумағын мүлгіп тыңдады. Тыңдап болды да: «Ертеде Москвада Александр Викторович Затаевичпен бір әдемі отырыс жасап едік. Ол кісі маған: «Лермонтовтың осы өлеңіне орыстың жиырма композиторы ән жазды», – деді. Жиырма ән! Сол әндердің ішінде «Выхожу один я на дорогу» деген романс та бар. Оны білетін шығарсың?» – деді маған сол ойлы жүзбен бұрылып. Мен іле жауап бере алмадым. Сөйткенше болған жоқ, Қанекең мақпалдай жұмсақ, ашық та таза кең тынысты үнімен:
Выхожу один я на дорогу,
Сквозь туман кремнистый
путь блестит.
Ночь тиха пустыня внемлет богу,
И звезда звездою говорит, – деп балбырат­ты.
Бір тылсым құдірет буып тастады мені. Бұрын талай тыңдаған екем. Бірақ терең зерделеп мән бермеппін. Қанекеңнің даладай кең қоңыр үні мені толғанысқа салды да қойды. Сол күннен бастап орыстың осы бір рухы зор, толғаулы әнін зерт­теуге кірістім. Иә, ән ғана емес, романс – ол! Екі романсты өзімше салыстырам да жүрем.

* * *

1974 жыл… Сәуір айының алтыншы жұлдызында қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы боп бекіген кезім. Мені басшылар Москваға Бүкілодақтық радио күніне арнайы іссапарға жіберді. Бұл мен үшін өте тағылымды, біраз тәжірибе көрген сәт­ті сапар болды.
Москвада мен радиоға келіп-кетіп жүрген музыка мамандарынан «Выхожу один я на дорогу» романсының мән-жайын сұраумен болдым. Бағзы біреулер: «Біз бұл романсты осы күнге дейін халық әні деп келдік, кейінгі кез­де оның авторы табылғанын бір зерт­теулерден оқыдық та. Бірақ ол газет­те ме, әлде журналда басылды ма, есімізде жоқ», – деді.
Арада тоғыз жыл өт­ті.

* * *

1983 жылдың жазы… Мен Алматыдағы кітап дүкендерін аралап жүріп, «Лермонтов в музыке» деген кітапты сатып алдым. Бұрын менде «Пушкин и музыка» деп аталатын әдемі кітап бар болатын. Лермонтовтың музыкадағы өмірі мен үшін бір тылсым құпия еді. Ол – музыкаға өзінің ойлы-күйлі поэзиясымен енген құдірет. Оның шығармаларына қаншама музыка жазылды.

Пушкин, Лермонтов… Осы екі керемет орыс музыкасында алуан жанрлы шығармаларды тудырды. Кейде Пушкин мен Лермонтов екеуін салыстырам, Пушкин – музыкадағы Моцарт! Лермонтов – музыкадағы Бетховен! Құдай өзі кешірсін, мен үшін ағыл-тегіл ақтарылған Моцарт­тан гөрі зіл-батпан ойы ауыр Бетховен тереңірек, бұл – менің жеке өз пікірім. Рас, Моцарт – генийдің генийі! Бетховен – сол гений ұстазынан да асып кеткен гений! Моцарт – шалқып жатқан дария болса, Бетховен – сол дарияның шыңырау тұңғиығы. Оның түпсіз тереңіне үңіліп көр, көзің жете ме соған, жетпейді!
Дүкенде тұрып әлгі кітаптың он үшінші бетінен мына деректі оқыдым: «Например, составители справочника (Лермонтов шығармаларына жазылған музыкалардың жанр бойынша рет­телген тізімі) насчитали свыше (жоғарыда бұл романс жөнінде Затаевичтің Сәтбаевқа айт­қан дерегін келтірген едік. Затаевичтің дерек жинаудағы дәлдігіне таңғалдым. Соған қызығып, сол әнді жадына сақтаған Сәтбаевтың зерделі жүрегін қараңыз) 20 вокальных композиций на слова «Выхожу один я на дорогу». Нет ничего удивитель­ного в том, что музыкантов влекли эти стихи: в самой их интонации, в стихотворном размере заложено активное песенное начало. Именно о стихах Н.П.Огорев, сам сочинивший несколько романсов на Лермонтовские тексты, писал: «Они так изящно выражены, что их можно не только читать, их можно петь, да еще на совсем своеобразный лад». Но примечательно другое: только одна из перечисленых в книге композиций прочно сохранилась в памяти любителей пения, стала народной песней, это уже упомянутый романс теперь мало кому исвестного композитора Е.С.Шашиной, опубликованной в 1861 году. Остальные – забыты.
Кто же такая Елизавета Сергеевна Шашина? Еще недавно мы ничего о ней не знали. И только последнее время одному из авторов предлагаемой книги удалось собрать некоторые сведения о ней и ее сестре Аделаиде. Оказалось, что в газете «Северная пчела» в 1856 году от 30 марта и 7 апреля им была посвящена статья «Девицы Шашины», где сообщалось: «Сестры Шашины смладенчества любили музыку и прилежно ее изучали. Старшая Елизавета, утратив прекрасный голос свой от тяжелой болезни, посвятила себя исключительно изучению теории музыки и композиции примущественно для образования дивного голоса (контральто) младшей, Аделаиды…Елизавета Сергеевна сочинила несколько прекрасных романсов». С помощью другого источника выяснено, что до этого сестры Шашины учились пению в Италии, брали уроки у знаменитой Джудиты Паста и даже пели на сцене миланского театра Ла Скала. После этого они некоторое время выступали в Петербурге, в Итальянской опере, а позднее одна из них – Елизавета занялась музыкальным сочинительством. Ей принадлежат несколько романсов на стихи Лермонтова, в том числе «Нищий» («У врат обители святой»), «Нет, не тебя так пылько я люблю» и др. Елизавета Шашина дожила до 97 лет и умерла в 1903 году, в своей усадьбе «Глубокое» Тверской губернии».
Жүрек лүпілдеп, сондағы бір қуанғаным! Іздеген жоғы алдынан шыққанда адам қандай сезімде болады? Үйге келіп алып, кітапты қомағайлана оқып, біраз жайға көз жеткіздім. Мына сәйкестікті қараңыз, менің бірінші әнім 1956 жылы жазылды. Елизавета Шашинаның композиторлық шығармашылығы 1856 жылдан басталыпты. Менен толық бір ғасыр бұрын. Мұны – бір деп қойыңыз.
Мен «Бір жым-жырт жолға шықтым, түнде жалғызды» 1961 жылы жаздым. Елизавета Шашина өзінің «Выхожу один я на дорогу» романсын 1861 жылы жазыпты. Мұны – екі деп қойыңыз. Менен толық бір ғасыр бұрын! Мұндай сәйкестікті кез келген жан байқай бермейді. Екі композитор екі ғасырда бір романспен осылайша түйістік! Керемет! Бір-бірімізден мезгіл кеңістігінде қанша алыс болсақ та, Шашина екеуіміз бір-бірімізге сондай жақын екенбіз.
Менің романсым жөнінде сол жолы Қаныш Сәтбаев: «Лермонтов пен Абайдың рухы осылай биіктей береді, шырағым, Илья! Сенің романсыңды тыңдап отырып, біздің халықтың ойлау жүйесі мен жан тебіренісіне қайран қалам. Азия жұртының ішінде рухани жағынан біз ілгерілеп кетіппіз», – деп еді. Бұдан артық қандай баға болуы мүмкін? Бұл романс менің өмірімнің бір жарқын беті екен.

* * *

1984 жыл. Желтоқсан айының соңғы күндері.
Алматының АХБК (Алматы мата комбинаты) сарайында болатын концертіме қатысатын Кенжеғали Мыржықбаев менің «Жан сәулем», «Жан жолдас», «Балқантау», «Бір жым-жырт жолға шықтым түнде жалғыз», міне, осы төрт әнімді таңдап алды. Мен бұған қарсылық білдірмесем де Кенжеғалидың бұл әндерді дайындауда қиямет мехнат шегетінін ойлап, іштей жүрексіндім. Ол «Бір жым-жырт жолға шықтым түнде жалғыз» романсына романтикалық сезіммен беріліп: «Илья аға, Абайдың тұңғиық әлеміне Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев және сіздің ән-романстарыңызбен енеді екем. Абай ағам Лермонтовты қалай сөйлетеді, а! Классика! Мен мына романсыңыздың нотасына қарап, қиялдап кет­тім-ау деймін, ту сыртымнан хор үні гуілдеп тұрғандай. Бұл не хәл? Сіз ойлап көрдіңіз бе? Хор… Хормен ашылатын сияқты бұл романс, – деді ойымда жоқ қиямет істі айт­қандай боп.
Ақыры Кенжеғалидың осы уәжі түрпек болып, екеуіміз хор капелласына келдік. Бас дерижер Анатолий Васильевич Молодов репитиция өткізіп жатыр екен, бізді байқап қалып, жұмысын тоқтата қойды. Біз бұрыннан таныспыз. Хор капелласын әр кез жаңа репертуарымен радиоға жазып тұрамыз. Молодов осы ортақ ісімізге риза болады да жүреді. Енді, міне, өзінің ізеті мол, ашық-жарқын қалпымен бізді жақсы қарсы алды. Мен Кенжеғалиды таныстырдым. Сөйт­тім де, «Еділ-Жайық», «Бір жым-жырт жолға шықтым түнде жалғыз» әндерінің нотасын көрсет­тім. Екі әннің нотасы қолына тигенде отыра қалып, рояльда ойнады да, тебірене толқығаны сондай орнынан ұшып тұрып: «Я вас тридцать лет ждал!» – деп мені құшақтап, қысып-қысып жіберді. Қасында инспектор жігіті тұр еді, қалтасынан ақша алды да: «Два шампансих и коробку шоколада!» – деді.
Ендігі бір сәт­те біз шампанды мөлдіретіп, емен-жарқын сөйлесіп отырдық. Екі әнге Молодовтың өзі партитура жасап хор-капелласының орындауында концертке қатысатын болды.
АХБК сарайындағы сол концерт… Өмірде небір сәулет­ті концерт­терді көрдік қой, оның хикаясы аңыз боп шертіледі де жатады. Таңғажайып естелік – ол! Сол күнгі концертке кіре алмаған жұрт сарайдың есік-терезесін сындырып әлекке түскені күні бүгінге дейін есімде. Концерт­те СССР халық артисі Анатолий Васильевич Молодовтың басқаруындағы құрамы жүз адамдық хор-капелласы Кенжеғали Мыржықбаевты сүйемелдеп, «Бір жым-жырт жолға шықтым түнде жалғыз» романсымен залды күңіренткенде шамасы он бір, он екі минут дүн-дүние сілтідей тынып қалды… Өмірден ұлы тыныштықты тілеген Лермонтов пен Абай тыңдаған жанның жүрегін сүт­тей ұйыт­ты.

Илья ЖАҚАНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір