ЖАСТАР ПРОЗАСЫ: ІЗДЕНІС пен МАШЫҚ
13.04.2026
94
0

2025 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағының бірлескен «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жеті жас прозаиктің кітаптары жарыққа шықты. Қазақстан бойынша бір жыл ішінде жарияланған жас жазушылардың кітаптарының тең жартысы осы жобаның аясында іске асып отыр. «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» – жас авторларға берілген мүмкіндік қана емес, жалпы қазақ әдебиетінің дамуына серпін беретін бағдарлама, болашақ суреткерлерді дайындайтын үлкен мектеп, кең байтақ еліміздің әр өңірін әртүрлі аңыз әңгімелермен, небір образдармен, небір идеялармен, әр автордың көзқарасымен көрсететін, танытатын бірегей жоба.

Қазақстан егемендігін алған алғашқы жылдары экономикалық дағдарыс болып, халық күнкөріс қамымен әуреге түсіп, әдебиетіміздің күйі нашарлап қалып еді. «Ораза, намаз тоқтықта» демекші, әдетте өнер өркендеген, дамыған, өркениетке ілескен елдерде қарқынды дамитыны белгілі. Қаржысы жоқ кез келген сала тұралап қалатыны тәрізді, әдебиетке де көңіл бөлінбеген соң, оны оқитын халықтың тіршіліктен қолы ажырамаған соң қазақ ақын жазушылары біраз уақыт бойы қоғамға керексіз болып қалғандай күй кешті. Әрине, қолынан қаламын тастамаған, әдебиетке қалтқысыз қызмет еткен жанкешті авторлар да аз емес еді. Десе де игерілмеген көп тақырып бар еді. Игерілмеген көп мәтін бар еді. Біз қазір әлемдегі бай-қуатты елдердің біріміз. Егер дәл осы сөзді үш-төрт жыл бұрын маған біреу айтса, сенбес едім. Алайда өзім шетелдерге сапарлап жүріп, көзім анық жетті. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі ойыншылардың біріне айналды. Етек- жеңімізді жиып, кем-кетігімізді түгендеп жатқан бойымыз осы екен. Дәл осы ретте, еліміздің әр қаласын, облысын, аудан, ауылын танып, ондағы көпшілікке беймәлім аңыздар мен әңгімелерді, сырлар мен сезімдерді көпшілік оқырман қау­ымға ұсыну – жобаның басты мақсаты. Ары қарай баяндаманы осы жоба аясында жарық көрген прозалық шығармаларға арнаймын.
Жас жазушы, Кемел Тоқаев атындағы әдеби байқаудың жеңімпазы, бұған дейін «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» атты детектив романымен әдеби ортаға танылған Абай Аймағамбетовтың «Толқын күткен бала» деген повесін оқыдым. Жоба шартына сәйкес, автор Қызылорда облысын таңдаған екен және повесіне Арал тағдырын арқау етіп алыпты. Оқиға өткен ғасырдың 60-70 жылдар аралығында өтеді. Әкесінен сәби кезінде айырылған Шырынбек есімді бала жайлы. Кейін ес білген шағында, анасы Шырынбекті атасына тастап, кемеге отырып, көңіл жарастырып жүрген еркектің етегінен ұстап Қарақалпақстанға кетіп қалады. Бала көңіл анасын толқындар қашан кері қайтарарын күтіп жүреді. Бұл оқиға желісі Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» еске салады. Десе де екі шығарманың атмосферасы да, кейіпкерлері, сюжеті де өзгеше. Бірақ идеялары үндес. Екі шығармада да ұлттың қасіреті жатыр.
Бұл повесте ерекше атап өтетін бір нәрсе бар: ол – сол мекенге қатысты аңыз-әңгімелерді, «Возрождение» аралы жайлы деректерді автор әдемі кірістірген. Бегім сұлу жайлы аңыз оқырман үшін бір шетінен ақпараттық, танымдық болғанымен, екіншіден жалпы повестің сюжетіне, идеясына, контекстіне қызмет етіп тұр. Өйткені жазықсыз әйелін жазалаған, Бегім сұлу ананың қадіріне жетпеген Санжар хан сияқты Мәметжан деген кейіпкер бар. Дәл сондай, Арғымақ батыр, Найзагер батыр жайлы да аңыздар – басты кейіпкер Шырынбектің бойындағы қасиеттерді аша түсуге, оның ішкі мотивін түсінуге септесіп тұрады. Бір қызығы Арғымақ батыр, Найзагер батыр жайлы аңыздарды автордың өзі жазған. Бір сұхбатында өзі айтыпты. Алайда сол аңыздың растығына оқырманды нандырады. Бұл автордың ұтымды қолданған тәсілі. Себебі бұл ойдан құралған аңыздар шығарманың көркін аша түседі.
Повесте Шырынбектің, оның атасының, Мәукен, Сәлима, Мәметжанның образдары толық ашылады. Солардың арасынан басты кейіпкер Шырынбектің бейнесі оқырман жадында ұзағырақ қалады. Жұрт көзінше өзін ересектерше ұстайтын, үлкендермен тең сөйлесетін, жан-жағын түгел ақылымен танып тұрған зерек, Тоқмұраттың өтірігін бетіне басудан тайсалмайтын, Мәметжанның қатыгездігін, оған әлі келмейтінін біле тұра қарсы келуден танбайтын, тіршілікке әбден ысылған Шырынбек оңаша қалғанда атасының ертегісіне елітіп отыратын, анасын үнсіз сағынатын, күндердің күнінде анасы бір іздеп келетініне иманындай сенетін, өзінен біршама жас үлкен Сәлиманы күйеуі Мәметжанның езгісінен арашалап, өзімен алысқа алып кетсем дейтін қияли, нәзік бала. Автор Шырынбектің сол бір өжеттігі мен қиялилығын ұштастыра отырып, повесть соңында оны теңізге өз еркімен батырып өлтіреді. Өзін өлімге қию үшін батылдық керек, өмірден түңілу үшін де өмірді тани алатын ақыл керек, сонша жылда баласын іздеп еміренбеген анасын сағыну үшін аңғал, пәк, балалық сезім керек.


Мәметжанның да образы жақсы жазылған. Оның жауыздығын, қатыгездігін, кекшілдігін автор бірден жайып салмайды. Әр тарау сайын біртіндеп ашады. Әрі оның сондай хәлге душар болуының да себептері бірте бірте бой көрсетеді.
Сәлиманың Мәметжаннан қорлық көріп, әбден таяқ жеп, қорқыныш бойын билеп алған соң, өзін құтқарар жан іздеп Мәукенге жолығуы да, оған ақтарылып, ашылуы да, алайда алғашқы кездері онымен кетіп қалудан жасқанатыны да нанымды суреттелген.
Жалпы бұл повестің баяндау стилінде кәдімгі кәсіби жазушыларға тән байыптылық бар. Сонымен қатар кей тұстарында оқырманды жалықтырып алатын бөлімдері де жоқ емес. «Возрождение» аралындағы оқиғаларда тартыс жоқ, тек ақпараттандыру секілді әсер қалдырады. Пирюлен мен Мәукеннің өзара әңгімелері оқырманды хабардар қылу үшін ғана жазылғандай көрінеді. Атасының жиі айтатын ертегісі мен «Мына өлкедегі ойпаңдар мен қыраттар» деп басталатын бір бет мәтіннің айна-қатесіз бірнеше рет қайталанғаны да орынсыз секілді. Өйткені әу баста оқыған нәрсені төрт-бес қайыра оқи беру зеріктіреді.
Екінші автор – Темірлан Қылышбек. Темірлан «Лифт» әңгімесімен «Қазақ пен қала» әдеби байқауының жеңімпазы атанып, сол әңгімесі оның паспортына айналған. Әдеби ортада да талқыланды. Автордың ерекше стилі де, саспенс тудыра алатын қабілеті де сол бір әңгімесінен байқалған. Темірлан атмосфера жасаудың шебері. «Тырналар мекен» атты әңгімелері топтасқан кітаптағы «Инелік жылы» деген әңгімесін оқып отырып соған тағы көзім жетті. «Инелік жылы. Шілде айы. Бұлыңғыр таң. Жусан иісімен жел соғып тұр. Тауға қарап мен тұрмын. Кенет мешіт жақтан азанның дауысы естілді. Жағаласа қарғалардың қарқылы» деп басталады әңгімесі. Иіс, елестете алатын картина, дауыс арқылы бірден әңгіменің ішіне кіргізіп жібереді. Құдды бір тауға қарап тұрған кейіпкер өзің секілді әсер қалдырады. Темірланның осы кітаптағы біраз әңгімелерінде атмосферасы жақсы суреттелген. Солардың ішінен бөлек-салақ болып тұрған «Шәй қойыңыз» деген қысқа әңгімесі бар екен. Мұны әңгіме деуге келе ме екен, жоқ па деп ұзақ ойландым. Өйткені сюжет те, кейіпкер де жоқ, идеясы да бұлыңғыр мәтін екен. Бір кісінің бейтаныс біреуге жазған бас-аяғы жоқ хатындай. «Бұл жазбаны оқымас бұрын, сізден өтініп сұрарым, шай қойыңыз. Сосын өзіңіз ұнатып жейтін тіскебасар әзірлеңіз. Бұл тізімге кептірілген жемістер қоссаңыз да болады» деп басталады да, оқырманға не істеу керегін тәптіштен түсіндіреді. Сосын өзінің не үшін мәтінде сирек жазатыны жайлы айтады. «Оның маған не қажеті бар екен?» деп қиналып оқып шығасыз.
Темірлан Қылышбектің «Түс» деген новелласының идеясы тым ерекше екен. Новелладағы әлемде цифрландыру қатты дамығаны соншалық, адамның ойын оқитын деңгейге жетеді. Ғалымдар қауіпсіздікті күшейту мақсатында, өрт болған жағдайда өрт сөндірушілерге автоматты түрде хабар келетіндей, ауырғанда жедел жәрдем жетіп келетіндей, адам қылмысты жоспарлағанда-ақ соттап жіберетін құрылғы ойлап тауып, қоғамды бақылауда ұстайды. «Өз ойымды ешкімге бермеймін», – деп танымал ақын
өз-өзіне қол жұмсап өледі. Кейіпкерлерінің образы толық ашылмағанымен, әңгіменің идеясы мықты. Бәлкім мұндай идеялар бұған дейін де болуы мүмкін, алайда өзім қазақ әдебиетінен әзірге кездестірмеппін. Әрі бұл идея дәл қазір әлем бойынша өте актуалды. Демократиялы, адам құқықтарын бәрінен жоғары қоятын батыс елдерінің өзінде қазір ғаламторда жазылған пікірі үшін соттап жатыр. Американың өзінде журналистерге қысым көбейіп келеді. Бұл жайлы футуролог, тарихшы ғалым – Юваль Харари Ной өзінің «Хомо Деус» атты еңбегінде мынадай болжам айтады әрі сол Темірланның новелласымен үндесіп тұр: «Мемлекет цифрланған сайын, демократиялық басқару жүйесі қолайсыз бола бастайды. Өйткені жеке ақпараттар әркімнің, әр тараптың, мүдделі топтардың қолында кетуі ықтимал. Сондықтан да болашақта әлемде цифрлы диктатура орнауы мүмкін» дейді.
Жас жазушы – Сафина Ақтайдың есімі жас әдебиетшілерге етене таныс. Әңгімелері республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Автордың «Ганин» романы 20-ғасырда Қазақ еліне депортацияланып, Павлодар өңіріне қоныстанған немістердің өмірі жайлы. Автор әдебиеттегі модернисттік бағыттағы сана ағымы мен сюрреализмді ұштастыра отырып жазған. Сол замандағы адам табиғатын қазіргі дүниетаныммен, көзқараспен қайта қарайды.
Асылан Қуанышұлының «Кішкентай» атты кітабына автордың әңгімелері, эсселері, ертегілері мен өлеңдері топтастырылған.
Жазушы, драматург Жақсылық Мұратбектің «Аспаны жақын ауылдың» кітабында автордың осы аттас романы мен әңгімелері, драмалары мен киносценарилері бар.
Ақын Биболат Сәтжанның көлемді прозадағы дебюті – «Күзкүткен» романы қазіргі қала өмірі, капиталистік, бәрі заттанып, тауарланып бара жатқан қоғамдағы адамдардың жалғыздығы жайлы.
Жоғарыда аттары аталған қаламдастардың есімі әдеби ортаға таныс. Солардың ішіндегі жаңа есім – Феруза Мәдениет. Автордың «Аққалқам» романында өткен ғасырдағы тарихи оқиғалардың халқымызға салған жарасының қазіргі адамның бойынан қалай көрініс табатыны жайлы баяндайды.
2025 жылы бұл жобадан тыс жарияланған екі жас жазушының кітабын ғана білемін. Оның бірі – Әлихан Жақсылықтың «Сені іздедім» романы, екіншісі – Сафина Ақтайдың «Бургер Кингтегі Элвис Пресли» әңгімелер жинағы. Бір қызығы, Әлихан Жақсылық 2024 жылғы «Әдеби-танымдық панорамаға» қатысса, Сафина Ақтай 2025 жылғы қатысушы, яғни бұл жас жазушылардың тәжірибе жинауына, әртүрлі тақырыпта ізденуіне, әртүрлі эксперимент жасауына, жазу машығын қалыптастыруға ықпал ететін бірегей жоба екенінің дәлелі.

 

Әлішер РАХАТ  

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір