ПРОЗА: ІЗДЕНІС БАР, БІРАҚ ІЛГЕРІЛЕУ БӘСЕҢ
Кез келген қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, адам санасына әсер етпей қоймайтын рухани-мәдени төңкерістер көркем әдебиетте де көрініс табады. Оның үстіне қоғам дамуына орай ондағы ұғым-түсініктер мен ұстанымдар да түрленуге ұшырайды, құндылықтарды қайта қарау процесі де қарқын алады, жалпы осының себебінен адам санасының айналадағы құбылыстарды саралау үрдісі де өзгеше реңкке енеді.
2023 жылы проза жанрында қалам сілтеген авторларымыз, негізінен, ұлт тағдыры, тарихы, елдегі әлеуметтік қайшылықтар, өтпелі кезеңдегі адам болмысы, оның ішкі жан дүниесінің қоршаған ортамен қабыспауы, рухани жүдеулік сияқты мәселелерді көтеруге тырысқан. Қолымызға ұсынылғаны – 18 кітап. Енді соларға шолу жасайық.
* * *
Жазушы Қуаныш Жиенбайдың «У мен уылдырық» атты кітабы үш хикаяттан және 18 әңгімеден тұрады. Бұл қаламгердің өз туындыларында үнемі бүгінгі күн адамдарының кісілік келбетін, тыныс-тіршілігін зерделеуге ден қоятынын бұрынғы кітаптарынан байқайтынбыз. Бұл кітабында да, Арал экологиясынан Адам экологиясын бөліп қарай алмайтын жазушы, негізінен, өзінің сол шығармашылық бағыт-бағдарына адалдығын сақтап, қазіргі қоғамдағы өз замандастарының тұрмыс-болмыс шындығын көрсетуге тырысқан. Бұрын тек кешегі тоқырау заманына ғана тән шығар деп ойлап келген басты дерт – рухани азғындаудан, қоғамның мазмұнына айналған тоғышар тірліктен бүгінгі адам да қашып құтылған жоқ, қайта қазір тіптен үдеп, өрши түскендей. Осының бәрі жазушы қаламының қарауылына ілінген. «Оны мазаламаңыздаршы» хикаятындағы Жұмабек, «Қашқындағы» Бөрібай секілді жаны таза, ниеті ақ, еңбегі адал кейіпкерлер – осы тоғышарлық көңіл күйі белең алған қоғамда өздерінің адамдық болмысынан айырылып қалмау үшін күресуге мәжбүр.
«У мен уылдырықтағы» Есберген елде жоқ ерен қабілеттің иесі болғанымен, шама-шарқынша қоғамдағы жемқорлыққа, қорқаулыққа, жең ұшынан жалғасар сыбайластыққа қарсы әрекет жасаса да, жаппай азғындаудың алдында ол да дәрменсіз. Қ.Жиенбай – сонымен қатар нақтылықты, нағыз шеберлікті қажет ететін әңгіме жанрына да адал. Оның «Спектакль», «Итке бола жылай ма екен», «Аға, өлең оқыңызшы!» секілді әңгімелерінде өмірдің көпшілік елей бермейтін қайсыбір көлеңкелі сәттері еш боямасыз шынайы қалпында қағазға түсе салғандай.
Жазушы Жұмабай Қайранбайдың «Жұлдызжирен» атты кітабындағы екі хикаят пен бес әңгіменің ешбірі де оқыған жанды бей-жай қалдырмайды. «Тұрағұл аңшы», «Құрбандық», «Қарлығаштар бекеті және Керқұла ат» әңгімелеріне автор адам мен табиғат арасындағы тығыз да тылсым байланыстарды арқау еткен. Айналамыздағы қоршаған ортаны танып-білуден, оның қадір-қасиетіне жетуден алшақтап бара жатқанымыз рас. Біз Табиғат-Ананы аялауды, оның сырын ұғуды, онымен тілдесуді неге ұмыттық? Қарлығаштар бұрынғыдай неге үйлерімізге ұя салмайтын болды? Бабаларымыз кеше «ер қанаты» деп ерекше қадір тұтқан жылқы түлігін біз бүгін әспеттей алып жүрміз бе? Адам баласы жан-жағындағы тіршілік иелеріне шекеден қарап, тым астамсып кеткен жоқ па? Кітапты оқып отырғанда оқырманды осындай ойлардың мазалайтыны анық.
«Бір уыс дән» атты хикаятында жазушы кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақ ауылы басынан кешкен ауыр кезеңді бейнелейді. Адамның болмысындағы былайғы кезде аса біліне бермейтін қызғаныш, қараулық, қара басын күйттеген пендешілік, қорқақтық, жағымпаздық секілді мінез-құлықтың бәрі де басына іс түскенде айқын көрініп шыға келеді. Мұндай сын-сынақ кезінде адамдығын, тазалығын, әділдігін сақтап қалу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Түрлі оқиғалар арқылы хикаят кейіпкерлерінің шынайы бейнелері ашылып, олардың күдік-күмәндары, жан толқулары, ішкі арпалыстары психологиялық тұрғыдан өте нанымды суреттелген.
Ерғали Ахмет – аз жазатын, аз жазса да саз жазатын қаламгер. Оның «Соңғы тайқазан» атты әңгімелер жинағына 16 әңгіме топтастырылыпты. Баяғы Қарауылбек Қазиевпен ортақ тақырыпқа келісіп, жарыса қатар жазылған «Ақ бантик» әңгімесінен бастап, «Шыт жейде», «Алма бағы», «Талшыбық», «Күнбағыс» және т.б. шығармалары – бес-он минуттық қысқаметражды көркем фильм секілді, көз алдыңнан кино таспасындай ақырын жылжып өте шығады. Кейіпкерлер ғұмырының қас қағым бір мезетіне ғана куә болсаңыз да, бәрібір жақын тартып отырасыз. Әңгімелерден не артық, не кем деталь табу қиын, «сөз қорым мол екен» деп, реті келсін-келмесін қыздырмалатып, қызыл тілді безеу де жоқ, қай тұста көркем шығарма нені керексініп тұр, соны ғана беріп, бәрін орын-орнымен, мөлшермен ғана қолданыпты. Көлемдері шағын болса да, шығармалардың көтерер жүгі салмақты. Ерғали Ахмет шығармашылығына тән ортақ сарын – адам бойынан мейірім қашып, қоғамның қатыгезденіп бара жатқанын мінездер, тағдырлар арқылы ашына толғау дер едім. Іздейтіні – кісілік, ізгілік, жырлайтыны – ұлттық рух тәрізді.
Жазушы Нұрлан Қамидың «Қыз Данайдың қырғыны» атты кітабын 2023 жылы жарық көрген прозалық жинақтардың ішіндегі ең үздіктерінің бірі деуге болады. Кітапқа үш
хикаят топтастырылған. «Ел шетіне жау келсе» атты туындыда ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқының бастан өткерген бүкіл қуғын-сүргін, зұлмат-нәубет, ақ-қызыл аласапыраны бір әулеттің, бір адамның тағдыр тауқыметі арқылы берілген. Өзін әбден қудалап, әуре-сарсаңға салған, қызыл өкіметтің кесірінен көрмеген қорлығы, кешпеген хикметі қалмаған бас кейіпкер бәрібір өзінің адамдық қалпын, азаматтық ұстанымын сақтай алған. Ел шетіне жау келіп, тұтқиылдан соғыс ашқанда, осы өкіметке деген бүкіл өкпе-зар, нала-кегін ұмыта тұруға бекінген ол, ақырында жалғыз ұлын майданға өз қолымен аттандырады. Ел намысы мен ер намысының ортақ екенін ойға салады. «Шал» шығармасында автор әншейінде ешкімнен артықшылығы жоқ, елеусіз ғана қарапайым адамның шын мәнінде қандай ішкі рухани қуатқа бай тұлға болып шығуы мүмкін екенін шебер көрсеткен.
Ал кітап атауына арқау болған «Қыз Данайдың қырғыны» хикаятын қазақ әдебиетінің қорына қосылған үлкен олжа десек, артық емес. Бұл шығармасына Нұрлан Қами бұрын ел аузында жүргенімен, тарихы тасқа басыла бермеген Қыз Данай мен Төремұрат батырдың қасіретке толы ғашықтық хикаясын арқау еткен. Шығарма кейіпкерлерінің ішінде ұлы күйші Құрманғазы да бар. Оның атақты «Төремұрат» күйінің шығу тарихы да хикаятты оқу барысында айқындала түседі. Төремұрат батыр өзі ғашық болған, бірақ ықтиярсыз басқа біреуге ұзатылған Данай сұлуды алып қашып, екі рулы ел арасы дүрліккенде, дүрбелең басылғанша басқа жаққа кете тұруды ұйғарып, алыс жолға аттанып бара жатқанда түркімен жасағының қоршауына түсіп, опат болады. «Төремұрат» күйіндегі кейбір сылқым қағыстарда ұрыс бейнесімен қатар, қазақ қызының шолпысы сыңғырлаған сұлу бейнесі де сезіледі. Автордың жазуынша, Құрманғазының Данай сұлуға арнап шығарған бірнеше күйі де болған, бірақ сақталмаған.
Сәуле Досжан – өзінің оқыс оқиғаларға, шытырман сюжеттерге толы шығармаларымен оқырман қауымға жақсы таныс қаламгер. Оның «Тағдырлар тоғысқанда» атты кітабында адамдықтың алтын діңгегі – ізгілікті ту етіп ұстаған қарапайым кейіпкерлер өз бақыты үшін, қоғамда әділдік салтанат құруы үшін күреседі. Кітапқа енген «Жалғыздың жарасы» романы жалынды жастық кезеңі мен балдәурен балалық шағын өткен ғасырдың орта шеніндегі алапат соғыс жалмаған тұтас бір ұрпақтың мұң-зарын жырласа, «Құпия аманат», «Жұмақтан қашқан әйел», «Арумен өткен алты түн», «Жоғалып табылған қыз» секілді әңгімелері бүгіндері өмірде болып жатқан шым-шытырық хикаяларды арқау еткен. «Тірі жесір» хикаятында алтын торға қамалған тотының күйін кешкен қазақ әйелінің мұңы шертіледі, ал «Тағдырлар тоғысқанда» туындысы түрлі себептермен жақындарынан алыстап, жападан-жалғыз қалған шерлі жандардың бір-бірімен табысуы нанымды суреттеледі. Былайынша бір-бірімен ешқандай қатысы жоқ тағдырларды өмірдің өзі әдейілеп иіп әкеп, тоғыстырғандай әсер аласыз.
Тосын сюжетке толы туындылар жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Миллионер» атты кітабында да молынан кездеседі. Әсіресе «Жер жүрегі», «Ғалам адамы», «Миллионер», «Шер», «Елес», «Көлеңке» тәрізді шығармаларын ерекше атап өту керек. Бұл туындылардағы небір адам сенгісіз дерлік оқиғалар, басын тауға да, тасқа да ұрған алуан түрлі тағдырлар «Адамның басы – Алланың добы» дегенге саятын тұжырымның растығын дәлелдейтіндей. «Миллионер» әңгімесіндегі Степанның, «Шер» шығармасындағы Дәуіттің басынан кешкендері – көркемдік қиялы ең бай фантаст автордың өзі әрең ойдан құрастыра аларлық тосын оқиғалар. «Елестегі» Миятханның өз көрсеқызарлығы мен нәпсіқұмарлығының салдарынан көрген құқайы, қорлығы, «Көлеңкедегі» құпия тапсырмаларды орындаушы, құралайды көзге атқан сұрмерген майордың тағдыры да оңайлықпен ойға келе қоярлық жағдайлар емес. Бірақ бұлардың бәрі де оқырманды қалай да сендіреді, алғашқы жолын оқығаннан бастап өзіне тарта жөнеледі. Өйткені дүниедегі ең озық драматург, ең мықты сценарист – өмірдің өзі десек, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы бұл сюжеттің бәрін сол өмірдің өзінен алып отыр. Сонысымен де шынайы, сонысымен де тартымды.
Ал осы автордың «Ғалам адамы» әңгімесі мен «Жер жүрегі» хикаятында тосын сюжетпен қатар ғылыми-интеллектуалдық пласт та бар. «Ғалам адамындағы» онсыз да өзге ешкімде жоқ қабілеті мен еңбегі арқылы байиын деп тұрған ғарышкер Джоның тағдырын дүниеқоңыз әйелі Лия тас-талқан етсе, «Жер жүрегінде» қаншама жылдар бойы атом бомбасы мен басқа да бүкіл адамзатқа қауіпті қару түрлерін жасауға аса қажетті уран кендерін ашып, тыным таппаған, жоғары қызметтерде отырған сыбайластарының көмегімен баюдың да жолын тапқан Ғалымжан Жартыбайұлын ажалдан сол қап-қап ақшасы да құтқара алмайды. Жазушы өз шығармаларында адам болмысының нәзік қырларын түрлі ракурста ашуға тырысқан. Бұл әрекеті сәтті шыққан.
Қазір ауыл тақырыбын жазуды «артта қалғандық» санайтын көзқарастар шыға бастады. Біз бұған келісе алмаймыз. Қазақ ауылы барда, бұл тақырып қаламгерлердің назарынан ешқашан тыс қалмақ емес. Дегенмен, мәселе қалай жазуда ғой. Аға буын, орта буын қаламгерлердің біразы сол баяғы өзі көрген, өзі туып-өскен, бірақ көптен бері ат ізін сала қоймаған баяғы ауылды жазып жүргенін байқамайды. Олар өскен ауыл – басқа, қазіргі ауыл – басқа екенін ескере бермейді. Сонау 80-90 жылдардағы оқиғаларды, образдарды алып келіп, бүгінгі заманның ауылына, бүгінгі күннің кейіпкеріне күштеп әкеп қосқысы келеді. Онысы есекке ер салғандай ерсі көрініп тұрады-ақ. Қазіргі қазақ ауылы – мүлде өзгеріп кетті. Адамдары да бұрынғыдай емес. Жан тазалығы, аңғалдық әлі де бар, бірақ оның сыры мен сипаты тіптен бөлек.
Дегенмен шығармаларының дені ауыл тақырыбына арналған қаламгердің бірі – Көсемәлі Сәттібайұлы – бұл санаттан емес. Ол – әрісі Бейімбет Майлин, одан бергісі Сайын Мұратбеков, ең кейінгі толқыны Мархабат Байғұт секілді сөз шеберлерінің жолын жалғап келе жатқан жазушылардың бірі. Оның «Алдамаңдаршы, адамдар» деп аталатын әңгімелер жинағы – ұлттық мінезбен қазақы образдардың тұтас галереясы. Көсемәлі Сәттібайұлы оқырман үшін қызықты оқиғаларды қаламгерге тән байқампаздықпен екшеп алып, оқуға жеңіл тартымды тілмен, қазақы юмормен ширықтыра әңгімелейді. Қарапайым диалогтар арқылы кейіпкер келбетін ашады, оның сырт кескінін сипаттамаса да, сөзіне қарап-ақ қандай жан екенін тануға болады. «Алдамаңдаршы, адамдар», «Шаншудың балконы», «Біздің ауылдың «бомба түскен» шалдары», «Электорат», «Нөмірі бірінші ұры» және т.б. әңгімелер – осы бір «әулие жанрдың» бүкіл талабына сай келген дүниелер. Автор сөз соңын үнемі астарлы да ойлы тұжырымдармен түйіндеп отырады. Басыңа түскен қиын ахуалды қайсарлықпен еңсеріп, жеңіп шығу да, тағдырдың тауқыметіне төзімділікпен төтеп беріп, ізгілігің мен адалдығыңды сақтай алу да – адамның өз қолында екенін, оның рухани күш-қуатының, кісілік өзегінің мықтылығында екенін меңзейді. Кейіпкерлердің түрлі тағдырларына куә бола отырып, оқырман оның әрқайсысынан өзіндік ой сабақтап, қорытынды жасай алады.
Әңгіме жанрында қалам тербеп жүрген жазушыларымыздың бірі – Заря Жұманова. Оның «Кеш келген бақыт» атты кітабына 26 шығармасы енген. «Лимузин», «Құпия хат», «Қуыршақтар», «Тылсым сырдың түйіні», «Беті ашылмаған келін» және т.б. әңгімелері – өте шынайы, қысқа да нұсқа. Автор бүгінгі өмірдің еш жасандылығы жоқ шындығын кейде тіпті бір-екі параққа сыйғызып жібереді. «Қысқа жазу – таланттылықтың белгісі» деген сөзді еске алсақ, сюжеттің селін сығымдап, нақты қайыру, әрі дәлдікпен, кәсіби шеберлікпен бере білу – қаламгердің зор мүмкіндігін байқатады, оның заман талабына сай қысқа жазудың жетік жолын меңгергенін көрсетеді. Өмірдің өзінен ойып алынған бір сәттік қана этюдтер кейіпкер тағдырындағы ұзақ жылғы шердің шешуші сәтіндей сезіледі.
Жазушы Тұрсынбек Ешенқұловтың «Күн тұтылғанда» кітабына енген 2 хикаят пен бірнеше әңгіме өмірдің сан тарау жолдарында жүрген қилы тағдырлар туралы сыр шертеді, бастан кешкен түрлі оқиғалардың ықпалымен адам мінез-құлқының құбылуына, болмысының өзгеруіне ден қояды, оған әсер ететін әлеуметтік-психологиялық себептерді зерделейді. Шығармалардың тілі қарапайым, оқиғалары шымыр.
Жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыштың «Алтынсарин алауы» атты кітабы – төрт бөлімді тарихи романның бірінші және екінші бөлімдері. Тарихи тұлғалар туралы жазғанда, қаламгердің қашан да екі мәселені ерекше ұстап отырғаны жөн. Біріншіден, тарихи деректердің жетегінде кетіп қалмау.
Дерек оқырманға қанша қызықты болғанымен, шығарманың әдеби тінімен қабыспаса, жымдасып кетпесе, оған зиянын тигізеді, көркемдік сипатын бұзады, деректі дүниеге ұқсап кетеді. Екіншіден, автор ретінде жазушылық қиялды да шектеп отыру. Әйтпесе тарихи шындықтан ауытқып кетуің әп-сәтте. Бұл – өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қос құлама жардың ортасына тартылған қылдай арқанның үстімен құламай жүріп өткендей майталман шеберлікті қажет ететін іс. Нұрдәулет Ақыш осы үдеден шыға білген секілді. Ыбырай Алтынсарин туралы осы шығармасына бұрынғысынан да мол ыждағатпен кіріскені, көз майын тауысып, талай архив ақтарып, қаншама материал қарағаны байқалады. Құм арасынан құнды алтын іздегендей ауыр еңбек екені көрініп тұр.
Өтеш Қырғызбаевтың «Телқоңыр» романы туралы да осыны айтуға болады. Әйгілі күйші Әлиұлы Сүгірдің өмір тарихын, өнер шежіресін жан-жақты зерттеген қаламгер оның ұрпақтарымен сұхбаттасып, ел аузындағы әңгімелер мен тарихи деректерді де әбден сұрыптаған. Көркемдік қиялға да ерік бергенімен, мүмкіндігінше шындық ауылынан алыс кетпеуге тырысқан.
ХХІ ғасырда қазақ прозасында ұзақ-сонар баяндау мен суреттеуден саналы түрде қашатын қаламгерлер шыға бастады. Жаңашыл шығармалардың бойында тұспал мен ишарат басым бола бастады. Мұның мақсаты – оқырманға бәрін де дап-дайын етіп шайнап бермей, оны жетелеу, ойлануға шақыру болса керек. Бұл стиль әсіресе Дидар Амантай шығармашылығынан анық аңғарылады. Мазмұнның жалпы сипатынан, сөйлемнің сыртқы сұлбасынан ойдың, оқиғаның, мәліметтің ұшығы ғана ұшқындай лап етіп көрініс береді де, бар жұмбағы, құпия сыры тереңінде жатады. Кезінде Эрнест Хемингуэйдің сүйікті «қаруы» болған, «Айсберг қағидасы» деп аталатын бұл тәсілді Д.Амантай ұтымды қолдана біледі. Көп ойды мөлтек диалогтармен, қысқа да астарлы қайырымдармен, ерін ұшындағы емеуріндермен-ақ бере салады. Бұған оның «Майдақоңыр» атты әңгімелер мен новеллалар жинағы дәлел. Осы жинаққа енген «Гәкку», «Жарық шеке», «Вернер Гейзенберг», «Кіршіксіз ғұмыр», «Шаһардағы жаз» тәрізді әңгімелерінде рухани жалғыздық та, өзін-өзі іздеу де, баяғы мөлдір сезім мен оның уақыт үккішіне жаншылып, әбден ұсақталған, қажыған бүгінгі кейпі де көрініс тапқан.
Жазушы Қанат Тілеуханның «Шатырдағы әйел» кітабына автордың он шақты шығармасы еніпті. Қанаттың әңгімелерінде жасандылық жоқ, тура өмірдің өзінен ойып алынғандай шынайы, ар жағынан бәрі де еш жасырусыз айқын көрініп тұратын әйнек секілді. Жазушы оқырманына да, кейіпкерлеріне де, ең бастысы – өзіне, қаламына адал. Шығармаларының дені Қараш атты бір кейіпкердің атынан баяндалатындықтан ба, әлде ішкі тақырыптық өзегі ұқсас болғандықтан ба, бірнеше әңгімесі жиылып бір туындының желілес үзіктері секілді сезілетіні бар. Бәрін тура өмірдегідей дәл беруге талпынысы кейде кері әсерін тигізіп, сөз саптау, сөйлем құрау, кейіпкер кейіптеуде жалаң баяндауға ұрынып қалатын тұстары, мейлінше қарапайым жазамын деп сәл қарабайырлыққа жол беріп алатын жерлері жоқ емес. «Қараша» атты шығармасында күнделікті ауызекі әңгімеде аузымыздан шығып кететін орысша сөздерді сол күйі бере салу да кездеседі. Бәлкім, бұл кейіпкер келбетін ашуға көмектесетін шығар, алайда оның да үйлесетін-үйлеспейтін сәттерін ескерген дұрыс секілді.
Кітаптағы ерекше туындының бірі – «Жаназа» хикаяты. Бұл – өте шыншыл, батыл шығарма. Біз мойындасақ та, мойындамасақ та, қазір көп қазақ отбасында әке мен шешенің рөлі бұрынғы салмағынан айырылып қалды. Әкелерде баяғы айбар, сұс, бедел қалмай барады. Бұған, әрине, көбінесе өздері кінәлі болып жататыны рас. Балаларының көзінше күйеуін тілдей беретін шешелер көбейді. Енді балаларға әкенің тыйымы, шешенің ақылы онша әсер етпейтін болды. Отбасында беделі жоқ ата-ананы кім тыңдасын. Әке-шешесінің көзінше арақ ішетін, темекі тарта беретін, оларға дөрекі жауап беруді, салғыласып-ұрсысуды ар санамайтын ұрпақ келді. Осындай кейіпкерлерді ашып көрсеткен Қанат Тілеуханның «Жаназа» хикаятын мен «Қазақтың дәстүрлі отбасылық институтының жаназасы» деп атар едім.
Жанар Әбдішованың «Дүние – бекет, адам – керуен» атты кітабына жазушының негізінен бұрын баспасөзде жарияланған шығармалары еніпті. «Сұлулық киесі», «Хат», «Айыппұл» тәрізді жып-жылы әңгімелері – тіпті де қиыннан қиыстырып әуре болмастан, өмірдің өзінен ап-анық күйі алына салған айшықты туындылар. Алайда өкінішке қарай, автордың осы жинақтағы шығармаларының бәрін бірдей керемет дей қою қиын. Кітапта бастауы, ширығуы, түйінделуі әу бастан жан-жақты ойластырылмағандай әсер қалдыратын, газеттердегі «Қаз-қалпында», «Болған оқиға ізімен» немесе «Боямасыз өмір» деген секілді айдарларға тән, көркемдігі онша жетіспей жатқан ортақол дүниелер де кездеседі. Алдағы уақытта жарық көретін жинақтарында автор ұқыптылық танытады деген үміттеміз.
Тарихы түгелденбеген, өткені сараланып бітпеген ұлттың әдебиеті де тарихи тақырыпқа араласпай тұра алмайды. Жазушыларымыз қай кезде де бұл тақырыпта белсенділік танытып келеді. Соның бірі – 2023 жылы жарық көрген Бегімбай Ұзақбаевтың «Тұғыр» атты романы. Романда ХVІІІ ғасырда жоңғар, қалмақ, түркімен жаулап алушыларына қарсы қаншама соғыстарға қатысып, ерлік көрсеткен батыр Тұғыр Кенжесұлы туралы баяндалады. Батырдың ұлт тарихындағы өзіндік орнын айқындай түсу, кейінгі ұрпаққа қаһарман бабалары жайында жан-жақты мәлімет беру, оның қайсар образы арқылы жасөспірімдерді отаншылдық рухта тәрбиелеу секілді игі мақсатпен жазылған, тарихи деректерге толы туындының, өкінішке қарай, көркемдік деңгейі төмен-ақ. Қате де аз емес. Мәселен, кітаптың 74-бетінде Тұғырдың атасы Торым ақсақалдың қайтыс болғаны айтылады. Ал 78-79-беттерде Торым батыр қайтадан жаумен жағаласып, соғысып жүреді. Әрине, бұл жерде соғысып жүрген Торым емес, оның немересі Тұғыр ғой. Егер бір-ақ жерде кетсе, «техникалық қате» дер едік. Бірақ мұндай келеңсіздіктер басқа тұстарда да кездесіп қалады. Қысқасы, кітапта батырдың бейнесі бар, тарихи мәліметтер бар, бірақ… әдебиет жоқ.
Ал Момбек Әбдіәкімұлының «Жаманқара батыр» хикаятында бәрі бар: дерекке сүйену де, оны көркемдікпен көмкеру де, оқырманды детектив оқығандай қызықтырып, жетелеп отыру да. Тарихи тақырыпта бұған дейін де бірнеше шығарма жазған автордың тәжірибесінің молдығы, зердесінің байлығы, бұл бағытқа әбден төселгені байқалады. Біздің жазушылардың, жасыратыны жоқ, негізінен, қалмақ пен жоңғарды айналсоқтап шықпайтыны рас. Ормандай орыстың қазақ даласын ойрандауы, іргедегі туыстарымыз – өзбек пен қырғыздың біраз қысастығы, ішінара болмаса, мүлде айтылып-жазылмай жүр. Бәлкім, саясаттың да салқыны бар шығар. Ал Момбек Әбдіәкімұлы – негізінен, ХІХ ғасырдағы қазақ-өзбек қарым-қатынастарын, әсіресе оңтүстік өңірді Қоқан хандығы билеген дәуірді тереңірек зерттеп жүрген қаламгер. Сондықтан да оның бұл шығармасының оқырманға берері аз емес…
Жазушы Қаусылхан Қасымханұлының «Тұңғыш сауға» атты кітабы – қазақтың дәстүрлі әңгімешілдік стилімен баяндалған әңгімелер жинағы екен. Қаусылханның кейіпкерлерді типтендіре сомдауға шебер екені байқалады. Бұған «Төртқұлақ», «Жұпқарағай», «Перде» секілді әңгімелеріндегі тосын кейіпкерлер дәлел. Сонымен қатар қазақы қағытпаға, уытты әзіл-оспаққа да әуестігін аңғару қиын емес. «Айлықшының айтары», «Әкіммен бірге құсу», «Тірілген қой» қатарлы туындылары қызықты оқиғаларға, айшықты образдарға бай. Әңгімелері тартымды тілмен жазылған, жеңіл оқылады.
* * *
Қорыта келгенде, 2023 жылы жарық көрген прозалық кітаптар қазіргі қазақ прозасының бір орында тұрмағанын, ізденіс үстінде екенін байқатады демекпіз. Адамның iшкi жан дүниесiне бойлап, оның ой-санасындағы өзгерiстерді аша түсуге деген құлшыныс бар, бірақ ол баяу, жеткіліксіз.
Сондай-ақ жаңашылдыққа ұмтылу, жаңа өрiстер iздеу, эксперименттерге, шығармашылық iзденiстерге баруды – дәстүрсiздiкке ұрыну деп емес, қайта сол дәстүрдi байыту деп түсінгеніміз абзал. Қазақтың, қарапайым адамның қуаныш-қайғысы мен уайым-дерті – жалпы адамзаттың да қуаныш-қайғысы, уайым-дерті. Демек, ХХІ ғасырдағы қазақ прозасы өз ұлттық негізін сақтай отырып, әлем әдебиеті арналарымен бірге көркемдік дамудың жаңа жетістіктеріне құлаш ұруы қажет. Бұл жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан мәдениетінің тұғырын нығайта түседі.
Сәкен СЫБАНБАЙ,
жазушы