Жастар – ел болашағы
15.07.2025
293
0

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген даналығы қашанда мәнін жоғалтқан емес. Себебі жас ұрпақ – мемлекет­тің ертеңі, ұлт­тың үміті. Қазіргі таңда Қазақстанда жастар саясатын жүйелеу, олардың әлеуетін арт­тыру, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашу – мемлекет­тік саясат­тың маңызды бағыт­тарының бірі. Десе де бұл салада атқарылған істермен қатар, әлі де шешімін күтіп жүрген мәселелер бар.


Соның бірі – белсенді жастардың қызметін жүйелеу, балалар мен жасөспірімдерге арналған мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары контент қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының «Жастар саясаты туралы» Заңы қабылданғанына біраз уақыт болды. Сонымен қатар «2025 жылға дейінгі мемлекет­тік жастар саясатының тұжырымдамасы» да әзірленіп, іске асып жатыр. Бұл құжат­тарда жастардың білім алуы, жұмысқа орналасуы, кәсіпкерлікпен айналысуы мен шығармашылық еркіндігі жан-жақты қамтылған.
Алайда өңірлердегі нақты ахуалға үңілсек, жастар саясаты көбіне формалды сипат алып отырғаны жасырын емес. Ауыл жастарының қалаға қарай ағылуы, жұмыссыздық, баспананың қолжетімсіздігі – жастар арасындағы әлеумет­тік теңсіздік пен үмітсіздік сезімін күшейтіп отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» ат­ты Жолдауында: «Жастар – жаңа­шыл­дықтың қозғаушы күші. Біз олар­ға зор үміт артамыз. Жастардың бас­та­маларын қолдау – бұл стратегиялық міндет», – деген болатын.
Соңғы жылдары жастар арасынан елдік мәселелерге үн қосып, әлеумет­тік баста­малар көтеріп жүрген белсенді буын қалыптасып келеді. Олар – еріктілер қозғалысының мүшелері, жас кәсіпкерлер, жас жазушылар мен блогерлер, қоғамдық кеңестерге мүше болып жүрген азамат­тар. Мұндай белсенді жастар елдің жаңаруына үлес қосып қана қоймай, замандастарына үлгі бола алады. Мәселен, ел ішінде «Жас ұлан», «Жас қыран», «Жасыл ел» сынды ұйымдар мен «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бастамалары – жастардың әлеуетін іске асырудың жарқын мысалы.
Сонымен қатар балалар мен жасөс­пірімдерге арналған контент мәселесі – бүгінгі қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінде балалар Youtube пен TikTok-ты негізгі ақпарат көзі ретінде пайдаланады. Осындай платформаларда қазақы құндылықты дәріптейтін, танымдық және тәрбиелік мәні бар контент көбейту де басты қажет­тілік. Балаларға арналған сапалы контент, бұл – болашаққа бағыт­талған рухани инвестиция. Оны дамытуға мемлекет қана емес, бүкіл қоғам жұмылуы тиіс.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір