ТЕАТРДЫ ІЗДЕНІС ҮСТІНДЕ КӨРГІМІЗ КЕЛЕДІ
02.11.2023
337
1

Театр өнерінің бүгінгі хал-күйі – бәрімізді толғандырып отырған өзекті мәселелердің бірі. Ал облыстық мәдениет басқармасына қарайтын өнер ұжымдары өз шама-шарқына қарай күнелтіп келеді. Осындай ұжымдардың бірі – Қ.Жандарбеков атындағы драма театры.

Алматы мен Астана қалаларынан шалғайда жатқандықтан аталмыш ұжымның шығармашылығы мен даму жолын аса біле бермейміз. Кейінгі жылдары ел аумағында өткізіліп жатқан көптеген Республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде де бой көрсетіп жүрген жоқ. Бұл өнер ұжымына деген облыс басшылығының қамқорлығының аз екенінің көрінісі.
Биыл 11-12 қыркүйек күндері ­Қ.Жандарбеков атындағы драма театрының шақыртуымен Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің мүшелері іс-сапармен Жетісай қаласына барып қайтты. Біз театр сахнасынан
М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясын, А.Володиннің «Махаббат бер!..» және А.Баймұхаметовтің «Тастамашы анашым» драмасын екі құрамда көріп қайттық.
Ұжым ұлы жазушы М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сахналаған екен. Қойылым режиссері Т.Ахмет дәстүрлі шешімдермен келіп, ойнақы спектакль жасауды көздеген. «Айман-Шолпан» жырының өн бойында әдемі күлкі жатыр. Осы ерекшелікті терең ұққан М.Әуезов халық жырының негізінде сәтті пьеса жазған. Қазақтың тұңғыш музыкалық театрының шымылдығы «Айман-Шолпан» комедиясымен ашылды. Пьесадағы сюжет жыр негізінен ауытқымайды. Драматург тартысты тереңдетіп, бейнелерді айқындап, идеяны ұштап, жаңа бояулар мен өрнектер қосқан. Пьесадағы он жеті кейіпкердің жетеуі жырда бар, өзгелерін автор қиялы және шығармашылық мақсат тудырған. Құрылымы мен оқиғалар тізбегі сәтті табылған пьеса оңтайлы сахналық шешімін тауып жатты. М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясы – көп театрда сахналанып, репертуардан берік орын алған шығармалардың бірі.
Жетісайлық өнер ұжымы пьесаға өздерінше жеңіл шешіммен келген. Сахнада спектакльдің лейтмотиві болған музыка ғана қалған. Жекелеген орындаушылардың музыкалық партиялары алдын ала дауысты жазып алумен орындалады. Оның үстіне ол дауыс әр кез сол орындаушынікі де емес. Бұл пьесаға И.Б.Коцых өңдеген халық әндері мен күйлері енгізілген. Ал біз көрген нұсқада бүгінгі заманда кеңінен той-томалақтарда пайдаланылатын музыка жүр. Қара жорға биіне арнайы пьесаның клавирі мен оркестровкасында музыка бар екенін білмейтіндей бүгінде ел арасында таныс «Қара жорға» әнін пайдалану өрескел қателік болған. Өзбектер пьесада жайдан-жай жүрген жоқ. Олардың да болмыс-бітімін көрсететін музыка арнайы жазылып, шығармаға енген. Жетісайлық «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын қойғанда Т.Ахмет оны білмеген деп айта алмаймыз.
Әрине, театрдың қаржылай мүмкіндігі және шалғайда жатқандығын айтып ақтап жатуға да болар еді. Дегенмен көркемдік кеңесте ұжымның мүмкіндігіне сай пьеса таңдау керек еді. Шығармашылық құрамдағы актерлер арасында ән айтатындар саны екеу ғана екен. Тіпті Айман мен Шолпанды ойнайтын А.Асқарова мен Ж.Ябаева актрисалар ән айтпайды. Екі рөлдің арияларын бір дауыста басқа адам орындап, фонограмманы қосып қойған. Ал ұлттық классикамызды неге бұлай қорлауға болады ма?
Жантық рөліндегі А.Таженнің саңқылдаған әуезді үні спектакльге әр беріп, оның қарқын ырғағын, яғни темпо-ритмін көтеріп отырды. Ал Балпықты сомдаған Б.Қазыбековтің ұлттық сарындағы әнінің әуезділігі спектакльге өзгеше әр беріп тұрды. Табиғи дауыспен орындап жатқан актерлердің бұл сахнасы басқалармен салыстырғанда әсері жоғары болғанын жасырмаймыз. Бұдан бөлек, Әлібек рөліндегі Н.Искендировтың үні мен тіл тазалығы қуантты.


Мұндай кемшіліктерді айта берсек, соңына шыға алмаймыз. Сахнада өнер көрсетіп жүрген актерлердің де өз рөлдерін толық түсінбей, жоғары деңгейдегі бейне жасауға жете алмаған. Алайда шығармашылық мүмкіндіктерді екшей отырып, білікті режиссермен жұмыс жаңартылса, сәтті қойылым жасауға әрекеттеніп көруге әбден болады.
Келесі премьера – А.Володиннің «Махаббат бер!..» драмасы көрермен көңілінен шыққан қойылым болды. Режиссер А.Оспанбаева махаббаты өлген қоғамда өзін жоғалтып алған адамдар арасынан бақытты болғысы келетін жұптарды іздейді. Өкінішке қарай, біз ондай махаббат иесін таппадық: бірі – сүйсе, екіншісі – сыртқа қарайды, ажырасып бақыт табуды көздейді. Спектакль көтерген тақырыбының өзектілігімен көрерменді ойландырары сөзсіз. Қойылым әр жұптың ерекшелігін баса көрсете отырып, бүгінгі біздің арамызда кездесетін адамдардың психологиясын аша түсуге мән беруімен құнды деп есептейміз. Бір-бірімен байланысы жоқ әр жұптың оқиғасы адамға әртүрлі әсер етеді. Жастар арасында ажырасу көбейіп тұрған кезде мұндай қойылымның театр сахнасынан орын алуы дұрыс. Шығармашылық ізденіс пен серпініске даяр ұжым сәтті спектакль жасай білген екен.
Жетімін жылатпаған қазақ үшін балалар үйі санының артуы өзекті тақырып. Біз білмейтін, білгенмен, байыбына бара бермейтін мәселелердің басқалар үшін күнделікті өмір болуы мүмкін екенін түсіну оңай емес. Анасы мен әкесі ауыр дерттен көз жұмған Ілиястың тағдыры А.Баймұхаметов повесіне арқау болған. Автордың автобиографиялық бағытта жазған шығармасы бізге жетім тағдырының ауыр екенін айтады. Атадан жетеу туып, жалғыз қалған Ілиястың балалар үйіндегі өмірінде қуаныш аз. Ата-ана емес, тәрбиеші қамқорлығындағы бала тағдыры күмәнді. Міне, осындай Ілиясты театрға биылғы жаңа маусымда келіп қосылған жас актер Бейбарыс Ұзақбаев кейіптеді. Орындаушы кейіпкерінің өмір қиындықтарына төтеп берер бойында күш-жігері бар мықты қоғам мүшесін көрсетеді. Орындаушы өзімен бірге балалар үйіне келген үш бауырын көрмей, бөтендердің арасында жалғызсыраса да сынып қалмаған рухты көрсетеді. Біз оны Б.Ұзақбаевтың қатулы қабағы мен түйілген екі жұдырығынан түсіндік. Оқиға барысында мұндай мінездің пайда болуына себептер көрсетіліп жатқанымен, ол бізге соңғы нәтижемен ойнайды. Демек, актердің әлі де іздене түсуі керек. Бұлай деп отырғанымыз, сахнадан рөлдің өсу үдерісін көре алмадық. Алғашқы негізгі оқиғалар өтіп жатқан сахна анық емес. А.Оспанбаева Ілиясты микрофонның алдына алып келіп, отбасымен таныстырып, қалай жетім қалатыны жайлы мәтінді айтқызған. Басқа орындаушылар жай ғана шапан мен еден жуатын швабраның көмегімен этюдтық нұсқада оқиғаны ойнап жатыр. Олардың анық емес қимыл-әрекеттері көрерменді шатастырды. Келген жастар не болып жатқанын түсінбеді. Осы тұста режиссер А.Оспанбаева бар жүкті бір актерге артып қоюмен ұтылған.
Б.Ұзақбаевтың анық емес тілі мен ақырын ғана естілген дауысын түсінбедік. Ал келесі күні Ілиясты ойнаған Ердос Ақыловтың сөзі анық естіліп жатты. Актер абдырап, сахнада не істеп жүргенін түсінбей жатқандай әрекет түзді. Бұл Ілиястың жетімдіктің ауыр жолындағы алғашқы қадамы екені түсінікті. Е.Ақыловтың Ілиясы алғашында еркелеген бала болып бастауымен ұтады. Дегенмен жетімдер үйіндегі оқиғалардан кейін қатая түсуін көрсету жағы кемшін болды.
Басты кейіпкердің жан-жақты ашылуы үшін қосалқы бейнелер жұмыла әрекет етеді. Олар – Мавлида
Нұрғалиевна, Даян, Денис, Фарид. Балалар үйінің директоры Мавлида ­Нұрғалиевнаны театрдың талантты актрисасы Б.Қалдарбекова сомдады. Актриса әскер казармасындағы тәртіпті орнатуды көздеген басшының сыртқы келбетін қатал етуге ден қойған екен. Үстіндегі қара түсті пиджактың қатқыл иықты болуы осыдан деп ойлаймыз. Актриса сахнада жетімектерді өмір бойы көріп, жүрегі қатайып кеткен директорды көрсетеді. Оның Мавлида Нұрғалиевнасы ешкімді жақсы көрмейді, еміренбейді. Сондай мінезінің арқасында осындай мекемеде директор болып отыр.
Жетімдер үйіндегі директордан ке­йінгі балаларға үнемі күш көрсететін кейіпкер – Даян. Өзін бәріне «аға» деп ататып қойғаны оның мықты екенін дәлелдеп тұр. Даян рөлін У.Айдаров пен Н.Искендиров сынды екі актер кейіптеді. Дегенмен рөл Н.Искендировтың оң жанбасына келген екен. Ішкі және сыртқы мазмұны үндескен Даянды көрермен түсінді, қабылдады. Орындаушы сол жердің бет бұзар бұзығын емес, дәурені жүріп тұрған мықтысын көрсетумен ұтқан. Қолындағы сағаты мен кілтті ойнатуымен актер өзін басқалардан ерекшелей түскен. Актердің тіл тазалығын айтпай кетуге болмайды. Драмалық спектакльде сөз маңызды орын алады. Көрерменге әр сөздің жетіп жатуы үлкен жеңіс. Бір әттеген-айы, тіл тазалығын театрдағы көп актерлерден көре алмадық.
Ілиястың балалар үйіне келгендегі жанына жақын тартып, дос көрген алғашқы адамы Денис болды. Ол төрт рет асырап алған отбасы қайтарып берген қиын бала. Денис рөліндегі А.Тажен өмірде неге болса да дайын, өзін ақтап алуда алдына жан салмайтын бала психологиясын көрсетуге ден қойған. Денис пен әкесі екеуінің арасындағы диалогта актер көрермен арасында жүріп өзінің басқалардан еш айырмашылығы жоқ екенін көрсеткен. Режиссер мұндай мизансцена арқылы біздіңде жанымызда осындай Денистер болуы мүмкін екенін айшықтағысы келген.
Көпшіліктің есінде қалып, аяушылық сезімін оята білген бейне Фарид болды. С.Арипханов дамуы кенжелеген, бірақ ақыл-есі дұрыс баланың болмысын аша түскен. Шалбарын жоғары көтеріп ышқырлаған Фаридтің бір аяғы қисық, ақырын жүреді. Даян қоқан-лоқы көрсетіп, базарға жұмсаған Фаридтің кешігетін сахнасы көрерменнің көзіне жас ұялатты. Актер өзінің ойыны арқылы көрермен жүрегіне жол таба білді. Дегенмен орындаушының тапқан құралы бір жақты, ары қарай дамымайды. Сахнада бір дүниені тапқан, сонымен қалып қойған. Мұндай жағдайда біздің қандайда бір серпіліс іздеуіміз артық.
Дегенмен Жетісай театрының сахнасында осындай өзекті тақырыптың орын алуы үлкен жеңіс. Алматыдан әкем театрының режиссерін шақыртып, бір айдан астам уақыт жұмыстың жақсы нәтижесін көрдік. Актерлік ойында кемшін тұстары болғанымен, уақыт өте келе арнасына түседі деп сенеміз.
Театр ұжымы жоғарыда айтқан сын-ескертпелеріміздің оларға деген жанашырлық ілтипатымыз екенін түсінеді деп ойлаймыз. Дегенмен білікті, білімді басшы мен көркемдік кеңес бірлесе отырып ұтымды шешімін табарына сенеміз.
Еліміздегі облыстық театрлардың шығармашылық келбеті актерлік, режиссерлік дәрежесі, өзіндік бағыт-бағдары әртүрлі екені баршаға мәлім. Ал Жетісай театры – еліміз бойынша аудан орталығында орналасқан жалғыз театр. Кейінгі жылдары ел театрларының афишаларынан бірдей авторлардың пьесаларын жиі көреміз. Бір театрда сәтті жүріп жатқан спектакльді қайталауға құмармыз. Әр театрдың өз репертуарлық саясаты мен келбеті болуы керек. Кей театрлардың сахнасында бірлі-жарым аударма пьесалар болғанымен, тың шығармаларды қоюға деген ынта жоқ.
Қазіргі күні біз ұлттық классиканың да үлес салмағы төмен екенін көріп жүрміз. Театрға жаңа авторлар тарту, пьесалардың тақырыптық, жанрлық жағынан әртүрлі болуы жетіспейді. Бұл өз алдына арнайы зерттеуді талап ететін мәселе екені жасырын емес. Алдағы уақытта театрларды буырқанған шығармашылық ізденістер үстінде көргіміз келеді.

Айжан АХМЕТ
театртанушы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 28.11.2023 | 12:10

😍😍😍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір