Тағылымды басқосу мол әсер сыйлады
13.04.2026
32
0

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнері» кафедрасының ұйымдастыруымен ғалым, ақын, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына арналған мазмұнды кездесу өтті.

Іс-шара аясында «Ер қазақ» кітабының авторы, журналист, жазушы Дәулет Сейсенұлымен жүздесу ұйым­дастырылды. Кездесуге ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы, «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнері» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Рамазан, журналист, жазушы «Ер қазақ» кітабының авторы Дәулет Сейсенұлы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Қайран, журналист-сатирик, аға оқытушы Ермахан Шайхыұлы, библиограф-ғалым Қоңыр Мұқатайқызы қатысты.
Іс-шараны факультет деканы Қанат Әуесбайұлы ашып, бұл басқосудың Қайым Мұхамедханұлы секілді ірі тұлғаның мұрасын жас ұрпаққа кеңінен танытудағы орны ерекше екенін атап өтті. Сөз кезегін алған Бауыржан Жақып: «Қайымның әкесі Мұхамедхан орыс, араб, түрік тілдерін меңгерген өте сауатты адам болған. Алаш қайраткерлерімен етене араласқан жан. Осындай тұлғадан, киелі шаңырақтан шыққан бала Қайым Мұхтар Омарханұлымен дос болған. Қайым ағамызға осындай құнды туындының шығуы оның артында іздеушілердің Дәулет Сейсенұлы сияқты шәкірттерінің барының арқасында, оған шүкір айтамыз», – деп Қайым тұлғасының тамыры тереңде жатқанын жеткізді.
Бұдан соң Дәулет Сейсенұлы өз әңгімесін Қайымның өзінен бұрын, оның Қайым болып қалыптасуына ықпал еткен әкесі туралы айтудан бастады. Ол Қайымның әкесі Ахмет Риза медресесінде имам болғанын, Семейде шыққан «Сарыарқа» газетіне, «Абай» журналына қаржылай көмек беріп, қазақ әдебиетіне жанашырлық танытқанын атап өтті.
Қ.Мұхамедханұлынан дәріс алған шәкірттер көп болған. Солардың бірі – Әбубәкір Қайран. Ақын өз сөзінде Қайым Мұхамедханұлын өзіне ұстаз болғанын, жанына жақын адам ретінде ерекше ілтипатпен еске алды. Сондай-ақ «Ер қазақ» кітабын оқығаннан кейін, шабыттанып өлең жазғанын айтып, сол өлеңін оқып берді.
Кездесудің қорытынды сөзін кафедра меңгерушісі Айгүл Рамазан тиянақтады. Ол Қайым Мұхамедханұлының табандылығына тәнті екенін айтып, оның ғалымдығы бір төбе екенін ерекше атап өтті.


Дариға ДОСАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің
3-курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір