Талғардағы тағылымды кеш
23.01.2025
154
0

Жуырда  Талғар аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен  «Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы» тақырыбында әкелер форумы өтті.  Форумның мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы рөлі мен олардың  бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және әкелер институтын қалыптастыру. Форумға ғалымдар мен ұстаздар, прокуратура өкілдері, аудандық полиция басқармасы және қоғам белсенділері, әкелер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Форумда Талғар ауданының әкімі Айдарбеков Танат Есенкелдіұлы сөз сөйлеп, бүгінгі қоғамдағы әкенің рөлі мен жауапкершілігінің  өте маңызды екенін,   олар  бала үшін еліктеудің нағыз үлгісі мен олардың өміріндегі ең басты адам екенін айтты.

Аудан прокуратурасының аға прокуроры Диас Сұлтан кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар туралы нақты деректер мен дәйектерге сүйене отырып, баяндама оқып, құқық бұзушылар туралы қысқа метражды деректі фильм көрсетті. Баяндамашы әкелер қауымына  құқық бұзушылық заңды, оның қағидаларын құқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау,  сонымен қатар заңды бұзушылық қоғам мен жеке тұлғаларға зиян келтіретін және құқықтық нормаларға қарсы әрекет немесе әрекетсіздік болып табылатындығын тағы да бір естеріне салып, тәртіпті әркім өз отбасында бастауы тиіс деген тұжырым жасады.

Форумда Алматы облысының бас биі, Талғар ауданының құрметті азаматы  Камнұр Тәлімұлы қазақ халқындағы әкенің  рөлі мен орнын өз арнауында жыраулар поэзиясына сүйене отырып, тамаша жеткізді. Халқымыз әкені отбасының тірегі, балаларына пана, ұрпағының қорғаушысы  деп «Асқар тауға» теңеп, оның рөлі мен орнын тек отбасымен шектемей, әке тәрбиелеген ұрпақ тұтас елдің болашағы ретінде қараған.  Сонымен қатар Камнұр Тәлімұлы тек қана тәлім-тәрбиенің сөзбен емес, тәрбиені нақты өнегемен, іспен дәлелдеуі керектігін айтып, оны дәл сол жерде немересінің жақсы ісімен көрсетті.  Камнұр Тәлімұлының бес жасар немересі Абай, Мұқағали жырларын жаңылмастан айтып берді.

«Ұл тәрбиесіндегі әкенің рөлінің маңызы» тақырыбында Сүлеймен Демирел атындағы университеттің оқытушысы Омарбек Көшкімбайұлы тренинг өткізіп, жиналған әкелермен кері байланыс жасап, тест алып, жауабын бірге талқылады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универсиететінің педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының докторанты Жазира Жайлаубекқызы «Мен, сенің өміріңнің жалғасымын» тақырыбында тренинг өткізіп, жиналған әкелер қауымына бірнеше ой шақыратын сұрақтар қойды. Атап айтсақ, «Сіздің отбасыңызда  әкенің орны мен беделі қандай?, «Отбасыңызда қандай ережелер бар?», «Неліктен көптеген отбасында әкелер беделі материалдық құндылықпен өлшенеді?», «Баланы неліктен сөзбен емес іспен тәрбиелеу керек?» және т.б.

Жазира Жайлаубекқызы өз тренингінде жиналған қауымға теорияны нақты қарапайым жатттығулар жасату арқылы тұжырымдап, сөзін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Баланы үйіңде ұлша тәрбиелесең  –  ұл болады, құлша тәрбиелесең  – құл болады» деген сөзімен аяқтап, әкелерді  әрқашан асқақ болуға шықырып, бір әкенің берген білімін жүз мектеп те бере алмайтынын естеріне салды.

Форумдағы Шоқан Мұратұлының «Асқар тау –  әке» композициясы өте сәтті шықты және талай тыңдаушыға ой салғаны анық.

Ауданның психологтары психологиялық тренинг ұйымдастырды.

Форум соңынан жиналған әкелер пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.

«Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы» тақырыбында әкелер форумын ұйымдастырған Талғар аудандық білім бөлімі ММ-нің басшысы Ушкемпирова Айнакуль Мухановна алғысымыз шексіз.

Ж.Ж. Акимбаева,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының
докторанты

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір