Шығармашылық әлемді танытқан басқосу
2024 жылдың 11 желтоқсанында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы кітапханасының оқу залында «Өнертану» факультеті, «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасы мен кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен белгілі қазақ кескіндемешісі, театр және кино суретшісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық суретшісі Гүлфайрус Исмаилованың 95 жылдығына арналған «Гүлфайрус Исмаилованың шығармашылық әлемі» атты дөңгелек үстел өтті.
Ләйлә Абдығаниқызының модераторлығымен өткен іс-шара барысында Гүлфайрус Исмаилованың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамалар жасалып, деректі фильмнен үзінділер көрсетілді. Шараға қатысушылар суретшінің қазақ өнеріне қосқан үлесін жоғары бағалап, оның шығармашылық мұрасы туралы пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар кітапхана ұжымы Гүлфайрус Исмаилова мен оның шығармашылығы жайлы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге өнер саласының беделді қайраткерлері мен ғалымдары қатысты. Олардың қатарында академияның оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Ергөбек Құлбекұлы, «Өнертану» факультетінің деканы «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры, белгілі театртанушы Меруерт Жақсылықова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «ТВ режиссурасы» кафедрасының профессоры Ғайнижамал Әбілдина, Абай атындағы МАОБТ-тың бас суретшісі Орынбасар Жексенұлы Жаңбыршиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық өнер сыншылары қауымдастығының (AICA) мүшесі, Халықаралық авторлар қауымдастығының (ALAI) мүшесі, танымал өнертанушы Камила Витальевна, ҚР СО мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Кескіндеме мүсін және дизайн» факультетінің профессоры Бауыржан Нұрбекұлы, ҚР Суретшілер одағының арт-менеджері, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, өнертанушы Гүлназ Берсігүрқызы және басқа да белгілі өнер саласының мамандары болды. Сондай-ақ Ә.Қастеев атындағы МӨМ-нің ғылыми қызметкері, өнертану бөлімінің
1-курс магистранты Гүлденай Мұхтарқызы Гүлфайрус Исмаилованың өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндама оқыды.
Рухани басқосудың ең маңызды бөлігі Ғайнижамал Әбілдинаның жеке мұрағатында сақталған Гүлфайрус Исмаиловамен өткен жеке сұхбаты болды. Жиын соңында Гүлфайрус Исмаилованың шығармашылық мұрасын болашақ ұрпаққа насихаттау және оны өнер тарихында лайықты деңгейде зерттеу қажеттігі ерекше аталып өтті.
Д.СадырҚан