Тойдан айрықша әсер алдым
19.08.2025
205
0

Ұлы хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы Республика көлемінде лайықты дәрежеде аталып өтті. Еліміздің барлық өңірлерінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ақынның мәңгі өлмес өсиеттері өскелең ұрпақтың санасына сәуле құйып, алдағы өмір асуларында адастырмас темірқазықтай жол сілтеді.

Біз бүгін Абай облысында өткен тойдың басы-қасында болып, мерейтойға арналған мәдени шаралар аясында өнер көрсеткен көрнекті күйші, академик, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық артисі Секен Тұрысбекпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Секен Кәрімұлы, Ұлы Абайдың мерейтойына арналған іс-шаралар сіздің көңіліңізден шықты ма? Өзіңіз қандай үлес қостыңыз? Сұхбатымызды осы сұрақтан бастасақ.
– Ұлы данышпан Абай қазақты өзінің асыл сөздерімен 19-ғасырда тәрбиеледі. 20-ғасырда еліне ұстаздық етті. 21-ғасырда болашақ нұрлы заманға жол бастаушы болып келеді. Ал қазақтың маңдайына жазылған осындай бақты бағалай білу, біздің әрбіреуімізге сын болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің жаңажылдық құттықтауында: «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деп алға нақты мақсат қойған болатын. Міне, осы бағытта облыс әкімі Берік Уәли арнайы жоспар құрып, кешенді шараларды жүзеге асырды. 1–10 тамыз аралығында облыс көлемінде, оның ішінде, Семей қаласында және ақынның кіндік қаны тамған Абай ауданында мерекелік шаралар өткізілді. Бір күн құр кеткен жоқ. Мұндай дүниелер бұрын-сонды болмаған. Оның бәрін тізбелеп айтпай-ақ қояйын.
Мен өзімнің «Ақ жауын» сазды аспаптар оркестріммен Алакөлде «Алазона» ашық аспан астындағы амфитеатрында концерт бердім. Оны тамашалауға мыңдаған көрермен жиналып риза болды. Сол сияқты Үржар, Аягөз аудандарының орталықтарында және Семей қаласында Абай атындағы театрда өнер көрсеттік.
– Абайдың ата қонысына да жолыңыз түскен шығар? Ол өңірде қандай өзгерістер бар екен? Риза болған дүниелеріңіз болды ма?
– Риза болған сәттерім көп. Облыс орталығы Семей қаласында басталып, түйіні 10 тамызда Қарауылда аяқталатын дүбірлі тойдан бір күн бұрын Шыңғыстауға қарай бет түзедік. Жас күнінен жақсы білетін, мемлекеттік қызметтің талай сатысынан өткен, қазір ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» кәсіпорнының Абай облыстық филиалының директоры Жарқынбек Борашұлы Байсабыров; кәсіпкер, «Ақши құрылыс» ЖШС директоры Қайрат Ғабдоллаұлы Тайтөлеуов; Семей өңірінде талай қолтаңбасы қалып келе жатқан талантты мүсінші Нұрбол Мейрамұлы Қалиев сияқты бауырларым жолбасшы болып ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған киелі өлкеге қадам бастық.
Алғашқы аялдаған жеріміз ұлы ақын туған Сыртқасқабұлақ болды. Көліктен түсіп, кәусар бұлақтың басына келгенде қазақтың талантты ақыны Бауыржан Жақыптың өлең жолдары ойыма келді:
Абайдың Қасқабұлағы –
Халқымның аққан жыр-әні,
Көрмедім сендей тұманы.
Мөлдіреп жатыр суы әлі,
Жағаңда сенің киелім,
Ұлылар ғана туады –
Абайдың Қасқабұлағы!
Иә, мөлдіреп жатқан киелі судан жұттық. Ерекше дәмін аңғардық. Аңсар сағынышымыз басылғандай болды.
Бұлақтың басы қоршалған. Электр желісі тартылған. Ағаш егілген. Жолдарға заманауи тастар төселген. Ақынның 45 нақыл сөздері үш тілде ақ мәрмәрға қашалып жазылған. Келген, көрген адамға ерекше әсер ететіндей мәдени орынға айналыпты. Бұл кешен Жарқынбек Абай ауданында әкім болып тұрғанда, хакімнің 175 жылдық мерейтойына орай, Қайраттың қолынан шыққан екен. Бауырларыма шын ризашылық көңілімді білдірдім.
Бұдан әрі қазақтың біртуар қос алыбы Абай, Шәкәрім мәңгілікке тыныстаған Жидебайға келдік. Киелі аруақтарға тағзым етіп, зиярат жасадық.
Жидебай танымастай өзгерген екен.
Келесі барар жеріміз – Қоңыр әулие үңгірі. Бұл Абай ауданының Тоқтамыс батыр ауылының күншығысына қарай 20 шақырым жерде орналасқан құпиясы көп нысан: түбінде көлі бар, суы қысы-жазы қатпай бір температураны ұстап тұрады. Емдік қасиеті де жоқ емес. «Қазақстандағы 100 қасиетті жерлер» тізіміне енген.
Айналасы жасыл желекке көмкерілген Шаған өзенінің бойымен Шыңғыстаудың бір жотасы «Ақтасқа» қарай өрлесең жетіп барасың. Үңгірдің аузы тар, бір кісі сиярлықтай ғана. Сыналап еппен ішке кіресіз. Құпиясын ішіне бүккен киелі үңгірге тағзым еткендей еңкейін кіріп, басыңызды көтергенде, төбесі тас шаңырақтай дөңгеленіп біткен кең дәлізге тап боласыз. Әрі қарай ұзындығы 100 метрдей шамасында арнайы жасалған тақтай сатымен төмен қарай түссеңіз көлге жетесіз.
Қасымдағы жолсеріктеріммен бірге бәйбішем Нәзихан да көлге түсіп, бір жасап қалды. Үңгірдің іші-сыртын тазалап, жүретін, демалатын орындар қойып, электр жарығын енгізіп, келушілерге қолайлы жағдай жасаған тағы да өзіміздің Қайрат Ғабдоллаұлы Тайтөлеуов болып шықты. Осындай ел үшін игілікті іс атқарып жүрген иманды адамға қалай сүйсінбессің!
– Киелі жерлерді аралап, ерекше сезімге түсетін шығармашылық адамдарына шабыт пайда болып, тың туынды дүниеге келіп жататыны болады?..
– Дәл үстінен түстіңіз. «Шыңғыстау» деген күй туды.
– Қарауылдың көркі, той болатын жердің келбеті, мерекенің өту барысы туралы не айтар едіңіз?
– Қарауылдың келбеті өте тамаша екен. Әсіресе түнгі кейпі тіпті ерекше. Тазалық, ұқыптылық, реттілік, тәртіп бар екені көрініп тұр. Ал Қарауылтөбедегі той өтетін жер өте тамаша. 200-ге тарта ақшаңқан киіз үйлер қаз-қатар тізілген. Дала сахнасы қазіргі кездің техникалық мүмкіндіктерімен қамтылған. Болып жатқан шаралар даладағы алып экрандардан айшықталып көрініп тұр. Театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар, «Жеті қазына» жобасы, ат бәйгесі, балуандар күресі, бәрі де өз ретімен, әділ бағалануымен ерекшеленеді. Республикалық, жергілікті өнер шеберлерінің концерті тойға жиналған 20 мыңның ар жақ, бер жағындағы көрерменді рухани сусындатты дерсің. Жалпы, той барысында өткізілген сайыстарға 10 автокөлік, 90 бас жылқы жүлдегерлерге сыйлыққа таратылды. Мұның бәрі кәсіпкерлердің қолдауымен болыпты.
Мен дала сахнасында «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» күйлерін орындадым.
– Абай тойының бүкіл өту барысына көңіліңіз толған екен. Елге, жерге қандай тілек айтар едіңіз?
– Абай бабамызға 10 тамыз күні талтүсте Құран-қатім түсіріліп, ас берілді. «Қабыл болсын!» деп тілек айттық. Қасиетті адамның рухы қолдап, елімізді аман, жұртымызды тыныш қылсын деген ниетте болдық.
Қарауылдан қайтар жолда Ақшоқыға бұрылдық. Бұл жерде дала данышпаны, ел қорғаны болған Құнанбай бабамыз және оның әулеті мәңгілікке тыныстаған. Қарауыл-Семей күрежолының бұрылысында босағада бүркіт қонақтаған, қазақ үйдің шаңырағы мен есігі бейнеленген символикалық мәнге ие қақпа орнатылыпты. Ол кәсіпкер Балтабек Наурызбаевтың демеушілігімен салынған. Ал оны сәулеттілігі жағынан орындаған, жолсерігіміздің бірі – мүсінші Нұрбол Қалиев екен. Айтпақшы, мана Қарауылды аралағанда Нұрболдың бірнеше ескерткіштерін көріп, шеберлігіне тәнті болған едік. Ең алдымен, аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровтың халықты ұйымдастыруымен қаражат жиналып, 2018 жылы Абайға орталық алаңда ескерткіш орнатылыпты. Өте сәтті шыққан. Одан басқа, Құнанбай Өскенбайұлына, Тоқтамыс Лақаұлына, Кеңгірбай Жандосұлына айшықты ескерткіштер бой көтерген. Жидебайға бұрылыстағы стелланы жасаған. Олардың бәрі де көңілге қонымды.
Сол сияқты күні кеше ғана Қарауылтөбенің басына бейбітшілік, ынтымақ, бірлік, тыныштық, өнер, батырлық – сияқты қасиетті ұғымдарды бейнелейтін алып стелла қойылыпты. Оның да авторы – Нұрбол. Өнерің өркендей берсін, бауырым дейміз.
Құнанбай бабамыздың басына келіп, ұлыларға Құран бағыштадық. Қорым заманға сай жөнделген екен. Бұл нысанда да Қайрат бауырымның қолтаңбасы тұр.
Құнанбайға арналып өте көркем, мазмұнға бай музей үйі ашылған көрінеді. Бәрі де көз қуантарлықтай әсем, көрікті.
Бір айта кетерлік дүние, осыдан бес жыл бұрын Ұлы Абайдың 175 жылдығы жылпыхалықтық дүбірлі той дәрежесінде өтпесе де, көптеген құрылыстар салынған екен. Ол кезде Шығыс Қазақстан облысы болып тұрғанда Даниал Кенжетайұлы Ахметов Абайға ерекше назар аударып, жанашырлықпен қаражатты молырақ бөліпті. Соның нәтижесінде Сыртқасқабұлақ, Құнанбай қорымы, Жидебай, Қоңыр әулие, Қарауылдағы өте үлкен «Абай саябағы», Абай атындағы орта мектеп, су құбыры, Бөрілідегі Әуезов музейі сияқты нысандар жаңадан салынған, қайта жаңғыртылған, жаңарған, әрленген. Осы жұмыстардың басы-қасында облыс әкімі жиі жүргенін сол кезде ауданда әкім болған жолсерігім Жарқынбек Борашұлы жіпке тізгендей айтып берді. «Бәрекелді!» – дедік.
Абай тойына келген сапарымның соңғы нүктесі болған Құнанбай қажы қорымынан Семей шаһарына бет түзедік. Соңғы екі күнде Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан қасиетті жер, киелі өлкеден рухани мол азық алып, байып, бойымызда тың күш пайда болып, сергіп, серпіліп аттандық.

Cұхбаттасқан
А. Саятбек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір