Құрылтай мәнін құптаған басқосу
22.04.2025
59
0

Алматыдағы Қазақ­стан-Британ техникалық университетінің ғимаратында Қазақ­стан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мәдениет, денсаулық сақтау, спорт салаларының өкілдерімен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – Ұлт­тық құрылтайдың Бурабайда өткен ІV отырысындағы мемлекет басшысы жасаған бағдарламалық баяндаманың маңызын түсіндіру, баяндама аясында жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыруға шақыру.

Кездесудің тізгінін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков ұстап отырды. Кездесу барысында сөз алған Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Ұлт­тық құрылтай институты мемлекет алдындағы міндет­тер мен отандастарымыздың мақсат-мұратын үйлестірудің төте жолы екеніне тоқталды. Бұған қоса, Құрылтайда көтерілген кітап оқу, ұлт­тық тәрбиені сақтау, қоғамдық мәдениет­ті қалыптастыру секілді мәселелерді атап өтіп, олардың қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында Мәлік Отарбаев Ұлт­тық құрылтайда қабылданған еліміздің көсегесін көгертетін маңызды шешімдерге, оның ішінде, Қазақ­стан үшін қуат­ты мемлекет­тер шоғырына жол ашатын: цифрландыру мен жасанды интеллект, энергетика және агроөнеркәсіп секторын дамыту бағытындағы атқарылуға тиісті өзекті міндет­терге бөле-жара тоқталды.
Мәлік Отарбаев биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы, ұлтымыздың «Қазақ» деген төл атауын қайтару туралы тарихи шешімдердің қабылданғанының ғасырлық мерекесі тойланатынын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Құрылтайдың келесі отырысын Қызылорда қаласында өткізуді ұсынғанын айт­ты. Осы рет­те, Қазақ мемлекет­тілігінің тарихи бастауларын таратып айтып, мұны білудің келешегіміз үшін мәні мен маңызы туралы тұжырымды ойларын ортаға салды.
Президент кеңесшісі жастарды ынталандырып, олардың бойында адалдық, отансүйгіштік, еңбекқорлық, ізденімпаздық сияқты қасиет­терді дамытуға үндеу жасады. Мәлік Отарбаевтың қоғамдық бірлік пен әділет­ті Қазақ­стан құру жолындағы бастамалар туралы, кітап оқу, қоғамдық мәдениет­ті қалыптастыру туралы ойларын мәдениет, денсаулық сақтау және спорт саласының өкілдері асқан қызығушылықпен тыңдады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір