МӘҢГІ ЖАСА ҰЛЫ ҚАЗАҚ – ТЕКТІ ЕСІМ!
02.04.2026
52
0

 

Ғалым ӘРІП  

 

ҚАН мен ҚАСИЕТ  
Күретамырдан ытқыған қайнардың нәрі,
Бойымда шапшып бабамның қайнайды қаны!
Қанына тартып туады қайыспас ерлер,
Бойымда қайнап сақ пен дах –
дайлардың қаны!
Өшпейтін рух! Жүректе сақтармын мұны,
Көкке ұшқан дәйім жауласса
жаттардың күлі!
Македонский, Кир патша тажалын
тапқан,
Кеудесін керер сақтар мен дахтардың ұлы!
Бабамыз Мөде көсемі ғұндардың ұлы,
Бас иген оған нешебір ғұндардың құлы!
Бабаның даңқын Еуропа, әлемге жайған,
Аттила – нағыз жаужүрек ұлдардың ұлы!
Баһадүрлерге бас ием жүрегі түкті,
Көшпенділерге талайлар тізесін бүкті!
Ғұндардың тұлпар тұяғы дүрсілдей соқса,
Құйрығын қысқан Қытай мен
Рим де мықты!
Бетімді әлі шарпиды отты лептерің,
Дүниені салған ойранға көктүріктерім!
Бүкіл әлемге дүр етіп дабысы жеткен,
Ер Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөктерім!
Алысып, аттың үстінде ғұмыры өткен,
Арғымақтардың айбынды дүбірі неткен!
Арыстан жалды қыпшақтар –
оғыздарым-ай,
Жауларын жайпап, жапанға
құрығы жеткен!
Үрейге салған ғаламды дабыры-тегі,
Шыңғыс хан бабам әлемнің әмірі еді!
КөкТәңірге сиынған, Көкбөріге,
Байырқу, һәм Байұлы тамыры- тегі!
Мен үшін қымбат даламның
барша атырабы,
Жанымнан артық бір уыс әр топырағы!
Арғызаманғы ҚасСақ – бір ұғым,
бүгінгі Қазақ,
Кенжесі Адай, Маңғыстау –
Қара шаңырағы!
Құпия менен құт толы қойнау қамбасы,
Әлімсақтан сыр шертер тас пен таңбасы.
Жеті жұрт келіп, жеті жұрт
кеткен Маңғыстау,
Ұлы Даламның қасиет тұнған ордасы!
Текті боп туған тегінде есті де болмақ,
Басына бізді алмайды ешкім де қорлап!
Қазақтың басы бір болсын, Түркінің күллі,
Түбі бір халық Ту тіксе сесті де болмақ!

ПРЕЗИДЕНТ – БІТІМГЕР

Көз құрты боп Ұлы Дала, Ұлы Жер,
Кей тексіздер екі иығын жұлып жер!
Жүгенсізді тәубесіне келтіріп,
Төрелік сөз айтар нағыз бітімгер!
Ел басында билік етсе ұтымды ер,
Шарғасы жоқ шабалаңның түтіп жер!
Арандатып аузын керіп ашса да,
Бәтуалы сөз сабақтар бітімгер!
Көршісінен жау іздесе жұтыр ел,
Жынын алған бақсыдайын түтігер!
Санасызды сабасына түсіріп,
Парасатпен үн қатады бітімгер!
Жан-жағына жалы биік дос жиып,
Жан-жағына ары биік дос жиып,
Парасаттың биігінен сөйлейді,
Әділеттің туын керіп қасқайып!
Төніп келген қара бұлтты түреді,
Есті адамзат оның дәйім тірегі!
Көшті бастап келешекке тарта бер,
О, бітімгер, елім деген жүрегі!
Ұлы жолда асулар көп алатын,
Қаскүнем көп аяқтан кеп шалатын.
Ұлы Тәңір дегеніне жеткізіп,
Бітімгердің шалдырмағай қанатын!
Бітімгерге дейміз ұзақ ғұмыр бер,
Ұлы Отанға адал қызмет сіңірді ер!
Ақыл менен мәмілеге сүйенсек,
Қазақ мәңгі! Тұрғанынша жұмыр жер!
Жаса, жаса, президент – бітімгер!

Қаныш Сәтпаев:
«ҚАЗАҚТАР АРАСЫНДА АЛАСАМЫН!..»

Мың тоғыз жүз қырық жеті…көктемі еді,
Наурыздың жылу ескен бетке лебі.
Ұлыбританияға Кеңестер Одағынан,
Ғалымдардан құралған топ келеді…
Бір тұлға оқшауланар арасынан,
Аумаған ұлан-байтақ даласынан!
Құйылған нұрлы сәуле санасынан,
Ел-жұрты айналардай данасынан!
Тербеткен ұлылыққа Жер-анасы,
Күш алған КөкТәңірден ер-дарасы!
Жаратылыс жұмбағын бағамдаған,
Қазақтың Қаныш сынды ғұламасы!
Бойы бар екі метр шамасында,
Үстінде ұлттық киім жарасымды.
Кеңестер Одағынан келген топтың,
Ол асқақ көрінеді арасында!
Ілініп қайта-қайта назарына,
Шын пейіл, әлде сайқы-мазағы ма,
Әйгілі Премьер Черчиль сұрақ
қойыпты Баянауыл қазағына:
– Білейік ойыңызды бір қаныға,
Қазақтың бәрі сіздей тұлғалы ма?..
Мүдірмей жауап берді Қаныш ата,
Қитұрқы Уинстонның «жұмбағына»:
– Құрметті Черчиль мырза, сыр ашамын,
Қазақтар арасында аласамын!..
Әлбетте, халқым биік әлдеқайда,
Еңсесі тауларменен таласатын!..
Мән болса Черчильдің сол сұрағында-ай,
Жауап та қадалды кеп мір оғындай!
Жаңғырып тұрады екен дейді сол сөз,
Британ премьері құлағында-ай!..
Зал тынса сауал сонда қойылғанда,
Қоштапты Қаныш жауап қайырғанда!..
Пәлсафалы бұл жауап бұл күндері,
Ұқсайды жалпақ жұртқа жайылғанға!
Бөлеумен абыройға сан қырлы еңбек,
Сәтпаев есімі мәңгі тарихқа енбек!
Ал кейбір мисыз топас мақтанады,
Қазаққа мемлекет мен құрдым деп!
Жайың не олай жұртқа мазақ болар,
Бұ дүние тоғышарға тозақ болар!
Халқыңнан биік болма, ей, қазағым,
Адамзат жаралғалы қазақ та бар!..
Басынан өтсе- дағы небір зұлмат,
Халқыңмен бірге кешкен өмір қымбат!
Қаныштай қазағым дер нарлар тумақ,
Егемен елім мәңгі кәміл тұрмақ!
***
Сәулесі болса санаңның,
Самал леп аңқыр санаңнан.
Санасында ғой адамның,
Айырмасы анау хайуаннан!
Санаңа сәуле құйылса,
Жүректен зәмзәм төгілер.
Санаңа ақыл бұйырса,
Нұр-шуақ болып төгілер!
Санаңа сәуле сепсеңіз,
Дүние бал-бұл жайнайды.
Жаныңа жақұт ексеңіз,
Бұлбұл құс болып сайрайды!
Санаңа сәуле ұялап,
Санаңды аршы мұз-қардан..
Адамды сонда аялап,
Санаңда жүзер ізгі арман!

ӨЛМЕЙМІН…

Халқымды мен сүйіп өтсем, өлмеймін,
Халқыма бас иіп өтсем, өлмеймін!
«Қазағым!» деп қарс айрылып жүрегім,
Халқым үшін күйіп өтсем, өлмеймін!
Бірақ достым, ашуыңа жеңдірме,
Қазағымның арына кір келтірме!
Сабырменен, ақылменен алға асып,
Қанатын да жая бермек ел бірге!
Кей сілімтік қара басын күйттеген,
Үрер бірге не бұралқы итпенен!
Иек артып дәргейіне доңыздың,
Бауырласар балақтағы битпенен!
Опасызды оқшантайға ілейік,
Орға жығып, жон арқасын тілейік!
Қазағыма қастық қылған жауызды,
Бауыздаған мал секілді ірейік!
Қазаққа қас жол жоқ мыстан-міскінге,
Батырардай келді кезі тістің де!
Жат пиғылды жағасынан алайық,
Басын исін небір сасық күштің де!
Арамыздан қара мысық өтпесін,
Бірлікпенен халқым жайнап, көктесін!
Ата-баба аманаты, арманы,
Мәңгі жаса ұлы қазақ – текті есім!
…Халқымды мен сүйіп өтсем, өлмеймін,
Халқыма бас иіп өтсем, өлмеймін!
«Қазағым!» деп қарс айрылып жүрегім,
Халқым үшін күйіп өтсем, өлмеймін!
Арлы қазақ, болсын осы сертіміз,
Жүректегі алаулаған өртіміз!
Ерлік дәстүр намыспенен қайралып,
Басымызда биік болсын бөркіміз!
АТТИЛАНЫҢ ЕРЛІК ЖОЛЫ
Тарихтың айналғанда шығыршығы,
Дөңгелер дүниенің бір ұршығы…
Римге маңдай тіреп тақағанда,
Тұяғы тұлпарлардың тықыршыды!
Адуын арғымақтар арындайды,
Дүмпіген дауылпаздар дарылдайды!
Дабысы Аттиланың жерді жарып,
Жан біткен үрейден еш арылмайды!
Талайға қорқыныш пен салар қайғы,
Сұстары атты әскердің көз арбайды!
Дулыға, сауыты мен сүңгілері,
Қылышы, қанжары да жалаңдайды!
Күш алып Мөде қаған, Баламерден,
Бойына қайтпас қуат, сана берген,
Жапырып жарты әлемді Ғұн көсемі,
Жауласқан жұрттың бәрін шаба берген!
Қайтпайтын қайсар мінез, дала жүрек,
Халқына бола білген пана-тірек,
Еуропаны еңкейтіп езгісіне,
Римге таяп келді табан тіреп!
Даладай қарасуық дауыл желді,
Соғыстың салтыменен дабыл берді!..
Сол сәтте ақ ту ұстап анадайдан,
Беттеген патша Луи І-ді көрді…
Сасқаны Аттиланың қамшысынан,
Сезілді көзден аққан тамшысынан…
– Ежелгі Римге енді тие көрме,
Ел-жұрттың абайлашы қарғысынан!..
Даңқыңа бас иеді есті ғалам,
Ерекше ерлігіңмен өсті бағаң!
Алтынмен үш еселеп құн төлейік,
Аңғартты айбарыңды сесті далаң!..
Аттила ат үстінде ойланып тұр,
Нешебір шешімдерге байланып тұр.
Онекі жасында өзі кепілдікте,
Римде күн кешкенін ойға алып тұр.
– Жауласпай бітіскенің көрегендік,
Жұртыңды тыныштыққа бөлегендік.
Өпірем, өзеуреуден өзгересің,
Тыйылу өктемдіктен ерен ерлік!..
Бұл уәжге папа Луи да мойынсұнды,
Бұл да бір пәтуалы іс, қайыр сынды.
Ежелгі Рим быт-шыт болғанынша,
Келісу пәлсапалы пайым сынды.
Тоқтатқан
«Тобырларды бұратанды»,
Папа Луи І өз елінде ұлы атанды.
Римді жеңетінін біле тұрып,
Шаппаған Ғұн көсемі пір атанды!
Жайлы өмір бастап енді бейқұт, жаңа,
Қаншама ел кешті ғұмыр бейбіт, дара!
Аттила даналығы арқасында,
Жойылды Рим езген құлдық сана!
Франк, герман, венгр, осготтарың,
Бағалар далалық ғұн, қас сақтарын!
Үшінші маусым – бұл күнде
«Халықаралық
Аттила күні» аталған сақтап бәрін!
Нақ соны наркескендей жігіт десін,
Аттила біз үшін де ұлықты есім!
Маусымның үшінде сол дүниеге келген,
Кастамонда бар Орхан – түрік досым!
Ерлік жолы – Сақ пен Ғұн, Көктүріктің,
Ескірмеуін тіледім салт-ғұрыптың!
Аттиланың қолдасын аруағы,
Салтанаты өшпейтін мәңгі рухтың!
ҚАЗАҚ десе…
Қазақ десе, өзімізге тиеді,
Дейді-дағы бәлені кеп үйеді…
Қазағыңды, ей, қазағым, кемсітпе,
«Қазақ» деген сөздің өзі киелі!
Қазақ десе, өзімізге тиеді,
Деген сөзді кей қазағым сүйеді.
Қазағыңа тіл тигізсең, бауырым,
Сырқырайды ата-баба сүйегі!
Қазақ десе, өзімізге тиеді,
Дейді-дағы жағады кеп күйені…
Тіліңді тарт,
Қазақ десе, керісінше,
Мадақ сөздің ағытылсын тиегі!
Жылы сөзге кім де басын иеді,
Көргенділік – сөйлей білу жүйелі!
Мінімізді көрмей, жұртты «түзейміз»,
Қазақ десе, өзімізге тиеді!..
Қазақ десе, жүзің оттай жайнасын,
Әрбір қазақ ар-намысын қайрасын!
Серттілер мен тектілердің төресі –
Қазақ рухы тұғырынан таймасын!
Құшағың жаз, арда қазақ,
Қайдасың?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір