Тегеуірінді ой, текті жыр
01.04.2025
65
0

Алматыны дүбірлетіп, шулатып,
Жүруші едік кірпік ілмей түн қатып.
Гүлімізді, күнімізді думанды,
Қай көктемге қойдық екен ұрлатып, –
деп жырлаған белгілі ақын Болат Әшімұлы Үсенбаев 1955 жылы, 24 наурызда дүниеге келген. Алматы облысының Кеген ауданындағы Қарқара орта мектебінде оқыды. Мектеп бітірген соң ҚазМУ-ге оқуға түсіп, 1980 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекет­тік университетінің (МГУ) журналистика факультетін бітірді.
Ертерек шықтым топ жарып,
Көзге де түстім ертерек.
Жас ақын жүрді толғанып,
Туған еліне еркелеп.
Қызықты маған қыздар да,
Бірінен-бірі сүйікті.
Асқақтау еді тұлғам да,
Бұйра шаш көмген иықты, –
деп өзі айт­қандай, сол кез­дегі Мәскеу көрген сұңғақ бойлы, бұйра шашты жас ақын Алматы шаһарындағы оқу орындары мен әдеби орталарда көзі ұшқындап өлең оқып тұратын. Жиырмасыншы ғасырдың жас перісі Болат Әшімұлының лирикалық иірімдерге толы өлеңдерін сол кездің жастары ерекше сүйіп оқитын. Ол өзінің «Жүзік» ат­ты өлеңінде:
Жүрегімде болмапты ғой түк секем,
Жүзік те бір махаббатқа нүкте екен.
Ұяңдығын жүзік сыйлап жеңдірген,
Менен гөрі бақталасым мықты екен.
Алдымда әлі шұғылалы бар таңым,
Бір сұлуға мен де жүзік тартамын.
Абайламай бір жігіт­тің арманын,
Тартып алып кетем бе деп қорқамын, –
дейді ақ жүрек ақын.
Болат Үсенбаев еңбек жолын жастар газеті «Лениншіл жаста» ( Жас алаш) тілші болып бастап, «Жазушы» баспасында редактор, «Қазақ әдебиеті», «Еңбек туы» газет­тері мен «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарында бас редактордың орынбасары және «Білім айдыны» ЖК директоры қызмет­терін абыроймен атқарып, зейнеткерлік демалысқа шықты. «Жақсыдан шарапат» дегендей, Болат ақын марқасқа ақын-жазушылармен қызмет­тес бола жүріп, оларды өзіне ұстаз тұт­ты.
Кеудесінде жасын оты ойнаған,
Бұрқ-сарқ етіп ортаймаған ой қазан.
Сеңгір-сеңгір сен бір Алатауым ең,
Сағынышқа айналдың-ау, Сейдағам,–
деп Сейдахмет Бердіқұловты еске алса,
Жыр төктік буырқанған сезімге еріп,
Жоқ еді боймызда жеңіл желік.
Алыптардың сарқытын үлгі тұтып,
Өстік Баукең, Ғабеңнің көзін көріп,–
деп біртуар батыр Бауыржан мен Ғабит Мүсіреповтей классиктерді жырға қосады. Мұқағали ағасына арнап:
Шарықта, Мұзартымның мұзбалағы,
Жоқсың сен, кет­тің бе асып құздан әрі.
Тіріңде-ақ ала-тұғын атағыңды,
Өлген соң да кейбіреу қызғанады, – деп шындықты бетке айта білді.
Тұманбай, Қадыр, Өтежан, Оралхандар да Болат­тың сағынышты өлеңдерінен өз орындарын тапқан. Бөкең – қазіргі балалар әдебиетінің де өркендеуіне үлкен үлес қосқан ақын.
Жаққан арман алауын,
Мен тәртіпті баламын.
Білім менен тәлімді,
Оқып іздеп табамын, –
деп жырлаған Болат ақынның:
Зе­йіні ұшқыр баламын,
От шашады жанарым.
Отанымның ертеңгі,
Мақтанышы боламын, – деп бала ойын дөп басатын, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлеңдері мен ертегі, балладалары бір төбе.
Мен өмірді,
Өмір мені сүйрелеп.
Көппен бірге
алға ұмылдым кимелеп.
Қателігім дей алмаймын мүлде жоқ,
Жеңістерім оралыпты жүлде боп,– деп тынымсыз журналистік қызметін атқара жүріп, шабыт­ты шақтарында шығармашылықпен айналысқан ақын Болат Әшімұлының қаламынан туған жыр маржандары «Жеңеше», «Жүзік», «Таңғы шық», «Киікоты», «Күрең күз», «Мезет» ат­ты бірінен-бірі өткен сезімге толы жыр жинақтары мен балаларға арналған «Тәуел­сіздік деген не?» ат­ты кітаптарына топтастырылып, баспадан шықты. «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы», «Жыр маржаны», «Тәт­ті алма», «Табиғат» антологиясы және Мәскеуден жарық көрген «Ұлы дала жырлары» ат­ты үштомдық кітапқа енгізілді. Түркімен, Түрік, Ұйғыр поэзияларын аударуға атсалысты. «Ақындарды құрмет­тей біл тірісінде» дегендей, талант­ты ақын Болат Үсенбаев – республикалық «Жігер» фестивалының, халықаралық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы, Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған мүшайраның бірінші орын иегері, ақын Еркін Ібітанов атындағы арнайы сыйлық иесі, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мерекелік медалімен, ҚР Президентінің Алғысхатымен (2020), «Құрмет» орденімен (2024) марапат­талған және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын (2017) алған лирик ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі.
Кешіп жүріп сезім ат­ты теңізді,
Іздеген ем бір адамды ең ізгі.
Ешкімге де бас имейтін жігіт ем,
Асау жүрек « Сүйем сені» дегізді, – деп жырлаған Болат серінің жары бұл күнде көзінің ағы мен қарасы – Баяндай сұлу қызы мен Дулат­тай өнерлі өренді дүниеге әкелген Шайзат ханым да – ҚазМУ-ді бітірген әдебиетші маман, филолог. Алғаш орта мектепте ке­йіннен еліміздегі бас басылым «Егемен Қазақ­стан» (Социалистік Қазақ­стан) газетінде және «Білім айдыны» ЖК журналында қызмет істеген, қазір зейнеткерлік демалыста.
Болашағың жайлы
отырам толғанып,
Баян деген есіміңе бол лайық.
Сен бақыт­ты болсаң екен құлыным,
Бір Алладан тілек етем қол жайып! –
деген өлеңіне арқау болған Баян Болатқызы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін (Абылай хан атындағы Қаз Хқ ж ӘТУ) және Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университетін (Нархоз) бітірген, қазір кәсіпкер.
Жаға біл жүрегіңе әр күн алау,
Өнерде жүйріктер көп тайлы, жаяу.
Шыңына шеберліктің алып шықсын,
Сен салған сурет­тегі майлы бояу, – деп жыр арнаған Дулат Болатұлы – Алматы қаласындағы өнер ошағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер акедемиясын суретші-дизайнер мамандығы бойынша 7-сыныптан оқуға түсіп, колледж, академияның толық курсын бітірген суретші маман. . Бұл күнде Дулат­тың «Art-Alliance» шығармашылық тобы Алматы қаласындағы «Ашаршылық құрбандарына» арналған және Шәмші, «Ыбырай» ескерткіштерін, Астана қаласындағы «әл-Фараби» ескерткішін, Шымкент қаласындағы «Болашаққа көзқарас», Талдықорған қаласындағы «Невада -Семей», «Чернобыль» монумент­терін жасап, қала көшелері мен саябақтарына орнат­ты. Дулат Үсенбаев – ҚР Мемлекет­тік «Дарын» жастар сыйлығының иегері.
Тұрады Хантәңірі айбат­танып,
Төсінде тоқсан бұлақ ойнақ салып.
«Жетісудың ұлымын!» десем болды,
Кетемін арқаланып, аруақтанып, – деп өресі биік, өрісі шалқар, ой-толғамдары мен махаббат, табиғат лирикаларына қалам тартқан, телегей ой, текті өлең иесі Болат Үсенбаев ке­йінгі ұрпаққа рухани тазалығымен ұлағатқа толы өсиет, тілек, баталарын өлеңмен өрнектеп жеткізіп, ақсақалдық жетпіс жастың биік белесіне шығып отыр.
Жасыңа – жас, басыңа – бас қосылып, қазақ руханияты үшін «тұлпар шабысыңнан» таймай жетпіс жастан ке­йін жеті жасар сәйгүліктей екінші тынысың ашылады деп біз сенеміз, Болат бауыр, Болат ақын, Болат дос!

Елеусіз Ахметкерімұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Райымбек ауданының Құрмет­ті азаматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір