Ғылымы мәнді елдің ғұмыры мәңгі
23.04.2024
213
0

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті. Отандық технологияны дамыту, докторанттар мен магистрлерді қолдау, жасанды интеллект бастамаларын жандандыру тақырыбына арналған ауқымды кеңес Ғылым күніне орайластырылды. Ұлттық кеңесте ғылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріліп, алдағы уақытта атқарылуға тиіс міндеттер айқындалды. Шараға елдің ғылымын өркендетуге елеулі үлес қосып жүрг ен көрнекті ғалымдар қатысты.

Президент ең алдымен, жиынға қатысушыларды Ғылым күнімен құттықтап, бұл мереке ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен сәйкес келіп отырғанын атап өтті.
«Академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Біз ұлы Абайды – қазақ руханияты­ның темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын – ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды», – деді Президент.
Осыдан кейін еліміздегі су тасқынына байланысты қалыптасып отырған ахуал әңгіме өзегіне айналған. Осындай сын сағатта ғалымдардың тапшылығы тағы да қатты байқалды. Ғалымдар мен білікті мамандар тиісті мекемелермен үйлесімде жұмыс істеп, табиғаттың тосын мінезін болжап, бақылап отырса, халық мұндай қиыншылықпен бетпе-бет келмес еді. Осылай ой өрбіткен Президент Қазақ­станда ғылымға жете мән берілмегендіктен, бұрынғы ғылыми әлеует пен инфрақұрылымды жоғалтып алғанымызды, осының салдары енді көрініп жатқанын айтты. Президенттің пікірінше, ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану керек.

– Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен, білікті мамандар тапшы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Тараздағы гидромелио­ративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтаған жөн. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым. Сондай-ақ, сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленуге тиіс. Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жиында Президент энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесінің маңыздылығын атап өтіп, жауапты министрліктерге тиісті саланы, ал әкімдіктерге аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарау міндетін жүктеді. Сонымен бірге, жасанды интеллектіні қолдану әлеуетіне ерекше тоқталды. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр. Президент өз сөзінде университеттердегі кадр тапшылығы, ғылыми жұмыстардың сапасыздығы, өндіріс орындарымен тұрақты байланыстың жолға қойылмағаны және басқа да түйткілдерді тізіп, Үкіметке жағдайды түзеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді жүктеді.
Мемлекет басшысының пікірінше, тағы бір маңызды мәселе – еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық басымдық орталықтарын құруды тапсырғанын еске салды. Бұл ретте Үкімет жоғары оқу орындарының зерттеушілік бағытын дамыту үшін пәрменді механизм­дер әзірлеуі қажет.


Президент ғылымның кадрлық әлеуе­тін күшейту туралы сөз қозғай отырып, жас ғалымдарды жан-жақты қолдаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. «Грант арқылы жүзеге асырылатын жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі. Әрине, мұндай жобалардың санынан гөрі, сапасы маңызды. Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек. Қазір жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны жалғастыра беру қажет. Менің тапсырмаммен жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» бағдарламасының тиімді екенін көріп отырмыз. Оның ауқымын кеңейту керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық кеңесте магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру, ірі өндірістік компаниялармен бірге «Индустриалды PhD» механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізу, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдарын экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлау ісіне жұмылдыру, инженерлік-техникалық кадрлардың ұлттық моделін әзірлеу, өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу, әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін өңірлік экономика атласын дайындау жөнінде тапсырма берілді. Бұдан бөлек, Президент баяндамасында отандық ғылымға байланысты бес өзекті мәселе айтылды. Оның біріншісі ғылымның күш-қуатын тосын апаттардың алдын алуға бағыттау мәселесі болса, екіншісі экономиканы қарқынды дамытуға, үшіншісі жасанды интеллектке арналды. Ал төртінші мәселе университеттегі студенттерді ғылымға бейімдеуге, бесіншісі кадрлық әлеуетті арттыруға байланысты тарқатылды.


Мемлекет басшысы сөз соңында қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатқанын атап өтіп, бұл құжат ғылымның дамуына зор серпін беретініне сенім білдірді.
«Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің ағартушылықпен айналысқаны тегін емес. Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Ғалымдар ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл ел көруі керек. Бір сөзбен айтсақ, ғалымдар Отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады», – деді Президент.
Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы, академик Ахметқал Медеу сияқты көрнекті ғалымдар сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Қуат Қайранбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір