Мәңгі көнбіс, таусылмас төзім ғана!..
Ұлықбек Есдәулет
ПАРИЖДЕГІ ҚАЗАҚТАР
Бабаларым Сенадан ат суарған…
Жұрағатпын жеткен сол жақсылардан.
Сұлулықтың киесі тірі кезде,
Париж, сені ешқашан жатсына алман!
«Бабаларым Сенадан
ат суарған…»
Көне Париж – көкейде аққу-арман:
Орманына Булонның ұшып жеттім,
Шыққым келіп ойдағы
көп құмардан.
Лувр десе қоятын ішкен асын,
Джокондадан жүрекке
түссе жасын,
Пантеон мен Мүгедек үйінен кеп,
Өрмелейтін Эйфельге
күш табасың…
«Петербордан жол-пұлын қарызға алып,
Барған, – дейді, –
Шоқан да Парижге анық» …
Көшеңменен көп ноян жүргені рас,
Шоқан құсап соңында аңыз қалып.
Париж, сенде ізі бар Әміренің,
Әлдиледі есімін Тәңір оның.
Елшін апам* —
Музасы сұлулықтың
Тәнті қылған Монмартр төңірегін.
Мұстафадай мықтының —
Заңғар басы,
Париж, сенсің жүректес
жан жолдасы, –
Таянышсыз әлемнен, тірек тауып,
Қазақ жоғын жоқтаған
соңғы ордасы.
Монпарнастың биігі шақырмаған,
Дүниеде бар ма екен ақын ғалам?
…Көз суарып Сенадан мен отырмын,
Ат суарған жерінде батыр бабам!..
——————
*Алла Қуантқанқызы Елшін – Кристиан Диордың музасы болған қазақ аруы.
ӨЛІ АҚЫНДАР ҚОҒАМЫ
Өмір қалды обалыма,
Қоштасайық, кел, күнім…
Өлі ақындар қоғамына,
Мүше болам мен бүгін.
Күнді түн кеп қаусырғанда,
Ай жүреді жораға.
Өмір дәмі таусылғанда,
Өлім үрер қорада.
Жылап-сықтап, қоштасады,
Жазушылар одағы,
Мені қарсы ап, бас қосады,
Өлі ақындар қоғамы.
Көміп келіп, тарасқандар,
Қол жайғасын дұғаға,
Жұматайлар, Жарасқандар,
Қарсы алар-ау, қуана.
Барғанымда бөсіп, бүрлеп,
Ғұмырды артық-кем сүріп,
«Неге сонша кешіктің?!» – деп,
Кінәлайды-ау, Кеңшілік!
«Жаңа келген кім екен?» – деп,
Мағжан, Қасым бет бұрса,
Мұқағали, Жұмекендер,
«Біздің бала!» деп тұрса.
Абай менен Махамбеттер
Сәлемімді алмаса –
Жыр шырағын жаһан-көкте
Жаққаным-ау, далбаса!?.
Мың жасап жүр талай қарға,
Қарғалармен ісім не?
Махамбет пен Абайларға
Сәлем беру үшін де –
Мен тірлікке тоба қылам,
Өлмес болсаң сен, жырым!
Өлі ақындар қоғамына
Мүше болам мен бүгін…
ЖАСТЫҚ ШАҒЫМ ЕКЕУМІЗ
Жастық шағым екеуміз кездескенде,
Жанымызда болған жоқ өзге еш пенде,
Ол – көз көрген қалпында,
Мен – өзгерген,
Қара үзіп-ақ кетіппіз қозы көш жерге.
Ол мөлдіреп қарады, мен – елжіреп,
Оқ тескендей қан жылап берен жүрек,
Тұла бойдан тоғаяр түр іздедім:
«Қандай болдым мен, міне, көр енді! – деп».
Түк таппадым бойымнан мақтанарлық:
Баяғыдай мінбеймін атқа қарғып.
Баяғыдай қарадай қаным қызып,
Қойып кетіп, түспеймін отқа барлық.
Тауға ұрмаймын басымды,
тасқа ұрмаймын,
Жасын түсіп жатса да бас бұрмаймын.
Көлеңдеген көлденең көк аттыға
Көкжалдығын көрсетпес қасқырдаймын.
Баяғыдай… емес қой… баяғыдай…
Жүйрігін-ай уақыттың… аяңын-ай!
Онда қылыш болғанда, мұнда – қалқан,
Сабалақпен кездескен хан Абылай…
Жастық шағым екеуміз жолыққанда,
Жүрдек уақыт жүрекке соғып таңба,
Бұдан былай екеуміз бірге болып,
Бірге аттанып жүрер ме ек жорықтарға!
…Түсіп келем ол шыққан Көктөбеден…
Ол ма, мен бе – тағдырға өкпелеген?..
Ол айтты ма, білмеймін,
мен айттым ба? –
Үн естілді жаңғырып:
– Кетпе! – деген…
ҚОШ, ҚЫЗҒАЛДАҚ!..
Құлпырып, жайнап тұрған қызғалдақты,
Апыр-ай, қар басыпты, мұз қармапты…
Бүгінгі сұлулықтың түсі суық,
Кешегі сұлулықтан із қалмапты.
Қайран гүл!..
Жоқтап жүрек, зар жылады…
Мертікті көңілімнің арғымағы…
Кінәлі ерте туған өзіңбісің,
Жоқ әлде, кештеу жауған қар кінәлі?
Қар ару –
Гүл аруды тұншықтырды…
Жүрегім біз сұққандай ыршып тұрды!..
Мөп-мөлдір сезіміме кіршік тұнды…
Сыналап қасиетке қылшық кірді!..
Бір сұлу
Бір сұлуды тұншықтырды!
Тірлікті тырнағымен қырсық бүрді…
Сұмдыққа шарасы жоқ шыр айналған,
Дүние жібі үзілген ұршық құрлы.
Монтиып, монтансыған сұм сұлулық!..
Біз сенің қасиетіңді құлша ұғындық…
Көзімді көлегейлеп, күргейлеген
Кенеттен сыпырылды
бір шымылдық.
Сүйгенім сұлулықты құрсын менің!
Қалғандай халге түстім құр сүлдерім.
Аялап, сүйсінгенім, түйсінгенім –
Бетіме бір түкірген былшыл ма едің!?
…Ұлықбек-ау, еріп көңіл, тамар мұң боп,
Таусылма, тірлік болса қалар гүлдеп,
Күншуақ бұлт артынан сығалап тұр,
Күні ертең гүлдің кегін алармын деп!..
ӨТКЕЛЕК БАЛЛАДАСЫ
(Қабдеш-Қажытай хикаясы)
– Ал, кеттік!..
– Кеттік!.. – деді екі мықты,
Бір ойға екеуара бекініпті.
Бірі – аға, бірі – іні, екі дарын,
Тағдырдың аямайтын бетін ұқты.
Қапастың қақпанынан қашып шығып,
Құзынан тәуекелдің секіріпті…
…Шетіне шекараның таңда ілікті,
Үркітіп ұры жардан кекілікті.
Тау суы тасып жатыр көк теңіз боп,
Жағада өткен із жоқ, кеткен із жоқ.
Арғы бет, бергі бет пен – екі жағы,
Асығыс арлы-берлі өткел іздеп,
Бір қазақ арқалады бір қазақты:
«Болдық па аға-бауыр текке біз?!» – деп.
– Ағыстың беті қатты, мынаң қара!
Малтау да білмейсің ғой, мін арқама!
…Қонжиып қонды амалсыз жайдақ жонға,
Жөн білген інісіне кінә арта ма?
Толықсып тау көтерген Толағайдай
Толқыған қойып кетті Ол жын ортаға!
Көзіне көбік шашты асау толқын,
Алыстан атамекен мұнарта ма?
Жолшы емес, жоқшы да емес мал қараған,
Бір қазақ бір қазақты арқалаған.
Бет бұрып аңсағаны – атамекен,
Көксеуі көкейінен тарқамаған.
Су кешіп келе жатыр бір сұрапыл,
Арқырап арқасында арқар адам.
Жалғасқан әлқиссадан жаңа дастан,
Қос дарын сырлас еді бала жастан.
Өзеннің бергі беті – атамекен,
Өзегін жұлып талай ала қашқан.
Толқынды бұзып-жарып келе жатыр,
Табанын тас тілсе де қарамастан.
Жау қуып келе жатыр жар астында,
Жасанған жарағы бар – жақ ашсын ба:
Жалынар екеуіне қос қорғасын,
Жайына қашқындардың қарассын ба?
Ағасын арқалапты ардақ тұтып,
Жасар ма мұндай ерлік қораш тұлға!
Қарындасын қиып кетті қара көзді,
Достарын қиып кетті бала кезгі.
Қалды артта ата-ананың қабірі де,
Қайырылып көре алмасын жаңа сезді.
Алысып асау өзен ағысымен,
Шарасыз шекара асып, дала кезді….
Арқалап келе жатыр қайсар іні
Қазақы қасиетті қара сөзді!!!
КІТАБИ РОМАН
Жаным-ау, міне, екеуміз,
Жолықтық кітапханада.
Ұшыраспаппыз бекер біз,
Шуағың түсті санама…
Мен саған жастан ғашық ем,
Мұңымды, бірақ ұққан кім?
Мөлтілдек көздің жасымен
Мөлие қарап сұқтандым.
Өзіңе ессіз табынып,
Қарағам ғашық көзбенен.
Қол жетпей аңсап, сағынып,
Көргенше әрең төзген ем…
Тәкаппарсың-ау… тым, бірақ…
Бұйырып басқа біреуге,
Парағың желмен судырап,
Тап болдың сынау, мінеуге…
Қолынан өттің талайдың,
Құлпырды қанша жан сарай?
Қойнында кейбір наданның
Қор болып жүрдің қаншама ай?
Шөліркеп, шөлдеп өзіңе,
Күдерімді үзіп жүргенде,
Шалынып бүгін көзіме…
Бас салдым саған бір демде.
Кенеттен, міне, екеуміз,
Кездестік кітапханада.
Ұшыраспаппыз бекер біз,
Шуағың түсті санама.
Сүзілем сенің бетіңе,
Сағыныш па екен сарғайтқан?
Жас тамды ма екен шетіңе,
Кейіпкер үшін әр қайтқан?
Ойыма кірдің орман боп,
Жүрегім, жаным жұтамай,
Құшақтап өлсем арман жоқ,
Ғашығым менің, Кітап-ай!
Құмарым болған қарағым,
Құшақтап өтсем өкінбен:
Судырап сенің парағың,
Сыйпалап жатса бетімнен!
ТАҢҒАЖАЙЫП
ТҮС
…Түсімде:
Шауып жатырмын…
Өзім отырған бұтақты…
Өтті ме зары отынның?
Тағдырым неге жұтатты?
Жанымнан неге безбеймін,
Көп көрсе Құдай күнімді?..
Бұтақпен бірге —
(Сезбеймін) —
Өзім де құлайтынымды.
Балталап ағаш бұтағын,
Қарап ем оң мен солыма,
…Өзімнің жазған кітабым
Көктен кеп түсті қолыма!..
Апыр-ау, мынау неткен түс!
(Дәл осы тұсы артық,ә?!)
Күпірлік болса шектен тыс,
Кеуілде шығар бар кінә?!
Түсінде ақын есірсін,
Аман-сау қалсын бұтақтар!
Астапыралла, кешірсін,
Бұрынғы түскен кітаптар!
БҮГІНГІ ПОШЫМ
Бойымда бір бұлақ бар
Қараталдан бас алған;
Бір сабақ жіп жоқ үстімде
Туған жерде жасалған.
Бар киімім жат елден,
Алыс-жақын шет елден
Таңдап-талғап әкелген:
Шалбарым – қысықкөз шүршіттен,
Шекпенім – іргедегі үркіттен,
Қалпағым – мысықкөз ағылшын,
Пешпетім – франкі (тәуір, шын),
Түріктің тонын да танырсың,
Етігім – Алманнан,
Қарғыбау – Норманнан,
Бәрі де өзінше, сәнді екен.
«Шотланкі көйлек кигенім,
Шотланкі қыз сүйгенім» —
деп әредік әндетем.
Бар бұйымым –
Мағриб, Машриқ, Шам, Мысыр,
Еуропа, Әміркен, Болыскей…
Шығыс, Батыс, Түстік, Теріскей…
Ішкен шайым – үнділік,
Көлігім – жапоннан,
(Жеген балым ғана Катоннан);
Тіпті телефоныма да
жайым жоқ сенетін,
Ішкен дәрім, тартқан темекім,
Әрқайсысы әрбір тараптан,
Арағым – орыстан,
Дінім – арабтан.
Шетелше шүлдірлеген тілім басқа,
Алған білім басқа,
Көрген күнім басқа,
Әнім басқа, үнім басқа.
Міне, содан –
Осынау ғұмыр-жаста:
Беттегі пластика – басқа пішін,
Имплант – қасқайған қасқа тісім,
Тісімнен шыққан сөзім бөлек
Линза-көзілдірік – көзім де ерек…
Қысқасы, баяғы түрім жоғалды,
Сонда ұлтымнан менде не қалды?
Өзгермей қалған;
Еш пендені жатсынбас сезім — бала,
Һәм қазақы құмарлық пен
Мәңгі көнбіс, таусылмас
төзім ғана!..
ӘРИНЕ
Әке-шешемнен маған тигені:
ғұмырым… сонсоң, әрине,
«Есдәулет» деген пәмиле…
бұл Өмір деген тар үйде
мейлі жыла, зар иле,
емшектен басқа не беруші еді, Сәбиге?
Жарық дүниеге туа,
ит жейдемді көз жасыммен жуа,
естігенім дуа:
«Әлди, әлди, әлди-ай…»
Бәріне куә:
Тылсым, қасиетті Түн…
көргенім –
аузын буған Ай,
көзін буған Күн.
Естігенім – өсиетті Үн:
«Әлди, әлди, әлди-ай…»
Көз алдым – көктем,
сиқырлы неткен,
өзімнен өзім өрекпіп
шыққанмын шектен,
Құдай да мені ұмытып кеткен…
рахат!
Жоқ, құдайсыздық – бұл ұлы апат…
бірақ мұны ол кезде қайдан білейін
жүргенде жанымды жын отап…
…Әрине,
біртіндеп ес кірді сосын…
асырдым алға ғұмырдың көшін,
құртқанда тағдыр көңілдің хошын,
үн қатты менің іштегі досым:
«Әрине, қалғың келмесе тар үйде,
қайғының қарны ашып қалмасын,
қара су бер, жүрегін жалғасын,
шаттыққа шуақ бер – әлемді шарласын,
сезімге әуен бер сарнасын,
мұңға малта бер өзегі талмасын,
сағыныш сәуле ішіп самғасын,
махаббатқа шық бер, жүректерді арбасын…
өкінішке түк берме
өгіздей күшімен
өзі-ақ сүйретер арбасын…
Ал, Уақытты оятпа…
біздерді аямай қамшылар
өзінің ұйқысы қанғасын…
Әрине…
Әлди, әлди, әлди-ай…»
***
Жалғыздық деген бір шеңбер,
Құрсаулап алар – кірсеңдер.
Уайым дәмі – у сойқы,
Уына оның кім шөлдер?!
Уыстан сусып уақыт,
Туысты кетер жылатып.
Монтансып мүрдең жатады
Жасамағандай күнә түк…
Алданып болдың үмітке,
Жан бағып, толдың күдікке…
– Өмір дегенің осы ма?
– Өй, соны итім біліп пе?
КӨБЕЛЕКТЕР КӨРМЕСІ
Кіріп ем Көбелектер көрмесіне,
көбелек қуған күнім келді есіме:
жан бітіп көз алдымда қанаттылар
көрменің толып кетті бөлмесіне.
Cарғайған саналарды сәнге бөлеп,
ұшып жүр түрлі-түсті сан көбелек…
дүние қанкөбелек шыр айналды,
кеудемді кернегендей ән керемет.
Көгалдан көп көбелек бұрқылдаған,
көзіме келе қалды шіркін далам…
ертектей есте қалған ерке күннің
елесін сыйға тартты бұл күн маған…
Жел жұлып көкке ұшырған гүлге ұқсаған,
ғажайып көбелегім, құлдық саған!
Мәңгілік сұлулықпен жаулап алдың
жетсе де бір-ақ күнге тірлік-шамаң…
…Шүкір айт, күпір ақын, зікір заман…
нақ жынды көбелек қой бүкіл ғалам…
…қанаты қатып қалған көбелектер
астында әйнектердің жыпырлаған…
Қамсаусыз көңілінің қорегі өлең,
сен де бір көзсіз жүрген көбелек ең…
сенің де қатып қалған қанатыңды
әйнектің астына сап көреді әлем…
ҚАҒАЗСТАН балладасы
Тағынан түсті дейді Қағаз патша,
жөніне жақсы-ақ енді сабаз жатса…
Осылай тынатыны анық еді,
түбінде Қағаз-Қалам араздасса.
Қағаздың ғажап еді-ау мәні алғашқы!
Адамзат болмаған кез қағазбасты,
әліппе, кітапхана, білім, ғылым…
қағазсыз діннің-дағы бағы озбас-ты.
Қағазға табынды жұрт патша көріп,
әлемге билік құрды ақша болып,
хат, нұсқау, қаулы, бұйрық,
жарлық жазса,
алдында шыбындады атша желіп.
Қасында құрмет көрмей қалам қалып,
қағазға құрақ ұшып амалдадық…
Үйіріп, дүниені қолына ұстап,
Қағазтай құтырды ғой ғаламды алып.
Билеп ап мөрлі қағаз ой-сананы,
бағынды адамзаттың қойша бәрі.
Қағаз – құн, қағаз – тағдыр,
қағаз – ғұмыр,
көңілің қағаз көрсе тайсалады.
Кенеттен… білмей қалдық оң-терісін,
қоғамның көрдік қансыз төңкерісін.
Адамға ауыртпалық әкелдің деп,
қағаздың сыпырмақ-мыс жон-терісін…
…Аспанға қиял емес қағаз ұшқан,
қоштасқан қолын бұлғап Сөз алыстан…
Тағынан түсті дейді Қағаз патша…
күн көрер енді қайтіп Қағазстан?!.
ҚҰСТАР
Қанатты қомдап ұшамыз дедік,
көтеріп басты ұядан,
көз жетпес көкті құшамыз дедік,
қиянға қарап қиядан.
Қанаты барға қиын болып па,
ұзаққа ұштық ұмтылып,
бұзамын десек бұйым ба бұлт та,
түтіп те кеттік жүн қылып.
Найзағайлардың арасыменен
жарқылдап ағып сан өттік,
қанаттың берсе бағасын әлем,
жұлдыздан қызыл дәметтік.
Самғаймыз біздер, жел-дауылдатып,
тәрк етіп күйкі тірлікті,
қоймаса болды жербауырлатып,
қондырып қолға бір мықты.
Қанатсыздарға ұнамаспыз біз,
құрбан боп түбі тынармыз,
ұша алмағаннан құламаспыз біз,
қона алмағаннан құлармыз…
ЕСІҢДЕ МЕ, СҮЙІКТІМ, ТАУЛЫ ҚЫРАТ?*
Есіңде ме, сүйіктім, Таулы қырат,
біз сияқты бозымдар – ауылы жырақ,
пәтер жалдап тұрушы ек кісі үйінде,
Алатаудың ауасы, бауыры ұнап…
«Отын» деген басталар –
күз жетсе – жыр,
күн суытса дірдектеп іздеп көмір,
көлік қамдап, қарыз ап, қауғаланып,
зыр жүгірсек бітпейтін тізбек небір…
Жеткеннен соң қолымыз тас көмірге,
желік бітіп, жал бітіп жас көңілге…
қоқилана қараушы ем жанған пешке,
кіргендей боп жұмаққа – басқа өмірге…
Қыңқ етпесе шикі өкпе бесіктегі,
қанат бітіп қалушы ек бөсіп, тегі.
хан сарайы секілді алтыннан-ды,
жалдамалы сол үйдің есік-төрі.
Сиясы әлі кеппеген оқып өлең,
миыңды мен су қылып отырар ем,
шығушы едің сол үйдің күліменен,
кіруші едің сол үйдің отыменен.
Енді ондай жыр жазылмас кеш жатқанмен,
жан сарайым жылынбас пеш жаққанмен,
жете алмаспын мен де сол жас шайырға,
«ұлы ақынмын!» деп қанша төс қаққанмен…
…есіңде ме, сүйіктім, Таулы Қырат?
————-
**Горный Гигант