ЕСІМНЕН МӘҢГІ ӨШПЕЙТІН СӘТ
04.06.2024
139
1

Елде жүргенде газет­тен-газет, журналдан-журнал қалдырмаймыз ғой. Әдеби жаңалықтарды ғана емес, елге есім-сойы белгілі жазушылардың шығармаларын оқып, олардың сурет­тері арқылы кескін-келбет­терін білеміз. Біразының өмірбаянда­рымен де, жас шамалары­мен де таныспыз. Бір сөзбен айт­қанда олардың бәрі – алыста жүрген ағайындарың сияқты. Cол ағайындарға қашан жетем деп аңсап жүретін ішкі тілегім бар еді, соның реті енді ғана келген-ді.

Әлгінде, ішкі есебім бар дедім ғой. Ол ішкі есеп – мынау. Газет-журналдардан оқып-білуім бойынша, шашы дуда-дуда ақын ағамыз Әбу Сәрсенбаев өте бір мейірімді жан көрінеді. Кейбір журналдар ол кісі туралы шарждар салса, қасына құжынаған балаларды салып қояды. Ол балалардың ішінде Сайын Мұратбеков, Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев, Дүйсенбек Қанатбаевтардың бейнелерін болжаймын. Оларды «Әбудің балабақшасы» деп атайды екен. Менің де сол балабақшаның ішіне кіргім келеді. Ішкі есебім дегенім сол. Сондықтан, сол кісінің мекенжайын алу үшін Қазақ­стан Жазушылар одағының ғимаратына бардым. Ырымшыл елде өскен мен ішімнен: «Бисмиллә рохмани рахим», – деп қасиет­ті табалдырығын оң аяғыммен ат­тап кірдім. Бүкіл жазушылар бір ауылдың адамдары секілді бір-бірінің үйлерін біледі деп ойлайтын болуым керек. Қарсы жолыққан егделеу бір кісіден алдымен: «Ассалаумағалейкүм», – деп қолын алып сәлемдесіп, ақсақалдың мекенжайын сұрадым. Ол кісі: «Үйін итім біле ме?» – деп өте шықты. Сөзі құлағыма түрпідей тиді. Етектері салтақ-салтақ боп жапа басып жүретін аузы бейпіл әйелдердің айтатын сөзі… Имене-имене екінші бір адамнан тағы сұрадым. Ол кісі қасымнан өте шықпай: «Екінші қабат­тағы шеткі бөлмеде қыздар отыр, солардан сұра», – деді. Шынында да екі-үш әйел отыр екен. Олар жаяу барсам қалай баратынымды тәптіштеп түсіндіріп, мекенжайын қағазға жазып берді. Соның өзінде сұрастыра жүріп үйіне жет­тім. Жүрексіне тұрып, торғайдың көзіндей жылтыраған түймені бастым. Есікті толқын шашы дудырап Әбу ақсақалдың өзі ашты. Сурет­терден талай көрген таныс бейне.
– Кім керек еді, балам? – деді әлгі кісі жұмсақ үнмен.
– Cіз керексіз…
– Мен кіммін? – деді жүзінде лып еткен қызығушылық нышаны пайда болып.
– Сіз, Әбу Сәрсенбаевсыз ғой…
– Е, онда танып тұр екенсің, кіре ғой.
Дәл түскі астың үстіне келген екенмін. Дастарқан басында екі-үш адам отыр.
– Мына бала мені іздеп келіпті, – деді Әбекең айналасына қарап, – шай құйып отырған Ләзиза апайың. Мына кісіні танитын шығарсың.
– Ия, танып тұрмын.
Ғабдол Сланов күлімсіреп қана отыратын, ашаң денелі, көзілдірікті көзі мейірімге толы, инабат­ты кісі екен. Жайлап ғана басын изеді. Мен сәлем беріп, қолын алдым.
– Ал шаруаңды айт, – деді Әбекең мен жайғасып алғаннан ке­йін.
– Оқуға түсе­йін деп келіп ем… Cізге өлеңдерімді көрсете­йін деп… Сөзімнің доғалдау, икемсіздеу шыққанын біліп отырмын. Оның үстіне дауысым қарлығып, бұрынғыдан да қысыла түстім.
– Қайдан келдің?
– Түркістаннан.
– Түркістаннан?! Қасиет­ті жерден келген екенсің ғой, – деді шай құйып отырған Ләзиза апай. – Шай іш, палау ал. Түркістаннан болсаң палауды жақсы көретін шығарсың.
Мұндайда қалай шай ішіп, қалай палау аласың. Тұла бойымды темір құрсап алғандай сірескем де қалғам.
– Атың кім?
– Темірхан.
– Ал балам, былай болсын. Өзің Түркістаннан екенсің. Атың Темірхан екен. Олай болса, мына отырысың не? Егер жөндеп тамақ жеп, шай ішпесең, өлеңіңді тыңдамаймыз, соны біліп ал. Ғабдол, солай ма? – деп Әбекең маған тіктеп қарсы қарап алды да, Ғабдол Слановқа бұрылып қуақы күлімдеп, көзін қысқандай болды. Ләзиза апай да «ал, іштің» астына алып барады. Мынау алғаусыз көл-көсір қонақжайлылық пен мейірімнен менің де сіресіп қалған қол-аяғым босап, тағамға қол созып, шай ұрт­тай бастадым…
Сәлден ке­йін дастарқан жиналды. Әбекең мен Ғабекең мені кабинетке бастады. Кабинет­тің екі қабырғасы түгелдей кітап екен. Осыншалықты кітабы көп үйді тұңғыш рет көруім. Аузымды ашып тұрып қалыппын.
– Ал Темірхан балам, өлең оқы, – деген Әбекеңнің жұмсақ үнінен бойымды жинап алдым.
Орындыққа жайғасып, қалтамдағы дәптерлерді қолыма алдым.
– Өлеңдер оқиын ба, әлде поэмалар оқиын ба?
Ғабекең мен Әбекең бір-біріне жалт қарады.
– Поэмалар? – деді Ғабдол аға, осы үйге келгелі бері маған тұңғыш тіл қатып.
– Поэмаларың көп пе? – деді Әбекең де қызыға қарап.
– Екеу.
– Сен алдымен өлеңдеріңді оқып көрші, поэмаларыңды соңынан көре жатармыз. Қане, балам, бастай ғой.
Дәптерлерімді ашып жіберіп, оқуға кірістім. Бірінен соң бірін түйдектетіп, төрт-бес өлеңді лезде-ақ оқып тастадым. Жүздеріне қарап отырмын, өлеңдерім ұнаған сияқты.
– Темірхан, сен мына өлеңдерді маған тастап кет. Ертең таңертеңгі сағат ондарда кел. Оқуға түсу мәселесін де сонда сөйлесерміз.
Ертеңінде айт­қан уақытында келдім. Әбекең ваннада жуынып жатыр екен. Ләзиза апай мені ас үйге апарып, шай берді. Сәлден ке­йін Әбекең де келді. Жүзінен ризашылық байқалады. Жайғасып отырған соң:
– Өлеңдерің жақсы екен. Образбен сөйлейді екенсің. Сені енді ауылға қайтармаудың қамын ойлаймыз, – деді.
Әбекең шайын ішіп болған соң киініп алды да, мені ертіп Жазушылар одағына алып барды. Оның екінші қабатындағы бір бөлмеде отырған Қадыр Мырзалиев пен Жұмекен Нәжімеденовке кірдік. Орындарында екен. Мені таныстырғаннан ке­йін олар өлеңдерімді оқыды. Өлеңдерім кәдімгідей ұнап қалған сияқты. Тіпті мен күтпеген жақсы-жақсы сөздер айт­ты. Марқайып қалдым.
Сонан ке­йін Әбекең екеуміз «Лениншіл жас» газетіне тарт­тық. Ол жерде Әбіш Кекілбаевтың әдебиет бөлімінің меңгерушісі екенін білемін. Газет­тен оқығам. Шерхан Мұртазаның бас редактор екенін де білемін.
Есімнен мәңгі өшпейтін осы бір сәт­ті айтып, сөзімді доғара тұрайын.
Жалпы менің өмірім де, өнерім де қасиет­ті қара шаңырақ – Жазушылар одағымен тікелей байланысты.

Темірхан МЕДЕТБЕК

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.06.2024 | 13:56

Сосын оқуға қалай түстіңіз?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір