Дәстүрлі қазақ қоғамындағы «Есім ханның ескі жолы»
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдардың жиынтығы болып табылады. Оның негізін Қасым хан салған болатын. Заң жинағында Қыпшақ, Шағатай және басқа ұлыстарда қолданылатын әртүрлі жарғылар енгізілді. Есім хан өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасымның заңдарын іс жүзінде қолдануды өзі билік жүргізгенде қатаң талап етті.

Қасымның заңы Есімнің арқасында сол дәуірдің әскери-саяси және әлеуметтік қажеттіліктеріне, халықтың тұрмысы мен дәстүріне сәйкес жетілдірілді, соның нәтижесінде бұл заң халық арасында кеңінен тарады. Бұл заң ережелері жермен, малмен байланысты материалдық тарап-арыз, қылмыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру және т.б.), әйелдердің жағдайы, әскери міндеттілік, дәстүрлі шаралар, кедейлерге көмектесу және т.б. туралы мәселелерді қарады. Халық бұқарасы Қасым хан заңының ережелерін ұстауды қалады. Бұл заң жиынтығы Есім ханның құрметіне «Есім ханның ескі жолы» деп аталды.
Аталған екі заң жүйесі еш өзгеріссіз ХVІІ ғасырдың аяғы немесе ХVІІІ ғасырдың басына дейін қазақ жұртының игілігіне қызмет етті. Есімнің немересі, Жәңгірдің бел баласы Тәуке хандық құрған ХVІІ ғасырдың аяғы ХVІІІ ғасырдың басы қазақ елінің абыройы асып, көсегесі көгерген ерекше бір кезеңі болды. Қазақ қоғамында біртұтастық пен ынтымақ орнатуға дәнекер болған ежелгі ереже – қағидалардың үлгілі нұсқасы, халықтың тәртіп низамының, салт-дәстүрінің жүйелі жиынтығы атақты «Жеті жарғы» еді. «Жеті жарғы» – дана бабаларымыздың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын мемлекет басқару мен халық билеудің қалыптасқан жосықтарын негізге алып, сахараның сол замандағы тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық, әлеуметтік ахуалын ескере отырып, келешектің қамын ойлап, жан-жақты байыпталған заңгерлік ұлы мұрасын қалдырды. «Қасқа жол» мен «Ескі жол» заңдарын толықтырып, елеулі өзгерістер енгізіп дамытқан Тәуке хан бұрынғы бес тарауға тағы да екі тарау қосып, «Жеті жарғы» деп атады. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. «Жеті жарғыны» қазақ халқы негізінде ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылып келді. Ал кейбір нормалары Қазан төңкерісіне дейін толығынан қолданылды, қоғамдық қатынастарды реттеу функциясын тиімді атқарып келді. Қазақ хандығы дәуірі ХVІ–ХVІІІ ғасырларда, яғни қасқа жолды Қасым хан, ескі жолды Есім хан, Жеті жарғыны шығарған Тәуке хан тұсында басқару жүйесі хандық билікке негізделген, саяси жағынан орталықтанған, біртұтас, құқықтық мемлекет болды. Осы кезеңде Қазақ хандығының көрші орналасқан мемлекеттермен байланыста болып, олармен сауда, саяси мәселелерін шешу заң жүйесі арқылы анықталды. Қазақ хандарының негізгі заңдары Қазақ хандығын осы кезде мемлекет ретінде танытып қана қоймай, оның саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуына ықпал етті. «Қасқа жол», «Ескі жол», «Жеті жарғы» заңдарын дүниеге әкелген қазақтың данышпан да көреген хандары тек қазақ деген халықтың игілігі, тұрақты, тыныш тұрмыс-тіршілігі, кішкентай ғана мемлекеттің өркендеуі жолында күресіп, қызмет етті.
Тәуекелдің інісі Есім қазақтың көп санды әскерін басқарған, Ташкент, Түркістан аймағын билеген көрнекті сұлтан болды. Cондықтан қазақ әскері мен сұлтандардың көпшілігі Есімнің хан болуын қалаған. ХVІІ ғасырдың алғашқы кезінде Қазақ хандығын екі хан билеп, елде саяси бытыраңқылық орын алды. Тәуекелдің інісі Есім хандық билікті алған тұста, Тұрсын Мұхаммед сұлтан 1613–1614 жылдар шамасында өзін хан етіп жариялады. Есім ханның астанасы Түркістан болды, ал Тұрсын Ташкент қаласында өзін тәуелсіз хан деп жариялады. Есім хан Бұхар ханымен бітім жасасып, Орталық Азия қалаларымен экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Алайда Бұхар ханы қазақ хандығының бытыраңқылығын пайдаланып, бітімшартты бұзып, қазақ жеріне жорықтар ұйымдастырды. Алғашқы қазақ-бұхар шайқасы 1603 жылы Самарқан маңындағы Айғыржар жерінде болды. Бұхар әскері жеңіледі. 1611 жылы Ташкент түбіндегі ұрыста Имамқұли хан басқарған Бұхар әскерін Есім хан жеңеді. Бұхар ханы келісімге келуге мәжбүр болды. Алайда Есім мен Тұрсын арасында қайшылықтар шиеленісе түсті.
ХVІІ ғасырдың алғашқы кезінде Қазақ хандығы мен Моңғол хандығы арасында одақтық қарым-қатынастар орнады. Бұл қатынастар екі хандықтың қарама-қарсы топтары арасында құрылды. Бұл жағдай қазақ хандары арасындағы қайшылықтарды тереңдете түсті. 1627 жылы Есім хан қалмақтарға қарсы жорыққа аттанады. Осыны пайдаланған Тұрсын хан Түркістанды шауып кетеді. Есім хан бейбіт елді ойрандауға белсене қатысқан Қатаған руы мен Тұрсын ханды жазалады. Тұрсын ханның бұл бүлігі тарихта «Қатаған қырғыны» атанды.
«Есім ханның ескі жолы» деген сөз Есім ханның тұсында жасалған далалық заңдарға байланысты айтылған. Жаугершілік заманда елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған заңдары Есім ханның, шын мәнінде, мемлекет тұрғысындағы ірі қайраткер екенін көрсетті.
Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекелдің тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.
Ойраттардың бір жағынан Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуы, екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында, үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады.
Хандығының шығысындағы жағдайды, осылайша, өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды.
«Есім ханның ескі жолы» – дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдар жиынтығы. Есім хан 1598–1628 жылдары билік құрған кезінде, өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасымның заңдарын іс жүзінде қолданды.
Бұл заң ережелері:
– Жерге қатысты заңдарды;
– Малға байланысты ережелерді;
– Мүліктік қатынастарды;
– Қылмыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру, қасақана жарақат келтіру);
– Әйелдердің қоғамдағы жағдайы
туралы;
– Әскери міндеттілік туралы;
– Дәстүрлі шаралар мен кедейлерге көмектесу туралы мәселелерді қарады.
Есім сол заманның қатал салты бойынша өзіне қарсы шыққан қатаған тайпасын аямай жазаласа керек. Замандасы Махмуд ибн Уәлидің жазуына қарағанда, Есім де көп ұзамай, өз ажалынан өледі. Денесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңайына жерленген.
Н. ДОСЫБАЙ,
М.Әуезов атындаығы Оңтүстік Қазақстан
университеті колледжі, Қазақстан тарихы
пәнінің оқытушысы, магистр,
С.БЕКОВА,
Құқықтану пәнінің оқытушысы