Өнерімен мәңгі жасай берер дара тұлға
22.04.2025
225
0

Қазақстанның Халық артисі, күйші-композитор, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына биыл 100 жыл толды. Осы орайда жыл бойы республика көлемінде, ал алдағы уақыт­та халықаралық ЮНЕСКО көлемінде дүркірете аталып өтетін болады.

Өнер тарланының ғасырлық тойы кезекті мәрте өзі өмірге келген Алатаудың баурайы, Ша­малған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Ғасыр сазын тербеткен – Нұраға» ат­ты мерекелік шарамен жалғасын тапты.
Шараға Шамалған ауылдық округі ақсақалы Бай­бақтинов Қайрат Жұмәділұлы бастаған ауыл үлкендері, колледж студент­тері мен мектеп оқушылары, Ал­маты облысы Мәдениет, архивтер және құ­жат­тама басқармасының бөлім басшысы Гүлнұр Келісқызы, «Құрманғазы» атындағы ұлт­тық халық аспаптар оркестрінің ардагер мүшесі, үш ішекті домбыраның прима класының маманы Амантай Нұрпейісұлы, сондай-ақ Н.Тілендиевтің төл шәкірт­тері, күйші, композитор Дүйсебай Шаштайұлы мен Салтанат Сағымбайқызы арнайы келіп қатысып, естеліктерін айт­ты.
Н. Тілен­диев­тің шәкірті, күйші, композитор Д. Ша­ш­тайұлы: «Нұрғиса ағаның үйінде жатып оқыдым, Нұрағаның тағдыры да, өмірі де өте күрделі болды. Соғысқа да қатысқан, жетімдікті де, ашаршылықты да көрді. Бірақ Құдай ол кісіге талант­ты аямай үйіп-төгіп бергені рас. Ол кісі өзін өнер жолына Ахмет Жұбанов әкелді деп отыратын. Жұмыс үстелінде қағазы, қарындашы, өткір бәкісі, күл салғышы мен темекісі қатар жататын. Қолында ешқандай аспап болмайтын. Десе де тұңғиық тереңнен жеткен әуеннің бәрі құлағында ойнап тұратын. Ол кісі, тек отырып жаза беретін. Қазақша айт­қанда, ондай адамдардың дарыны заңғар биік­тен әрі «құймақұлақтығы» зор қа­білетке ие деп атайды. Кезінде икемділігімен биге қатысқандықтан болса керек, саусағындағы бүкіл буындары жазылып та, бүгіліп те, әрқилы икемге келіп тұратын еді. Домбыраның құлағында ойнағанда дыбысты нақышына келтіре шығара алуы осыншама қабілетке ие болғандықтан деп ойлаймын. Ал Нұрағаның шығармашылығына тоқталар болсам, ол кісі 400-ге тарта ән мен романс жазды. Т. Молдағалиевтің сөзіне жазыл­ған «Құстар қайтып барады» әнін бүгінде білмейтін қазақ жоқ. Осы қатарда 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге де музыка жазды. Әр қазаққа таныс «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» секілді кинотуындылар мен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильміне де әуен жазған Нұраға болатын. Еуропада 200 жыл бұрын тасқа басылған Моцарт шығармаларының нотасы бүгінгі күнге дейін бір өзгерген жоқ, ал бізде сол жолды ұстануымыз керек болатын. Қазір әркім өз білгенінше Нұрағаның күйлерін өзгертуге тырысып жатыр, ол – өнерге деген қиянат! Ендігі жерде, осы мерейтойда арнайы шығарылып жатқан басылымдарда осы кем­шіліктерді түзесе, ескерсе», – деп сөзін түйіндеді.
Арнайы жиынға келген қонақтар өз естеліктерін айтқан соң, Алматы облысы әкімдігі жанындағы «Үшқоңыр»
фольклорлы-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, Қарасай ауданының қолөнер шеберлері дербес көрме жұмыстарын ұйымдастырды.

Жанар ҚАЛИБЕКҚЫЗЫ,
«Атамекен» тарихи-мәдени
орталығының қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір