Ән көгінде немесе әнші Бақыт Шағырбаев туралы мөлтек сыр
Таяуда теледидардағы «Абай ТВ» телеарнасынан көрші Қырғызстан мен біздің елдің өнер саласында жүрген әншілердің біріккен «Қос қанат» хабарын тамашалап отырып, Тараздағы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның белгілі әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаевтың баянға қосылып қырғыздың лирикалық әндерінің бірі Түгелбай Қазақовтың «Жаңбыр төкті» әнін нақышына келтіре орындағанын тамашалап, рахатқа бөленіп, өте риза болдым.

Иә, әр әннің өз орындаушысы бар. Бұл әнді бұрындары бірнеше белгілі әншілердің орындауында тыңдағаным бар-ды. Бірақ Бақыттың орындауынан ерекше әсер алдым, артта, ту сонау алыста қалған жас шағымды еске түсіріп, қалғып жатқан сезімімді оятып, жүрегімді тербетті. Орындаушысын тапқан әсем әннің құдіреті қандай, шіркін! «Ән – көңілдің ажары», деп халық бекер айтпаған-ау, сірә!
Баяғыда бір ғұлама «Мен музыканы не үшін жақсы көрем? Себебі, музыка адамнан, қоғамнан шыншыл» депті. Қазақ музыкасын зерттеген Борис Асафьев «Қазақтың ән әуездерінің тамаша бір қасиеті – оның шын жүректен шыққан эмоциялық сезімталдығы мен сезгіштігі» деген екен. Ал Ницше болса «Егер музыка болмаса, мына әлем қате болар еді» («Без музыки этот мир был бы ошибкой») дейді. Шынында, адам өз көңіл күйін, сезімін, жүрек толқынысын ән мен күй арқылы сыртқа шығарады. Жақсы музыка әуені жаныңды баурап, жүйкеңді тыныштандырып, бойыңды сергітеді. Тіпті әсерлі музыка құдіретін бұрынғы емшілер мен қазіргі дәрігерлер кейбір науқастарды емдеуге пайдаланған, қазір де пайдаланып келеді. Оны ғалымдар музыкамен емдеу, яғни «музыкатерапия» дейді. Музыка жүрегіңді қытықтап, жүйкеңді тынықтырып, жаныңды желпіндіреді. Ғажайып ән, әсерлі музыка әлемі болмаса мына кең дүние не болар еді? Біле білсек айналамыздағы табиғат «үні», оның әртүрлі әсем көріністері, құстардың құйқылжытып сайраған әртүрлі үні, желге тербетілген қамыс ызыңы, жағаға соғылған теңіз толқыны, тіпті жауынның қақпамызды сабалап жаууы және т.б. құбылыстар мен дыбыстар да музыка емес пе? «Музыка – жүрек тілі, ол – сезімдер мен көңіл күй әлемі. Ол дыбыстар арқылы бейнеленген жан сарайы. Егер сен музыканы түсініп сүйгің келсе, оны ыждағаттықпен тыңдай біл! Кейін сен оны міндетті түрде ұнататын боласың, бірте-бірте өзің белгісіз мезетте қалай үйренгеніңді де сезбей қаласың, жақсыны жаманнан айыра алатын боласың. Осылай етсең сенде тамаша талғам пайда болады», деген пікір айтады орыстың белгілі композиторы Дмитрий Шостакович.
Расында солай, кейде музыка адамға жүз сөзден артық әсер ететіні бар. Әнші Бақыт Шағырбаевтың сахна төрінен аса шеберлікпен халық әндері «Қызылжар-Семей», «Бұлбұлым», Шәмші Қалдаяқовтың «Арқалықтың ақ таңы», «Теріскей», Ілия Жақановтың «Толағай», Алтынбек Қоразбаевтың «Сырғалым», Нышан Төлегеновтің «Бәйдібек баба», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» және де басқа әндер мен термелерді нақышына келтіре, құйқылжыта шырқағанын концерттерден талай көрдім. Оның көмейінен шыққан ерекше жағымды дауысы, әндерді орындау мәнері көпті тәнті етеді. Тіпті бұрынғылардың сері азаматтарына ұқсап, бір мезгіл ел аралап, өңіріміздің шалғай жатқан ауылдарына барып, өмір серігі – жұбайы Айгүл екеуі ақысыз концерт кештерін өткізетін әдеті бар екенін естіп жүрміз. Таяуда сондай концерттік сапармен Меркі аймағында болып, 14 ауыл тұрғындарымен кездесіп, тамаша әндермен тербетіпті. «Меркі Родон» шипажайының директоры Серік Махамбетовтың шақыруымен демалушылар алдында екі сағаттық концерт беріп, еліміздің әр өңірінен келгендерді әсем ән мен жырға бөлеп, аса риза етіпті. Шипажайда маңғыстаулықтардың бар екенін біліп, солардың құрметіне «Маңғыстау» әнін орындағаны, мойынқұмдықтар үшін Ш.Қалдаяқовтың «Мойынқұмда ауылым» әнін мәнерлеп шырқағаны ерекше әсерлі болыпты. Оның сол жолғы татымды гастрольдік сапары жайлы журналист Серік Құралбай жергілікті «Меркі ақиқат» газетінде тәптіштеп жазыпты.
– Менің өскен жерім – қазыналы да киелі, тарихы мол Қаратау бөктеріндегі Тамды ауылы. Бұрындары Талас ауданының Шолақтау совхозының орталығы болатын. Мен көпбалалы отбасында өстім. Біздің Қысатай әкеміздің тарихы қызық. Әкемді әжем Құндызай Түлкібастың балалар үйінен асырап алған. Күйеуі соғысқа кетіп, келмей қалған әжеміз Түлкібастың станциясында нан сатып жүріп, өтіп бара жатқан пойызға іліне алмай қалған 6-7 жасар баланы көреді. Содан баланың ешкімі жоқ екенін білген әжем баланы үйіне алып келеді. Бірақ ағайындары: «Ертең тұрмысқа шығасың. Аяғыңа тұсау болады ғой», – десе де көнбей өзіне тәрбиеге алады. Әжем ол кезде 24 жаста екен. Бірақ әжем жарықтық енді күйеуге шықпауға ант беріп, сол баланы бауырына басады. Бала ержеткен соң әжеміз өзінің немере ағайынының қызын алып береді. Екеуінен төрт-бес бала дүниеге келеді. Кейін ес білген Қысатай әкеміз өзінің елін іздеп, газеттерге мақала жазады. Содан әкемді балалар үйіне өткізген ағайындары табылып, өз елдеріне алып кетеді. Сөйтіп, ағайын-туыстары Тамды ауылынан үй салып береді. Үй дайын болғаннан соң, 1962 жылы әжемізді көшіріп алып, Тамды ауылына қоныстанады. Мен дүниеге келгенде анамыз Қаратаудың ауруханасында жатып. сырқаттанып қалады. Сонда әжем Құндызай түнделетіп Тамды ауылынан 15 шақырым жердегі Қаратауға жаяу барып, етегіне мені орап алып, ауылға алып келіпті. Әжем түнде мені бесікке бөлегенде, біреу әкетіп қалмасын деп белтартпаны қолына қосып байлайды екен. Сөйтіп, біз – бес қыз, бес ұл әжеміздің бауырында өстік. Менде мектепке барғаннан кейін-ақ ән өнеріне деген қызығушылық туындады. Біздің отбасымызда әнге құмар жандар аз болмады. Әкем Қысатай сырнайда ойнап, анам Хадиша екеуі отырыстарда қосылып ән айтып, өнерлерімен көпшілікті таңғалдыратын. Әжем Құндызай да жайлап әндетіп жүретін. Ол белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлының жақын әкпелері еді. Тіпті атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің әкесі Атабекпен менің шешемнің әкесі Аймахан біріне-бірі жақын немерелер болып келеді. Сол нағашыларымнан маған да бірнәрсе «жұққан», дарыған болу керек, сірә. Алғашқы кезде қазақтың қоңыр домбырасын меңгеріп, ел аузында жүрген белгілі әндерді орындай бастадым. Одан кейін бірте-бірте Алтынбек Қоразбаевтың әндерін мәнерлеп шырқайтын дәрежеге жеттім. Көпшілік мені көрсе «Алтынбектің әнші інісі келе жатыр» деп қолпаштайтын. Кейін Сыр бойының белгілі әншісі Бексұлтан Байгелдиевтің баянмен салған әндеріне қызығып, ниетім баян-сырнайға ауысты. Міне, содан бері қаншама жылдар болды баянды өзіме серік етіп, ел алдында өнер көрсетіп жүрмін. Тыңдаушыларым менің орындаған әндерімді жылы қабылдайды. Өйткені мен қандай ән айтпайын жүрекпен айтамын. Сондықтан тыңдаушыларым әр әнімді жылы, зор ілтипатпен қабылдайды. Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді. Өнер жолымда талай белгілі ағаларым мен мемлекет қайраткерлерінен бата алдым. Мысалы, Д.Қонаев, Қ.Көшербаев, С.Үмбетов, Ө.Байгелдиев, А.Сейдімбек, М.Жолдасбеков және де басқалар өнеріме тәнті болып, ықыласпен тыңдап, сүйсіне бата берген. «Батамен – ел көгерер» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Елдің батасы мені әркез қолдап жүргенін сезіп отырам, – дейді Бақыт Шағырбаев өз өмір жолымен, өнер жолымен қысқаша таныстырып. Сәл ойланып барып, әңгімесін ары қарай жалғастырды:
– Жезқазған мәдени-ағарту училищесінде білім алғаннан кейін еңбек жолым Қаратау қаласында аудандық мәдениет үйінде жеке дауыстағы әнші қызметінен басталды. Өмір ағымымен 2001–2006 жылдар аралығында Еуразия ұлттық университетінде «Қоңырқаз» ансамблінің жетекшісі болдым. 2006–2014 жылдар аралығында өнердің ордасы, шығармашылықтың шыңы саналатын оңтүстік астанамыздағы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында әнші болдым. 2014 жылдан бастап туған жерге қазығым қағылып, Жамбыл облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі ретінде халыққа өнерімді тарту етіп жүрмін. Осы жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғаным туған жерімнің сыйы деп білемін. Өнердегі жолымды Тоғжан қызым жалғастырып, бүгінде өзіммен бірге филармонияда қызмет етіп жүр.
…Ертеректе алматылық өнер иелерінің шақыруымен аты елге кең таралған созақтық дүлділ күйші Сүгір Алматыға келеді. Бойындағы бар өнерін таспаға жазып бермек екен. Бірақ Алматыда отырған «дегдарлар»: «Кешіріңіз, бізде соншама шығарманы жазатын магнит таспа жоқ, кейінірек келерсіз», – деп шығарып салады. Өмірінде ешкімнен именбеген, қалағанынша жүріп-тұрған Сүгір жаман қорланыпты. Ашу қысқан ол алды-артына қарамай ауылына қайтып кетеді. Кейіннен Талиға апай (Бекхожина) фольклорлық экспедициямен Созаққа барады ғой. Сонда магнитофонын көтеріп үйіне келген, консерваторияның бір-екі студенті бар, жетекшілері бар, бір топ адамды Сүгір табалдырығынан аттатпай, кері қайтарыпты. Сізді Сүгір күйші деп келдік қой дегендерге: «Мені Сүгір деп кім айтты, Сүгір баяғыда өліп қалған, сүйегі сол Алматыда жерленді», – деп жауап беріпті. Әрине, өзім көрген жоқпын, елден естіген әңгімем.
Сүгір мен Әйкен бірнеше рет кездесіп домбыра тартысқан ғой. Сол Әйкен тағы бір келгенде Сүкең: «Әй, Әйкен, баяғыда күйші келгенде ханның өзі тақтан түсіп, қарсы алады екен. Кейіннен, кедейден болған шоңдардың өздерінде бұрынғы төреден қалған жөн-жоба бар еді. Сен екеумізді төбесіне көтермесе де өздерімен тең отырғызатын. Енді Алматыға барып концерт дегенін көрдім. Әншісі бар, күйшісі бар, белдемшесі белінде, бес кесесі қолында төрелерге қызметші құл мен күң есебінде екен. Басымыздан дәурен өткен екен, Әйкен», – депті жарықтық.
Сол айтылғандай қарапайым адамдарға деген кертартпа мінезден, кесепаттықтан әлі ажырамай келеді емес пе кейбір шекпенділер. Осы Бақыт Шағырбаевтың «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болуы да бір ерекше хикая. Сол кездегі еліміздің Мемлекеттік хатшысы қызметінде жүрген, халық қамын көп ойлайтын Қырымбек Көшербаев біздің Жамбыл облысына іссапарға келеді. Ел-жұртты аралап келгеннен соң делегация-топ мүшелеріне кешкі шай бермек болып дастарқан жайылады. Сол кешке облыстың атақты бірнеше әншісін шақырып, ән айтқызады. Әлгі ән айтқандардың арасында Бақыт та болып, бірнеше қазақ әндері мен термелерді баянға қосылып, нақышына келтіре шырқайды. Оның қайталанбас ерекше жағымды дауысына, орындау шеберлігіне Қ.Көшербаев тәнті болып, облыс басшылары мен мәдениет басқармасының бастығына: «Мына жігіттің тамаша өнерін елге неге танытпайсыздар? Ел-жұрт арасында бағы жанбай, көлеңкеде жүрген әлі қаншама таланттар жүр! Қолдаңыздар мына жігітті. Менің атыма ұсыныс жасап, ұзаққа созбай жіберіңіздер. Қолдан келген көмегімді жасайын…» – деп құлаққағыс етеді. Содан өңір басшылары: «Ой, ол консерватория немесе өнер университетін бітірмепті, қалай оған «еңбек сіңірген қайраткер» атағын береміз», – деп шекелері тырысып, онша жөнді ниет білдірмепті. Сонда біздің Бақыт Қысатайұлы ертеректе белгілі композитор Шәмшінің (Қалдаяқов) басынан өткен мына бір оқиғаны айтып беріпті.
Шәкеңнің әндері телевидение мен радиодан күндіз-түні беріліп, сахналар мен жастар бас қосқан жерде үзбей орындалып жатқан шуақты күндер екен. Шәкеңнің достары оның «қолтығына су бүркіп»: «Шәке, сен неге Қазақстан Композиторлар одағына өтпейсің? Бар жағынан жөні келіп тұр емес пе?» – деп ұсыныстарын білдіреді. Содан Шәкең қажетті қағаздарын жинап алып, Композитор одағына салып ұрып барады. Оның төрағасы ол кезде Еркеғали Рахмадиев екен. Бұрыннан бірін-бірі жақсы білетін екі композитор құшақтасып амандасады. Аман-саулықтан кейін Шәкең келген жұмысын баяндайды. Сонда Е.Рахмадиев қызарақтап, алдындағы қағаздарын ары-бері парақтап отырып: «Бәрі дұрыс қой, Шәке. Сенің өнеріңіді бағалап, дүйім халық «вальс падишасы», «вальс королі» деп ардақтап, ауызынан тастамай жыр ғып айтып жүр. Кез келген композиторға одан артық бақыт бар ма?! Бірақ сен ренжіме, досым, өнер университетін немесе консерватория бітірмегенің бар, сені қалай Одаққа қабылдаймыз. Ойланшы, тәртіп пен талапты қалай бұзамыз? Композиторлар одағына шығармашылық өнерінде еңбегі бар, консерваториялық жоғары білімді кісі ғана қабылданады…» – депті күмілжіп. Ондай жауапты күтпеген Шәкең: «Әй, Еркеғали, олай десең анау Кенен Әзірбаев, атақты Құрманғазы қай консерваторияны бітіріп еді? Олар да композиторлар одағына мүше болды емес пе?! Нені қыртып отырсың, мына кресло-таққа шіренген болмысың болсын…» – деп ашуға басып, кабинет есігін тарс жауып кете барыпты.
Б.Шағырбаевтың бұл сөзі сүйегіне өтердей болып, облыстың мәдениет басқармасы жоғарыға ұсыныс қағазын қинала-қинала жіберіпті. Сөйтіп, әділдік жеңіп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген талант иесіне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген төсбелгі сәл де болса қиындықтарға, кедергілерге жолығып, кештетіп берілген екен.
Ғұлама хакім Абай Біржанның әнін тыңдап: «Әй, Біржан, сендей енді қазақтан әнші ұл тумайды ғой», – дегенде Біржан: «Абай аға, мендей әнші ұл туса туар, бірақ сіздей тыңдаушы тумайды ғой», – деп бір-бірін жарасымды бағалаған екен. Сол айтылғандай, құдіретті өнерімен ел-жұртты тәнті етіп бүгінде ортамызда жүрген, тыңдаушыларын сүйсіндірген талантты, дарабоз әнші Бақыт Шағырбаев – шынында ән әлемінде өз орнын тапқан ерекше өнер иесі.
Лайым, көпшілік ән орындау шеберлігі мен талантына ыстық ықылас білдіріп, ризашылықпен қол соққан, бүгіндері ән көгінде жүрген өнерлі де өрелі Бақыт Қысатайұлының қанаты таОрдабеков — Әнші Шағырбаев туралы лмай, саз биіктерінде ұзақ қалықтай берсін!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі