ЖҮЙЕЛІ СӨЗГЕ ЖҮГІНГЕН СӘТТЕР НЕМЕСЕ МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМА ЕРЕКШЕ ӘСЕР ЕТКЕН КЕЗДЕСУ ТУРАЛЫ
Жеті жыл журналистика саласында қызмет істеп, жаңадан құрылған кеден саласына енді ғана қызметке ауысқан кезім болатын. Бір күні мені сол кездегі егеменді еліміздің алғашқы баспасөз министрі Қуаныш Сұлтанов ағаның іздеттіріп жатқаны жөнінде хабар жетті. Әрине, талай жыл Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыздың сенімді серігі болған адамның мені іздеттіруі жақсылықтың белгісі екенінде еш күмәнім болған жоқ.
Айтылған уақытта Қуаныш Сұлтанұлының қабылдауына келдім. Жүрегім қобалжулы. Қабылдау бөлмесінде хатшы қыз бен көмекшісі жылы қарсы алды да, министрдің кабинетіне кіргізді. Бұрын биік мінберлерден сыртынан ғана көріп жүргенім болмаса, бетпе-бет кездесуім бірінші мәрте еді. Жүзі өте жылы көрінді. Мені көрген бетте төрде отырған орнынан тұрып келді де: «Қал жақсы ма, айналайын?» – деп жылы амандасты. Министрдің аузынан «Айналайын» деген сөзді естігенде жүрегімнің дүрсілі орнына түсіп, әңгіменің негізгі төркінін естуге асықтым.
– Мен сені сырттай жақсы танимын, – деп бастады әңгімені сабырлы кейіпте, – сенің жазғандарыңды мүмкіндігінше жібермей оқып, сыртыңнан тәнті болып жүрген жайым бар. Сондықтан да сені біздің министрлікке жақсы қызметке шақырайын деп іздеттірдім. Сөйтсем, сен кеденге ауысып кетіпсің…
Әңгіменің төркіні бұлай өрбиді деп ойламаппын. Қаншалықты қуанып әрі қобалжып тұрсам да, не деп жауап берерімді білмей састым. Себебі, соның алдында ғана Кеден комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Нұрлан Хайдоллаұлы Тілемісовтің өзі шақырып, болашақ мансабыма байланысты өз жоспарларын айтқан еді.
– Аға, – дедім кішкене сасқалақтаған бойда ойымды жинақтай алмай, – Нұрлан Хайдоллаұлының жақын арада мені жаңа қызметке ауыстырмақ ойы бар еді. Сондықтан да сіз сияқты адамның ұсынысынан бас тартуға ыңғайсызданып, екі ойлы болып отырмын…, – деп сөзімді аяқтай алмай қалдым.
– Ойыңды түсіндім, – деді жылы жымиып, – әрине, кеден деген – жаңа сала. Кадр тапшылығы да бар. Өзіңді көрсетсең, өсу де жеңіл. Бастығың Нұрлан да – өте жақсы азамат. Сондықтан да көңілің соғып тұрса, сол жерде қала бер…
–Рахмет аға, – дедім үстімнен бір ауыр жүк түскендей. Әлі де болса ойымды жинақтай алмай, абдырап отырмын. Сол кезде:
–Бірақ та есіңде болсын, – деп жалғады әңгімені Қуаныш аға, – кеденге кеттім екен деп қолыңдағы қаламыңды тастама, қарағым. Себебі, қолынан жазу келу деген сөз адамның маңдайындағы жарқырап тұрған шырағы екенін ұмытпа. Өкінішке қарай, мен таныған қаншама талантты журналистер басқа салаға ауысқан кезде қаламын қаңтарып тастап, көптің бірі болып қалды. Ал енді өмірде қаламының құдіретімен танылып, талай биікке шыққандарды өзің де жақсы білесің. Солардың бірі және бірегейі өзіңнің нағашың Кәкімжан Қазыбаев ағаң. Менің осы ағалық ақылымды есіңнен шығарма. Хабарласып тұр, есігім әрдайым ашық…
Өмір жолында талай биікті де, күйікті де көп көрген және оқығаны мен тоқығаны мол Қуаныш ағаның мына сөзі кәдімгідей ой салды. Содан кейін:
– Сіз бүгін мені үлкен бір мектептен өткіздіңіз, аға. Қаламымды тастамаймын, рақмет сізге, – деп уәде бердім.
Министрдің қабылдауынан шыққан бетте тынысым кеңіп сала берді. «Жақсымен өткізген бір жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деп қалай дәл айтылған. Дегенмен, Қуаныш аға шақырған қызметтен бас тартсам да, кеденге келген соң біраз уақыт үлкен тебіреністе жүрдім. «Дұрыс жасадым ба, әлде қателестім бе?» деген ойлар көпке дейін көкейімнен кетпеді және де осы ойымды кеден бастығы Иван Алексеевич Красуленкоға (қазіргі уақытта Ресей федералды кеден қызметінің отставкадағы генерал-майоры) айтқан кезімде таңданысын жасыра алмай:
–Баруың керек еді. Ондай адамның жанында жүрсең үлкен мектептен өтер едің. Араласатын ортаң да кеңейеді. Ол дегенің биік мансап қана емес, билік пен саясат мектебі ғой. Ол жер талайлардың арманы емес пе? – деді шынайы пейілін білдіріп.
Көп ұзамай Қуаныш аға Премьер-министрдің орынбасары болып ауысты. Оның орына министр болып марқұм Алтынбек Сәрсенбаев келді. Алтынбекті де жақсы танитын едім. Себебі журналистика факультетінде бізден бір курс қана жоғары оқыды. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне ауысқанша бір корпуста оқып, бір жатақханада тұрдық. Өзара сыйластығымыз да жақсы болатын. Сол кезде ел таныған екі азаматты да жақсы білгендіктен, «бір қателік жіберіп алдым-ау…» деп ойладым. Тек қана Қуаныш ағаның «Хабарласып тұр, есігім әрдайым ашық» деген сөзі ғана көңіліме медеу болғандай.
Иә, өмір болған соң алдыңда қандай белес, қандай егес күтіп тұрғанын білмейсің. Қызмет жүгі қаншалықты ауыр болса да, қолымдағы қаламымды тастаған жоқпын. Күндіз жұмыста болсам, кешке жазу үстеліне отырдым. Ең бірінші детектив жанрында «Қорқаулар түнде жортады» атты кітабымды шығарып алдым. Содан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында кеден өмірінен біраз детективтік және құқықтық жанрдағы материалдар жарияладым. Сол арқылы қазақ оқырмандары жаңадан құрылған кеден қызметінің маңызы мен міндетін түсінді. Сонымен қатар кәсіби кеденшілердің ішінде бірінші болып «Кеден ісі бойынша сұрақтар мен жауаптар – Вопросы и ответы по таможенному делу» атты оқу құралын екі тілде жазып шығардым. Аталмыш оқу құралы Кеден комитетінің басшылығы мен жоғары оқу орындары тарапынан жақсы бағаланды және кедендегі мансабыма да үлкен ықпалын тигізді. Соның нәтижесінде қатардағы лейтенанттан кеден қызметінің полковнигі, қатардағы инспектордан кеден бастығына дейінгі жолдан өттім. Мен сонда ғана Қуаныш аға айтқандай, «қолдан жазу келу дегеннің – адамның маңдайына Алла тағаланың жағып берген шырағы» екенін жете түсіндім.
Кейіннен Қуаныш аға қандай қызметте жүрсе де, менің шығармашылық қадамымды назарынан тыс қалдырған емес. Әсіресе газет беттерінде жарық көрген мақалаларым бойынша телефон шалып, әрдайым көңілімді көтеріп жүрді. Бұл жағдайлар маған үлкен қанат бітірді. Сол кезде жауапты да қауырт қызметтерде жүріп, қатардағы қаламгер інісінің жазғандарын оқуға уақыт тауып жүргеніне таңғалатын едім.
Бірде «Жас алаш» газетіне марқұм нағашым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаев туралы «Тұма суы әрдайым тұнық болады» атты эссем жарық көрді. Эссемді оқыған бетте Қуаныш аға телефон шалып, материалдан алған әсерін және ағалық ақылын айтып, мерейімді өсіріп тастады. Онымен қоса сол кездегі Кеден комитетінің төрағасы марқұм Бердібек Сапарбаев ағамызға телефон шалып:
– Қарамағыңда қандай қабілетті азаматтар қызмет жасайтынын білгенің дұрыс қой. «Жас алаш» газетінде Бекен Нұрахметов деген ініміздің жақсы материалы шығыпты. Соны оқып шықшы мүмкіндігің болса, – депті.
Иә, «Бір ауыз жылы сөз бір адамның тағдырына әсер етуі мүмкін» деген рас қой. Қуаныш Сұлтанұлының осындай жылы пікірінен кейін Бердібек Мәшбекұлымен арамызда шынайы ағалық-інілік сыйластық басталды. Әрдайым ағалық қамқорлығын жасап, өзіне жақын тартып жүрді. Сонымен қатар азды-көпті еңбегімді бағалап, 2005 жылы мемлекеттік марапатқа ұсынды және болашақ мансабыма да көп ықпалын тигізді. Осылайша, өмір жолында Бердібек Машбекұлынан да талай шарапат көрдім және көп нәрсе үйрендім.
Өкінішке қарай, Бердібек Мәшбекұлы Кеден комитетінің төрағасы қызметінен кеткен кезде артынан топырақ шашып, абыройына нұсқан келтіруге тырысқан пенделер де болмай қалған жоқ. Бұл жағдай ол кісіге өте ауыр тиді, әрине. Ең әділетсіздігі ол кісінің кеден саласына сіңірген орасан зор еңбегі тиісті дәрежеде бағаланбағаны еді. Сондықтан да Бердібек Мәшбекұлының кеден саласын заманауи талапқа сай көркейтуге сіңірген еңбегін саралай отырып, 2007 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне «Тау басын бұлт басса да, кір шалмайды» атты тақырыппен көлемді эссе шығардым. Бұл материал жарыққа шыққанда Бердібек Мәшбекұлы министрдің қатардағы орынбасары ретінде үкімет басшысымен іссапарда жүрген болатын. Мақаланы бірінші болып оқыған марқұм Әбіш Кекілбай ағамыз кейіпкерімізге телефон шалып, өте жылы пікір білдіріпті. Және де сол іссапарда бірге жүрген үкімет басшысынан бастап бәрі де Бердібек Мәшбекұлын құттықтап, көңілін марқайтып қойса керек. Сонымен қатар іле-шала Қуаныш Сұлтанұлы телефон шалып:
-Бекен айналайын,- деп бастады сөзін сабырлы кейіпте. – Сенің мына мақалаң дер уақытында жазылыпты. Есіңде болсын, адамға көңіл деген қызметте жүрген кезде әрдайым табылады. Ал қызметтен кеткен кездегі пейілдің орны бөлек. Кімнің кім екені осындайда көрінеді. Бұл сенің азаматтығың, алысты көре білгендігің және інілік парызыңды өтегенің,- деді.
Қуаныш Сұлтанұлымен сөйлесіп болғаннан кейін арада көп ұзамай Бердібек Мәшбекұлының өзі телефон шалды да, жүрекжарды лебізін білдіріп, батасын берді. Және де осы мақаланы Президент те оқып, жылы пікір білдіргенін айтты. Сол сәтте Бердібек ағамның қуаныштан көңілі көкке көтеріліп тұрып айтқан сөздері әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Және де осы мақала жарыққа шыққанан кейін көп ұзамай Еңбек және халықты әлеуметтік қамсыздандыру министрі болып тағайындалды. Сөйтіп, менің де газет бетіндегі бір ауыз жылы сөзім бір адамның тағдырына әсер еткен сияқты көрінді.
Өмір жолында өзім қаламгер болсам да, Қуаныш ағадан шығармашылық жағынан да көп нәрсе үйрендім. Себебі, алғашында журналистік қадамымды құқық тақырыбында және детектив жанрынан бастаған едім. Кейіннен
Қуаныш ағаның өзінің замандастары туралы жазған портреттік очерктері мен эсселерін оқығанда бұл жанр мені де ерекше қызықтыра түсті. Әсіресе белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Әбіш Кекілбай, Қаратай Тұрысов, Шәмшә Беркімбаева, Өмірбек Байгелді т.б. туралы жазған дүниелері көңіліме ерекше жылы әсер етті. Кейіннен осы жазғандарының бәрін жинақтап, «Заман және замандастар» атты кітап қылып шығарып, бір данасын маған сыйға тартты.
Аталмыш кітаптың жазылу мәтіні қатты ұнады. Содан кейін: «Маған да неге осындай кітап шығармасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, осы жанрда біраз тер төгіп, «Менің тағдырымдағы адамдар – Люди в моей судьбе» атты эсселер жинағымды екі тілде жарыққа шығардым. Кітап шыққан бетте шығармамның кейіпкері болған Әділ Ахметов, Бердібек Сапарбаев, Зейнолла Кәкімжанов, Уәлихан Қалижан, генерал-лейтенант Нұрлан Тілемісов, генерал-майор И.Красуленко, Ерлан Арын, Бауыржан Омаров, Бейбіт Исабаев т.б. азаматтар алғыстарын айтып, көңілімді көтеріп тастады. Эссе жанрының қызықтырғаны соншалық, кейіннен тағы да аталмыш жанрда «Көңілдегі кейіпкер» атты жинағымды шығарып алдым.
Әсіресе мына бір оқиға әлі есімнен кетпейді. 2002 жылы кеден саласында болып жататын ауыс-күйістер мені де нақақтан-нақақ жанап өтті де, «Бақты» кеденінің бастығы қызметінен босадым. Біраз уақыт қызметсіз жүріп қалдым. Содан бірде Шығыс Қазақстан облысына Кедендік бақылау басқармасының бастығы лауазымына бару ұсынылды. Алайда Алматыдан тым алыс болғандықтан бұл қызметті кішкене олқысынып қалған жайым бар. Сол кезде ақыл сұрап, Қуаныш ағама хабарластым.
– Бекен, сенің жасың қаншада қазір?- деді менің уәжімді естіген бетте.
– Қырықта,– дедім. Сол кезде:
– Қарағым-ау, қырық дегенің нағыз қылшылдап жұмыс істейтін кездерің емес пе, – деді сабырлы кейіпте, – осы уақытқа дейін мен не көрмеді дейсің? Жоқшылықты да, әкеден ерте айырылған жетімдікті де көрдік. Колбиннің қылышынан қаны тамып тұрған кезде де талай әділетсіздікті бастан өткердік. Бұның бәрі үлкен өмір мектебі екенін ұмытпа. Есіңде болсын, мықты адам – биікке шыққан емес, биіктен құлап, қайта көтерілген адам. Сондықтан да өзіңді еңбекқор және қиындықтан қаймықпайтын азамат ретінде көрсете білуің керек, – деді.
Иә, өмір болған соң қызықты да, шыжықты да көп көреді екенсің. Әсіресе кеден саласында. Қызмет барысында өзекке түсіп, күйінген кездерім де аз болмады. Тіпті полковник шеніммен капитан мен лейтенанттардың қарамағында қатардағы инспектор болып та жұмыс істедім. Онымен қоймай төрт қастандықты бастан кешірдім. Сондай сәттерде ішіне пышақ айналмайтын кейбір бәсекелестерім сыртымнан «Қиындыққа шыдамай, сынатын шығар…» деп ойлады. Мен оған намыстанған жоқпын. Керісінше, еңсемді тік көтеріп, контрабандаға қарсы күресте біраз жетістіктерге қол жеткіздім. Жастарға білгенімді үйретуден жалықпадым. Соның нәтижесінде, қайтадан өз биігіме көтеріліп, «Мемлекеттік кірістер органының үздік қызметкері» атандым. Сондай сынақты сәттерде Қуаныш ағамның «Мықты адам – биікке шыққан емес, сол биіктен құлап, қайта көтерілген адам» деп айтқан ақылы маған үлкен жігер берді.
Өз басым Қуаныш Сұлтанұлының шығармашылығы ғана емес, ол туралы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жазған дүниелерін де қалт жібермей оқып, жан дүниесін жете таныдым. Солардың ішінде қазақтың біртуар ақыны Фариза Оңғарсынова «Ел білетін азамат» атты мақаласында: «Билігінің беделін пайдаланып, белден басып, байлық жинамады… Көзі ашық, көңілі сергек, іскер азаматтарды қазақ елінің әр өлкесінен көзі шалып, қатарға қосуға тырысты. Бүгінде ел аузында жүрген Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев, Сергей Дьяченко, Маркен Шәйжүнісов, Мұхамбетқасым Шакенов, Күләш Шәмшиденова, Серік Ақымбеков секілді азаматтарға Қуаныш Сұлтанұлы кезінде қамқор болған» деп жазыпты.
Сонымен қатар белгілі ақынымыз Олжас Сүлейменов өзінің Д.Қонаев туралы жазған естелігінде, Димаш ағаның артында ешбір ұрпағы қалмаса да, қаншама азаматтарды ала жіпті аттамайтын адалдық пен азаматтыққа тәрбиелегені жөнінде жақсы айтып өтіпті. Осы орайда солардың бірі және бірегейі – Қуаныш Сұлтанұлы екені даусыз. Себебі қаншама жыл билік басында және саясат сахнасында жүрсе де, басқалар сияқты халыққа тиесілі қазынаға қолын салған жоқ. Атап айтқанда, Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан компартиясы орталық комитеті ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімінің меңгерушісі, баспасөз министрі, Премьер-министрдің орынбасары, Жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары, ҚХР-да төтенше және өкілетті елші, Парламент Сенаты халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы сияқты жауапты қызметтерде жүріп, егеменді еліміздің іргетасын қалауда көп еңбек сіңірді. Еліміздің болашағын және стратегиялық маңызын айқындайтын халықаралық маңызы бар құжаттарды қабылдау кезінде ерекше табандылық таныта білді. Сондай-ақ Димаш аға сияқты қаншама азаматтарды ұлтжандылыққа, адалдыққа және ел мүддесі үшін еңбек етуге тәрбиеледі. Тіпті белгілі оппозиционер, мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың өзі бір сұхбатында: «Қуаныш Сұлтанұлынан көп нәрсе үйрендім», – деп айтыпты. Бұл, әрине, парасат пен пендешіліктің парқын ажырата білетін азаматтарға тән қасиет болса керек.
Жуырда Қуаныш Сұлтанұлының «Қазақтың Қонаевы» атты деректі туындысы жарық көрді. Сиясы әлі кеппеген аталмыш кітапта біртуар тұлғаның көшбасшылық қабілеті, қайраткерлігі, саясаткерлігі, ұстаздығы және ала жіпті аттамайтын адалдығы туралы жақсы айтып өтіпті. Автор өз көзімен көріп, көңілге түйген әсерлерін жүрек сүзгісінен шынайы өткізе білген және бұл кітаптан «Тұлға дегеніміз кім?» Қайраткердің болмысы қандай болуы керек?» деген сияқты сұрақтардың да нақтылы жауабын алуға болады. Кітаптың құндылығы да сонда. Осы орайда аталмыш туындының көпшілік оқырманға ғана емес, билік басында жүрген жастарға да берер тағылымы мол. Себебі қазіргі уақытта біз талай пенделердің сана-сезімі материалдық игіліктерге байланып, пір тұтарлық тұлғалардың қатары азайып бара жатқан заманда өмір сүріп жатқанымызды мойындауымыз керек.
Бірде Қуаныш Сұлтанұлы маған Қытай елінде төтенше және өкілетті елші қызметінде жүрген кезінде жазған «Мүдделер тоғысы – Перекресток интересов» атты кітабын сыйға тартты. Сол кітапта Қытайдағы Іле-қазақ автономиялы облысы үкіметінің төрағасы Бек-Бекмұхамед Мұса Қуаныш Сұлтанұлының азаматтығына және ел мүддесі жолындағы елшілік қызметіне тәнті болғандықтан мынандай өрнегі келіскен өлең арнапты:
Шын тұлпар бір шаршамас,
Қанша ұзақ шапқанымен.
Өзен суы сарқылмас,
Қанша ұзақ аққанымен.
Көңілден шыққан күміс сөз,
Кірлемес күйе жаққанымен.
Адамда болар қасиет,
Білінер терең жатқанымен…
Мәні мен мағынасы тереңде жатқан бұл өлең жолдары маған үлкен ой салды және 80 жасқа толатын мерейтойы қарсаңында Қуаныш Сұлтанұлы туралы қалам тербеуіме де себеп болды. Себебі
Қуаныш аға өзінің бекзат болмысы арқылы мені зиялылыққа, шығармашылыққа, қиындыққа қарсы күресе білуге және бұралаң-бұлтарысы көп өмір жолында адаспай жүруге үйретті. Сол үшін де
Қуаныш аға сияқты салиқалы адамдардың ақылын тыңдап, тәлімін көрген тағдырыма ризамын.
Қорыта айтқанда, кез келген жұмыр – басты пенденің өмір жолында ұстаздарынан, қызметтес болған әріптестерінен және замандастарынан үйренері көп екені ақиқат. Өкінішке қарай, мүмкіндігім бола тұрса да, Қуаныш Сұлтанұлы сияқты азаматтармен қызметтес болу және биік мінберлерде иық тіресіп бірге жүру, менің пешенеме жазылмапты. Әуелі, замандас болдым деп айтудың да қисыны келмейтін сияқты. Тіпті ешбір туысқандығым мен руластығым да жоқ. Соған қарамастан, жанашыр інісі ретінде мені өзіне жақын тартып, болашағымнан үлкен үміт күтті. Алайда сол үмітін ақтай алдым ба, жоқ па, оны ағамның өзі айта жатар…
Бекен Нұрахметов,
жазушы-журналист