ШЕРУБАЙ ШЕРІ (Әйгілі тілші-ғалым, академик Ш.Құрманбайұлы туралы мөлтек сыр)
12.11.2024
614
2

Есім-сойы еліміздің іші-сыртына кеңінен танымал әйгілі алаштанушы, тілші-ғалым, отандық терминология ғылымының көрнекті өкілі, ҚҰ ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы туралы бұл мерей сөзімді мен Шекеңмен ең алғаш қалай танысқанымнан бастағанды жөн санап отырмын. Ол үшін әңгімені сәл әріректен бастауға тура келеді.

Жаңылмасам, 1996 жылдың жазында филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Алпысбаевтың (марқұм) үйіне бір шаруа­мен қаңғалақтап жетіп барсам, төрінде сол кез­дегі Қазақ­стан Ұлт­тық ғылым академияның корреспондент-мүшесі, Алаш жұртының ардақты ғалымы Рымғали Нұрғалиев отыр екен, ол кісіні бірден тани кет­тім, сәлем бердім. Құнекең әуелі ол кісіні маған, сосын, мені ол кісіге таныстырды. Атағы Алатаудай ғалымды алғаш рет жүзбе-жүз көруім. Бір таңғалғаным, ол кісінің бойынан әлдеқандай «атақты» адамдарда рет­ті-ретсіз кезігіп қалатын бұлдану, нәнсіну, ыңырану, сыздау, тәкаппарлық, кесірлік, орынсыз мақтан т.б. пендешіліктердің бірде-біреуі байқалмады, керісінше, әр әңгімесін әзілмен көмкеріп, сыпайы һәм қазақы юмормен сөйлейтін, нені болса да бетке тіке айтатын кісі екен.
Әңгіме қызығымен біраз отырып қалыппын. «Қонақтың үстіне қонақ келсе қотыр болады» немесе «екі кісі бейім тұрса есті кісі ке­йін тұрады» деген атам қазақтың жоралғысымен, тұруға, жүруге қам жасап ем, Рағаң да, Құнағаң да мүлде рұқсат етпеді… Сосын, орныма қайта жайғастым. Дастарқан басындағы әңгіме болғанымен, тақырыбы ауқымды да мағыналы – тәуелсіздік тағдыры, отаршылдық кезеңнің зардаптары, қазақ әдебиетінің жай-күйі, елдің демографиялық жағдайы, шет­тегі қазақтардың тағдыры, ғалым Б.Кенжебаев, әнші Ж.Кәрменов туралы естеліктер т.с.с. әңгіме арнасы бірден-бірге ауысып, өте көңілді отырмыз. Бір әредікте Рағаң менен: «Ғылыми атақ-дәрежең бар ма?» – деп сұрады. «Жоқ», – деп жауап бердім.
– Қазақ­станда біржола қалатын ойың бар ма?
– Иә, қалдым. Азамат­тық алдым.
– Олай болса, енді қорғау керек. Менде бір керемет тақырып бар, кімге берсем екен деп басым қатып жүр еді, сен жақсы кезіктің.
Рағаң әй-шайға қарайтын емес. Мен сөздің бір кезегінде, мұнда аспирантураға түсудің де, түскен соң қорғаудың да оңай емес екенін, соған байланысты торығып, ойланып жүргенімді айт­тым.
Рағаң: «Торықпа бала! Қайтпа батыр Албан! Шерубай деген бауырың бар, мық-шегедей мықты жігіт. Жасы сенімен шамалас. Екі жылдың алдында кандидат­тық қорғаған. Енді докторлық қорғаудың қамында жүр. Жас адам жұмысты солай істеу керек! Өзің Мұстафа Шоқайдан аумайды екенсің, саған сол Мұстафа Шоқай атаңның аруағы риза болатын бір тақырып бере­йін. Тә-ә-әк, бүгін жексенбі, сен маған сәрсенбі күні түстен ке­йін сағат үште кафедраға кел, келістік пе?» «Келістік!»
Тақырыпты бекітіп алып, ізденіс қамында жүрген кез­де де Рымғали ағам Шерубайдың есімін әлденеше рет аузына алып, «молодец!» деп тәнті болып жүрді. Осылайша, «Шерубай» деген есімді тұңғыш рет Рымғали ағамның аузынан естідім. Көңіл түкпірінде сол «мық-шегедей мықты жігіт­ті көрсем, таныссам» деген ой бүр жарды.
Бір күні Шерубайды іздеп кафедрасына бардым. Ол кез­де Шерубай Құрманбайұлы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің шығыс тілдері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқаратын. Іздеп барған адамым орнында жоқ екен. Лаборанты: «Аға­й ректоратқа жиналысқа кет­ті», – деп жауап берді. Одан ке­йін де 1-2 мәрте іздеп барып едім «сабақта», «деканат жиналысында» деген жауап алдым. Қысқасы, Шерубаймен танысудың реті келмей-ақ қойды.
Бір күні сабақтан босап, ҚазМУ қақпасының қарсы бетіндегі аялдамада №11 троллейбусымды күтіп тұрсам, іздеп жүрген Шерубайым да аялдамаға келіп тұра қалды. Жайлап қасына барып, қол беріп амандастым. Жөн сұрады. Өзімді таныстырдым. Сөйтіп, аз-кем шүңкілдесе бастағанда, күтіп тұрған №11 троллейбусым келе қалды. Бақсам, Шекең де соған мінуге ыңғайланып, менімен қош­тасқысы келетін сыңай таныт­ты. «Мен де осыған мінемін», – дедім. Сөйтіп, іздеп жүрген «мық-шегедей мықты жігітіммен» аялдамада танысып, шайқақтаған троллейбуста ырғаң-ырғаң етіп әңгіме соғып кетіп барам. Шекеңнің үйі Абай мен Ы.Алтынсарин көшелерінің қиылсында екен. Сөйтіп, екеуміздің жұмысымыз бір жерде, үйіміз бір жерде, тіпті «көлігіміз» де бір болып шықты. Соның арқасында троллейбуста тербетіліп әңгіме соғатын орайымыз жиілей түсті.
1999 жылы, 12 наурызда Шекең докторлық диссертация, сол жылы мамыр айында біз кандидат­тық диссертация қорғадық. Содан көп өтпей (2001 жылы) Шерубай Құрманбайұлы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министр­лігінің тіл департаментіне қызметке шақырылып, Астанаға қоныс аударып кет­ті. Бірер жылдан ке­йін (2002) Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың арнайы шақыруымен, біз де Астанаға көшіп бардық. Сонымен, арқа төсінде арқа-жарқа ақжарма аралас-құраластық басталды да кет­ті.
34 жасында докторлық диссертациясын абыроймен қорғаған, академик-ұстаздарынан «мық-шегедей мықты жігіт» деген атақ алған Шекеңнің ғылымдағы, қызмет­тегі өсу жолы тұтас қазақ елінің, әсіресе ғылыми ортаның көз алдында.
Алғашқы ізденіс түренін қазақ тіл білімінің терминология саласындағы ақтаңдақтарға салған жігерлі ғалым бұл күнде еліміздің іші-сыртына, әсіресе түркі әлеміне кеңінен танымал терминолог тілші-ғалымға айналды. Әсіресе ғалымның Алаш қайраткерлерінің қазақ тілі, терминология саласындағы еңбектерін зерт­теу саласына да қомақты олжа салғанын атап айтуға тиіспіз.

 Шерубай Құрманбайұлы 1964 жылғы 27 қарашада Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Шалкөде ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Шалкөде орта мектебінің бірінші сыныбына барған ол, 1976 жылы 4-сыныптың 2-тоқсанынан бастап, Райымбек ауданы Қарасаз ауылындағы Қарасаз орта мектебіне (сол кез­дегі Ф.Энгельс атындағы мектеп) ауысты. Қарасаз орта мектебінің 9-сыныбын бітірген соң, ол отбасы жағдайына байланысты Алматы қаласындағы №46 кәсіптік-техникалық училищеге қабылданып, 1982 жылғы мамырда аталған училищені үздік бітіреді. Бір жылдан астам құрылыста жұмыс істегеннен ке­йін әскерге шақырылып, 1983–1985 жылдары Қиыр Шығыстағы Приморье өлкесінің Уссурийск қаласында Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтейді. Әскерден келгеннен ке­йін 1986 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1991 жылы үздік бітіріп, «филолог, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» деген біліктілік алып шығады.

Тәуелсіз елдің рухын көтеріп, елдігін айшықтауда ономастика, терминология салаларының да атқарар рөлі айрықша. Бұл саланы өркендетуге де Шерубай Құрманбайұлы жүрек қанын, көз майын аз сарп еткен жоқ. Ал академиктің қоғам және мемлекет қайраткері ретіндегі атқарған және атқарып келе жатқан мемлекет­тік және қоғамдық қызметінің сорабы тәуелсіздік шежіресінің жарқын бет­терінде құс жолындай сайрап жатыр.
Жалпы, Шерубай Құрманбайұлының балалық шағына назар аудармайынша оның ғалымдық, ұстаздық, қайраткерлік болмысы толықтай айшықтала қоймайтын секілді.
Мектеп қабырғасында алғашқыда, биология мен геометрия, алгебра пәндеріне және спортқа ерекше қызығушылық танытқан бала Шерубай 7–8-сыныптардан бастап, аудандық «Совет­тік шекара» және Республикалық «Қазақ­стан пионері» (қазіргі «Ұлан») газет­теріне өлеңдері мен шағын мақалаларын жариялап, әдебиетке, журналистикаға, бір ауыз сөзбен айт­қанда, шығармашылыққа бейімдігін таныта бастайды. Демек, оның болашақ мамандығын таңдап, тіл-әдебиет әлеміне қарай алғашқы қадамдарын жасауы, осы кез­ден басталған деуге болады. Балаң жастың бұл жолды таңдауына өскен ортаның, туған жерінен шыққан қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев, алаштың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев сынды қаламгерлердің шығармашылығы мен оларға деген елдің ерекше құрметі, халықтың шынайы сүйіспеншілігі тікелей ықпал еткені анық. Аспантаулар аясында қоныс тепкен осындай шағын ауылдан шыққан даңқты жерлестерінің қазақ поэзиясы мен прозасының дамуына елеулі үлес қосып, әдебиет­тің көрнекті өкіліне, туындыларының қалың жұртшылықтың сүйікті шығармаларына айналуы – сол өлкеде туған талай жас жеткіншектің өз тілі мен әдебиетінен нәр алып, қолына қалам алуына себеп болғаны жасырын емес. 1986 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) ҚазҰУ-дың филология факультетінен ғылым мен өндіріске, жоғары оқу орындарына маман дайындау мақсатымен «ғылыми-өндірістік бөлім» (НПО) деген бөлім ашылған болатын. Аталған бөлімге жыл сайын филология факультетіне қабылданатын 50 студент­тің есебінен 10 орын бөлініп, оған жеке конкурспен студент­тер қабылданып тұратын еді. Бір-екі жыл ғана студент қабылдаған сол бөлімнің қазақ тобын бітірген он түлектің бірі Ш.Құрманбайұлы еді. ҚазҰУ-да оқыған жылдары ол, академик-профессорлар Ә.Қайдар, М.Томанов, Р.Әмір, Қ.Есенов, А.Аманжолов, Ә.Құрышжанов, М.Серғалиев, Т.Сайрамбаев, С.Мырзабеков, Б.Сағындықов, А.Айғабылов, Х.Кәрімов сынды белгілі тілші-ғалымдардан және З.Қабдолов, Р.Бердібай, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев, Ж.Дәдебаев, Ш.Ыбыраев, Б.Майтанов,
А.Қыраубаева сынды елге кеңінен танымал, ұлт­тық рухты ту еткен әдебиетші ғалым-ұстаздардан дәріс алды. Жас түлекке алғаш ғылымға жол сілтеп, ғылыми конференцияларға қатыстырып, курс жұмыстары мен диплом жұмысына жетекшілік жасаған С.Мырзабеков, М.Томанов, Х.Кәрімов сияқты ұлағат­ты ұстаздары болғанын айта кетуіміз керек.
1991 жылы университет­ті бітірген жас маман министрліктің жолдамасымен барып, сол кез­дегі ҚазССР Ұлт­тық ғылым академиясының Тіл білімі институтының терминология және аударма теориясы бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып қабылданады. Оның ғылымдағы еңбек жолы, ғылыми қызметі де дәл осы кез­ден басталды деуге болады. Қазақ тіл білімінің қара шаңырағы саналатын Тіл білімі институтын сол жылдары академик Ә.Қайдар басқаратын. Ал ұжымда І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Р.Сыздық, Ш.Сарыбай, Т.Жанұзақ, М.Копыленко, Қ.Есенов, А.Гарковец, О.Нақысбеков, Ө.Айтбаев, С.Омарбеков, Ә.Болғанбаев, Е.Жанпейісов, Б.Әбілқасымов, А.Әбдірахманов, Б.Қалиев, Ә.Жүнісбек, К.Құсайын, Н.Уәли, А.Жұбанов, Ж.Мәнкеева, З.Базарбаева сияқты көрнекті тілші-ғалымдар ғылыми қызметкер болып еңбек ететін. Жас маман Шерубайдың маңдайына солармен бірге жұмыс істеу, ақыл-кеңестерін тыңдау бақыты бұйырды. Кеше ғана университет бітірген жас маманның еңбек жолын Ұлт­тық ғылым академиясы секілді үлкен ғылыми орта қалыптасқан ғылым ордасынан, оның ішіндегі қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері шоғырланған ғылыми-зерт­теу институтынан бастауы, айтып-айтпай оның арманына қанат бітіріп, ғалым ретінде жылдам қалыптасуына барынша қолайлы жағдай туғызып, игі ықпал ет­ті. Ол да өзге жас мамандар сияқты жоспарлы ғылыми-зерт­теу тақырыптары мен өзінің диссертациялық тақырыбы бойын­ша ізденіп әрі ғылыми кеңестерге, кандидат­тық, докторлық қорғауларға, түрлі тақырыптар бойынша институт­та өтіп жататын семинарлар мен дөңгелек үстелдерге, ғылыми конференцияларға қатыса жүріп маманданды, ғылымға нық қадам басты. Аға буын ғалымдардан, ғылымдағы ұстаздарынан тәлім алды. Институтқа келген жылдан бастап кіші ғылыми қызметкердің ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалары ғылыми журналдар мен жинақтарда, түрлі республикалық басылымдарда жарық көре бастады. Ғылымдағы еңбек жолының басталуы ел Тәуелсіздігі жариялануымен тұспа-тұс келген жас маман, қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістерге, ұлт, тіл, діл мәселелеріне қатысты үн қосып, азамат­тық позициясын да айқын білдіріп отырды.
Осы жылдарда Шерубай Құрман­байұлы ғылымдағы ізденістерімен қатар, ғылыми-ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен де ерекшеленді. Институт өміріне, қоғамдық жұмыстарға, ғылыми шараларды ұйымдастыруға да белсене атсалысты. Оның осы қабілетін байқаған институт басшылығы жұмысқа қабылданғанына бір жарым жыл жаңа толған жас маманды 1993 жылдың мамырында институт­тың ғалым-хатшысы қызметіне таға­йындады.
Жас ғалымның ғылыми жарияланымдары мамандардың назарын аударып, қазақ тіл ғылымындағы жаңа есім ретінде қысқа мерзімде танылды. 1994, 1996 жылдары ҚР Ұлт­тық ғылым академиясының «Аса көрнекті зерт­теушілер мен талант­ты жас ғалымдарға арналған мемлекет­тік стипендия иегері» атанды.
1994 жылы, 27 қыркүйекте Қазақ­стан Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиұлының жетекшілігімен «Өсімдіктердің құрылым-құрылысына қатысты терминдер» деген тақырыпта кандидат­тық диссертациясын абыроймен қорғады.
1996 жылы маусымда ол ҚазҰУ-ға қызметке шақырылып, Халық­аралық қатынастар факультетінің, қазіргі шығыс тілдері кафедрасының меңгерушісі болып таға­йындалды. Кафедра факультет студент­теріне қазақ және жапон, қытай, корей, араб, парсы, түрік тілдерін оқыт­ты. Жаңадан құрылған кафедраға шығыс елдерінен білікті профессор-оқытушы кадрлар шақырып, оқу құралдарымен жабдықтады. Меңгеруші мен кафедра оқытушылары қазақ және шет тілдерін оқытуға арналған көптеген оқулықтар, оқу құралдары мен әдістемелік құралдар жариялады. Жігерлі жас басшының іскерлігі арқасында кафедра жұмысы қалыпты жұмыс ырғағын тауып, негізі мықтап қаланды. Аталған кафедраға Ш.Құрманбайұлы 1999 жылға де­йін басшылық ет­ті. Сол жылы 12 наурыздаШекең «Қазақ лексикасының терминдену үрдісі» деген тақырыпта докторлық диссертациясын сәт­ті қорғады. Сонымен, 1999 жылдың қыркүйегінен бастап, оған филология факультетінің құрамына кіретін жалпыуниверситет­тік қазақ тілі кафедрасын басқару міндеті жүктелді. Ол кафедра оқытушылары сабақ беретін барлық факультет­терде оқытылатын негізгі мамандықтарға арналған қазақ тілі оқу құралдары мен бағдарламаларын жасауды қолға алды. Оның тікелей бастамасымен және ұйымдастыруымен кафедра түрлі мамандықтарға арналған кәсіби қазақ тілі оқулықтарын дайындады, заманауи техникамен, аудио-бейне құралдармен жабдықталған «Қазақ тілі» кабинеті мен лингофон кабинет­терін жабдықтады. 2001 жылы 19 наурызда оған тіл білімі бойынша профессор ғылыми атағы берілді.
Еңбек жолын ғылыми-зерт­теу институтында ғылыми қызметкер ретінде бастап, жоғары оқу орнында жалғастырғандықтан Ш.Құрманбайұлы, ең алдымен, ғалым, педагог ретінде қалыптасты. Сондықтан да ол одан ке­йінгі ондаған жылдар бойы түрлі мемлекет­тік қызмет­терді атқарып жүрсе де ғылымнан, өзінің негізгі кәсібінен, сүйікті ісінен ешқашан қол үзген емес. Ғылыми жобаларға жетекшілік ет­ті, ғылыми монографиялары мен мақалаларын үздіксіз жариялап, конференцияларда баяндамалар жасады. Ғылыми шығармашылық қызметін белсенді түрде жалғастырып, ғылыми ортамен тығыз байланыста болды. Ғылыми қауым оны аса көрнекті лингвист ғалым ретінде ғана емес, мемлекетшіл тұлға ретінде де, білікті басшы ретінде де таниды. Оның негізгі ғылыми еңбектері терминология, лексикология, алаштану, аударматану, сөз мәдениеті мәселелеріне арналған. Ол – терминология мәселелерін зерт­теуге арналған «Қазақ лексикасының терминденуі» (Алматы, 1998. –208.), «Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты» (Астана, 2002. –208.), «Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидат­тары» (Алматы, 2004. –208.), «Алаш және терминтану. ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы. 1910 –1930 жылдар» (Алматы, 2008. – 240.), «Жаңа атаулар мен жаңа қолданыстар» (Алматы, 2012. –288.), «Қазақ терминологиясы: зерт­теулер, оқулық, сөздік, библиография» (Алматы, 2014 жыл. – 928+16.) сияқты бірнеше ғылыми монографиялар авторы. Сонымен қатар оның авторлығымен жазылған «Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері» (Алматы, 2005. –240.), «Терминтану» ЖОО-ға арналған оқу құралы (Алматы, 2006. – 244.), «Терминтанушы құралы» Сөздік-оқулық (Алматы, 2007. –208 б.), «Терминологиялық әдебиет­тердің библиографиялық көрсеткіші. Библио­графический указатель литературы по терминологии». 1-кітап (Астана, 2008. – 240.) оқулықтар мен оқу құралдары республиканың көптеген жоғары оқу орындарында кеңінен пайдаланылып келеді.
Қазақ терминологиясының даму, қалыптасу тарихын, теориясы мен практикалық мәселелерін терең зерделеп, жан-жақты қарастырған оның еңбектері отандық терминтану ғылымының өркендеуіне елеулі үлес болып қосылды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, қазірге де­йінгі отыз жылдан астам уақыт­тағы еліміздегі терминтану ғылымының дамуы мен терминологиялық жұмыстардың республикалық деңгейдегі жүргізілуі, үйлестірілуі Ш.Құрманбайұлы есімімен тығыз байланысты. Ол осы кезеңде терминология мәселелерін зерт­теуге арналған көптеген монографиялар мен оқулық, сөздіктер жариялаумен қатар, бірнеше ғылыми жобаларға жетекшілік ет­ті. Қазақ терминологиясының түрлі мәселелеріне арналған ондаған халық­аралық, республикалық конференциялар мен семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Ол соңғы ширек ғасыр көлемінде түркі тілдерінің ортақ терминдер қорын молайту, түркітілдестер арасындағы терминалмасымды жандандыру мен тіларалық біріздендіру мәселелерімен жүйелі түрде айналысып келеді. Бұл бағыт­та ол Түркия, Қазақ­стан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстан ғалымдары қатысқан «Түркі терминологиясы: қазіргі жай-күйі және болашағы» ат­ты халықаралық ғылыми жобаға жетекшілік ет­ті. Түркітілдес елдерде түркі тілдерінің терминологиясы мәселелеріне арналып өткізілген көптеген ғылыми жиындарға қатысып, баяндамалар жасады. Шерубай Құрманбайұлының тікелей ұйымдастыруымен 2011 жылы Астана қаласында Түркия Республикасы Тіл құрымы (комитеті) мен Түркия Ақпарат­тық технологиялар қорымен бірлесіп «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі (терминжасам және өзара терминалмасым, көптілді терминологиялық сөздіктер жасау мәселелері)» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл жиын көтерген мәселелері мен түркі елдерінен келіп қатысқан ғалымдарды қамту ауқымы жағынан да түркі терминологиясының жай-күйін жан-жақты талқылауға арналған соңғы жиырма жылда өткен ең үлкен ғылыми мәслихат болды. Ол өзге түркі елдерінде өткен көптеген ғылыми жиындарда да түркі терминологиясының түрлі мәселелеріне арналған баяндамалар жасап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Ғалым ҚР Үкіметі жанындағы мемлекет­тік терминологиялық комиссияның мүшесі, хатшысы ретінде терминологиялық жұмыстарды республикалық деңгейде үйлестіруге атсалысты. Мемтерминком шешімдерін жұртшылыққа жеткізіп, терминология мәселелерін ашық талқылау мақсатымен 2002 жылдан бастап, «Терминологиялық хабаршы» журналын үздіксіз шығарып, қазірге де­йін оның редакторы болып келеді. Ол Мемтерминком ресми бекіткен терминдердің қолданысын бір ізге түсіру мақсатымен «Бекітілген терминдер» сөздігін бірнеше дүркін шығарып, көпшілікке тарат­ты.
Шерубай Құрманбайұлы қазақ терминологиясының ХХ ғасырдың басындағы алаш кезеңін арнайы зерт­теп, монография жазумен қатар 20–30- жылдары алаш қайраткерлерінің авторлығымен, құрастыруымен жарияланған «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі», «Пән сөздері», «Атаулар сөздігі», «Орыс­ша-қазақша әскерлік атаулары» сияқты еңбектерді және «Терминология мәселелері» деген атпен ХХ ғасыр басындағы термин, терминология мәселелеріне арналған мақалалардың екітомдық жинағын шығарды. Ол араб, латын графикасында басылған бұл еңбектерді қазіргі қолданыстағы кирилл жазуына түсіріп, көпшілікке ұсынды.
Ш.Құрманбайұлының негізгі ғылыми еңбектері терминология мәселелеріне арналғанмен оның зерт­теулері бұл саламен ғана шектелмейді. Ол – лексикология, лексикография, терминография, ономастика, сөз мәдениеті, аударма, әлеумет­тік лингвистика, оқыту әдістемесі, орфография, орфоэпия мәселелеріне арналған көптеген еңбектердің авторы. Мәселен, «Қазақ тіліндегі қысқарған сөздер» (Алматы, 2013. –296.), «Қазақ сөздігі» (Жалпы редакциясын басқарған және құрастырушылардың бірі. Алматы, 2013. –1488.), «Заңгерлерге арналған қазақ тілі» (Г.Әлімбекпен телавторлықта. Алматы, 2008. –152.), «Көркем аудармадағы жаңа атаулар: жасалуы мен қолданысы»
(Астана, 2017. –560); «Жаңа атаулар мен жаңа қолданыстар» (2012–2017). Екінші кітап. (Алматы, 2017. –288); «Түркі тілдерінің терминжасамы» (қазақ, әзербайжан, өзбек, татар, қырғыз, түрік терминжасамы бойынша). «Ұжымдық зерт­теу». (Ш.Құрманбайұлы, М.Закиев, Х.Дадабаев, Ш.Акалин, Ч.Джумагулов, С.Садыгова, Е.Әбдірәсілов. Астана, 2018. – 372.); «Мұқағали тілі сөздігі». (Б.Қалиев, Ж.Түймебаев, С.Исакова. – Алматы, 2019. –1064 б.); «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» (Ш.Құрманбайұлы, Б.Мизамхан, С.Исақова, Г.Әлімбек, Г.Мамырбек, Д.Боранбаев. – Алматы, 2019. – 596.); «Абай тілінің ерекшеліктері». Монография. (М.Әділовпен бірге. – Алматы, 2020. –384 б.); «БАҚ және сөз мәдениеті» (–Алматы, 2020. –116.); «Сөзтүзер» (Қате қолданыстар сөздігі). Жоба жетекшісі әрі авторлардың бірі. (Астана, 2021. – 402.); Alaş ve Terminoloji. Kazak Terminolojisinin Gelişimi (1910–1930). (Ankara: Türk Dil Kurumu, 2023. – 304 б. Türkçe. Монографияны түрік тіліне аударған: Ercan Petek); «Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігі (Алматы, 2023. – 496.) қатарлы еңбектері солардың қатарына жатады.
Академик Ш.Құрманбайұлы – бұл күнде өз ғылыми мектебін қалыптастырған ғалымдардың бірі. Ол қазақ тіл білімінің түрлі мәселелеріне арналған 500-ден астам ғылыми еңбек, соның ішінде, 50-ге тарта кітап жариялады. Оның ғылыми кеңесшілігімен бір ғылым докторы, ғылыми жетекшілік етуімен 8 ғылым кандидаты диссертацияларын сәт­ті қорғап, жемісті қызмет етуде. ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы – тәуелсіз қазақ елінің руханият саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірегей лингвист ғалым ғана емес, түріктілдес халықтардың рухани бірлігі мен интеграциясы бағытында да өшпес олжа салып жүрген ғылым мен білім саласының жарқын өкілі.
Шері – араб-парсыдан келген «жолбарыс» деген сөз. Бұл сөзді түріктілдес халықтардың біразы әлі сол қалыпта қолданады. Жолбарысты қазақ халқы ежелден күштіліктің, қайсарлықтың, батылдықтың символы санаған. Жолбарыстар ойына алған биікті бағындырмай, көздегенін алмай қоймайды һәм көбінде жеке жортқанды ұнатады. Сол үшін де қазақ арасында балаға «Жолбарыс» деп ат қою әдепкі дәстүрге айналып кеткен. Сонымен бірге өмірде жолбарыс мінездес адамдар да болады. Біздің замандасымыз рухты, қайтпас, батыл, қайсар, қарулы, тегеурінді Шерубай да – сондай шерілердің сойынан.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Б. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының бас директоры,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
Филология ғылымының докторы, профессор

ПІКІРЛЕР2
Аноним 13.11.2024 | 11:45

Рахмет, Дүкенжан!

Аноним 14.11.2024 | 16:33

Шері болса, иек астында жемқор Ербол Тілешовтің жүргенін де көрмей ме? Жемқордың жегенін желкесінен шығармай ма? Тіл саясаты комитетін өз қолына алмай ма?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір