ТАЛҒАМ мен ТОЛҒАМ немесе жазушы Жақыпжан Нұрғожаев туралы бір үзік сыр
01.04.2026
83
0

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Біз – Жетісуданбыз. Біз – «Жетісу» газетіненбіз.
«Біз» деп отырғаным, газетте қызметті қатар бастап,
сыйластық пен сырластықта жүрген, кемел журналист, атпал азамат –
Жақыпжан Нұрғожаев

Мен «Жетісу» газетіне 1972 жылы жұмысқа орналастым. Секретариат­та Марат Тоқашбаев, Рақымжан Өтегенов, Жақыпжан Нұрғожаев, Тұрлыбек Мәмесейітов жұмыс істеді, бәрі – ҚазМУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқиды екен. Осы жерде таныстық, жақын араластық. Оның үстіне, бастауыш комсомол ұйы­мының хатшысы болып сайландым. Біз бұрынғыдан да жақындасып кеттік. Кейін Жақыпжан «Лениншіл жас» газетіне ауысыпты. Бірақ достық қарым-қатынасымыз жалғаса берді.

…Бірде Нарынқол ауданына іссапарға бардым. Ол кезде комсомол-жастар шопандар бригадасының дәуірлеп тұрған шағы. Үкіметтің саясаты. Сондағы Айғайтас деген жердегі жас шопандар бригадасында болдым. «Жетісу» газетінде «Жас түлек» атты ай сайын арнайы жастар бетін шығаратын едім. Соған Нарынқолдың шопандар бригадасы жөнінде шағын суреттеме жаздым.

Бірде телефон шыр етті. Көтерсем, Жақыпжан Нұрғожаев екен. Неге екенін қайдам, бір-екі жас үлкендігі болса да, маған «Уәке» дейтін. Ал мен «Жақа» деймін.

– «Жас түлекке» шыққан мақалаңды оқыдым. Соның негізінде бізге кеңейтіп, романтикалық лебі бар бір бет мақала жазып бер, – дегені.

Отырдым да жаздым… Сол мақала «Лениншіл жасқа» жарқ етіп жарияланды. Жарқ етіп дегенім, «Лениншіл жас» – ең көп тарайтын басылым. Газеттің беделі де жоғары. Журналистің есімін тез танымал етеді.

Сонымен мақала мені республикаға танымал етті. Газеттің «летучкасында» мақталыпты. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов пен Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Шәмша Беркімбаеваның назарына ілініпті. Шәмша Беркімбаеваның ұсынысымен Алматы облыстық комсомол комитетінің пленум мүшесі және комсомол съезіне делегат болып сайландым. Бұл менің өміріме үлкен бетбұрыс әкелді. Арада біраз жыл өткен соң Комсомолдың Орталық комитетіне әуелі нұсқаушы, содан соң Баспасөз секторының меңгерушісі болып бекідім.

«Жетісу» газетінде жақсы бір дәстүр бар еді. Басқа қызметке ауысқанда «Бес қаруың бойыңда болсын, «Жетісуың» ойыңда болсын» деп қалам сыйлайтын. Сол «Жетісу» газетінің табалдырығынан басталған жол құтты болды. Кейін Жақыпжан дос «Жетісу» газетін 20 жылдай басқарып, зейнетке шықты. Зейнеткерлік – шығармашылық адамы үшін жаңа қадам. Жаңа жол…

Марат Тоқашбаев қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. «Тіл жанашыры», «Президент және халық» атты газеттің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Тұрлыбек Мәмесейітов көрнекті романист-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты атанды. Таңжарық ақынды туған халқына танытты. Шер­ағаң – Шерхан Мұртаза туралы кітап жазды. Бүгінде дүниеден өтті.

Рахымжан Өтегенов 45 жыл ғана өмір сүрді. Бірақ артына өлеңмен күмбез қалдырып кетті.

Менің де өмір жолым оқырманға таныс болар. Ұлттық үш газетті «Ұланды», «Жас Алашты», «Егемен Қазақстанды» басқардым. Парламент Мәжілісі үш шақырылымының депутаты болдым. Ғылыми-зерттеу институтын басқардым, академик атандым.

Біз – Жетісуданбыз. Біз – «Жетісу» газетінен қанаттанған қаламгерлерміз.

Енді Жақыпжан Нұрғожаев «Мұқағали» атты журналдың тізгінін қолына ұстады. Ұстады да, журналдың атын шығарды. Мұқағали Мақатаевты танудың жаңа дәуірі басталды. Сол дәуірдің көшін де өзі бастады. Мұқағали поэзиясы мен өмірінің тылсым дүние­сінің кілтін ашты. «Сыр сандықты» ашқан Жақыпжан Нұрғожаев Мұқағали Мұқатаевтың сырлы әлеміне, оқырманға мүлде бөлек ақын Мұқағалидың жұмбақ әлеміне бойлады. Оның белгісіндей «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» деген кітап жарыққа шықты.

Мұқағали Мақатаев ағамыздың өзі: «Бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма» деген екен. Иә, ақын бейнелеп сөйлейді. Көркемдеп кестелейді, өмірін бір ғана дастан деп бағалайды. Сол өмір-дастанды тану оңай ма? Жақыпжан достың хикаяттары мен эссе, әңгімелерін Мұқағалидай ақиық ақынға қойылған монументтік ескерткіш деп бағалауға болады.

Сонымен, поэзия – ғұмырына, ғұмыры – поэзияға айналған Мұқағали туралы сыр сандыққа үңілейік. Бір шығармасы «Мәңгілік аза күй (Реквием-хикаят)» деп аталады. Бұл Асқар Сүлейменов пен Мұқағали Мақатаевтың өмір өлшемімен өрнектеліп, әлем әдебиетіндегі, әлем мәдениетіндегі В.Моцарттың, А.Сальеридің, Анна Ахматова мен Роберт Рождественскийдің реквиемін жазу барысындағы жанкүйзелісін беру арқылы Жақыпжан Мұқағали ақынның тағдырлы жан дүниесін терең зерделейді.

Асқар мен Мұқағали арасындағы әңгіме-сыр астарынан ақиық ақынның мәңгілік шығарма жазу кезіндегі жанталасқан психологиялық, психикалық, эмоциялық ғажап тебіренісін түсінесің. Ара-тұра, хикаят барысында екі адамның білімділік пен тарихи-танымының тереңіне ой жүгіртесің.

Әрине, бұл – көркем туынды. Бірақ деректі. Сондықтан хикаят жаныңды толқытады, тебірентеді, түйсікті оятады. Ақынның болмысын, жан дүниесін басқаша танисың. Басқаша түйсінесің. Ақын өмірінің қиындығына күрсінесің. Бірақ қазақ поэзиясына қалдырған «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып, өзіне қайтарамын» деген ақын биігіне сүйсінесің.

Мұқағали ақын Вольфганг Амадей Моцарттың өмірінің соңғы сәтін көзге елестетіп, өзінің де өмірлік миссиясын сезінгендей болады.

Вольфганг әйелі Констанцияға: «Рас айтам. Маған біреу у берген сияқты. Осы күдікті ойдан қашып құтылар емеспін. Қара киінген адамды күнде түсімде көремін. Ол менен «Реквиемді» сұрайды, тәрізі. Мен бұл «Реквиемді» біреуге емес, өзіме арнап жазғандаймын», – дейді.

Мұқағали Пушкиннің «Моцарт пен Сальериін» оқығанда оны өз басынан өткізгендей күйге түседі. Мұны Жақыпжан өте өрнекті етіп көрсетеді.

Асқар: «Мұқа, байқаймысың, Моцарт сізді біраз тереңіне батырған сияқты.

Мұқағали: «Моцарт теңіз емес, мұхит қой, шіркін! …Мен Моцарттың бізде қойылып жүрген операларын көріп-тыңдап жүрсем де, мына «Реквиемін» бірінші рет тыңдауым.

Асқар: – «Сұр киімге оранған адам» Моцарттың қиялында «Қара адамға» айналып кеткен. Қара адам – мистикалық бейне.

Мұқағали: – Сергей Есениннің «Қара адамы» сияқты ғой, тәрізі».

Осы арада автор Асқар Сүлейменов пен Мұқағали Мақатаевтың әңгіме ауанын Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясы» туралы аудармасына назар аудартады. Бұрын білмеген, білсек те, оған онша мән бермеген деректерге тап боласың. «Жерден жеті қоян тапқандай» мәз болсың.

Қайнекей Жармағамбетовтің «Ақын мен ажал» балладасы туралы айта келіп, Мұқаңның «Чили, шуағым менің» атты кітабы туралы Асқар төмендегідей дерек келтіреді. Өйткені біраз бұрын Қайнекей Жармағанбетов Павло Неруданың өлеңдерін аударып, кітап етіп жариялаған болатын.

Қайнекей ақынның «Әй, Мұқаш, онсыз да қалт-құлт етіп жүр едім, сен мені жылаттың ғой, жылаттың» деген сөздерін Асқар еске салады.

Асқар: «Қаза болар ғасырлар, замандар да» – мықты айтылған сөз. Зады, өлім мен өмір туралы тереңінен қозғаған дүниеңіздің бірі осы-ау, Мұқа».

Мұқағали: «Шекспирдей болу қайда-а бізге? Шекспир демекші, ол бізде жеткілікті дәрежеде дерліктей аударылды. Әсіресе Зейнолла Шүкіровтің тәржімасы – төрт аяғын тең басқан теңдессіз дүниелер.

Бейне бір тұтқын мен де үйде,

Төсекте буып тастаған.

Көнбеймін, дүние, бұл күнге,

Кеңірек есік аш маған!

…Шекспирді қазақша сайратқан нағыз Сыр сүлейі».

Иә, Дантеге қайта оралайық. Әуелде «Божественная комедия» – «Тәңір тәлкегі» деп аударылған болатын. Үзінділері Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз бас редактор болған кезде «Лениншіл жасқа» жарияланып еді. Енді кітап болып «Жазушы» баспасына өткізілгенде баспаның бас редакторы Мұхтар Мағауин оның атына келіспей «Құдіретті комедия» деп атауға ұсыныс береді.

Мұқағалидың авторлық ремаркасы: «Құдіретті комедия» Дантені пір тұтқан «Декамеронның» авторы Джованни Боккачоның қойған аты ғой. Жұрт «Декамеронды» соның үлгісінде «Адам комедиясы» деп атап кеткен. Кейін Оноре де Бальзак өз жинағын «Адам комедиясы» деп қояды. «Тәлкегіміз» жақсы еді-ау деп өкініп қалғандай, басымды шайқасам да, қисынды сөзге тоқтадым».

Иә, Италияда, Флоренцияда болып едім. Дантенің ескерткіші тұрған шіркеудің қасында суретке түстім. Мұны тағдырдың сыйы деп қабылдадым.

Микеланджело және Леонардо Да Винчи мәңгілік қоныс тапқан шіркеуде Дантенің бейіті жоқ. Құдайға қарсы комедиясы үшін оның денесін шіркеуге қойғызбаған. Бірақ Италия халқы ұлы қаламгер Дантеге өз қаржыларына ескерткіш қояды. Оны шіркеу алдындағы алаңға орнатады.

Уақыт, заман сырғып жатты. Дантенің өлмес жырлары оны халық махаббатына бөледі. Дін өкілдерінің қарсылығына қарамастан, Дантенің ескерткішін шіркеудің кіре берісіне ауыстырған. Италияның атақты ұлдары Микеланджело және Леонардо Да Винчи қабіріне барып тәу ету үшін тұрғындар, туристер, адамзат ең әуелі Дантенің ескерткішіне осылайша бас иіп өтеді. Бұл – поэзия құдіреті.

Мұқағали ақын бұдан кейін тәржіма жасауды мүлде тоқтатады.

Кітап авторы қазақтың жоқтау өлеңінің тарихы туралы кең мәлімет береді. Мұқағали мен Асқардың өзара пікір алмасуын, ренессанс, өркендеу дәуірінің жолдары туралы жақсы мысалдар келтіреді. Соған назар аударып көрелік.

Ежелгі Мысыр елінде жоқтау дәстүрі болған. Өлімнен кейін өмір бар ма?! Пирамидалар – соның айқын көрінісі. Бірақ ислам орныққан соң бұл дәстүр жоғалған. Дегенмен ол ұлы қазақ даласында сақталып қалды. «Қазақ жоқтауы – әрі жұбату, ауыртпашылықты бөлісу». Бұл – Асқар Сүлейменовтің пайымы.

Осындағы деректер Жақыпжан Нұрғожаевтың бұл хикаятты жазуға өте тиянақтылықпен, ашығын айтсам, ғылыми ізденіспен келгенін нақты көрсетеді. Мына бір деректі еске түсірелік.

Шоқан Уәлихановтың әжесі – Айғаным күйеуі хан Уәлиді бір жыл бойы жоқтаған. Бірде Байдалы шешен Айғаным ханымға келіп, басу айтпақшы болады. Ол кіріп келгенде, Айғаным жоқтау айтуға ыңғайланады. Сонда Байдалы шешен: «Сен жоқтау айтқалы отырсың, мен тоқтау айтқалы отырмын, – дейді. –…Мен қайғыңды қозғағалы келгенім жоқ, қайратыңды қайрағалы келдім».

Осы бір деректі сәтті автор Асқар Сүлейменовтің сөзімен түсіндіре кетеді.

Асқар: «Зады қазақ жоқтауларының озық үлгілерінен қазақтың ой-қиялын, арман-тілегін, мұң-мүддесін жазбай тануға болады. Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы Мәскеу баспасынан «23 жоқтау» атты кітап шығаруы тегін емес.

…Ахаң кітап кіріспесінде жоқтаудың «қазақ тарихының төрт жүз» жылын қамтитынын айтады».

Мұқағали: «Халықтың тарихын санасынан өшіру мүмкін емес қой… Қараүлектің өз баласы Мамайды жоқтауын, Бұқар жыраудың Абылай ханды жоқтауын, Қаз дауысты Қазыбек бидің қызы Қамқаны жоқтауын халқы неге ұмытады?»

Автор осындай деректерді келтіре отырып, әңгімені қайтадан Мұқағали ақынның «Реквиеміне» ойыстырады. Бұл таңғажайып, тылсым жанрдың қазақ өркениетімен астасып кеткенін көрсетеді. Осылай мәдениеттің, өркениеттің, еуропалық реквиемнің тарихы туралы, оның музыкадағы сарындары жөнінде ақпарат алып, музыканың танымдық рухани жолына кірігесің.

Мұқағали айтады: «Өмір мен өлім. Өлім мен өмір. Бұл – адамзат танымының ең жоғары ілімі. Қорқыт философиясы, шумерлердің «Гильгамеш» жыры, Абайдың өлім туралы толғанысы, Мағжанның «Қорқыты», болмаса «Әлдиле, өлім, әлдиле» деген өлеңдерінің болмысы туралы ой толғаулар ше?!

…Жел, күңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі – тәтті күй,

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!»

Мағжанның осы өлеңінің сарынын Жақыпжан Нұрғожаев Мұқағалидың Константин Бальмонттан тауып алғанын дәйектейді.

«Жизнь утомила меня,

Смерть, наклонись надо мной!

В небе – предчувствие дня,

Сумрак бледнеет ночной…

Смерть, убаюкай меня».

Бақсаң, Мағжан Бальмонтпен бір арнада жазыпты. Еліктесе, еліктеген де шығар, бірақ аудармаған. Мұнда тәржіманың иісі де жоқ. Бальмонтта бар болғаны 15 жол болса, Мағжанда ұзын ырғасы – 95 жол. Есесіне, қазақтың құлағына тосын естілетін жаңа жыр дүниеге келген.

Иә, бұл аударма емес. Философиялық түйсік. Романтикалық, символистік поэзия. Екі ақынды осы поэзиялық жанр жақындастырады.

Асқар айтады: «Мағжан жеке басының қайғысын, өз тағдырын жырға қосып отыр. Есесіне, қазақтың құлағана тосын естілетін жаңа жыр дүниеге келген».

Автор Асқар мен Мұқағалидың Пушкин, Абай, Лермонтов, Мағжан, Блок туралы әңгімелерін сыр-сұхбат дәрежесіне көтереді. Әрине, бұл кезде Мағжан Жұмабаев әлі ақталмаған болатын.

Асқар айтады: «Мұқа, күмәніңіз болмасын, Мұхтар Әуезовтің өзі «бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге жарайтын сөз – Мағжанның сөзі» деген».

Иә, солай болды да.

Хикаяттың үшінші бөлімін Жақыпжан Нұрғожаев «Жан азабы» деп атапты. Бұл тарауды ол «Мұқағалидың» ауруханада жатқан кезінің жүрек жылатар, көңіл толқытар көрінісін суреттеу­ден бастапты.

«…Мұқағали аурухана палатасында, ауыр ойдың құшағында жатқанда Асқар Сүлейменов сөйлей кіреді.

– Бауырым, Асқар екенің рас болса, маған екі жыл өмір қосамысың?

– Қосамын. Екі жыл емес, екі ғасыр қосамын!..»

Екі данышпан аурухана ішінде де Лев Толстой, Александр Пушкин, Блок пен Лермонтов туралы ой бөліседі. Олар мәртебелі поэзия, Бетховен, Моцарт музыкасы туралы әңгімелейді.

Өмір мен өлім тартысы жүріп жатқан осы бір жан азабы қармаған сәтте мұндай әңгімеге кім бара алады? Жақыпжан Нұрғожаев ақын бейнесін осындай детальдармен ашып береді.

Мұқағали айтады: «Менің ойымша, Блок орыс әдебиетінде оқшау тұр. Ешкімге ұқсамайды. Ол өз поэзиясынан биікте тұр. Оныкі мәдениетті, күрделі поэзия. Блок – көңілі қалып, түңілген жан. Ал оның «Он екісі» Моцарттың «Реквиемі» сияқты асау жан дүниенің толғауы.

…Бетховеннің бір дөкейге айтқан, мірдің оғындай сөзі бар екен. «Князь, мен қазір кім болсам, қандай биікте болсам, сол болғаным үшін өзіме-өзім қарыздармын. Князьдар мыңдап болған, бола да бермек. Бетховен болса, жалғыз!»

Мұқағали айтады: «Мен де осы күнде Мақатаев болғаным үшін Бетховен сияқты өзіме-өзім қарыздармын.

…Мен жайында не ойлайтындарын жұрт, мейлі, айта берсін. Оларды тоқтату менің билігімдегі нәрсе емес.

…Мұның бәрін неге айтып отырмын? Себебі, мен адамдармен істес боламын, оларды зерттеймін.

…Адамдарды түсіне отырып, олардың да мені түсінгенін қалаймын. Менің бүкіл поэзиямның мәні, міне, осы. Поэзия мен үшін жанымның шырылы…»

Ақын өзінің жан азабын жақсы түсінеді. Поэзия – Мұқағали үшін жанының жарығы мен шырағы…

1975 жылдың 7 қаңтары. Күңгірт көңіл күй. Ол «Моцарт. Жан азабын» жазуға отырды. Жастық шағы өзіне соқпай, жанай өтіп кеткен күндерді ойлады. Шекспирдің «өлім шақырамын: мен тым асығыспын» деген сөздері санасына кіріп, кетпей тұрып алды.

Ақ қағазға жүрек сөзі түсіп жатты.

«Моцарт. Жан азасы»

Біреу келді де, қара киімге оранған –

Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт

жоғалған…

Әлде бір елес…

Әлде бір адам болар ма?!

Аза тұтқан,

Бір жақыны жоғалған!?

Жақыпжан Нұрғожаев Мұқағали Мақатаев ақынның жан дүниесін, бүкіл табиғи болмысын билеп алған сәтті осындай көркем ойлармен кестелейді. Оған сөл береді. Оған жан береді.

Мұқағали айтады: «Иә-иә, бұл реквием. Ал сынасып көріңдер, менімен?

…Иә-иә, бұдан кейін бес бөлімде өмір мен өлім сырласады. Табыттың, халықтың, жесірлердің, жетімдердің үнімен жеткіземін азалы сырласуды. Ең соңында бесік жырына салып, әлдилеймін…»

1976 жылдың 12 ақпаны. Мұқағали тағы да ауруханада. 11 қаңтардан 15 ақпанға дейін жатып емделуі керек. Ол үшін «Жан азасы» деген аты болмаса, Реквием – өлімге ода емес, өмірдің мәні жайлы философиялық толғау.

Өмір дегенге,

Тірлікте, сірә, жетер ме ой.

Жарық сәуледен басқаның бәрі

бекер ғой

Бекер ғой.

Бекер ғой бәрі – бөтен ғой.

Өмір дегенің – бір күндік сәуле

екен ғой!..

Міне, осыдан ары қарай автор Мұқағали ақынның өмірбаяны туралы сыр шертеді.

Мұқағалидың әкесі Сүлеймен, анасы Нағима туралы жазылған сәттер ешкімді бей-жай қалдырмайды. Енді Мұқағали ақынның 1976 жылы 14 ақпан күнгі күнделігіне көз жүгіртелік: «…Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Ол поэма іспетті, біртұтас. Басы бар, аяғы бар.

…Өзімнің «Менім» арқылы жасырып, жаппай, өмірімнің шежіресін жасап шықтым. Жанымның басқа жүректерге өз сәулесін түсіруге тиіс мұңы мен қуа­нышы – бәрі сонда».

Міне, Жақыпжан Нұрғожаев Мұқағали туралы жазған хикаяттарының, эсселерінің, әңгімелерінің бәрінде ақиық ақынның өлеңмен астасып кеткен өмірін суреттейді. Шытырман тағдырдың бұлың-бұлың жолдарында Мұқағали ақынның өзінің рухымен сырласқандай, тауқыметті өмірдің әр сәтін көз алдыңа әкеліп, жанды сурет салады.

Мұқағали ақын күнделігінен: «Мен бір нәрсеге, поэзияның тіршілікпен бірге, яғни адаммен, табиғатпен бірге өлетініне кәміл сенемін. Адамзат жаны қатыгез тартса тарта берсін, қайтсе де бір парасатты адам қалады. Ол – ақын. Ақырғы сөз сонікі».

Жақыпжан Нұрғожаевтың «Аққу-арман», «Гәкку-ғұмыр», «Жыл құсы» сынды хикаяттарында Мұқағали ақынның сырт көз біле бермейтін өмір жолдары жатыр.

Нұрғиса Тілендиев, Әбіш Кекілбаев, Шәмші Қалдаяқов, Немат Келімбетов, Оспанхан Әубәкіров, Зейнолла Серікқалиев, Әсет Бейсеуов, Бексұлтан Нұржеке, Лашын жеңгеміз туралы жазғандары – жібек матадай жұмсақ келіп, дала самалындай желпіп өтетін кестелі сөз, кемел ой.

…«Жас Алаш» газетінің бас редакторы болып жүрген кезімде, белгілі журналист қарындасым Нұрлытай Үркімбаева Мұқағали ағамыздың орысша жазған күнделігін тауып әкелген болатын. Оны қазақтың көрнекті жазушысы Бексұлтан Нұржеке аға аударып беріп еді. Ол газетіміздің бірнеше номерінде жарияланған. Сол күнделіктің ішінде Мұқағали Мақатаев ағамыздың жан шері де бар еді. Осы Жақыпжан достың кітабын оқып отырғанда, сол күнделік еске оралды.

Мұқағали ақын да, оның жыр әлемінің сырына үңілген Жақыпжан Нұрғожаев та осындай сырлы әдеби дүниелерімен асқақтап, Хантәңіріндей биікте тұр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір