Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. МӨЛТЕК ӘҢГІМЕЛЕР
19.05.2026
55
0

БІР ҚАП БАЛЫҚ

1999 жылы желтоқсан айында Алматыдан Атырауға қоныс аударған Илья Жақанов жаңа жерге тез үйренді. Алдында ғана талантты актер, сүйікті баласы Данияр қайтыс болып, көңілі құлазып жүрген-ді. Әдебиет жанашыры, үлкен жүректі азамат Иманғали Тасмағамбетов бірнеше өнер және мәдениет қайраткерлерінің Атырауға көшіп келуіне жағдай жасаған еді. Солардың қатарында Илья Жақанов та бар болатын.
Атырауға келген соң Ілекеңнің екінші тынысы ашылып, көптен ойда жүрген шығармаларын жаза бастады. Алматыдай емес, ауасы таза, шағын қала, шынында жұмыс істеуге қолайлы еді. Шынайы пейілден туған жұртшылықтың ықыласы да қатты әсер етті. Көңілі көтерілді, шабытына шабыт қосылды. Ойында жүрген, жүрегін ұйытқан туындылары ақ қағазға ағыл-тегіл төгілді.
Атыраудың қақ ортасынан жайлы пәтер алған Ілекең көршілерімен танысып, бір-бірлерін қонаққа шақырысып, араласып кетті.
Іргелес көршілері айтулы ақын Хамит Ерғалиевтің туысы, Дүйсенбектің сүйегі тама, келіннің есімі Ақлима. Бұлар жергілікті атыраулықтар. Аслан деген ұлдары Ілекеңді көрген жерде сәлемдесіп, жақын тартып жүреді. Аслан кейде өзеннен аулаған балығынан Ілекеңнің үйіне әкеп тастайды.
Екі отбасының арасында осылайша жақсы қарым-қатынас орнады.
Қыркүйек айы ортадан ауып, күн салқындай бастаған. Бір күні Ақлима келін келді де:
– Біздің Аслан балық аулайтын ау сатып алыпты. Өзенге шығып, балық аулап демалып қайтайық, – деді әдеттегі ақжарқын қалпымен ізет білдіре.
Көршілер жеміс-жидек, жеңіл-желпі ас-суларын алып Жайық өзенінің жағасына келді.
Ілекеңнің қасында жеңгеміз Тиышкүл. Немерелері Әйгерім онда кішкентай.
Дүйсенбек жылдамдатып өзенге ау құрып, айналасы жарты сағаттың ішінде оншақты балық ұстады. Оған Ілекеңдер қуанып, Тиышкүл жеңгей мен Ақлима екеуі балық тазалап, табаға қуыра бастады.
Айнала керемет! Жайықтың әдемі иірімі! Үлкен айдын! Композитордың жүрегі елжіреп, жан сарайы рақат сезімге бөленді. Олай қарайды, былай қарайды. Ойына әсем саз оралады, шырқап ән айтқысы келеді. Аспанда баяу жылжыған ақша бұлттар. Сонау биікте құйқылжыта сайрайды тинәмдай бозторғай.
Күн тып-тынық. Маужыраған сарша тамыз.
– Ғажа-ап! – деді композитор толқып.
Жайықтың беті толған қайықшы. Композитор санай-санай, санына жете алмады. Кемі елу қайықшы жүр-ау!
Басындағы қалпағын көзіне түсіре киіп, Жайық өзенін жағалап асықпай келе жатқан. Қармақ салып, балық аулап отырған ақсары қайықшы жігіт композитордан көз алмай, қарап тұрды да:
– Аға, бас киіміңізді шешіңізші? – деді.
Өтініп тұр.
Илья қалпағын шешті.
Қайықшы тағы қолқа салды:
– Ана жардан бері түсіңіз. Құлап қалмаңыз. Былай, былайырақ, жүріңіз.
Композитор таң-тамаша. Қайықшы жігіттің айтқанын істеді.
Келесі сәтте әлгі жігіт жолдастарының атын атап, дауыстап шақыра бастады. Әп-сәтте бес-алты жігіт ескектерін есіп, жетіп-жетіп келді. Ақсары жігіт келгендерге қарап:
– Алдарыңда тұрған, атақты «Еділ- Жайықтың» авторы – Илья Жақанов. О-ой! «Еділ-Жайық» гимн ғой! Гимн! Кеше ғана Ілағамды телевизордан көрдім. Әңгімесін тыңдадым. Құдайға шүкір, арамызда жүр. Бұл кісімен бірге Алматыдан келгендердің бәрі алатынын алып, салатынын салып кетіп қалғанын білесіңдер. Ал, Илья ағамыз әлі осында.
Жігіттер, жағдай былай. Басқа балықтың керегі жоқ. Тек судактан жағаға қарай лақтырыңдар.
Жігіттер қайықтағы балықтарын жағаға топылдата лақтырып, үйіп тастады.
– Әй, інішек! Өзіміз де аулап жатырмыз. Пейіліңе рақмет, айналайын! Қазір ғана оншақты балық ұстадық. Мынаның бәрін қайтем? – деді Ілекең.
– Аға, бұл сіздің несібеңіз! Біздің құрметіміз! Аман жүріңіз ортамызда! Деніңіз сау болсын!
Қайықшы жігіттер қайықтарын бұрып кетіп қалды.
Аслан жағадағы балықтарды жинады. Тура бір қап шықты.
Сол күні Ілекеңдер Жайықтың жағасында жақсы демалды. Балалар асыр салып мәре-сәре ойнады.
Кешқұрым Илья ағалар Атырауға, үйіне келді. Бір қап балықты көршілеріне таратып берді.

ҮКІМЕТ ТАСТАП КЕТКЕН КІСІ…

Бір күні үйге қонақтар келетін болды да, Илья аға мен Тиышкүл жеңгей «Көктем» базарына жеміс-жидек, оны-мұны алуға барды. Ілекең:
– Мен отыра берейін, сен өзің барып кел, – деді әйеліне.
– Таңертеңнен қозғалмай жазу жаздың. Далаға шығып, бой жазып, жұртқа қарасаңшы былай.
– Жүргізбейді әйелдер ағалап, отыра тұрайын.
Тиышкүл жеңгемізден сөз қалған ба:
– Несі бар танып, амандасып жатса! Жақсы емес пе қайта! – дейді Ілекеңді әңгімеге жетелеп.
– Машинада отыра тұрайын. Өзің барып кел. Көп кешікпе. Дала күйіп тұр. Машинаның іші одан да ыстық, – деді Илья.
– Жылдам келем, ыстықтасаң көлеңкеге барып тұр, – деген жеңгеміз базарға жөнеле берді.
Шынында, композиторды көрген сатушы әйелдер сәлемдесіп, хал-жағдайын сұрап, тұрып алатыны бар. Елдің өзіне назар аударып, әңгімеге тартқанынан ыңғайсызданған Ілекең машина ішінде қалды.
…Қазір келемін деген жеңгеміз жуық арада орала қоймады. Илья аға тысқа шығып, анандай жердегі дүкеннің көлеңкесіне барып тұрды. Көзінде қара көзілдірік. Үстінде қысқа жең жейде. Басында ақ қалпақ. Жақындап келмесе, бөтен адамдар танымайтындай киінген.
Бес-он метрдей жерде, жүздері ыстықтан тотыққан ақ жаулықты әйелдер сауда жасап отыр. Сатқандары ұсақ-түйек, кәкір-шүкір заттар.
Бір кезде композитордың құлағы елең етті. Мәссаған! Қайда танымағандары. Екі-үш әйелдің бастары түйісіп, күбір-сыбырға көшіпті.
– Білесіңдер ме, ана кісіні? – деді орта жастардағы шұбар әйел қасындағыларға сыбырлап.
– Кімді айтып тұрсың? – деп ар жағындағы толық әйел көршісіне қарады.
– Ақырын сөйлеңдер, – дейді сөзге араласқан үшінші әйел де дауысын көтермей.
– Илья Жақанов емес пе?
– Ана жылы, бір топ әнші-күйшілермен бірге Алматыдан келген композитор…
– Е-е, сөйдемейсің бе бағанадан. Үкімет әкеп, тастап кеткен Жақанов қой!..
– Кім танымайды ол кісіні…
– Әне-е, әйелі келе жатыр. Естіп қалмасын, ұят болады…
Сатушы әйелдердің сыбырлап айтқан әңгімесін естіген Ілекең жымиып, машинасына беттеді.

 

БӘСКЕ ТІГІЛГЕН ОН МЫҢ ТЕҢГЕ

Атырауда, Жайық өзенінің батыс жағында, үлкен көпірдің түбінде Ілекеңнің Қаршыға Жауымбаев деген жақын інісінің шағын саяжайы бар. Өздері өзеннің жағасында тұрса да, ел сияқты балық ауламайды. Ілекең шығармашылықпен күні бойы айналысып шаршайды да, кешке таман Жайықтың жағасына кеп балық аулағандарды қызықтайды. Жұрт балық аулап жатады.
Күздің күні, қыркүйек айы. Илья Жа­қанов Жайықтың жағасына келді. Қаршығаның саяжайынан, келіннің қолынан шай ішіп далаға шықты. Жағажайда адамдар қарасы мол. Біреу қармақпен ауласа, енді біреуі закит лақтырады, келесі бірі ау құрады.
Қаршығаның көршісі қара жігіт, қай кезде қызара бөртіп шарап ішіп жүреді. Ол да балықшы. Илья оны жиі көреді. Түрін жақсы таниды. Оның балық аулайтын өз орны бар. Сол жерден тапжылмайды. Ұстаған балықтарын әйелі сыпырып-сиырып кешке алып кетеді. Дәйім солай.
Бір күні Илья қармақтар тізілген закитты лақтырып жатқанда, айналып келіп жейдесінің қабырға жағына қадалды. Қара жігіттің қасында отырған әйелі жүгіріп келіп, қармақты алып жатып Ілекеңнің түріне ұзақ қарады. Сонан соң сәл жымиып:
– Аға, қармақты алдым. Бұдан кейін байқаңыз. Ал сау болыңыз, – деп кетіп қалды.
Кейіннен Илья да өзенге келіп балық аулайтын болды. Өзімен-өзі отырады. Ешкімде шаруасы жоқ. Бір күні Қаршыға:
– Аға, біздің ерлі-зайыпты көршілеріміз бірімен-бірі бәстесіп, күйеуі ұтылып қалды, – деді.
– Неменеге бәстесіп жүр?
– Әйелі он мың теңге ұтыпты.
– Қызық екен!
– Сөйтсе, әйелі біздің жағажайдан жиі көріп жүргеніміз Илья Жақанов екен дейді ғой күйеуіне.
– Қой, қайдағыны айтпа! Ондай белгілі, атақты адам біз сияқты қара тобырдың ішінде жүрмейді. Басты қатырма, – дейді күйеуі сенбей. Әйелі қоймайды:
– Жоқ, сол кісі!
– Ол емес, – дейді қара жігіт.
– Сенбесең бәстесейік.
– Бәстесссек, бәстесейік.
– Не тігесің?
– Бір коньяк, немесе он мың теңге.
Екеуі сөйтіп бәстеседі.
Күйеуі Қаршығаға:
– Келіншегім ұтып кетті. Он мың теңге бердім. Алдыңғы күнгі, кешегі балық аулап тапқан ақшаларымның бәрін әйелім алды, – дейді.
– Әйелің қалай ұтты, соны айтшы? – дейді Қаршыға.
– Кеше телевизордан Илья Жақановтың хабарын берді. Әндері орындалды. «Доссор вальсі» айтылды. Жайыққа келіп, балық аулап жүретін кісі, Илья Жақанов болып шықты. Сондай қарапайым адам. Тіпті мұнда келетінін білгем жоқ. Одан соң, басқа адамдарға да Ілекең балық аулап жүр десем, олар да сенбейді. Ой, Алла-ай! – деп аң-таң қалыпты.
БҰЛБҰЛ ӘУЕЗІ
Илья ағаның Алматыдан отыз жеті шақырым жерде, Сумов саяжайында бақшасы бар еді. Германияға көшкен немістен сатып алған саяжай жақсы күтімде болған көрінеді. Жеміс ағаштары агрономиялық талапқа сай отырғызылған. Көлеңкелері саялы. Топырағы құнарлы, арамшөптен таза. Суы да мөп-мөлдір. Электр жарығы да ұқыптылықпен тартылған. Петро есімді көршісі болды. Өзі ұшқыш, жасы Илья ағамен шамалас. Бірақ қолының сумақайлығы бар. Ұсақ адам. Қолы лас. Бұрындары, Кеңес одағы кезінде ұрлық жасағаны үшін бес-алты жыл абақтыға да отырып шыққан. Дәйім шаршап және кейіп жүреді. Қабағы бір ашылмайды. Денесі толық әйелі қан қысымымен ауырады. Балалары қараспайды. Петро өзін де, әйелін де, балаларын да аса жақсы көрмейді. Көрінгенмен айқайласып, жанжалдасып жүргені. Петро көршісі керегін ала берсін деп Ілекең саяжайдағы үйдің есігін әдейі бекітпейді.
Көршісінің діңі жуан жұпаргүл ағашы бар. Бұтақтары жан-жаққа тарбиып қалың өскендіктен жерге дейін салбырап жатады.
– Мынау ағашты кішкене сиретпейсің бе? – деді бірде Илья.
– Сиреткім келмейді.
– Неге?
– Онда сандуғаштың ұясы бар. Бұтақтарын сиретсем, ұясы бұзылады. Тыңдап көріңізші! Бұлбұлдың сайрағаны ғажап! Сол үшін ағашқа қолым көтерілмейді. Аяймын. Мен әр кезде бұлбұлдың әсем үнін ұйып тыңдаймын! Тыңдап жатып айрықша демаламын! Әсем әуенді естуден еш жалыққан емеспін!
Ілекең ол кезде қазақ радиосының музыка редакциясында жұмыс істейтін. «Легенда» деген магнитофоны бар. Дауысты таза жазады. Радиода хабарларды көркемдік жағынан күшейту үшін, табиғаттың неше түрлі құбылыстарын: үндерін, дыбыстарын, тасыр-тұсыр керемет әуендерін, судың сылдырын, бұлттардың күркіреп, найзағай ойнауын, құстардың ән салуын қосады. Композитор осындай әуендерге үнемі құлақ түріп жүретін. Бір күні саяжайда отырса, жұпаргүл ағашындағы бұлбұл сайрады дейсіз! Композитор бірден магнитофонға жазды. Мына қызыққа қараңыз! Сандуғаш сайрап отыр. Бірақ қай жерде отырғаны белгісіз. Өзі көрінбейді.
– Мазасыз дейміз! Ұсақ дейміз! Апыр-ай, ә?! Адам баласын түсінбейді екенбіз! Жүрегі қандай нәзік! – деп ойлады Ілекең.
Осы оқиғадан соң Илья Жақанов көршісіне деген көзқарасын өзгертті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір