ДОМБЫРАСЫ БІРГЕ ЖЕРЛЕНГЕН ӘНШІ
05.02.2024
375
0

Ән қазақ фольклорында ерекше маңызды орын алады. Ол халық өміріне мықтап еніп, оның қуанышы мен қайғысына ортақтасып, сырласып, бірге жүрген. Ақын – әншінің басынан өткен оқиға, өмірдегі жайлар өлеңде із болып қалып отырған. Әсем ән той-томалақта, жиын, басқосуларда көпшіліктің көңілдерін көтеріп, жақсы жай-күй орнатқан. Қазақта әншілердің әр топты мектеп өкілдері болған, мысалы, Арқада Ақан сері, батыста Мұхит әнші.

Қазақ арасынан атақты ақындар, жезтаңдай әншілер, күй күмбірлеткен күйшілер, шығармалары елге тараған композиторлар, таңға жырлайтын жыршылар шықты. Олар қарапайым халықтың нақ ортасында болып, олардың мұң-мұқтажын, өмір-тіршілігін, қоғамдағы оқиғалар мен құбылысты, жақсылық пен жамандықты, адамгершілік пен әділетсіздікті, имандылық пен зорлықты және замандастарын әнге қосты. Солардың бірі – Молдабай.
Молдабай 1858 жылы туған. Дүниеге келген жері – Ақтөбе уезінің болыстығының үшінші ауылы, қазіргі Мәртөк ауданының жері. Молдабай жылқы жылы туылғандықтан, атын «Жылқышы» деп қойыпты. Әкесі малшы болған. «Орынбордың алдында тағалаған жорғадай» деп өлеңде келтіргендей, әнші өзін жорғаға теңегені тегіннен-тегін емес деп болжауға болады.
Кімді болса да орта тәрбиелейді. Домбырашы, ән сала білген, тілге шешен, ұтқыр, өткір тілді атасы Торғай қонақжай, үйіне әнші, күйші өнерпаздар көп шақырылатын, көп келетін отбасы болған екен. Бұл жағдай жас талант­тың әнге, домбыраға құмарлығын оятады. Содан Молдабай малшылыққа емес, әншілікке бой бұрады.
Молдабай – тұлға. Молдабаймен композитор, күйші Қазанғап кез­дескен, бір-біріне аса үлкен әсер еткен.
Молдабай Әбілхайыр хан ұрпағы, күйші Қамбар Медетовпен де тығыз достық қатынаста болған. Қамбар – атақты шебер күйші. Москвада өткен (1936) қазақ әдебиеті мен мәдениетінің он күндігіне қатысып, «Ақсақ құлан» күйін орындап, өнерімен көрермендердің ду қол шапалақтауына ие болған.
Қ.Медетов те Мәртөктің Жайсаң ауылынан. Молдабай Қазанғапқа өлшеусіз әсер еткен. Қазанғап осы ел аралаудан өмірді үйренді, музыканың қайнар көзі өмір екендігін түсінді дейді А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» деген кітабында.
Молдабай ортадан сәл төмендеу бойы бар, ат жақты, қара торы кісі екен. Таза, сыңғырлаған дауысы ел жадында қалған. Молдабайдың Желжетпес деген аты, әнші ат үстінде ән салып келе жатқанда ән ырғағын бұзбай ақырын жүріп, ән әуенімен қозғалуға үйренген. Молдабай сері қасына 20-25 жігіт ертіп жүрген, ойын-тойға барған. Жүйрік тазысы мен қыран бүркіті болған.
Молдабай мұрасы – ән өнерінің асыл қазынасы. Ол бүгінгі заманда да қажет­тілігін жойған жоқ. Соңғы жылдары іздеу мен жинақтау нәтижесінде әнші Молдабай, сазгер Молдабай, сері
Молдабай бейнесі айқындала түсуде, әлі де анықталады. Себебі ұмытыла бастаған есімдерді біздің тәуелсіздік заманы қайта жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр. Өйткені Молдабай әні халық жадында.
Молдабай ән шығарған сазгер ғана емес, сонымен қатар әнді халық алдында айтып жеткізуші, әнші – орындаушы. Ол – тыңдаушысын таңғалдырған, баурап алған әнші, орындаушылығы ерекше екпінді, бөтен әншілерде жоқ орындаушылық тәсілмен бөлектенетін өз стилі бар әнші.
Молдабай әртүрлі қалыпқа ене алатын актерлік қабілеті бар болған әнші екен. Ойын-тойда жиналған топтың көңілін көтеріп, ішек-сілелерін қатырып күлдіреді екен. Осы қасиеті туралы оны Көкжар жәрмеңкесінде көзімен көрген шалқарлық шайыр Сарышолақ өзінің «Намыс» ат­ты дастанында:
Тәңірберлі Молдабай,
Әуелете әндетіп,
Белден басып жалғанды-ай
Күлкіге бөлеп сәндетіп,
Ішегі жұрт­тың түйіліп,
Аяқ-қолдан әл кетіп,
Ол шайтанды да күлдірер,
Өлгенді де күлдірер, – деп жырлайды.
Серінің даңқы жер жарып, дәурені дүрілдеп, Ақтөбенің ғана емес, Орынбор жәрмеңкесінің сәніне айналады.
Сөйлер сөзге келгенде
Орынбордың алдында,
Тағалаған жорғадай, – деп әндетеді. Молдабайдың осынша танымал болуына ықпал еткен күйші, Орынбор, Темір, Қарақамыс жәрмеңкесінің басшысы Үсен төре еді.
Молдабайдың дауысы ерекше кең, диапазоны күшті болған екен. Қойбасы тауы мен аудан орталығы арасында үлкен қырат бар. Ол «Бестеңге» деп аталады. Бір бай кісі жолда келе жатып бес теңге ақшасын қыр басында жоғалтып алыпты. Ақша табылмаған. Содан қырат «Бестеңге» деп аталып кеткен көрінеді. Сол «Бестеңгенің» үстінде тұрып таңертең Молдабай домбырасымен ән салғанда әншінің дауысы төмендегі ауыл-аймаққа естіледі екен де, сиыр сауып жүрген келіншек-әйелдер шаруаларын қоя қойып, оның әнін тыңдайды екен. Елде осындай әңгіме бар.
«Орынбордың қос босағасы» атанған Молдабай мен Әкімгерей әншілер Орынбордың жәрмеңкесінің сәнін де, мәнін де келтірген атақты өнер иелері болыпты. Орынбор жәрмеңкесін – Меновой двор, оны қазақтар «Мінәнай» деген екен. Бала кезімде Марқа әжем, бала жұбатқанда, аяғына салып, тербетіп, шайқағанда «Әйт, шу, әйт, шу, қара нар, Орынборға тура бар» – деп әндетіп отыратын. Сондағысы – осы сауда сапарына баратын жолды айтып, Орынбор жәрмеңкесін әнге қосқан ақынның өлеңінің бір пұшпағы екен.
Молдабай – ән шығарған композитор, шығармашылығы жұрт­тан асқан талант­ты тұлға. Оның көптеген әндері болған, кезінде ел арасына тараған. Әт­теген-айы, Молдабай әндерінің жазбаша да, ауызекі нұсқасының да көп сақталмағаны, көбі уақыт өте ұмытылған. Бірақ бар, мысалы, «Қойшының әні», «Бестоспа», «Сусар-ай», «Молдабай». Қалғанын жинау, іздеу, зерт­теу керек.
Молдабай атын ән тарихында қалдырған шығармасы – Молдабай. Бұл ән кезінде халық арасында кең тараған, көбірек орындалған. Сөйтіп, Молдабай – бір әнмен өнерде, ел жадында қалған дарын.
«Молдабай» әні – ерекше ән. Төкпе ән, ойнақы ән, көңілді, дауысты да көтеру керек, термелеп, өсиет нақылдап айтылады. Табиғат, этнографиялық баяндау бар. Әнші өзін де таныстырады, айта кетеді. Мысалы:
Тәңірберлі Молдабай
Малға жарлы болса да,
Айтар сөзге келгенде,
Тілге шешен, әнге бай, –
деп баяндайды. Біз білетін жиырмасыншы ғасырдың 50-60 жылдарында «Молдабай» әні ел аузында айтылатын, «Қазақ әндері» деген жинаққа шығатын. Өзіміз естіп, әуенін үйренгенбіз. Қазірге дейін сол әуен ұмытылған жоқ. Бірақ өмір өзені аққан сайын Молдабай әні де көмескеленіп, сахнада, той-жиында айтылуы азайды ғой. Қазіргі ән жинақтарына жаңа әндер жинақталып, басылып, бұрынғы әндер енбейді. Солай ұмытыла бастайды. Мінеки, 50-60 жылдары айтылған «Молдабай» әні 70-80 жылдары айтылмай қалды.
Қазір «Молдабай» әнін Қазақ­станда керемет шебер орындаушы – атақты әнші Бекболат Тілеухан. Атақты әнші Бекболат Тілеухан Қазақ­станның түкпір-түкпірлерінде ән айту дәстүрін көрсетіп ән салып, үлкен бір көрініс, баяндау, концепция жасайды. Сонда батыстың, шығыстың, оңтүстіктің, солтүстіктің әншілерін атап отырып, олардың әндерін нақышына келтіріп, әр аймақтың өз ән айту ерекшеліктеріне сай шебер орындайды. Домбыраның жанын алып, үлкен күшпен екпіндетіп тартып, Молдабайды төкпектете орындап, дауысын аса жоғары көтеріп, созып, әуенін де, қолын да, домбырасын да ойнақшытып, әнді орындағанда отыра алмайсың, баурап алып кетеді, әннің, орындаушының жетегінде жүре бересің. Бірнеше рет қасында отырып тыңдадым, қолын алдым. Бір рет Көкшетауда облыстық мәдениет басқармалары бастықтарының жиыны болып, барғанымда «Ерекең Ақтөбеден келіп отыр ғой, елінің Молдабайын айтып берейін» деп отырғандарды таңғалдырып, жақсылап орындап берді. Тағы бірде Бекболат әнші «Молдабай» әнін Ақтөбеде студент­тер сарайында көрермендер алдында орындап, жұртшылықты дүр сілкіндірді.
«Молдабай» әнін дауысы табиғи қойылған әдемі, екпінді, ақтөбелік талант­ты әнші Қоянбай Тобағабылов орындайды. Қазақ сахнасында қазір де Молдабай әнін әртүрлі екпін ерекшелік пен домбыра тарту шеберлігімен орындайтын жас әншілер бар.
Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі Нұртас Омаров «Молдабай» әнін эстрадалық әуенмен ерекше орындап, республикалық байқауда Гран-при иегері атанып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Ақтөбеде тағы басқа да әртүрлі әуенде орындаушылар, үйренушілер бар. Мәртөкте де бар. Басқа аудандардың әншілері де «Молдабай» әнін айтса, үйренсе дұрыс болады. Себебі «Молдабай» әнін жаңа заман рухы талабына, ырғағына сай етіп, өңдеп, айтуға әбден келеді.
«Молдабай» әнін Қазақ­станда орындаушылар көп. «Қоңыр» триосы әуе­летіп, әндетіп айтады. «Жетісу сал-серілері» ойнақы, көңілді, қимылды, музыка аспаптарын дүңгірлетіп, қағып-соғып, ұлт­тық ерекше стильдегі киімдер киіп, көтеріп, екпіндетіп орындайды. Жеке дәстүрлі орындайтын әншілер сахнадан, теледидардан көрініп жүр.
Молдабайдың әнін кезінде Республика сахнасында тамаша орындай білген, ел арасында таратуға үлкен еңбек еткен әнші – Әли Құрманов (1901-1969). Әли Құрманов «Молдабай» әнін ерекше екпінмен, ойнақы, еркін, бай мимика, бет, қол, дене қимылдарымен орындаған. Домбыраны әртүрлі қағу тәсілдерімен ойнақшытып тартып, тыңдаушыларының айызын қандырып, көрермендерін қыздырып айт­қан. Ол – Молдабайдың «Молдабай», «Сусар-ай», «Қойшының әні», «Бестоспа» әндерін орындаған. Тенор дауысты Әли
Молдабайдың әнін айт­қанда көрермендер ду қол шапалақтап, әншіні сахнадан жібермей, әнді қайталап айт­қызған.
Біздің Ақтөбе облыстық музей қорында Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген артист Әли Құрмановтың орындауында жазылып алынған Молдабайдың бірнеше әндері сақталған. Олар бейнетаспа түрінде кинопленкаға жазылған Әли Құрмановтың орындауындағы әндер және Әли Құрмановтың орындауындағы дыбыс таспаға жазылған Молдабайдың «Молдабай», «Қойшының әні», онан да бөтен бірнеше әндері бар, бірақ авторлары айтылмаған. Мүмкін олар да Молдабайдың әні болар, әйтеуір Әли Құрманов орындаған.
Әли Құрманов 1901 жылы Шалқар ауданында туылған атақты әнші, жыршы, термеші. Оның айт­қан әндері кезінде, уақытында халық арасында кең тараған, белгілі әндер болған. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің алғашқы домбырашыларының бірі. 1936 жылы, яғни, Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінен соң оған Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген артист атағы берілді. Сол онкүндікке қатысады. «Әлидің өткір термесі қолдарын неше саққа жүгіртіп, ойнақшытып, домбыраны қағуы, ән орындаған шығармашылық еркіндігіне байланысты Мәскеу тыңдаушыларының айызын қандырды» деп жазды А.Қ.Жұбанов. Әли Құрманов репертуарында Мұхит­тың, Қызыл әншінің, Батақтың Сарысының әндері де болған. 1969 жылы Алматыда қайтыс болды.
Әнші Жүсіп Сейілов те Молдабай шығармаларын насихат­таушы, орындау­шы болып, үлкен еңбек сіңірген екен. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі (1962 ж.) 1901 жылы Қарабұтақта туып, 1971 жылы сонда жерленген.
А.Жұбанов Жүсіптің әншілік, орындаушылық шеберлігін жоғары бағалаған. «…Қызып кеткенде Ғарифолладан да озып кететін» деген.
Молдабай әнінде сал-серілердің дәстүрлі әншілігі, ән айту ерекшеліктері орын алған. Молдабай әнші-композитор, міне, осы әншілер тобына жатады. Ахмет Жұбанов «Молдабайды сал-серілердің бірі» деп есептейді.
Замандастары да Молдабайды аса жоғары бағалаған. Жазушы алғалық жерлесіміз Ғалым Ахмедов өз шығармасында, кітабында:
«Табында өскен Марабай,
Тамада өскен Молдабай,
Олар сұңқар, біз қарға-ай,
Олардай болар, күн қайда-ай», – деген бір ақын айт­қан бағалауды келтіреді.
Молдабайдың айтыстары да болған, яғни Молдабай тек әнші-композитор ғана емес, суырыпсалма ақын екені белгілі. Айтыстарға қатысып, есесін жібермей, сөз жарыстарда шеберлік, тапқырлық көрсете алған. Ол Алтын деген ақын қызбен айтысқан.
Молдабай Кеңес үкіметінің бастапӨқы жылдарындағы қиындық – азамат соғысы, ашаршылық, аласапыран, қашу-пысу, қоныс аудару кезінде кенет­тен 1923 жылы қайтыс болады.
Молдабай бір той жиыннан кейін ауылына ауырып қайтады. Үйіне келіп, әйеліне су жылыт­тырып, жуынып, төсегіне жатып, ауылдастарын, жақындарын шақырып қоштасады. Кеш болып күн ұясына батарда әнші бақилық болады. Артында ойнақы, көңілді, шын сөзді әдемі әні қалды.
Әнші бір кез­де үлкен тойдан қымбат ақ жібек, жұқа, өрнекті, араб әріптерін алтын жіппен тіккен әдемі орамал әкелген екен, қасиет­ті орамалды ұқыпты ұстап, соңғы күнге дейін сақтапты.
Қасында болған туысқандарына «жерлегенде алтын әріпті құран сөздері жазылған ақ жібек орамалға домбырамды орап қасыма салыңдар, өзіммен өмірде бірге жүрген серігім қасымда болсын» деп өсиет айтыпты. «Сол соңғы тілегі орындалыпты», – дейді үлкендердің әңгімелерін жинап жүрген мәртөктік өлкетанушы Елена Ониськова. Әншінің жерленген жері – Күшікбай өзені, Мақпалсай бойы, Қойбас тауының қойнауы, Мартөк ауданының Байторысай селолық округ жері.
Қазір Молдабайдың бейіті табылды, орны көрген адамдардың айтуы бойынша белгіленді. Енді сол жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізсе, бейіт­тен домбыра шықса, онда Молдабай жерленген жер бұлтартпастай дерекпен дәлелденеді. Бұл – қолға алса шешімін табатын шаруа.
«Тауым бар Таймас-Қойбас алып батыр,
Қасында Молдабай мен атам жатыр.
Неше ғасыр жатса да еш хабарсыз,
Жарыққа шығаруға Ильядай келді батыр» – деп Молдабайдың ұрпағы Әсия Қалижанқызы Артығалиева Молдабайдың жерленген жерін өлеңдетіп белгілеген, Ильяға көрсеткен. Біз Илья екеуміз Молдабай бейіті басына бірнеше рет барып, құран оқыт­тық.
Молдабай шежіресі Таманың Тәңірберлісінен тарайды. Молдабайдың өз атасы Торғай, өз ұлы Жиеншора, немересі Есенаман, шөбересі Мұрат. Бесеуі де әнші-өнерпаз. Жиеншора дауыс диапазоны жоғары, әкесі сияқты әнші болыпты. Есенаман айтыскер ақын, әнші-домбырашы болған. Мұрат та ән салған, домбыра тартқан. Ол 1922 жылы туған. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Осымен Молдабай шежіресі тоқтайды.
Ей, Қоңыр, атың жақсы кірлемейтін,
Сырың бар ма, өзіңнің мен білмейтін?
Сырыңды айтпасаңда білемін ғой,
Сол баяғы мінезің үндемейтін, – деп Молдабай әйелінің мінез-құлқын сыйпат­тап өлеңдетіпті.
Тамалар Ақтөбеде, Мәртөкте, облыс аудандарында т.б. жерлерде тұрады. Қазақ­станның байтақ жеріне тараған. Тамалар туралы «Қазақ ру тайпаларының тарихы» жобасы көлемінде шығарылған үш кітаптан тұратын «Тама» ат­ты ғылыми еңбекте толық баяндалады. Бұл көлемді еңбекті 2005 жылы жазып, жарыққа шығарған Алматыдағы «Алаш» тариха-зерт­теу орталығының басшысы, Алғада М.Меңдіқұлов мешітін салған Хайролла Мағауияұлы Ғабжалилов бастаған ғалымдар мен қызметкерлер.
Молдабай мұрасын жинаушылардың, әншінің атын еске қалдырып, сақтауға үлес қосқандардың бірі – мәртөктік Сейітқали Жанғалиев. Маған Молдабай туралы Сейтқали аға 1992 жылы айт­ты. Ол кез Тама Есет Көкіұлы батырдың 325 жылдық тойына дайындалу кезі болатын. Бұл жағдай былай болған еді.
Біздер жас күнімізде, 50-60 жылдары Молдабай әнін естіп, біліп өстік. Ол кез­де әндер жинағы шығып тарап жарымайды, шықса да алысқа жетпейді. Сондықтан, жастар, мектеп оқушылары қалың дәптерден альбом жасап, оны гүлдер, оюлар салып әшекейлеп, әндерді көшіріп жазады, жинайды, жат­тайды, айтады. Солай етіп мен де жазғанмын, соның ішінде Молдабай да болатын. Кейін Дәуренді ұйықтатқанда домбырамен Молдабай әнін айтып ұйқтататынмын. Бірақ оның осы біздің жаққа қатысы бар екенін аңғармадым. Бірде маған, облыстық мәдениет басқармасына жасы 80-нен асқан ақсақал келді. Танысып, аты-жөнін Сейітқали Жанғалиев деді. Ол Тама Есет батыр туралы дастан жазып, облыстық музей демеушілігімен той кезінде кітап етіп шығарған екен. Мартөкте Молдабай деген ақын әнші болғанын, енді ақын Молдабай туралы жазғанын алып келгенін, оның Тама екенін, Молдабайдың ұрпақтары Мәртөк ауданында тұратынын айт­ты.
Кейін бұл деректерді мен композитор, өнер зерт­теушісі, жазушы Илья Жақановтың өзім дайындап өткізген 1996 жылы Ақтөбедегі 60 жылдық тойында баяндама жасағанымда жария ет­тім. Илағаң Молдабайды зерт­теуді шұғыл қолға алды. Бірнеше рет Мартөкке бірге бардық, біледі деген адамдармен жолықты, деректер, мәлімет­тер жинады. Әншінің жерленген жеріне, бейітінің басына бардық. Кейін Илағаң Мәртөкке тағы бірнеше рет өзі барған. Соның бәрін жинақтап «Алтын Орда» газетіне көлемді мақала жариялады. Бұл Молдабай әнші туралы жазылған, жиналған бірінші көлемді мақала болды. Қабақ бітісі ерекше, жан дүниесі бөлек, қыры мен сыры көп Илағаңды тек мен емес бүкіл ел жоғары құрмет­теп сыйлайды. Қарапайым қатынасы, жылы жүзі біздің ой-пікір, бағыт бірлігімізді бекіт­ті. Сөйтіп, Илья Жақанов
Молдабай шығармашылығын, феноменін зерт­теуде келешек ұрпаққа қас талант Молдабайды танытам деп армандап кеткен А.Жұбановтың ой-арманын іске асыруда үлкен еңбек сіңіруде.
Молдабайдың өмірі мен шығармашылығын зерт­теп, жинаушы, іздеу­ші мартөктік өлкетанушы – Елена Ониськова. Бастапқы кез­де Мәртөк аудандық кітапханасында кітапханашы болып істеген, қазір аудандық газет­те редактор.
Осы ұлты бөлек болса да жүрегі таза, өз өлкесін сүйетін, өлке тарихын зерт­теуді жаны қалайтын поляк қызы Мартөк ауданының өлке тарихын ешкімнің тапсырмасынсыз-ақ өзі қызығып іздеп, Молдабай туралы деректерді мол жинаған. Қазіргі Молдабай жайлы деректердің көбі осы Еленаның тапқандары, жинаған, көп адамдармен кез­десіп жазып алғандары. Мәртөк өлкесі тарихын жинап, жазып жүрген дәрігер-өлкетанушы Жақсат Қарлығашов та Молдабай туралы біршама деректер иесі, мақала жариялаған адам.
Мәлік Жанғалиев – Сейтқали ақсақалдың баласы. Басталған шаруаның жалғастырушысы, жинастырушысы. Кәсібі бөлек болса да, ата-баба рухына қызмет қылып жүрген жігіт. Молдабай бабасының қорымында Молдабай әншіге арнап белгі қойды.
2009 жылы Ақтөбедегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тілге шешен, әнге бай» тақырыбында ғылыми-танымдық, сазды конференция өткізілді. Оған ақынның туысы Жақымжан Қазиевті шақырып, сөйлет­тім. Мен Молдабай жайлы деректерді сол кісіден алдым.
Мартөк аудандық әкімдігіне мен әр жылдары арнайы хат жазып, әншіні ұлықтауға арналған конференция, кез­десу, мәдени шаралар, еске алу шараларын өткізу туралы ұсыныстар бердім. Мартөк аудандық өлкетану музейінде «Талантқа тағзым» ат­ты тақырыптық тарихи-танымдық еске алу кеші өткізілді. 2013 жылы «Туған өлке тарихы, өнері, мәдениет, тағылымы» ат­ты тарихы-танымдық конференция өткізілді. Онда өзім баяндама жасап, бейне көріністер көрсет­тім.
2017 жылы 6 желтоқсанда Мартөкте Молдабайдың тойы өткізілді. Ұсынысты, шара жоба-жоспарын өзім дайындадым. Сол жоспар бойынша Мәртөк ауданының сол жылғы әкімі Нұржауған Қалауов ұйымдастырып, қолдады. Оның қасында бұл той жұмысын атқарған сол жылда аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған, қазіргі аудан әкімі Медет Искаков болды. Шара барысында аудандық мәдениет үйі алдында Молдабайдың бюсті ашылды. Ақындар айтысы, концерт, ғылыми конференция өт­ті. Илья Жақанов салдырған
Молдабайдың портретін жерлестеріне тарту ет­тім. Ол кейін плакат болып көбейтіліп, барлық мәдениет үйлері мен кітапханаларда ілінді. Молдабайға арналып ас беріліп, бейітіне құран оқытылды.
Мартөкте, Ақтөбеде Молдабай атына көше аталды. Аудандық мәдениет үйіне әнші аты берілді. «Молдабай – тілге шешен, әнге бай» ат­ты кітабым шықты. Кітап облыстың 300 кітапханасына таратылды. Сөйтіп, 20 жылға созылған ізденуім, зерт­теуім нәтижесінде Молдабай аты, әні жаңғырып, қайта оралды. Жемісті болып жалғасып, осылай қорытындыланды.
Әнші Молдабайдың аты, әні, мұрасы әлі де ұлықталмақ, насихат­талмақ. Былтыр Қазақ­станның Еңбек Ері, композитор Илья Жақановтың бастамасымен бір топ бастамашы белсенді азамат­тар, әншінің ұрпақтары жиналып, Ақтөбеге, Мартөкке келіп облыстық, аудандық әкімдіктеріне жолығып, 2024 жылы Молдабайдай өнер иесі – тұлғаны ұлықтау, шараларын белгілеу, жоспарлау, кесенесін тұрғызу, т.б. есте қалдыру шаралары туралы ой-ұсыныстарын ортаға салып, жұмыстануда, келісіп, кеңесуде. Осы шара барысында «Молдабайдың әнін, атын қайта шығару, оралту, насихат­тауда үлкен еңбегің бар» деп бағалап, И.Жақановтың басшылығымен, белсенді топтың ұйғарымымен маған сый-құрмет көрсетілді.
Бұл дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпейді,
Саусақтап санап қалсаң саның бітпейді.
Жиырма жыл іздеп, жазған
Молдабайым,
Сақталып халық жадында, естен кетпейді.

Еркін ҚҰРМАНБЕК,
Молдабайтанушы,
«Құрмет» орденінің иегері,
ҚР Мәдениет қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір