ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӘЙЕЛ ӘЛЕМІ
02.04.2026
7
0

Жаратылысты жұбымен жаратқан Құдірет әйел баласына келгенде соншалықты жомарттық танытқан екен. Қамыққанда да, жабыққанда да, зарыққанда да, тарыққанда да, мейлі ол кім болсын, Ана құшағында жан тыныштығын табады. Қарындасыңыз бен қызыңыз қамқор пейілмен амандығыңызды тілеп жүрсе, жан жарыңыз махаббат пен мейірім шуа­ғын шашады. Жер бетіне өмір ұрығын себетіндер де аналар. Сондықтан сыйынсақ, Ана деген Тәңіріге сыйынайық та, адамзат!
Әлемдік әдебиеттерді қанша ақтарып қарасаңыз да әйел әлеміне батыл қадам жасаған қаламгерлерді таппайсыз. Қазақ әдебиетінде де әйел теңдігі, ана махаббаты туралы көптеген кітаптар жазылып, қабілет-қарымын барынша пайдаланса да, биік белестерді бағындырған жазушылар сирек. Оның түрлі себебі бар. Жазушы адам жанының инженері дегенімізбен, адамның ішкі әлеміне кіру қашанда оңай болмаған. Әйелдің шынайы бейнесін жасап шығару үшін талант аздық етеді. Ендеше, әйелдің жанын әйелден артық білетін адам табылмаса керек. Осы ретте қазақ прозасы мен поэзиясында шығармашылықтың сан алуан салаларында қалам тербеп жүрген нәзік жанды жазушыларымыз бен ақындарымыз таңсық тақырыпты қай деңгейге көтерді деген заңды сұрақ туады.


Қазақ прозасының бастапқы кезеңінде А.Досжанова, Н.Құлжанова, Д.Байқадамова, Ф. Ғабитова, С.Мыңжасарова, Ғ.Жұбанова, М.Мұқанкеліні еңбек жолын газетте бастағандарымен, қаламдарының ұшына көркем дүниелерді де іліктірді. Солардың ішінде Сара Мыңжасарованың «Қар қыздары», «Әйел бақыты» романдары қазақ қыздарының образдарын жанжақты ашқан шығармалар еді. Ал Мәриям Мұқанкеліні мен Фатима Ғабитова ана, адал жар тұрғысында Алаш зиялылары туралы естеліктер жазды. Әрине, замана соқпағы оларға әйел теңдігі, қазақтарды сауаттандыру тақырыптарын ұсынды.
Осы ана-жазушылардан соң әдебиетке келген бір шоғыр жұлдыз – М.Қожахметова, Ш.Құмарова, Б.Иманғазина, Ш. Бейсенова, С.Латиева, З.Елғондиева, З. Ахметова, С.Досжанова, тағы басқалары проза атты пыраққа мініп, өз биіктеріне көтерілді.
Мағира Қожахметованың «Күннің алтын сынығы», «Әлем – әуен», «Жылы шырай» атты кітаптары өз заманының озық туындылары болды. Осы кітаптарда қаламгер қыз қиялы мен аңсар-арманы туралы үлкен тебіреніспен жазады.
Шәрбану Құмарованың «Қыз сыры», «Қос шынар», «Терезелер», «Сәуірдің ақ таңы», «Қазбауыр бұлттар» сияқты еңбектері қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс. Жазушының осы аталған қай шығармасын алып оқысаңыз да, оларда нәзік жандылардың сырлы сезімдері мөлдіреп тұрады.
Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» романы – күрделі сюжетке құрылған ауқымды дүние. Жазушы кейіпкері тағдырдың жазуымен жастайынан мүгедек болып қалады. Бірақ жарық дүниеге, жарқын болашаққа, жақсы күндерге деген үміт жетегі қызды алға сүйрейді, талпындырады, қайраттандырады, жігерлендіреді. Сондықтан бұл кітапты жұрт іздеп жүріп оқыды десек қателеспейміз. 1995 жылы жазушының «Оқырманы көп автор» атануы да тектен тек болмаса керек.
Жазушы Шәрбану Бейсенованың есімі өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан жарқырап көріне бастады. Оның «Тойға келген келіншек», «Сезімтал жүрек» атты кітаптары қазақ әдебиетіне қосылған үлкен үлес еді. Әдебиетке жаңа леп әкелген бұл кітаптарды оқырмандар әлі де іздеп жүріп оқиды. Ал Сара Латиеваның «Бұлбұл», «Мен соғысты көргенім жоқ» деген кітаптарының арқауы заман лебі болғанымен, шығармада әйел образы әдемі ашылады.
С.Латиева шетел қаламгерлерінің шығармаларын аударумен де айналысса, А.Жағанова, Ә.Бөпежанова,
З.Наурызбаева, Р.Мұқанова, А.Ісмақова, Г.Пірәлиева, Г.Орда, тағы басқалары сын және драматургия саласында өнімді еңбек етіп келеді. Ал, Айгүл Кемелбаева өзіндік өрнегімен танылған қаламгер. Осы апа -әпкелеріне ілескен М.Омар, Л.Қоныс,
А.Мантай, Б.Дәулетбаева, З. Жантасова, Ж.Шамұратова, Б.Ауданова, С.Ордашева, С.Әбдіғаниқызы, С.Шәтенова сынды соңғы буынның соны ізденістері, тілдік ерекшеліктері қуантады.
Көкірек күмбездері жырға да, сырға да толы, сезім мен мөлдір мұңға да толы нәзік- жандылар жүректерінің жарқылын поэзия тілімен қалықтатады. Айталық, соғыстан бұрын көрінген Мария Хәкімжанова, одан берідегі Зияш Қалауова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Ханбибі Есенқарақызы, Шәмшия Жұбатова, Гүлнар Салықбаева қазақ поэзиясына соны леп әкелсе, Баян Бекетова, Жанат Әскербекқызы, Жанна Елеусіз, Гүлнәр Өмірбекова, Айгүл Қалтаева, Зияда Исатайқызы, Сезім Мергенбай, Арайлым Мұратәлиева, Ақбота Бейбітбек және басқалары алдыңғы буын апаларының жолдарын жемісті жалғастырып келеді.
«Поэзия патшайымы» атанған Фариза апамыздың әйелдер жанының құпиясын, арманын, махаббатын жырлаған өлеңдері бейнелі тіл арқылы оқырмандарын еліктіреді, сүйсінтеді. Ал Марфуға Айтхожинаны қазақ әдебиеті «Поэзия аққуы» деп қабылдады.
Қазақ қоғамы Ақұштап Бақтыгерееваны «Жайықтың ақ шағаласы» деп еркелетеді. Оның нәзік иірімді өлеңдеріне
Ө.Бәйділдаев, Ш.Қалдаяқов, Т.Бақтыгереев ән жазды.
«Гүлдер көзін ашқанда», «Шұғылалы шақ», «Қоштасқым келмейді» деген кітаптарының өзі жаңашылдық танытып тұратын Қанипа Бұғыбаеваны қаламдастары «Қазақтың Қанипасы» деп бағалайды.
Күні кеше ғана арамыздан кеткен Күләш Ахметованы да жұрт «Поэзия ханшайымы» деп қастерледі
Жалпы, біз әдебиет айдынындағы аққуларды қалай бағалап жүрміз? Олардың кітаптарын шығару, шығармаларын дәріптеу жөнінде мемлекет тарапынан қандай қолдаулар болып жатыр? Ойланып қарасам, осыған келгенде, әлі де кібіртіктеп қалады екенбіз. Біз ең әуелі экономика деп, идеологияны кейінге ысырып қойдық. Осы кенже қалған құндылық ішінде анаға деген құрмет те ұмыт қалды. Біз Отанды, Атамекенді, туған жерді анаға теңеген халықпыз. Ал анасын ұмытқан елдің болашағы жарқын болмақ емес.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір