ӘЙЕЛ, ӘЙЕЛ ЖӘНЕ ӘЙЕЛ…
ӘЙЕЛ, ӘЙЕЛ ЖӘНЕ ӘЙЕЛ…
(Жылдар бойғы жазылған жырлардан)

ИРАН-ҒАЙЫП
ӘЛ-ХИССА
Жазымышты –
Құпия,
Жұмбақ –
Өлеңдерге,
Зер-Салсаңыз –
Құп-Сайлы:
Жарық Күннің Бергі Беті –
Әйелдерге,
Арғы Беті –
Еркектерге ұқсайды…
ӘЙЕЛДІҢ ЖАСЫ –
«ОН СЕГІЗ»
Алқалы топқа енсеңіз,
Ақын жырына сенсеңіз –
Әйелдің жасын сұрама:
Әйелдің жасы – «ОН СЕГІЗ».
Жүрмейін десең өкпелі,
Қалмайын десең шеткері:
Сұрама жасын әйелдің –
Адамзаттың мәңгі көктемі.
Сәл жасып мойын бұра ма,
Алжасып, айнып тұра ма,
Келіншек пе, күйлі кемпір ме,
Әйелдің жасын сұрама.
Толық па, шидей арық па,
Молық па, мешеу ғаріп па,
«Жасың нешеде?» дей көрме –
Әйел дейтұғын халыққа.
Қыз ба, әлде, сарықарын ба,
Мұз ба, әлде, от па, жалын ба,
Кім болсын, мейлі, құлдық ұр –
Құлдық ұрғандай хансыз ханымға.
Қуатың болса ойыңда,
Құдіретің болса бойыңда,
Әйелдің жасын сұрама –
Жасыл әлемін мойында…
Аш нәпсіңді тыйып, жеңсеңіз,
Түспесін десең еңсеңіз –
Сұрама жасын әйелдің:
Әйелдің жасы – «ОН СЕГІЗ».
ЕҢ – АЛҒАШҚЫ…
Сен десе,
Жүрегімнің –
Күйі бөтен,
Өзіңмен,
Арманымды –
Биік етем:
Мейлің,
Кір,
Мейлің,
Кірме –
Құшағыма,
Мен –
Сені,
Мәңгілікке –
Сүйіп өтем…
ШАШЫН ӨРГЕН ҚЫЗ
Көлеңкең бе, жоқ әлде, елесің бе?..
Кетіп қала бересің келесің де –
Екі Бірдей Дүние қызығы бар,
Жеті Жастық жалыны денесінде,
Шашын өрген қыз!
Күлемісің, жоқ, әлде, жылаймысың,
Көктен түскен қорынып Құдаймысың? –
Елтіп, естен шығардым сенен басқа
Жердегі
Әйел біткеннің былайғысын,
Шашын өрген қыз!..

СӘЛЕМ, СЫР…
Сәлем, Сыр! –
Жалғыз түнгі ояу! –
Сырмінез сазды шолпылым!..
…Ойымда – сол қыз ыңғай-ау,
Бойымда – бұйра толқының.
Кезеңім болдың,
Құмартып,
Әй-шәйға кеткен қаратпай –
Көзімнің алды мұнартып,
Көмескі тартып баратты Ай…
Жастығын –
Туын құлатпай,
Қызығыңды қорғап,
Күзетіп,
Сезім боп,
Сынған сынаптай,
Төгіліп түскем дыз етіп.
Шошына көрме жат санап,
Еріткен алғаш өзіңсің –
Каникул кезі…
Жоқ сабақ…
Он алтыдағы кезімсің…
Рахман нұрына малшынып,
Рахатқа шомылам мен енді –
Жұлынған жусан алшынып,
Құм кешсін батқан денемді!..
ЖЫЛАМА, ҚАЛҚАМ
Жылама, қалқам!
Жанарыңды кұрғат жыламай,
Жұбатайын сені жыр оқып әр сәт бұлағай.
Аспанда сұрқай сұрапыл ұрыс басталып,
Жасыны түссе −
Тұрар ма терек құламай?!
Қөркіне,
Сая − көлеңкесіне зар қылып,
Құлады терек…
Құламас кім бар мәңгілік?!
Ащысы менен тұщысы қабат тірлігің −
Жартасқа соққан жаңғырық!
Таланың тартқан бақ пенен сорды тел еміп,
Тіріміз… тәубе!
Тәуекел етіп көрелік?!
Жылағаныңмен онсыз да у-шу дүние,
Жылағаныңмен онсыз да су-су дүние,
Айтпайды әділ төрелік!
Ажалың − ғайып,
Дидарың − ғайып,
Дәм − ғайып,
Ғайыптың ісі − артпайық алға таңға айып.
Қасіретіңнің кермек
тамшысыменен тұтанған,
Махаббатымыз − ғайып,
Майып қып соны алмайық!
Құлады терек!
Құлаймыз…
Бәрі құлайды! −
Құлайды екем деп тірліктен безбе былайғы?!
Жылама, қалқам!
Жылғалы өмір-өзені
Ғайыптан басын құрайды!
…Жылама, қалқам!
Біздерді құлатқаны үшін −
Тағдырдың өзі жылайды!..
МӘҢГІ ЖҰМБАҚ
Мәңгі жұмбақ −
Қалай күйіп…
Сүйінемін −
Аталғанда
Таныс жанның есімі.
Меніменен жабылмайды −
Дүниенің −
Меніменен ашылмаған есігі!
Кімді көрдім,
Нені сездім…
Не білдім −
Тауыса айта алман −
Қанша жүрек жаралы?!
Меніменен жабылмайды −
Өмірдің −
Меніменен ашылмаған парағы!
Мейлі, енді, сұлу бақта күтпесін,
Мейлі, соңғы сағат соқсын оянбас −
Махаббаттың қоя алмадым нүктесін,
Махаббат та маған нүкте қоя алмас!..
АЛЕНУШКА
Суретші В. Васнецовтың еңбегіне
Жаға бей-жай…
Күз жасауы шашылып.
Бойтұмарын кеудесіне жасырып,
Жирен шашты жалаң аяқ жалғыздық
Тас үстінде отыр мұңға асылып.
Сұлулықпен тыныштыққа елтіп бір,
Жомарт дүние жарылардай дертіп тұр.
Жалшы қызға жұмақтан да жайлырақ,
Васнецов тауып берген иен түкпір.
Күн батуға таянған шақ −
Екінді,
Қол мен тізе сүйейді аяй бетіңді.
Бақыт сусып жыртығынан көйлектің,
Су түбіне сүңгіп кеткен секілді.
Айна-айдында ұйыйды үнсіз көлеңкең,
Көлеңкеңе тығылады кең өлке.
Тағдырыңнан бүгін мұқап, бүгілсең,
Қандай күйде болмақшысың сен ертең?!
Аленушка,
Ойлануға мұрша бар,
Қалай қиып қайғы қалың тұмшалар?!
Әлдекімнен қалған ауыр көңіліңді,
Сынбай әзер көтеріп тұр шыршалар.
Аспан асты…
Шағын ғана баспана…
Ожар мырза көріп қойса?..
Масқара!
Безген бақыт тереңінде тұншықсын −
Келмей қойды кездесуге дос бала!..
Сыздан бетер сұсты сұрғылт тас-еден,
Қашып үйге бармай қойдың кешеден?!
Сағынышыңдай сарғаяды жапырақ,
Үмітіңдей сейіледі жас емен.
Зауығың жоқ сырласуға, жырға да,
Сабыр тілеп сарыласың құр нала.
Санаңдағы қалғыған сал-сезімді,
Әлсін-әлі түртіп сергек тұр қоға.
Өзге сезбес сырқатың бар,
Қарның аш,
Өгей шешең өксітті ме, зарлы жас?!
Жылы жаққа тастап ұшып кетуге,
Қимай алаң ұялас топ қарлығаш…
Ей, жетім қыз,
Ет-бауырың езіліп,
Отырмысың бұл жалғаннан безініп.
Қара орманды мекен еткің келе ме,
Су перісі Сүлейменге кезігіп?!.
МЕНІҢ КҮНІМ
Табиғаттың заңына бағынамын:
Сүйем,
Күйем,
Сарғаям,
Сағынамын −
Әркімнің бір Күні бар кеудесінде,
Мен өзімнің Күніме табынамын!..
Менің Күнім бөлек Күн −
Нұры бөлек,
Жібітеді жанымды күліп ерек.
Жазбай танып аламын арасынан,
Өзге Күннің оянса мыңы кенет.
Менің Күнім жұмбақ Күн,
Жасырын Күн −
Сақтаған асылындай ғасырымның.
Күнімді көрісімен болғам ғашық −
Жарығымен
жасанғам ғашығымның.
Менің Күнім ғажап Күн,
Ғаламат Күн −
Сәулесіне санамды саралаттым.
Алғаш кезіккеннен-ақ бойым балқып,
Мәңгі өшпестей өртеніп бара жаттым.
Менің Күнім титтей Күн көзін ашқан,
Үлгермеген қуатын сезіп Аспан!..
НАР-ТӘУЕКЕЛ
Нар-тәуекел!
Тербет, күнім, самал боп,
Тербелмеуге,
Тербетпеуге амал жоқ −
Тұра алмады орда бұзған отызға,
Ерке жиырма алынбайтын қамал боп.
Күйдір,
Жандыр,
Естен тандыр,
Еліктір,
Жаным,
Тәнім егіліп тұр,
Еріп тұр.
Жерде де емес,
Көкте де емес,
Кеудемде
Күмбір-күмбір күй төгеді желік бір.
Күлдір,
Күрсінт,
Қуант,
Жұбант,
Еңірет,
Уға,
Шуға,
Дуға толсын төңірек.
Аспан жылап,
Жұлдыз құлап,
Адассын
Ай астында алтын бұзау мөңіреп!..
НЕГР – ТҮННІҢ БАЛАСЫ
Көзге түртсе көргісіз қап-қарамын,
Қап-қара болмауыма жоқ та амалым.
Қойынымда түн жатыр, ол да − қара,
Қап-қара ғана менің ақтамағым…
Қара түн − қара сандық,
Құлпын ашып,
Қара маржан табардай ақтарамын!..
Жалықпаймын мен оған құмартудан,
Кінә артудан аулақпын,
Мұң артудан!
Дүниеге келеді…
Келер НЕГР −
Түннің аппақ махаббатынан туған!
ДОМАЛАНҒАН МАХАББАТ
…Махаббаттың, масқара,
Мазмұны дөп-дөңгелек −
Сен құштарсың басқаға,
Маған жалғыз сен керек?!
Махаббатта жоқ рахат,
Ұғымы − доп-домалақ −
Домаланған махаббат
Допқа айналса − обал-ақ! −
Ол қуады жек көрсе,
Сен қуасың тепкенше,
Мен қуамын жеткенше –
Қуамыз да жүреміз,
Желі шығып кеткенше…
СЕНСІЗ КҮНДЕР
Сенсіз күндер өтуде сұры қашқан,
Жоқтайтындай көктемін ұлып аспан.
Жел жұлқыған теректің уіліне,
Қыстан аман тырнаның үні ұласқан.
Мен − жалғыз,
Тырна − жалқы,
Терек − сыңар −
Жалғыздың жабығуы керек шығар?!
Жалқының суалуы керек шығар?!
Сыңардың қуаруы керек шығар?! −
Ыңғай ғаріп жабылып көмек сұрар –
Шын іңкәрін сағынса ақша бұлт,
Көк әйнегі күлдіреп кенет сынар!
Қас-қағым сәт мас қылған, тас та қылған,
Бір ғаламат күтемін қас-қағымнан.
Жер жүрегін жібітші жылуыңмен,
Ақша бұлт, егілші аспанымнан?!
Жел-құздайын жүдетпей теріс ұғынып,
Зарық-көңіл күйіне енші, бұлт −
Күдік басын босатып, күйкі ойлардан,
Көтерсінші еңсесін кемшін үміт?!
Жаһұт болып төгілші, сағынышым,
Тынышы кеткен тірліктің бағымысың?
Төгіп-төгіп жіберші көз жасыңды,
Сұлу сезім сырғасын тағуы үшін!..
БЕЙ-ТАНЫСҚА
Күлгін тартқан қанық жасыл ләттесі,
Жарқын жазым – қыз-көктемнің әпкесі,
Карта ашылса мен – қарғаның валеті,
Сұңғақ, сұлу сен – шыбынның мәткесі.
Ғафу еткін ғапыл кетсем сәл бөсіп,
Жүріс – сенен. Жерге түссең – хәл нешік?!
Аздап ойлан – тегі көзір қиықтың,
Қор болмайын дамкасымен шендесіп!..
…Жан-жүрегім жыр оқырдай сұранып,
Алаң көңілім әлденеге тұр ауып:
Ех, дүние-ай,
Мәскеуде емес,
Мәткемен
Медеу-сайда серуен құрса бірауық!
ҚАРАҚУ
Сахарасын сағынған жас көңілге
Кейде тарлық қылады Мәскеуің де…
Қарақу – қап-қара құс қатар аққан,
Бейсабыр эскалаторда пәстенуде.
Қай мекенге бет алдың, қара құсым,
Табиғаты, тумысы дара құсым?!
Маған ұқсап сабағын тастап қашқан,
Жер астына жерік боп барамысың!
Баладайын алаңмын ес білмеген,
Тілдесуге зауқың жоқ ешкімменен.
Тым асығыс түріңде торығу бар,
Кезігуге кешіккен Пушкинменен…
Сұғын қадар сырт көзге жаралысың,
Талмасыншы қанатың, қара құсым –
Жүрегімде келеді жырын оқып
Сен іздеген – іңкәрің, дана кісің!..
ТЕҢІЗ ҚЫЗЫНА
Жал-жал толқын – жалын орап төсіңе,
Теңіз түссе, сен түсесің есіме.
Толқын іздеп, теңіз іздеп, кім білген,
Ғазиз жүрек өкпелі ме иесіне?! –
Қыр арқаңды күнге қақтап, жағаға
Мен барғанда бара қалдың несіне!
Теңіз – терең, теңіздейміз – тереңбіз.
Түпсізбіз біз. Түк естімес кереңбіз.
Шомылам ба шарасында көзіңнің,
Сағыныштан сары уайым жеген қыз –
Тебіренген теңізі мен өзінің
Жоқ маржанын «сүңгіп, тапшы» деген қыз?!
Теңіз десем – сен дейтіндей көрінем,
Зар илеймін – шөл-тірліктен жерінем.
Жағалауға жағып үміт шырағын,
Тіл қатсаң-шы тереңдердің елінен.
Тылсым түрде теңізің де, өзің де
Жүрегімнің орын алдың төрінен…
ҚАСІРЕТКЕ БЕРГІСІЗ
ҚАЛЖЫҢ
Саған да қояр кінәм жоқ,
Оған да қояр жоқ кінәм.
Тірлігім алғы күмән боп,
Ес кетті сойқан соққыдан.
Екеулеп,
Сыңар сүйрелеп,
Қайыстырар қайғы салдыңдар.
Көк шыбын көзге үймелеп,
Ішқұста болдым,
Болдым дал.
Саған да жылы қарағым,
Оған да жылы қарағым
Келеді…
Екі от шарпыса –
Бақадай мұздап барамын.
Екі бақ әсте тілемен,
Бір өмірге де ырзамын.
Егіз махаббатқа түлеген
Еге бола алмай жүр жаным.
Жасырған жаттан нұр-өңін
Сезім де,
Сый да баршылық…
Екі махаббатқа бір өмір
Етеді неге таршылық!
Барасың, арман, қайда алып?! –
Махаббат біткен бір құшақ
Тірі букетке айналып,
Тұрса-шы ғажап гүлге ұсап!..
БҮГІНІ ТҮННІҢ ҰЗАРЫП
Жалауы күннің жығылып,
Ертеңім қамын жасайды –
Ұйқының көзі жұмылып,
Төзімнің белі босайды.
Бүгіні түннің ұзарып,
Атарын таңның ұмытады –
Ұяттың беті қызарып,
Намыстың бөзін жыртады.
О, ТОБА
Жәннаттанып,
«Жаратылыс» —
Ісімен:
Таптым –
Сені,
«Миллиондар» –
Ішінен!
Менің –
Үшін,
Орыс-Тілің –
«Қосын-Тіл»:
Түйсінемін…
«Жан-Дүниеңді!» –
Түсінем?!
Шындыққа –
Мәрт,
Жалғандыққа –
Нә-Мәртсің:
Таңға –
Талмас,
Түнге –
Біткен,
Қанатсың!
Тілің –
Тәтті,
Ділің –
Рәтті,
Әрине…
Уай,
Не –
Деген,
Неткен –
«Жүміле-Жанатсың!»
Арқа-Жарқа,
Жаз-Күніңдей,
Жарқынсың:
Өлеңденген,
«Көлемденген» –
Қалпымсың!
Құшағың –
От,
Қойының –
Өрт…
…О,
ТОБА:
Әйел –
Емес,
Әлеми –
«Тағдыр –
Талқымсың!!!»
ӨМІР ДЕГЕН…
Өң мен Түстің арасы өмір деген,
Бүгінде ауыр кешегі жеңіл денем.
Аласталған үйірден саяқтайын,
Сау жерім жоқ тістеліп, тебілмеген.
Таң атса тек болғаны кеш батады,
Ауру тістей жұтады дос қатары.
Үлкен үрей шақырып,
Кіші – уайым,
Жүйке тозып,
Ми шаршап,
Бас қатады.
Өтердейін күнім мен түнім есіл,
Аға жекіп дейтіндей:
«Үнін өшір!..».
Кейде омалып отырам от басында,
Ақтарылып айта алмай ініге сыр.
Бұрынғыдан қарайды жар да қатал,
Жай оғындай жасын сөз жанға батар.
Бірақ, мұқап алақан жайғаным жоқ,
Жоқ күйімді қоямын Барға қатар.
Өткеніме өкпем жоқ түк те менің,
Болашаққа аманат жүкте, өлеңім.
Ала жаздай бұйдасыз бос жіберген,
Өркешіндей үлектің тіктелемін…
КҮРСІНЕМІН…
Тағдыр уын іштірген,
Зіл боп басқан үстімнен,
Еңсемді езген күні-түн –
Тастың тәнін құштым мен.
Алдауымен күйдірген,
Арбауымен идірген,
Іші – тірі,
Сырты – өлі –
Жылан жанын сүйдім мен.
Күрсінемін, күлемін,
Жүйкеледім, жүдедім.
Күзетеді демімді
Кірпік ілмей жүрегім..
СҮЙМЕЙ ЖАТЫП…
Біліп тұрып сұраған,
Күліп тұрып жылаған –
Тастай батып түбіме
Жететіндей – бұл Адам.
Сүймей жатып сезінген,
Күймей жатып безінген –
Қарайтындай дүниеге
Менің көңіл-көзіммен.
Жалпыланып, сұқтанбай,
Жалқыланып, жұптанбай
Опасыз бұ жалғанның
Шолақтығын ұққандай…
…Ойдан опық жегесін,
Іздердей бас егесін –
Тергеп ғайып-Ақынның
Тегі Құдай емесін!..
АДЫГЕЙ АРУЫНА
Дертімді ішкі ұқпасыңды – білемін,
Білемін де өзіме-өзім күлемін.
Күле-күле мешкей көңілім құлазып,
Жоғын іздеп жылайды үнсіз жүрегім.
Жылайды ұзақ…
Мейлі, жүдеп жыласын,
Безбенге сап күнәсі мен кінәсін.
Тандыры кеуіп,
Тартылсын да тамыры,
Тәңірінің рахымын сұрасын!..
Рахымыңды жылап сұрап соңғы рет,
Табынғанда –
Сен міз бақпа Тәңірі боп.
Жазған байғұс жылай берсін,
Жұбатпа,
Тамсын жасы таңғы шықтай мөлдіреп…
Жылай берсін…
Саған артпас наласын,
Жазмышымен таба алмады жарасым.
Жылау үшін жаратылған жүректі,
Жұбатқанмен өзің жылап қаласың!
Жылай берсін…
ҚАЗАН КЕРУЕН САРАЙЫ
Қазан керуен сарайы…
Екінді шақ…
Күрк-күрк етіп күзгі аспан жекінді сәт.
Телмірдім терезесінен тар купенің,
Тылға аттанған бейтағдыр жетімге ұсап.
Бұдан әрі білмеймін не боларын,
Телмірдім… телмірмеске жоқ амалым.
Үніңді естіртпеді нөпір халық,
Ың да шың құжыңындай боп араның.
Мен енді оралмаспын… оралармын,
Кіре тартып, құм кешер қара нармын…
Бетіңді жуған жасты тұрдың сүртіп,
Ұшымен нарттай қанық орамалдың.
От құшақтан айыру – мұратындай,
Уақыт – поезд жылжыды тұра тұрмай –
Орамалың желбіреп қала берді,
Ұлы ибаның қып-қызыл ұятындай…
АРЗА
Бұл күнде
Сен де салқын,
Мен де салқын,
Салқындық сыз ұрады өңге жалқын.
Қап-қара көмір шықты
Жұрт көзінен
Жасырып кеудемізге көмген алтын.
Аңсаған арман алыс қашқақтады:
Алтын – тас,
Көмір де – тас…
Тас боп бәрі,
Шығардай тас-талқаны сәл қымс етсе –
Безеріп,
Бедірейіп қас қақпады.
Тас бәрі,
Тарпаң бәрі,
Тағы бәрі,
Тап қылса тас көңіл де қағынады:
Сен де – тас,
Мен де – таспын,
Тас пен тасты –
Шақтырып,
От шығарсақ не қылады!?
«ЕРКЕККЕ ТӘН ЕРЕЖЕ»
«Сеніміне» –
Енгенше,
Қақтап –
Әйел,
«Қан-Сөлін»:
«Уақыты» –
Келгенше
Еркек-Байғұс –
«Әншейін»…
…Жету –
Үшін,
«Межеге»:
Ер –
Соңынан,
Ере –
Бер?!
«Еркекке тән Ереже»:
Әйел, Әйел және Әйел…
P.S.
Шыңда –
Өсіп,
«Гөй-Шынардың» –
Иілмеген:
Көресің –
«Ғайып-Ерен»,
Күйін –
Менен!
Өлеңде:
Бәлкім,
«Өбек» –
Өлерменмін?!
Өмірде:
Періштемін,
«Сүйілмеген»…