ДИДАРДЫҢ КӨРКЕМ ӘЛЕМІ ЖӘНЕ МӘТІН МӘДЕНИЕТІ
19.07.2024
186
0

ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған Дидар Амантайдың әңгімелері туралы сөз болғанда мен алдымен «Жаңбырдың күбірінен» бастағанды жөн көрдім.

Нөсер жаңбырдан паналап үйдің іргесіне тұра қалған қызылшырайлы қыз бен бозбаланың сезімдерін суреттеуде жазушы шынайы өмірді көз алдыңызға әкеледі. Алайда бәріміздің басымыздан өткен сол бір тұмса сезімді, қыз болып қылтиып, жігіт болып түбіт мұрт шығып, дауыс жуандай бастаған албырт шақты, түйсікті қытықтаған алғашқы сезімді, махаббат сезімін суреттеу әлі қатып үлгермеген мұздан өткендей аса қиын – сәл әсірелесең пышақтың жүзіндей мұз жарылып, терең дарияға күмп бересің. Демек, шебер болсаң арғы жағаға мұзды баспай өтуің керек… Тілің қанша бай болса да, суреткерлік машығың қаншалықты шебер болса да махаббат деген құдіреттің күшімен бір-біріне іңкәр болған, өз сезімінен өзі ұялатын қайран тазалықты, періштедей пәк көңілдің толқуын, жүректердің дірілін оқырманға жеткізу – аждаһаның азуынан у алудан да қиын іс. Леонардо да Винчи Мона Лиза жымиысының құпиясын ондаған жылдар іздепті дейді. Дидардың бұл шығармасын жазарда таңды таңға ұрып, ұйықтамаған күндері бізге құпия… Қызылшырайлы қыз бен жігіттің арасында мынандай диалог бар:
– Дауысты естисің бе?
– Ненің дауысы?
– Естісеңші. Жауын күбірлеп сөйлеп жатыр.
– Естимін. Қатты да сөйлемейді, тек қана күбір-күбір етеді.
Дидарда жаңбыр – уақыт. Ол уақыт шатырдың жиегінен үзіліп түседі… шелектеп төгеді… сіркіреп ағады… Сюралистердің сағатындай формасы майысқан қайран уақыт. Қас пен көздің арасында ағып өтетін жастықтың уақыты. Ақ жауын болып нөсерлетіп-нөсерлетіп, жан біткенді қалқаға қуып тығып, сәлден соң түк болмағандай жайраңдап тұратын уақыт. Не істеп, не қойғанына жауап бермейтін уақыт. Шеңгелді қанша салсаң да уысыңнан суси беретін уақыт. Екі ғашықтың аяғы батпақ. Аяқ киімдерін шешіп алып, әлдеқайда лақтырып жіберген. Су астында қалып, қыз бен жігіт қанша іздесе де табылмайтын аяқ киімдер де екеуінің өмірінде болған өзгерісті білдірер күрделі символға ие. Аяқ киім қазақта – үздіксіз қозғалыс, уақыт, өмір белгісі. Төңкеріліп жатқан аяқ киім көрсе дұрыстап, табанымен жер бастырып қоя­ды. Аяқ киім табанымен жоғары қарап жатса оны иесі енді кимейді, бұ дүниеден о дүниеге қайтты, қозғалыс тоқтады деп есептейді. Қызылшырайлы қыз бен жігіттің шалшыққа батқан аяқ киімдерін іздеуінде алғаш өбіскен сәтті, өтіп кеткен уақытты қайтарғысы келетін сәт жатыр. Жаңбыр – тазалық, тазару символы. Қыз бен жігіт табиғаттың бір құбылысына айналып, жаңбыр-уақытпен бірге ағып кеткілері келеді. Қыз ернін боямаған, қасы-көзін сүрмелемеген. Автор осы детальдар арқылы кейіпкерлерінің бойындағы боямасыз, тұмса тазалықты суреттейді. Екеуі де – ұяң. «…Жас өрімтал жігіт өзіне қарай қалған бір уыс қызды кеудесіне басып еді, ешқандай қарсылықты сезбеді. Ернінен сүйді. Екеуі де үнсіз тұрып қалды. Сонан соң екеуі де бір-бірінен алғашқы тән ләззатына жол ашып қойып, енді содан – ұялатын тәрізді…». Жігіт құшағындағы қыз балғадай тарсылдаған жүрегінің үнін тырс-тырс тамған жауынның күбірі шығар деп ойлайды. Жаңбыр-уақыттың күбірі мен қыз жүрегі бірге бұлқиды. «Жауын дәл іргемізден басқа жақтарға күбірлеп кетіп бара жатыр…» – деп бағамдайды бір уыс қыз… Екі жастың төбесінен төпелеген жаңбыр басқа жаққа күбірлеп кете береді… Өтіп кеткен уақыт, кешеге айналған бүгін – әрқашан да мұңлы. Бірде көктен құйылған нөсердей селдетіп, бірде шатырдан аққан тамшыдай тырсылдаса да әр тамшысы санаулы сезім Құлагері де қанша өрекпігенімен Уақыт тертесіне жегіліп, күндердің күні көп жабының біріне айналады… Одан әрі бірде ащы, бірде тұщы, бірде су татыған өмір басталады. «Мизам-­шуақ­ махаббаттан соң ұзақ уақытқа қыс келеді» («Сіз едіңіз» әңгімесі). Әйел де, еркек те тағдыр арбасына жегіле жүріп бұл өмірден мән, мағына іздейді. Кешегі заңғар арманы қолы жеткен сәтте талай табан шиырлаған төбе болып шығады… Адам баласының бұ дүниеге келгендегі мақсат, мұратын ойлаған Дидардың кейіпкерлерін мұң басады. Жалғыздық торлайды. Шығыс философтары: «Дүние – бос кеңістік, адам сол кеңістікті өзі қарекетімен толтырады», – дейді. Хакім Абай әр пендені дүние-жаратылыстың кірпішіне балайды. Ешкімді қайталағысы келмейтін, өз соқпағын іздейтін Дидардың кейіпкерлері дүние ғаламның кетігін іздейді, алайда жаратылыстың мінсіздігін танығанда, өз жанынан алып-қосар ештеңе қалмағанын білгенде мұңға батады. «…Ғұмырда, жалпы, бүкіл әлемде ешқандай жетпей қалған тұсы жоқ, соңына дейін қамтылған дүниені жасап шығару мүмкін емес… Ұлы ғалам о бастан-ақ дәл солай жаратылған шығар деп тұжырымдайды». «Ал өнер жаратылыстың осы ақиқатын бізден жасырады», – дейді Дидар «Майдақоңырда». Адам баласының ғұмыры шектеулі. Махаббат ғұмыры тіпті қысқа, күрмеуге көнбес шолақ. Бақыт шын ғашық бола білуде шығар, бәлкім… Өмірдің мәні тәтті күнәда ма…
Жинақтағы 33 беттік «Майдақоңыр» әңгімесі бес елі романның жүгін арқалап тұр. «Ой – энергия», – дейді йога даналары. Дидар мәтінді ойға құрады. Қызыл тілді безеу Дидар стиліне жат. Алқын-жұлқын сезім, қызылды-жасылды бояу қолданбайды. Бір сөйлемі, бір сөзінің өзі таудай мағына арқалап тұрады. Көркем информацияны сығып, сөлін ғана ұсынады.
Иә, құмға сіңген жаңбырдай уақыт – тұрлаусыз, өмір – алдамшы. «Жаңбырдың күбірінің» кейіпкерлері – қызылшырайлы қыз бен бозбала «Майдақоңыр» әңгімесінде Ғайнижамал мен Даниярға айналған. Жаңбырдың күбірін тыңдаған бейкүнә қыз «Майдақоңырда» «Қарағайлыда екі-үш жігіттің қойнына жатты…» деген өсекке ілінген Ғайнижамал болып көрінеді. Бозбала Данияр болып есейген. Өмір көрген, тұмса сезіммен қоштасқан олар енді жаңбыр астында құшақтасып тұрмайды. Өз сезімдерінен өздері қысылмайды…
… – Данияр, – деді бір уақ.
– А-а.
– Сен маған сенбейсің, мен де саған үміт артпаймын, – деді.
– Сенімен бірге жүрген маған сондай жақсы.
– Маған да екеуміздің жұбымыз жазылмағаны қуаныш сыйлайды.
Үнсіз қалдық. Аспанға көз салдым.
– Ғайнижамал, сен мектепті жаңа тәмамдаған шағыңда жолықсаң, бірден үйленер едім…
Автор бұл қылдай нәзік диалогтар арқылы Данияр мен Ғайнижамалдың арасындағы күрделі қарым-қатынасты шебер әдіптейді. «Күндіз берген уәдесінен кешке тайған» Ғайнижамалына Даниярдың «қалған көңіл – шыққан жан» көңіл күйін мәдениетті, астарлап жеткізеді. Бұл тұста Ғайнижамалдың уәдесінің жалғанына күйінген кей оқырман Даниярдың Ғайнижамалды қатты-қатты сөздермен жазғыруын, тас-талқан ашулануын күтуі де мүмкін. Дидар оған бармайды, оның Данияры қыздың сатқындығын кешірмесе де шешім-үкімін майдан қыл суырғандай бипаздап отырып, қолы дауалы сынықшыдай сылап-сипап отырып жеткізеді. Мәтін мәдениеті дегеніміз – осы. Мәтін мәдениеті – автор мәдениеті…
«Майдақоңырда» Қарқаралы оази­сіндегі ең үлкен шың – Жиренсақал шыңына бет алған топ – Ғайнижамал, Данияр, Шолпан, Қайыр, Серіктер Ақтоғай тауының тоғайында шатыр құрып түнеп, мосыға қазан іліп ас пісіріп, табиғат аясында тамақтана отырып өмір, махаббат, мәңгілік мұрат-арман, әдебиет туралы сыр шертіседі. Ғайнижамал – түске дейін күн шуағы тұла бойыңды балқытып рахатқа шақырар, түстен кейін күрт өзгеріп, көзге түртсе көргісіз алаборан дауылға айналар; жылт еткенге алданып, қамсыз қалсаң үсіріп өлтірер «түске дейін – мейіз, түстен кейін – киіз» «Бес қонақ» амалы сияқты ойнамалы өмір-тағдыр символы. Дидар: «…Өмір дегеніміз – бір демнің кіріп-шыққан жолы. Туғанда жұтасыз, қайтқанда шығарасыз. Дем таусылғанда дәм-тұзы да таусылады», – дейді. Даниярдың құздан ұшуы – өмірдің қас қаққандай сәт екенінің, сен біреуге өкпелеп, біреуге еркелеп жүргеніңде өтіп кетерінің, түпсіз құзға бір-ақ ұшуыңның ишарасы… Сапар-сейіліңнің соңы «Циклоп қақпасы» болуы мүмкін, жалғыз көзді жалмауыз алдыңнан күтіп тұрады. Күндердің күнінде өзің барып аранына түсесің… Ғайнижамал – бес күндік тұрлаусыз өмір белгісі.
«Салмақты кейпінде айтты. Жүзі өте әдемі болып, құлпырып тұр. Көздері монтаны бола қалды. Тұңғиығынан мұң аңғарылады. Бәріміз жақсы көретін мұң. Келбетінде өзім бағана оқшау, қапылыс байқаған өлім ізі жатыр…
…Жүзі өте әдемі болып, құлпырып тұр. Өйткені бұл жолы ешқандай жасандылық жоқ еді». Иә, бұл жалғанда жасандылығы жоқ, алдамайтын, сатпайтын, уәдесінде тұрар тек өлім ғана… Дидар кесімі – кейде қатал, бірақ әділ.
Дидардың жазушы ретіндегі шеберлігі, қарапайым ғана өмір көріністерінен өз дәуірінің жастарының, замандастарының болмыс-бітімін, өмір туралы пайымдауларын майдақоңыр үнмен жырлап отыруында. Сюжетті қимыл-әрекетке құрады. Кинодағыдай. Әр қимыл-әрекет ойдан туындап отырады. Белгілік, символдық, сигналдық мәнге ие. Сондықтан мәтіннің ішкі поэтикасы полифониялық үнге ие.
Дидардың шығармаларында Тәттімбет күйлерінің күмбірі, саксафонның құлаққа жағымды қоңыр дауысы естіліп тұрады. Кейде, дала мен қала оқиғаларында домбыра мен саксафон үні үйлесім таба таралады. Классикалық музыка тыңдай білген жанға өте ауыр. Өйткені классикада – уыстан шығып бара жатқан уақыт әуені бар. Көктен жапалақтап, қара жерге әлі қона қоймаған қардың тазалығы, жаңбырдан кейінгі аңқыған дала жұпары бар… Адамзаттың өмірінде көрмеген, бастан кешпеген жұмбақ жан рахатына шақырар, түйсікті қытықтар әуез бар. Дүниенің жалғандығын сездірер құдіреті бар. Дидардың мәтін музыкасынан да осындай тылсым сезіледі…
Дидардың ойлау эстетикасы – күрделі әрі көркем. Шығыстың бір данасы аққан суға қарап тұрып: «Мына су – сол су, бірақ, басқа су», – деген екен. Иә, уақыт та көз алдымызда ағып, кетіп жатыр. Уақыт тау өзеніндей гүрілдеп ақпайды, алпыс екі тамырыңдағы қандай бүлкілдеп те білінбейді, үн-түнсіз, ың-шыңсыз ғайып болады, жоғала береді. Дидардың шығармаларын оқып отырғанда мынау қызылды-жасылды өмірдің жалған екенін, арман-мұраттардың тұрлаусыз екенін түйсінесіз, сөйтеді де сізді әлдебір қоңыр мұң торлайды. Мәңгілік туралы ойлана бастайсыз. Мәңгілікті біреу байлықтан, біреу биліктен, біреу өнерден іздейді. Шолпанмен тіл қатысында Данияр Ницшенің мына бір сөзін келтіреді: «Ақиқаттың алдында құрып кетпес үшін адамға өнермен шұғылдану ғана қалады». Дидар өмірлік мұратына балап, шұғылданған өнердің бір шыңы – «Майдақоңыр» әңгіме-новеллалары ҚР Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық шығарма.

Асылбек ИХСАНОВ,
жазушы-драматург

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір