СҮЙІНБАЙ ЕСКЕРТКІШІ АНКАРАДА
24.06.2016
1644
0

AH1Z1207Анкара қаласының бір миллион бір жүз мыңнан астам тұрғыны бар Кешиөрен ауданы архитектуралық ерекшелігі жағынан болсын,  үйлерінің орналасу тәртібі тұрғысынан да тұнып тұрған Еуропа. Табаның тиген бетте қазақ оғланын жатырқата қоймайтын ағайындық бауырмал сезімге қалай, қандай жағдайда бөленетініңді байқамай қалатының өз алдына таусылмайтын әңгіме. Сүйінбай Аронұлының атында былтыр дәл  осы уақытта саябақ ашылса, биылғы орнатылған тұғыры биік мүсін Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаевтың тілімен айтқанда «бейне  аспаннан өзінен-өзі салбырап түсіп, дәл осы төбеге  қасқайып тұра қалғандай» әсер етеді.

Ақан Әбдуәли бастаған Алматы облысы филармониясы өнерпаздарының орындауындағы ән мен күйге түріктің сондағы еңбектеген баласынан еңкейген қар­тына дейін елтігені  көңілді одан бетер желпінтіп әке­те­ді екен. Дәл осы шараның алдында Жамбыл Жа­баев­тың туғанына 170 жыл толуына арналған ғылыми конференцияда Кешиөрен ауданының басшысы Мұстафа Ак пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев құттықтау сөз  сөйлеп, осы шараның маңызын асқақтат­қан еді. Бұ халықтың болмысында үлкенді сыйлау мен кішіге құрметтің өзгеше жарасымдылығы да, тамаша та­ғы­лымы да жүрекке жылу ұялатқандай…  Түрік бауыр­лар қазақ руханияты қақында әңгіме өрбіткенде ұлттық үдерістің тегі мен тілінен хабардар екендігі тәнті ететіні өз  алдына, қазақ ой-танымының тереңіне бойлауға деген талпыныстарына разылығың еселене түседі.

Бүкіл Батыстың  «Шығыс өте нәзік  те шәргез» тәрізді бағасы екі сөздің бірінде айтылған сайын бұнда әзілден гөрі зілмауыр айыптау бардай естілетінін несіне жасырамыз. Бір миллион жүз отыз мыңнан астам жұртты ұйыс­тырып отырған басшының әлпеті біздің Бауыржан Оспанов есімді кәсіпкердің елесін берсе де бет пішінінде әкімдік мыстың айбын-ызғарынан түк жоқ, құдды мейі­рім­ді сынып жетекшісінен ауса не қылсын. Алдына үйі­ріл­ген бөбектерді шетінен көтеріп алып, жүздерінен өпкенде сахналық ғадеттердің жұқанасы сезілмейтін қал­­пындағы табиғилыққа қайран қалмасқа амалың жоқ.

Қазақ шенеуніктері дәл осы құбылыспен беттесіп тұ­рып, «көрмес, түйені де көрместің» керін қайталай­ты­нына таңырқамасқа шараң қане…

19-20 маусым күндері Анкара қаласында Республика Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйытқы болуымен қазақтың ақтаңгер ақыны Сүйінбай Арон­ұлының бюсті ашылып, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толу мерейтойына орай өткен халықаралық конференция үлкен концертке ұласты.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Түркия ара­сын­­дағы мәдени қарым-қатынас жоғары дең­гейде жалғасуда. Елбасы Н.­Ә.­Назарбаев­тың ұстанған салиқалы саясатының нәтижесінде екі ел арасындағы саяси, мәдени, рухани байланыс­тарымыз нығайып, Түр­кия­ның ірі-ірі қала­ларында қазақстандық  әдебиетіміз бен мәде­ниетіміздің ірі тұлға­ларының ескерт­кіштері орнатылып,  көшелерге аттары бері­ліп, орта­лық­тар мен саябақтар ашылды. Өткен 2015 жыл­дың басын­да «Абай Құнанбаев» пен «Мағ­жан Жұма­баевтың», «Қазақтың күйші қызы» мен «Қабанбай батырдың» ес­керт­кіштері ор­на­­тылған болса, соңғы жылдары «Абылай хан­ның» ескерткіші бой көтеріп, «Абылай хан» атындағы саябақ жасалды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған монумент орнатылды. Сондай-ақ, Түркияның Невшехир қаласында «Қазақстан» атындағы, Анкара қаласында «Абай Құнанбаев» атын­дағы, Қыр­шехир, Гебзе, Адана сынды қалала­рында «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы даңғылдар, «Дина Нұрпейісова» атындағы және «Тәттім­бет» атындағы саябақтар ашылды. Бұл – екі ел арасындағы шынайы бауыр­ластықтың бірден-бір көрінісі.

Анадолу жеріндегі  шара әуелі қазақтың ақ­таңгер ақыны «Сүйінбай  Аронұлы» бюс­ті­нің ашылуымен басталды.  Бұл мерекеге Қазақ­стан­ның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түйме­баев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы  Дүй­сен Қасейінов, Анкара қаласы Кеш­и­өрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнер­баев, қоғам қайраткерлері Шәмша Беркімбаева, Ғабит Садырбаев, қаламгерлер Жұмабай Шаштайұлы, Бахтияр Сманов, Әмі­ре Әрін, Түркиядағы дипломатиялық мекемелер мен зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөй­леді.  Алматы облысы әкімі Амандық Ба­та­лов­тың Түрік еліне сыйға тартқан Сүйінбай Арон­ұлы­ның бюсті тұғырына қондырылды. Бюс­ті­нің авторы – белгілі мүсінші Нұрғалым Исабаев.

Шара барысында Сүйінбай бабаның шөпшегі,  қоғам қайраткері, сәулетші Ғабит Са­дырбаев осы игі шараға ұйытқы болған аза­мат­тарға және бүкіл түрік жұртшылығына жү­рекжарды тілегін білдірді. «Адырна» фоль­к­лорлық-саз  ансамблі «Сүйінбайдан шашу» атты музыкалық туындыларын тарту етті.

Бір миллионға жуық халқы бар Кешиөрен муниципалитетінің «Калаба Кент»  атындағы алаңында қазақтың мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін түрік жұртшылығына насихаттау мақсатында  «Қазақстан үйі» атты үй-көрмесі ұйымдастырылып, жыр алыбы Жамбылға арналған үлкен концерт жұртшы­лық назарына ұсынылды.

Әншілер А.Сқақов, Г.Ахманова, Ж.Тә­ке­баев, А.Мадиев, К.Ақжолова, М.Тұрсынғазина, Ө.Айниязов және Т.Нағымбаев ансамбльдің сүйе­мелдеуімен қазақ  пен түрік классикалық  әндерін орындады. «Алтынай»  би ансамблі қазақтың дәстүрлі билерімен  кештің  ажарын ашты.

Концерттің соңында Қазақстанның Түр­кия­дағы Елшісі Ж.Түймебаев пен Алматы об­лысы әкімінің орынбасары Б.Өнербаев
Ке­шиө­рен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Актың иығына шапан жауып, Алғыс плакеткасын тапсырып,  Жамбылдың портретін сыйлады.

ПІКІР ҚОСУ