«Қозы көрпеш – Баян сұлу» кесенесі – МӘҢГІЛІК МАХАББАТТЫҢ ЕСКЕРТКІШІ
Тарихты, тарихта қалған ұлттық мұраларды, әдеби көркем шығармаларды әр кезеңнің ұрпағы өзінше пайымдап, қабылдайтыны анық. Өйткені уақыт алмасқан сайын пайым мен сана қабылдауы өзгеріп, техногендік үрдеріс жады мен көзқарас ұғымына да өзгеріс әкеледі. Бұл үрдіс ұлттың тарихи жадында қатталған киелі орындар мен ауыз әдебиетінен тамыр алатын жыр-толғауларына да қатысты, яғни, бағзы туындыларды бүгінгі буын қалай қабылдайды деген сөз еді айтпағымыз.
Жыл сайын 15-сәуірді «Махаббат күні» деп атап өту дәстүрге еніп келеді. Ұлттық, қазақы ұғымдағы махаббат күні туралы айтып отырмыз. Мұны ешкім зорлап таңып, мәжбүрлеп атауды бұйырған жоқ және жастардың өз таңдауы екені түсінікті. Айтпақшы, осы 15-сәуір – «Махаббат күнін» асқақтатып «Қозы көрпеш – Баян сұлу» күні деп атайды бүгінгі ұрпақ. Демек, ғасырлардан келе жатқан махаббат дастанының кейіпкерлері әлі қанша ұрпақтың ой-санасында жаңғыра беретіні сөзсіз. Бір қызығы, мектепте, жасөспірімдер арасында «Қозы көрпеш – Баян сұлу» күніне орай сауалнама жүргізіп, оқушылардың талғам таразысын салмақтаған ұстаз досымыз жастардың жыр туралы ақпараты жеткілікті екенін айтады.
Бәлкім, бозбала мен бойжеткеннің бәрі лиро-эпостық «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырын оқымаған да шығар, бірақ махаббат дастаны туралы қысқа ақпараттарға қанық екенін байқатқан. Демек, жас толқын өзіне қажет информацияны қалайда іздеп, тауып алады деген сөз. Ғаламтор заманында бұл тіптен оңай. Мысалы, интернетке жүгінейік. «…Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Сол кезде аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, баласын көре алмай қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян жүздерін көрмегенімен, бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды. Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап, қаза табады. Сөйтіп, Қозының кегі қайтарылады. Батыр қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды…» Бұл – kk.wikipedia.org сайтындағы «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жыры туралы түсініктеме. Дәл осы ақпарат талай қазақ баласының рухани азығы болып отырғаны тағы анық…
Сол мектептегі мұғалім айтады: «Оқушыларға Қозы мен Баянның жерленген жері туралы айтқанымда, керемет таңданысқа куә болдым», – деп. Жасөспірімдер махаббат ескерткішіне барып, көзбен көргісі келетіндерін айтқан. Тіпті жастар Қозы-Баян кесенесін суреттеп, оны Тәж Махалмен салыстырған екен. Бұл да бір тарихты танытудың таптырмас құралы ғой.
Енді, сол «Қозы көрпеш-Баян сұлу кесенесі» туралы айтайық. Кесене Абай облысы, Аягөз ауданына қарасты Таңсық ауылының маңында менмұндалап тұр. Бұл – еліміздегі ең көне ескерткіштер тізімінің көшбасында тұрған киелі нысан. Мемлекет қорғауында. Кесененің салыну мерзімін зерттеушілер арысы V-X ғасырлардан бастап, берісі X-XI ғасырларға әкеп тірейді екен. Махаббат мазарының биіктігі 11,65 метрге жетеді. Қабырғасы қалың, 1,86 метр шамасында. Кесененің құрылысы туралы алғашқы болып зерттеу жазбасын қалдырған – Шоқан Уәлиханов. Ғалым 1856 жылы мазардың басына барып, жергілікті жұрттан ғашықтар тарихын сұрап, жазып алған. Кесененің суретін тұңғыш рет қарындашпен сызып, салған.
Одан кейін орыс зерттеушілерінің назары ауып, кесене туралы ғылыми деректер іздестіріле бастапты. Мысалы, 1858 жылы Николай Абрамов, 1898 жылы Николай Пантусов кесенің салынуын, онда жерленген адамдар туралы зерттеген. Ал 1952 жылы Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Ғылым академиясының археологиялық экспедициясы арнайы келіп, толыққанды зерттеу жұмысын бастаған екен. Нәтижесінде, 1982 жылы «Қозы көрпеш – Баян сұлу» мазары республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекеттің қорғауына алынған болатын.
…Ақиқатында Аякөзден таяқ тастам жерде орналасқан, бұл күнде туристер көп баратын тарихи орын – «Қозы көрпеш – Баян сұлу» кесенесі махаббаттың мәңгілік ескерткішіндей болып ел тарихиымен бірге жасай бермек. Абай облысының аумағына аяқ басқан жандардың да алдымен «Қозы көрпеш – Баян сұлу» мазарын көруге асығатыны анық. Өйткені сезім мен сенім сырын бүккен сол маңға барған адамның ерекше күйге бөленетіні сөзсіз. Оны ақын ғана өлең тілінде жеткізе алатын сияқты. Әйгілі Мұқағали Мақатаев былай деген:
«Аягөз деген – аядай бұлақ» –
деседі,
Жұрттарда қалған жұмбақты
кімдер шешеді?
Аягөз болып ғасырлар алға көшеді,
Ая, көз, ая – арулар елі кешегі!..
Ақын жыры – алтын арқау. Махаббат деген ұғымның өзі – жұмбақ әлем. Оның жұмбағын ғашықтар ғана шеше алса керек…
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ