Міржақып Дулатұлының ескерткіші ашылды

Қостанайда Алаш арысы Міржақып Дулатұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Шараға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқыды.
– Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз, – делінген Президент құттықтауында.
Сондай-ақ жиынға Міржақып Дулатұлының ұрпақтары, еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен әдебиетшілер, сондай-ақ Міржақып мұрасын дәріптеп жүрген ғалымдар жиналды.
Айта кетейік, Торғай төрінде Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы тойланып жатыр.