АНКАРАДА ӘН САЛЫП ҚАЙТТЫ
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, кезінде айтыскерлік қырымен де танылған әйгілі әнші Хатимолла Бердіғалиев өнер сапарымен Түркияға барып қайтты.
Осыдан біраз күн бұрын Анкарадағы Музыка және көркемөнер университеті басшылығының ұйытқы болуымен халықаралық симпозиум өтті. Үшбу іс-шара көру қабілетінен айрылса да ақындық һәм жыраулық өнерден қол үзбей, соңына рухани мол мұра қалдырған Ашик Вейсельдің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Үш күнге ұласқан мәдени шарада Түркияның төл өнерпаздарына қоса, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстан және Ираннан келген жыршы-термешілер өнер көрсетті. Әуелеген дәстүрлі әндер мен тағылымды жыр-термелер тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырып, түркі жұртын дүр сілкіндірді. Симпозиум аясында ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, үшбу алқалы жиында күллі түркі дүниесіне қатысты өнер мұраларын қастерлеу және оларды кеңінен насихаттау жөнінде дәрістер оқылып, келелі әңгіме өрбіді. Осынау ауқымды рухани шараға біздің елімізден Хатимолла ағамызбен бірге, Сыр бойының сүлейі, танымал жырау, профессор Алмас Алматов, жыршы, өнертану магистрі Күнсұлу Түрікпен және жырау һәм қобызшы Марат Сүгірбай қатысты.
– Анкара шәріндегі аталмыш университет 2016 жылы ашылған екен. Біз атсалысқан симпозиумды өте мағыналы, мәнді ұйымдастырғанына өз басым дән риза болдым. Әр әнші-жыршыға 10 минуттан берілді. Осы уақыт аралығында мен «Құмар» термесін және Жамбылдың «Жазын» Ғарифолла Құрманғалиевтің мақамымен, сонымен қатар өлеңін Ақұштап Бақтыгереева, ал әуенін Сәрсенғали Бисенғалиев жазған «Мен сені ойлайтынмын» деп аталатын әнді орындадым, – деді бізбен әңгіме-дүкен барысында Хатимолла ағамыз.
Бауыржан ФАЙЗОЛЛА