Әбілхан Қастеевтің ескерткіші ашылды
11.10.2024
81
0

Талдықорған қаласында Қазақ­станның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің ескерткіші тұғырға қонды. Қола мүсін Көркемөнер галереясының ауласына қойылды.

Суретшінің 120 жылдығына арналған бұл мереке ескерткіштің шымылдығын түсіріп, алдына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мерейтойлық шараларға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Қазақ­станның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, көрнекті қылқалам шеберінің қызы Гүлдария Қастеева, Қазақ­стан Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, зиялы қауым өкілдері, жалпы облыс жұртшылығы қатысты.
Құт­тықтау сөз алған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевмерейтойлық шаралардың мән-маңызына тоқталды:
– Жетісу – қашан да қасиет­ті өнердің киелі бесігі болған өлке. Осы өңірдің төл перзент­терінің бірі де бірегейі Әбілхан атамыз – қазақ халқының кәсіпқой көркемсурет өнерінің тұма бастауы, тұңғыш суретшісі. Ол сурет өнерінде қарапайым өмір философиясына, ұлт­тық дүниетанымға арқа сүйеді, сол арқылы туған халқының тарихы мен өмір салтын бейнелеп берді. Өмір қысқа болғанмен, өнер мәңгілік. Қанша ғасыр өтсе де, Әбілхан Қастеевтің есімі тарихта алтын әріптермен жазылып, суретшінің бай мұрасы елдің асыл қазынасы ретінде ұрпақтан ұрпаққа жете беретіні сөзсіз, – деген Б. Исабаев ескерткіштегі суретші бейнесін жеткізу идеясының авторы көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековке, мүсіншілер Ринат Әбенов пен Ербол Зиябековке жетісулықтардың атынан шынайы ризашылығын білдірді.
Бұнан соң сөз алған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлт­тық ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков:
– Әбілхан Қастеевпен етене араласпасам да тірісінде көзін көрдім. Қой аузынан шөп алмайтын момын кісінің тұла бойында саф талант­тың тұнып жатқаны таңғаларлық. Ол – қазақтың рухын көтерген, қазақты әлемге танытқан азамат. Біз мұндай ұлы өнер иелерін қастерлеуіміз керек. Сонда ғана берекелі ел боламыз. Әбілхан аға ешқашан өлмейді, халықтың көкейінде жарқырап қала береді, – деді.
Сол сияқты мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Қазақ­стан Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, көрнек­ті суретшінің қызы Гүлдария Қастеева да көпшілікке арнап мерекелік лебізін білдірді. Бұл рет­те журналистермен тілдескен Әбілхан Қастеевтің немересі Сауран Қастеев атасының жолын қуып, көркемсурет өнерін таңдағанын айтады.
– Біз кішкентайымыздан атамыздың барлық картиналарын көріп-біліп өстік. Соның ішінде маған акварель­мен салған таулардың картинасы керемет ұнайтын. Өсе келе суретшілік өнерге бет бұрдым. Қазір кескіндеме, графика, иллюстрация бағыт­тарында жұмыс жасаймын. Әбілхан атамыздың еңбегі бағаланып, халықтың құрметіне бөленіп жатқаны – біз үшін мақтаныш, – дейді Сауран Қастеев.
Ескерткіштің ашылуынан кейін қонақтар Көркемөнер галереясының ішінде Ә.Қастеевтің 120 жылдығына арналған экспозициялық көрмені тамашалап, суретшінің 9 картинасының тұпнұсқасын көрді.
Бұдан әрі мерейтойлық жиын І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Тұғыры биік тау тұлға» ат­ты республикалық конференциямен жалғасты. Конференцияға жиналған қауымды облыс әкімі Бейбіт Исабаев құт­тықтады. Басқосуда Қазақ­станның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, Қазақ­стан Суретшілер одағының мүшелері және Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткерлері Сейсенхан Махамбет, Жанұзақ Мүсәпір, өнертанушы Әйгерім Еспенова, Ә.Қастеев музей-үйінің жетекшісі, қастеевтанушы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Нұразхан, Ә. Қастеев атындағы Мемлекет­тік өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова баяндама жасап, Халық суретшісінің еңбектеріндегі этнографиялық бағыт­тарға тоқталды, оның бүгінгі сурет өнерінің дамуына тигізген ықпалы туралы сөз қозғады.
Сондай-ақ сахна төрінде мерейтойға арнап шығарылған қылқалам шеберінің өмірі мен өнер жолына қатысты «Әбілхан Қастеев», «Өмір мектебі» кітаптарының тұсауы кесілді. Ал
Ә.Қастеевтің туған жері Панфилов ауданы Шежін ауылында суретшілердің республикалық пленэрі басталады. Оған еліміздің 20-ға жуық кәсіби суретшісі қатысуда. Пленэр 10 қазанға дейін жалғасып, іс-шара Жаркент қаласындағы Көркемөнер галереясында қатысушылардың еңбектерінің көрмесімен қорытындыланады.

Аружан ОРАЗБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір