Мәншүк, Әлия, Хиуаз ескерткіші оңтүстікте бой көтерді
Діни әпсаналарда «адам өлмейді, ол тек мәңгілік мекеніне аттанады» деген ұғым бар. «Адам дүниеден өткенде жоғалтатыны – денеңіз ғана, рухыңыз өлмейді» дейді. Қайтыс болған кезде жанның бөлініп шығатынын бүгінде ғылыми жолмен дәлелдемек болғандар да жоқ емес. Ал мұның қаншалықты шын екенін кім білсін, бірақ бүтін бір аталықтың аман сақталуы оның кейінгі ұрпағының есінде жүруімен байланысты екені рас. Батыры болса, ұранға қосады, жыр шығарады, биі болса, әңгіме-аңызға арқау етеді. Ата-баба шежіресінің түпқазығы да осында. Сол шежірелер бірігіп келіп тарихты құрайды. Демек, тарих дегеніңіз – рухыңыз, ұлтыңыздың түп төркіні. Үш жүзжылдық бодандық бізді санамыздан айыруға тырысты, тарихымызды бұрмалады, асылдарымызды алыстатты, жадымыздан айыруға тырысты. Тек еліміз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет құрып қана аман қалдық.
Сол жадты қайта жаңғыртудың, сананы қалыпқа түсірудің бір жолы – кесене, ескерткіштер екені айқын. Соның бір дәлелі – тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағы. Оның алғашқы қазығы қалай қағылғаны, бұл идеяның неден туғаны жөнінде ұлт жанашыры, белгілі заңгер, меценат, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев аға былай деп әңгімелейді:
– 2014 жылы Шымкент қаласындағы Қазығұрт мейрамханасында кездесуі болды. Сонда өзіміздің Шарапхана (кейін Сарапхана) ауылынан «Бабалар рухына тағзым» кешенін тұрғызайық. Оны елдің көзіне түсетіндей биік төбенің басына орнатайық» дедім. Сол жерде сөзімді ел азаматтарының бәрі де қолдап шықты. Сөйтіп, «Түгейболат қайырымдылық қорын» құрып, іске кірісіп кеттік қой.
Әрине, бастама көтеру оңай болғанымен, оны жүзеге асыру жеңіл тимеді. Алғашқы кезде қоғамдық қорды бәрі де қолдағанмен, қаржы жинауға келгенде, реніш танытқандар да болды. Сондықтан Бекең ауылда кәсіпкерлікпен айналысатын інілеріне бас болып әрі ел ішіндегі абырой-беделін жоғалтпас үшін көпшілікке салмақ салмай-ақ, қолға алған ісін жалғыз өзі аяқтап шығуға тырысты. Сөйтіп, ең алдымен, төбе басына 21 метрлік стелла тұрғызылды. Төменгі жағы киіз үй үлгісінде жасалды. Оның алдына Түгейболат бабаның ескерткіші орнатылды. Жанына Сарапхана ауылынан ІІ дүниежүзілік соғысқа аттанып, майданнан қайтпағаны бар, келгеннен соң қайтыс болғаны бар, барлығы – 530 сарбаздың аты-жөні қара мрамор тасқа ойып жазылды. Жоғары жағына «Ерлер есімі ел есінде мәңгі сақталады» деген тақта орнатылды.
Сөйтіп, «Бабалар рухына тағзым» атты бұл кешен Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында 2015 жылдың 3 мамырында ашылды. Оның ашылу салтанатына Қазақстанның халық жазушысы, абыз ақсақал Ә.Кекілбаев бастаған республиканың бірқатар зиялы қауым өкілдері келді. «Бұл мерекеге Астанадағы этноауыл құрылыс мекемесінен 17 ақ отау алдырып, оларды қыр басына орнатып, қонақтарды сол үйлерде күттік. Оған қосымша «Ұлы шаңырақ» асханасы тұрғызылып, онда ауыл адамдарын қабылдадық. Осы жиынға, шамамен, үш мыңдай адам қатысты. Менің бастамамды ағайындар өте орынды санап, алғыс айтты, – деп әңгімеледі Бекет аға.
Теңіздің толқындары тәрізді бір ойды екіншісі қозғап, бірін-бірі қамшылап жататыны бар. Сондай кезде Бекеңді «Бабалар рухына тағзым» кешені бір ауылдың тарихымен немесе бір аталықтың есімімен шектеліп қалмауы керек, ол бүкіл ұлттың ұпайын түгендеп, қазақтың жоғын жоқтауға тиіс» деген ой билеген. 2017 жылдың тамыз айында жазушы Б.Нұржекеұлының шақыруымен Орбұлақ шайқасы өткен жерге барып қайтқан. Сонда Қосқолаң тауындағы Жәңгір хан мен онын 56 сарбазы жатқан орынды қоршатып, басына ескерткіш тақта орнатуға қатысқан. Жоңғарларға қарсы шайқаста Салқам Жәңгірге жиырма мың қолмен көмекке келген Жалаңтөс баһадүр шешуші рөл атқарды. Осыған орай, 2018 жылы Орбұлақ шайқасының 375 жылдығы құрметіне саябақ алдына ауыздықтарымен алысқан ат үстіндегі Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрдің ескерткіші бірге қойылып, «Батыр бабалар мемориалдық кешені» тұрғызылды. Бекет Тұрғараұлы тек ескерткішпен шектеліп қалған жоқ, 2018 жылы сәуір айында Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы – ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізуге бастамашы болды. Конференциядан кейін мәртебелі меймандар «Бекеттөбеге» келіп, батыр бабалардың мемориалдық кешенін ресми түрде ашуға қатысты.
«Мәңгілік ел» саябағы жыл сайын жаңа экспонаттармен толыға түсті. 2019 жылы Әйтеке бидің 375 жылдығына орай «Ұлы дала даналары, ұлттың ұлы билері» деген ескерткіш ашылды. Онда Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билердің «Жеті жарғы» заңын алдарына ұстап, кеңес кұрып отырған бейнелері мүсінделді. Ұлы билер құрметіне 1500 адамға арнап ас берілді.
Саябақта тағы бір ерекше ескерткіш бар. 2020 жылы ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толды. Фашистік Германияны талқандаған Ұлы Жеңіске тек Кеңес әскерлері ғана емес, соғыс жылдары ауылдарда күні-түні бел жазбай жұмыс істеген, аш-жалаңаш жүрсе де ұрпағын аман сақтаған әйел-аналар зор үлес қосты. Міне, «Анаға тағзым» ескерткіші осы ойды бейнелейді. Онда соғысқа кеткен әкесі мен ерін күтіп, баласын қолына ұстап, орағын беліне қыстырған, егін ортасындағы асыл ананың мұңды бейнесі сомдалған. Бұл ескерткіш Мәскеу қаласында КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің халық суретшісі, академик Александр Николаевич Бургановтың шеберханасында жасалды.
2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, саябақта Алаш арыстарына және Алаш қозғалысының қайраткерлеріне ескерткіш орнатылды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Алаш руханияты және тәуелсіздік» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Қазақ халқының біртуар батыр ұлы, даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына орай қойылған ескерткіш те саябақтың мазмұнын одан әрі толықтыра түсті.
Ел аузында «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет!» атанған қасиетті Бекет ата атындағы киелілер кесенесі де «Мәңгілік ел» саябағының көркін одан әрі асыра түскендей. Оның құрылысы 2019 жылы басталып, 2020 жылдың 31 желтоқсанында пайдалануға берілді. Кесене қабырғаларына «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» деген атаумен еліміздегі киелі мекендерінің понарамалық суреттері салынған. Оларды таныстыру аудиогид арқылы үш тілде: қазақша, орысша және ағылшын тілінде жүргізіледі. Бұл кесене Түркістан облысының қасиетті нысандар тізіміне енгізілген.
Бұл саябақ – «Рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың көрінісі. Саябақта 6000 түп Алатау шыршалары, жеміс-жидек ағаштары отырғызылған. Сөйтіп, он гектар жер саябаққа айналдырылды. Мұнда келушілер үшін демалатын, тамақтанатын «Ұлы шаңырақ» мейрамханасы жұмыс істейді. Бұл жерде балалардың тұсаукесері, бесікке бөлеу және басқа да ұлттық рәсімдер өткізіліп тұрады.
Биыл ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталып, Рейхстагтың төбесінде Жеңіс туының желбірегеніне 80 жыл. Қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұлованың туғанына – 100 жыл. Бұл жеңіске қазақтың ер-азаматтарын айтпағанда, Әлия тәрізді өрімдей жас қыздарының да қосқан үлесі ерекше. Осындайда олардың ерлік пен қаһармандыққа толы өшпес өнегесін неге атап көрсетпеске?! Бекет ағаны көптен толғандырып жүрген бір мәселе осы еді. Сондықтан да ол Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлованың, пулеметші Мәншүк Маметованың және Халық Қаһарманы, қазақтың аты аңызға айналған тұңғыш әрі жалғыз ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ерлігін ұлықтап, ескерткіш орнатуды қолға алды. Бұл ескерткіштерді қоладан құю жұмыстары Әбілхан Баялиев бастаған жергілікті мүсінші жігіттерге тапсырылған.
Қыр төсіне қоныс теуіп, он гектар жерді қамтитын, оның бәрі абаттандырылып, елді, жерді және оның қайраткер тұлғаларын танытатын ескерткіштерге бай, осындай тарихи-этнографиялық саябақты қай жерде көргеніңіз бар?! Жоқ қой мұндай орын! Бұл саябақ ұлттық рухты жаңғырту үшін қазақ халқына, оның кейінгі ұрпағына әлі талай қызмет етері анық. «Мәңгілік ел» саябағының Шымкент-Ташкент халықаралық күре жолының бойына орналасуы да тегін емес. Бұл маңнан өтіп бара жатқан жолаушылардың аялдап, көріп тамашалауына, халықаралық туристердің Қазақстан туралы көп мағлұмат алуына мүмкіндік береді.
– Осы тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағының жұмыстары біткеннен кейін инвестор есебінде оны Қазығұрт аудан әкімдігіндегі коммуналдық шаруашылық мекемесінің қарауына өткіздік, – деп әңгімелейді Бекет аға, – қазір саябақ ауданның есебінде тұр. Солар қамқорлық жасайды. Біз тарихи тұлғаларды елге танытуға байланысты үнемі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен бірлесе жұмыс жүргізіп келеміз.
Бекет Тұрғараұлының осы сөзінің дәлеліндей, ол ұйымдастырған бірқатар ғылыми конференциялардың нәтижесіне сәйкес 2022 жылдың 13 ақпанында оған университеттің Құрметті профессоры атағы берілді. Ол – Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Түркістан облысы ардагерлер қауымының шешімімен «Ел ағасы» құрметті атағына ие. Кезінде еліміздің заң саласында қалтқысыз қызмет атқарып, ел мүддесі жолында аянбай тер төккен, ұлт жанашыры ретінде көптеген тарихи тұлғалардың жарыққа шығуына белсене атсалысқан бұл азаматтың басшылығымен жүзеге асқан тағы бір игілікті іс – осы «Мәңгілік ел» атты тарихи-этнографиялық саябақ. Ол көпшіліктің көңілінде әрдайым батыр бабалардың рухын жаңғыртып, аға буын мен кейінгі ұрпақтың арасын жалғастыратын, жақындастыратын, үйлестіретін қасиетті қоныс, мерейлі мекен болып қала бермек. Рухты жоғалтпаудың бір өлшемі осы шығар.
Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі