Толқынды толғам, терең мұң (С.Жұбатыровтың «Абыржы» трилогиясы жайлы)
«Ол бір келеді.
Ереуіл күндер, алмағайып аспан, алақұйын есімдер легінде… Ол әрдайым тосын, әрдайым күрт, тіпті апаттай тұтқиыл. Күн қабағын баққан жұрт алаңжарлы күй кешеді. Тірліктен қалып, ырзық-несібеден тарыққан жүдеулеу хал келеді. Алыс-беріс, хабар-қатынастан кемшін күй болады. «Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілетін» өліара шақ. Сонау су бойындағы ел оны «Абыржы» деп атаған».
Кітап осылай басталады.
Дегдарлы Табиғат-анамыз құрсағынан жаратылып ек, осы анамыздың шапағатымен жер бастық, тіршілік етіп келеміз. Ертеңгі құшағына алар бақи бесігіміз де сол – Жер-ана. Алайда перзент тарапынан шадуарлық болды, Анамыз бізге налулы. Атам заманнан нешеме гүлденген өркениеттер ошағы – Тұран бедеу тарта бастады. Жон арқасы Қарақұм, аяқ беті ұланғайыр Қызылқұмды алып жатқан ежелгі Мәуреннахр – ұлы дала жанарындағы көз жасындай көгілдір Арал қусырылып, пендесінің санасын сансыратты. «Арал тағдыры – адам тағдыры» екендігін анық бажайлаған жұрт енді улыған да шулыған. Осындайда өзі бері бет бұрғандай арзан атаққа ие бола кетуге бейім белсенділер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша өрді, Аралшыл көбейді. Бүгінгі күні саусаққа салар болсақ, төрт жүзден астам ұсыныс түскен деседі. Солардың басым бөлігі бұлт сауған даңғаза, бос дақпырт сияқты.
Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Сонау зілмәуір батпан жүк тап осы теңізде кіндігі кесіліп, осы теңіздің ащы суын молынан татып өскен албырт жас, оның үстіне қайсар жігіттің жан дүниесін от пен суға салды. Теңіз тағдыры өмірлік ұстаным болып жанын сыздатты, азапты жылдар болып тағдырына енді. Оң-солын танып, жақсы мен жаманды ажырата алатын дәрежеге жеткен азаматтың өміріне тағдыр болып біржола енді. Бұдан былайғы бар ғұмырының мәні осы қасіретті ұлу су болып, мықтап бекіді.
Сол уақыттары талай жазарманға арман болған – ару астана Алматыда бұл жігіттің бір кісідей берекелі орны, сол кездегі әр пенденің арманы – пәтері, мәдени ортада беделі, әдеби ортада есімі белгілі-тұғын. Әдебиетімізде соны романтикалық сарындағы алғашқы әсерлі шығармалары өз алдына, ең алғашқы десек те артық болмас, сонау 1967 жылы «Аралды қайтсек сақтаймыз?» атты проблемалық мақаласы елді елең еткізген, 1971 жылы «Алыстағы аралдар» повесі жабық конкурста жүлде алып, жеке жинақтары тоқтаусыз жарық көре бастаған-ды. Талап бастауы екінің біріне бұйыра қоймаған қарқынды да абыройлы болатын. «Астынан су шығатындай» ештеңесі жоқ еді.
Бұл сыртқы даңғаза, дабыра үшін гәп емес, жүректі тіліп, жанды сыздатқан запыран – Арал тағдыры, кәдімгі өз өтені, өлең төсегінің тағдыры, қыл үстіне келген өлке – тал бесігінің тағдыры алаңдатқан сананың таңдауы болды-ау. Ғылыми ұсыныс, кесімді сөз үшін мәселені зерттеу, есеп-қисап, небір жоба-жосақ атаулыны сараптау қажет болса, жазушы үшін осылардың бәріне қоса, бір басына тозақ орнаған теңіздің шынайы тағдырын түйсіну, өзінен де ілгерірек, бүкіл ата-бабасы ұлы сумен бітеқайнасқан қарапайым адамдардың тағлым-түсінігі мен дүниетанымын одан әрі тереңірек ұғыну қажет-тін. Кіндік қаны теңізде кесілген, теңіз суына шомылып өскен арманшыл да намысты жігіт сол мехнатқа біржола мықтап бекінді, бел буды. Серт бергенде не дерсің!.. Ел ішіне сол кеткеннен мол кетті.
Орыс жазушыларында халық арасына кету деген өте маңызды, өмірде өзін ақтаған, қалып алған көне бір дәстүр бар. Сол қалың халық арасына кетіп, болашақ кейіпкерлерімен бірге от оттап, су ішудің нәтижесінде өмірден ойып алған іспетті талай классикалық шығармалар дүниеге келген. Мұның мысалы – Ресей әдебиетінің «Алтын ғасырында» шаш-етектен.
Бұл жанкешті тауқымет неге керек? Әрине, шығармашы өзі ниет еткен мәселеге мейлінше терең бойлау үшін. Алдымен ой дәйектілігі, сосын, суреткер сөзінің сенімділігі үшін. Бұл ретте Сайлауды Аралдың Радищеві, Чеховы десе де, Жак ив Кустосы десе де болғандай. Осындай екі тарапты іске, әдеттегіше, қалтқысыз кірісті: зерттеу-зерделеулеріндегі дәйектілік пен көркем сөздегі өмір шындығының сенімділігі мұрат жұлдызы болды. Теңіз тағдырына қатысты қисынды, қисынсыз көп сөздерді саралады. Және көп дабырадан бөлек (биік!) өз шындығын (ақиқат сөзін!) айта алды. Бұл тұрғыда жазушы су тамырын басқан – Сүлеймен демесек те, мәселеге қанық кәсіби мамандардан бір де кем емес деңгейге жетті. Қаламгер талай-талай азуын айға білеген, тіпті мүлде аяғы жерге тимей тұрған ұсыныстардың қай-қайсысын да ел мен жер мүддесі тұрғысынан қисынды тәртіпке шақырып, кейбірінің жүгенін тартып қойды. Ең бастысы, тар есепті ниеттердің алдын кесті. Отыз жылдан асып барады, теңіз тағдыры дегенде жар құлағы жастыққа тиген емес. Коммунистік партия съезіне хат ұйымдастырды. Теңіз жайын айтқан аптариқатты мәжілістерде ең алдымен Сайлаудың төбесі көрінді. Дағдарысты теңіздің осы кезеңде тоқтауға лайық ең бір тиімді шешімі – солтүстік Аралды сақтап қалу (САРАТС) пәтуасы болса, бұл атырабынан су жүргізуді осыдан 34 жыл бұрын айтқан нұсқасы Тұщы-Сарытереңде қолға алынды. «Кіші Арал» жолында алтын уақыт сарп етілгеніне 29 жыл. Бұл – екінің бірі бара бермейтін перзенттік ерлік, таза жүректі азамат жолы.
Бейнеттің ұйымдастырушылық жемісін ел көре бастады.
Айттық, материалдық тауқыметті былай қойғанда, бірнеше ондаған жылға созылған жазушының жанкешті бейнеті екі тарапта өрбіді, бірі – мәселенің техникалық-теориялық тұжырымы болса, екіншісі – алып мәселенің көркем сөздегі болмысы, көркемдік кілтін табу. Мәнді мәселе – қасіретті кезеңдегі кейіпкер тағдыры, меңіреу саясаттың диірменіне түскен қарапайым индивидтің жан арпалысы, оның арман-зары, одан да зоры – кеше ғана күңіреніп жатқан ұлы судың перзентінің көз алдында жаназасы шығарылып, көрінеу көзге душарлыққа байлануын кәдімгі адами тұрғыдан сезіну. Осы жайттарды өз көзімен көріп, бар болмысымен сезініп, түйсіну үшін жазушы, тура мағынасында жалаңаяқ жар кешті, теңіздің бұл тіміскілемеген қолат-қолтығы қалмады, жаяу-жалпы жүрді, қалың қорыста жападан-жалғыз айлап жатты, арып-ашты, бәрін де өз көзімен көріп, көңілмен сараптады. Харекет – шындық өрісінде шынайы кейіпкер сомдау үшін.
Жарқын басталған романтикалық әңгіме-хикаяттарға желпіне қалам тарту үрдісі кілт тоқталды. Алға қойған мақсат соқталы да, күрделі-тұғын. Ақыры, өмірдің өзінен ойылып алынған қомақты да, қатпарлы шындық – «Абыржы» трилогиясы дүниеге келді. Бұл жазушының жалаңаяқ жар кешіп, талай түн ұйқысын төрт бөліп, ұзақ жылдарға созылған маңдай тері – қасіретті Аралдың көз жасын тату, сергелдеңге түскен талай тағдырдың көркем пішімін – панорамасын жасау.
…Ол жалғыз. Көңіл жетім. Жан арпалысында жанына үн қосар әлдене, әлдекім іздейді. Көп ағайын сары бала, қара қазан – жеке бас қамында, ас ішіп, аяқ босатар тіршілік жолына түскен. Кешегі жарқын ұрандар мен псевдоромантикада піскен адамның құтын қашырған бір жайт. Жалғыздық, торығу, маңдайы тасқа тие, өз тығырығынан жол таба алмай сансырау, «бұл осы түсінбейтін, ол бұны түсінбейтін бітеу ортаға» тап болу… Шығарманың идеялық жүгі бас кейіпкер Медет Жарболов үстінде, зілбатпан. Сор жаға, жүдеу ауыл, «Қасірет декорациясы» маңдайға ұрып тұр. Кеңестік алыптық өмірзая ма бұл тағдыр? Енді әрі не болар? Дым көріп, дым білмегендей «өмір қордасын қойынға тыға, артқа жасыра, күліп-ойнап жүре беру ме?» Жоқ, бұл Медет-пенде принципінен төмен. Азапты бір өткелек керек. Тапқаның опалы, бағың баянды болуы үшін жалған ұрандарды түбегейлі тәрк ету, арылу, жан катарсисі керек. Ендігі шындық сонда ғана опалы болмақ. Тек… «езбе пәлсапамен елді аштан өлтіруден» аулақ…. Тәубе зілі тым ауыр. Темір принцип адамы жаңа ақиқат принциптерін таба алар емес…
Әйтсе де, сонау қасірет күндіз көз алдына, түнде түсіндегі М.М.Ж. енді зар тәубенің азапты жолында. Өлесі суды жоқтаушы көп. Сән қуған, пайда, атақ баққан жосыншылар қосыны мүлде пысық… Ұлардай шулаған үміт, жетер жеріне жетпеген жетім үн, кей екпіні кешегіден қатты жалғасқан саясат, жаңа екпінді ұрандар тіпті қызық…
Шығармада тың қопара, қауырт іс тындырып жатқан, ерекше ширыққан «барып кел, шауып кел» сюжеттегі кейіпкер жоқтың қасы. (Бұл – сюжет шебері қаламгерінің қолтаңбасына тосын). Есесіне, өз бастарынан талай жайт өткізіп, от пен суға түсіп жүрген қарапайым бейнеткеш пенделер қарасы жетерлік. Ол – ауыл психологиясына байланған Шақтас ақын, Жәдігер ұста, ел азаматы Әлқуат, өзін теңізге жерлеуді аманаттаған Сағымжан, Чернобыль құрбаны Өрдәш, дәм-тұзы осы жерде таусылатын Гапон, түу Ауғанстаннан кіндік қаны тамған өтенім деп келген Байшора шал, кешегі капитан Абыралы, сосын «Үлкен қаланың үмбеттері» – арманы көп Есен, кесірлі Қабылхан, Саян-дос, буржуй, адал коммунист Бәнәпәт, Сұраған пірадар, бөлтірік-Шырақ… Үлкенді-кішілі қалың кейіпкерлердің қай-қайсысының да өз мұңы өзіне жетіп жатыр. Расында, шынайы өмір ширыққан сюжеттерден тұрмайды, қалыпты өмір сабырлы ауан тілейді. Осындай «натуральді» өмірді натурализмге малтықтырмай бірнеше кітап бойы алып жүру – қиын міндет. Басында сылбыр баяндау секілденген мұндай өмір ауаны әлемде күмәнсіз қабылданған сюжет жүрісі (Алекс Ла Гума, «Үш рет ширатылған жіп», роман; Г.Г.Маркес, «Жүз жылдық жалғыздық», роман, т.б.).
Бөкен шетіндегі құм биік – Ақшағыл – ақиқат пен тәубе алаңы («Үлкен қаланың үмбеттері» бас қосатын – «фатера-футзал» да сол іспетті). Не қилы оқиғалар осында (Ақшағыл-Кіндіктөбеде) өтеді, мәселелер шешімін табатын алаң да, трибуна да – осы. Төбелес, текетірес те осы жерде. Ақшағылда маяк тұрмақшы. Күні санаулы теңізге маяк неме керек еді? Алайда Медет үшін бұл – ендігі үміт нышаны, тәубе таңбасы. Бір сөзбен, заманына қарай құбылған адамдар ортасындағы өмір, тек М.М.Ж. принципіндегі өмір.
Шығармада Санчо Панса армандары («Баратария» аралының бола алмаған дала губернаторы), Аяз бидің жыртық тоны, жанын Ібіліске сатқан Фауст азабын кезіктіресіз, бәрі – жол таба алмай аласұрған жан азабынан өрбіген жайттар, өмірзая бодауын іздеу арпалысының бейнелері…
Бізде маринист, яғни теңіз табиғатын толғанысты да, кең тынысты жазған үш-ақ жазушы бар. Басында Әбдіжәміл Нұрпейісов, екіншісі – Әнес Сарай, содан соң біздің Сайлаубай. Қаламгер күні біткен өлі судың өзінен керемет болмыс, ғажайып сұлулықтар нышанын ашады. Сергек көз, сезімтал жүрек ісі.
«Мына көк әлем қазір бір керемет. Бет-бедерін алуан сезім шымырлата толқиды ол. Күн асты мен сан ұшқын шашқан күміс қабыршақ. Ол беттен сыңғырлап, сансыз жапырақ-үндер жететіндей. Ал күннен қашқан жақтың тайызы аққайраң, тереңі қарақошқыл, ағы – ақ, көгі – көк, тым қанық бояулармен көзге ұрады. Ұлы су жүзін әжім торлаған ойлы қарияға да ұқсай қалады: лез жадырап, лез тұнжырайды. Ақшулан қабағын керіп, тынысы шулап күрсінеді. Кейде, түсініксіз көңілде, сылқ-сылқ күледі. Үлкен су бейбіт…»
«Қара қайық қазір шулы думан ортасына аңдаусызда түсіп қалған, не істерін білмей дағдарған бір бейшара, мына жабайы мерекеге шақырылмаған бір келімсек. Онда бір мәжбүрлік, шарасыздық, мойындалған дәрменсіздік бар. Сүйкімсіз, тіпті жексұрын жағдай…»
«Түн. Теңіз. Ғажап тоғыс…. Қараңғы су бетіндегі қозғалыста қанат байлап ұшып келе жатқандай бір самғау сезімі болады. Сен қанша зымырап келе жатсаң да, сонау биіктегі жұлдыздар сол орындарында тапжылмай жымыңдап тұрар еді. Ал су бетіне аунап түскен тағы бір ғарыш, сусыған қара жібек ағында жалықпай ойнап, сенімен мәңгілікке жарысуға бар. Сәл тоқтап, деміңді бассаң, олар да жан-жағынан аңдап, қаумалай бастайды. Жалықпай тербетеді. Жұлдызы төгілген аспан, жақұттар шашылған төмендегі тағы бір түпсіз ғарыш, сені ереуіл дүние шегінде әлдилей береді, әлдилей береді…
Түн суреті қасірет пен салтанатты қатар көзге ұрған жарық күннің қатқыл әсерінен әлдеқалай сабырлы, келісті…»
Бейбіт те келісті әлем. Теңіз жарықтық бейқам. Жан дүниеге шым-шымдап енетін табиғи әсем сурет. Бұл суреттер теңізде туып, оны жан-тәніне сіңірген, тынысымен тыныстап өскен төл перзент-суреткер салған полотно. Кәдімгі кәсіби балықшы атаулының қанын тасытатын тағы бір жайт:
«Тұр! Тұр! – деп дігірлейді ағасы. – Қызықтан қалдың, бала!
Қайық бір беймәлім жағалауға тіреліпті. Сонадайда қауқылдасқан бір қауым ел. Ұзынарқан жылымның абағын қайырға үйіп тастап, енді шонтай шығару сәтіндегі абыр-сабыр сияқты. Бір ұлы қарбалас… Бір ұлы дабыр…
Жылымның түп торы жағаға шығар сәт! Балықшы бейнетінің мәйегі. Бар айла-амал, тірлік-тырбаныс соның садағасында кетер еді. Анау тор қалтада мәлімсіз ұшанна бұйырған балықшы несібесі келе жатады. Жай келе жатпайды, жағалау тымығын тас-талқан ете, көңілді үрей мен қуанышқа толтыра, ереуіл күй, қауырт қимыл алып келе жатады. Біреуді біреу танымай қала қауымдасатын сәт. Зейнет бұйырмысы.
Жағаға жылым шығып жатыр!»
Бұл – балықшы мейманасы тасыған бір мереке. Осындай береке шашқан сәттер болмаса, бұл жұрт теңізді жоқтар ма?.. Теңіз осыншалық жанға жайлы сұлу, осыншалық ырысты болмаса, оны өлердей аңсайтындай несі бар? Өлі суды өлерменденіп кім жоқтар?
Үшінші кітапта өрілетін табиғи да мәнді желі – үш ұрпақ, үш көзқарас, үш тағдыр – Медет, Құлжұмыр. Өреннің жантәсілімдегі теңізге лақса қайықты жамап, сапарға шығуы. Өлі әлем ешнәрсе беруі мүмкін еместей, тым көңілсіз сапар. Әйтсе де, осы донкихоттық саяхат қай-қай хикаядан бай, толымды, осы кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі, ой-пайымы, арман-мұраты, естеліктері арқылы… Оқырман теңіз жайына қанығады – бірде мейірбан, бірде қатерлі, бірде бейшара, бірде жалғанда одан сұлуы жоқ тіршілік иесі – Ұлы судың жән-тәсілім халін түйсінеді. Желқайықпен сапарлаған үш кезбе ұлы теңіздің қай тұсына тұмсық тіремесін, алдарынан шығар жұтаған жұрт, медиен жағалау. Сұрқы жаман, астары қалың, айтары терең.
«Құлжұмыр:
– Әй, мынау Қаратөс пе? Ойбай! «Берктің» жынды теңізі ме мынау? Бар балғаны осы-ақ па? Аңқайған аңғар еді. Талайды жұтқан… Сен де тұрмысың, Өндір-шың? Ұлы теңізге ұзатып салып, күтіп алып тұратын бір белгі едің. «Тілекшім» деп, Үмбет ағам өзіңді жақсы көретін… Осы тұс… Дарияның езуінде Нұралы ағам қармағын жайын қапты. Өтірік айтсам, тұрмай кетейін, әлгің, шамасы, бесті өгізден кем болмаған. Шыжымдап қайырғанға бой бермеген. Қайықты ұлы теңіз сүйреген. Амалдап, оң қапталға келтіріп, келдекпен ұрайын десе, қайықты төңкеріп тастар болған. Әлде қайықтағы адамды құйрықпен үйіріп, суға құлатпақ болған. Әйтеуір, ағам шыжымды босатқан. Нұралы ағам қарулы еді, бірақ қара бәлені жуасытып, қайыққа көтермек түгіл, қара келдекті шыбын шыққан ғұрлы көрмеген әлгің. Шыжымды қиып жіберейін десе, бір атан өгіздің еті, обал. Сонан бір сәскелік қуыспақта, ілгеріден Барса көрінгенде, шыжым өзі үзілген. Көк бейнет далаға кеткен…
– …Әңгіме бағанағымен бітпейді, балдар, – деді сосын «Сандыбад». – Со жыл күзге салым, Қосаралдың тұсында жағаға шығып қалған бір наһанды естіп, Нұралы ағам соны әдейі іздеп барады. Барса, ұзыны бес метрден асып жығылатын, салмағы шерімбет-шамада үш жүз келі бір дәу, өңешінде қармақ, жағада жатыр дейді… Көрген жұрт таңдай қаққан. «Бұйырмайтының бар, қармақты қауып нең бар еді, ей, жарықтық?» деп қатты опыныпты ағам. Беломыртқасынан біреуін алып келген, әлгің Абыралы ағамның жұдырығы шамалас шықты. Кейін соны балдар жоғалтты-ау деймін…
– Мұражайға неге бермеген?
– Ол кезде ондайды кім ойлаған, бала…»
Кітаптан осынау қомақты көсекті алғанда, баяндаудың табиғилығы мен шынайылғы таңдандырды. Қарт теңізшінің тағы бір көңіл күйі:
« – Астапыралла! Дүниені түгелімен сор басқан ба?
– Біз жиырма метр тереңдекте тұрмыз, көке…
– Қайдағы терең?.. Ей, Алла! Құдай қылса, қайтерсің!
– Құдай емес, адамдар мұны қылған…
Жел ызыңды дүние өксігі сүйкімсіз еді. Кенет байқады: өксік тым жақыннан шығады. Сөйтсе, бұл «Сандыбад». Қимас-қымбатының жаманатына анық көзі жеткен жанның өксігі… Ағасының сирек сақалына бозаң тамшылар іркіліпті: Өшкенің бе, жарқыным? Көшкенің бе, жарқыным? Жұрт жолына жанпида. Жетпедің бе, жарқыным?» дей ме ызың үн? Бүлкектеп сағым көшкен кезерме көкжиек. Құлжұмыр жер тізерледі…»
Мұндай шынайы суреттер адамды өз сүрдегіне тарта береді. Қабанбай жарын көрген сәттегі қарт балықшы – «Сандыбад» сөзі:
« – Әй, ана тұрған Қабанбай жары ма!.. Қабанбайдың жар жағалаған ағысы қатты еді, жарықтық. Көк судың қара иірімі. Дайраңның ағысы далада қалар! Жар жағалап, аңырмастан ұрады да жатады. Жылына бір-жар адам да жұтып тұрады екен… Ал енді сол ағыстың түбі, Құданың құдыреті, сапсыған бекіре мен қаяз! Қабанбайда қауіп көп, бірақ балығы да ырғын… Жар астында бір ауыл қабақ отырар еді.. Ей, Жаратқан, бұ жазуға не дерсің, енді?»
Шырмалып қалған түйін біреу. Оның тарқатылу жолын әр пенде өз биігінен көреді, өз шамасынан болжайды. Жасөспірім Өреннің арманы: «Мен бұл теңізді өлтірген адамды бір көрсем!..»
Қабылхан-достың түйіні: «Біз интернационализмнің де, атом-ғарыш сынағының да, дарқан-дарақылықтың да үлкен алаңы болдық! Ел-жұрт, жер-суымыз сондайға тым қайым екен!..»
Сағымжан-ақынның запыраны: «Бұл теңізде біздің әкелер ескек ескен. Бұл теңізде біз ескек естік. Бұл теңізде біздің балалар ескек есуі керек еді…»
Арманда кеткен сол жанның жазбаларынан: «Қариям! Мен қайтейін, мен қайтейін? Көп болды жайыңды ойлап жылағалы. Бітеу көңіл мұңыңды сұрамады. Соқырлардың ішінде соры қалың, Жар басынан келеміз құлағалы!..»
«Арал – мына сұрқия ғасыр Орталық Азияға таңып берген кемшін мәдениет, жаңа варварлық құрбаны…»
«Тәубе-маймөңке сөз көп, иманды әрекет жоқтың қасы…»
«Арал-әкеміз өлді. Кіндік қан тамған Атамекен тоз-тоз…»
Су жағалаған балықшы Ағыбай пікірі:
«…Бұ байғұсты жоқтаушы да қалмады-ау… Жарықтық, шалқып жатқан ұлы су еді. Жайы осылай болды. Мақта деді, күріш деді, Құдайдың өлімі деді, әйтеуір, сорлының басын жұтып тынды…»
Арал тұзына пісіп, осы өңірде өсіп-өнген Гапон Васекиннің соңғы сөзі: «…Қарыздылар көп. Бірақ осыны біреуі де мойындағысы келмейді. Ол ол ма, оның азабы үстінде «су бермейміз, су сатамыз» деп бұлданып, саудагерлік айтады. Мен қатты ұяламын: Бұл жерде сөз қысқа: қарызды қайтар! Иманың да, әділің де – сол!»
Есеннің айтуынша: «…Адамдар мен саясаттар көзқарасын өзгерту керек! Ниеттерді өзгерту! Ең басты жол – сол!»
Сәнді сөздер бедерінде не істемек керек? Адамзат парасатқа табан тіреп, табиғат-анаға қайыр көрсетіп, мейірбан болар деген үміт, иман күтуден өзге не жол бар? Сенім сол: «адамдардың ізгі ниеті ғана құтқарады». Демек бәрі-бәрі имандылық мәселесіне кеп маңдай тірейді. Ал әзірге өлесі теңіз төңірегінде мәймөңке, көлгір-жанашыр сөз бар… Анығы, «оның сыбағасы – қалдық су, қалдық көңіл…» Мұндай жағдайда Жер шарының арғы бетінен шындық іздеу не береді? Көрінгенге жәутеңдеп қайыр күткен өлкесіне қарлығаштай су тамызар жақсылық қайда? Автор кейіпкерін жер-су асырғанда, табиғатқа деген көзқарастың бір иманды үлгісін біз тақылеттес әсірепрагматиктерге сыздықтатып жеткізеді…
Төрт жыл, сегіз ай, үш күн тағы да шеттеу жүріп, тағы да Бөкеніне оралды ол. «Мына заманнның геройында» енді көңілде түйген қорда көп. Негізі ағеден адамға әрнәрсе үйір – мансап жолындағы таластар, «достың» күші мен еңбегін пайдалану амалы, діни ағымдар тіміскісі, жауабы жоқ махаббат… Әділдік деп жанын жалдау жолындағы кейіпкерге сөз де жабысқақ – «ілеленген; ана жақтан көп қаржы қымқырып қашқан…» Тағысын тағылар…
Иә, Арал тағдыры бұл баяндауға жанды арқау ғана. Көңіл көзі сергек оқырманға роман жеке де терең талдауға тұрарлық сан қырларға толы. Шағын мақалада біз солардың кей параларын ғана қамти алатын іспеттіміз. Теңіз тағдырынан да тыс сан қатпарлы оқиғалар – бір өзектен тараған мың-сан бұтақтар тармағындай. Берері мол, айтары көп, мағыналы, мәуелі бұтақтар, осы кітаптың өзіндік композициялық бітімін, техникалық ерекшелігін байқатады. Топансу оқиғасы, «Қиялистандағы» қауым өмірі, Желтоқсан көтерілісі, төрімізге енді келе бастаған ислам діні, «Құдай өлді!» деп таусылған Ницше, Чернобыль, Алаш қозғалысы туралы өзгелей сөз, аштықтан ісіп-кепкен Еділ бойына өздері ашқұрсақ Арал балықшыларының ауыздан жырып нәпақа жөнелтуі, қиындықтармен өмірге ене бастаған солтүстік Арал идеясы, құландар мінезі, Заратуштра, ноғайлы тағдыры, «Возрождение» өлі қаласы, мыңжылдықтар тоғысы… Тағысын тағылар… Планетаның парасат жейдесінен әпендінің ақжұлық етігіне шейін – бір кең әлем.
Роман бұл ретте эпикалық ауқымдағы дүние, оның өз әлемінде энциклопедиялық әлеуеті тағы анық. Кітап оқу – еңбек. Ал «Абыржыны» түсініп оқу – үлкен еңбек. Ләззат, таным, тәрбие зейнетін беретін еңбек. Оқу ілім іспетті болса, оның көп қызығы осынан табылады. Кітап оқырманды оқуға шақырады.
«Түс қабатында оянды… Кемеліне келген ай алып «айнаға» қаранып, теңізде және көкте екеу боп талықсып тұрды. Төңіректе күміс-перде боз мұнар. Түн қылаусыз, тымық.
Неткен ғажап Арал!.. Табиғат өз жанайқайы – өзінде, үнсіз өледі!»
«Дем санаған Арал!.. Сенің әр сәтің керемет екен-ау! Жағалауың жай ғана су мен құм тоғысы емес, бар мен жоқтың, үміт пен күдіктің, өмір мен өлімнің шарпысы екен ғой! Енді думан-дулы дүние үшін сен, бәлкім, даладағы киіктің көз жасындай, бозторғайдың соңғы шырылындай, өрт алдындағы құрақтың ызыңындай беймәлімсің. Сондай сұмдықта да сен байырқа, көркемсің. Қайталанбас сұлулық! Еш жерде жоқ керемет! «Барлығыңды сезбей, сезбей, о, әке, жоқтығыңды бір-ақ білдім. Қайтейін!..» дейтін сонау бір ән…
Кешір, әке!!!
Қиямет, қасірет, үмітсіз ойлар, сендер шегіне тұрыңдар!.. Із-түзсіз жоғалып кете беруге бұл дүние сонша аяулы!»
Бас кейіпкердің ендігі жүрек үні осы. Арал-әке қанша қиналыс көріп жатса да, ұлдарын (сатқын ұлды) өлімге қимады. Ол жаналғыш емес еді…
Табиғат-анаға жанашырлық – ілім тілімен айтқанда экология сөзі – жиырма бірінші ғасырдың өзекті тақырыбына айнала бастаған. Десек те, қазақ әдебиетінде өз таңдау тақырыбын мұншалық ұзақ ұқыпты да, түбегейлі зерттеген жазушы саусақпен санарлық. Ал триптих психоаналитикалық амалмен жазылған, қайшылыққа толы өтпелі дәуірдің панорамасы, осы салада шоқтығы биік тұрған шығарма. «Абыржы» тек Арал тағдырын ғана айтып қойған дүние емес. Бұл – соңғы кезең қазақ әдебиетіндегі құбылыс. Романның күрделі табиғатын ашу үшін жалпылама зерделеу емес, мазмұндық, идеялық, сюжеттік, характерлік, проблемалы, т.б. жүлге-желілерді дифферентивті (жеке-жеке) саралап алу қажеттігі бар. Мысалы, 2-кітаптың 2-бөлімі, «Қиялистан» хикаяты – роман ішіндегі кітап. Тақырыптық тұрғыдан: адам-қоғам-даму үдерісі, экология өті (өлмеші Арал), өтпелі кезеңдегі психологиялық ахуал, көп ұрпаққа тән өмірзая мәселесі, бір жүйеге келтіріп зерделейтін тарихи шегіністер, қазақ әйелдері, махаббат (оның ішінде, жауабы жоқ, балаң-платондық махаббат), өлі теңіз туралы боямасыз шындық (көзбен көрген көп бейнеттің жемісі), адамдар әлеміндегі құбылулдар мен құбылыстар, қиялшыл-математик фантасмагориясы, ғылыми қисынды жорамалдар т.б. – көп тарау болса; теориялық тұрғыдан: үш кітапқа созылған даратұлға характерінің шынайылығы, табиғаты, динамикасы, романдағы ой-сана ағымы, даратұлғалы кітаптағы өзге де («қосалқы») характерлердің қанықтығы, олардың көркемдіктегі миссиясы; кітаптың өзіндік композициялық ерекшелігі, соған орай техникалық шешімдері, романның тек өзіне ғана тән стилі, баяндау ырғағы, бейнелеу тәсілді, романдағы поэзия, баяндау поэтикасы – тағысын тағылар көгенделіп тұр. Автор барда, мүмкіндік болса, кеңесе зерделеп, табиғатын ашып алса жөн. «Бізде «измдер» баршылық, – деген автор бірде. – Бірақ осы кітаптың қандай «измге» жататын білмеймін. Ол өз болмыс-бітімінде солай туды. «Измдер» қажет десе, өздері келіп, керегін тауып алар…»
«Абыржы» – оқырман ойын сан-саққа салатын беймаза кітап. Бәлкім, ол сонысымен құнды… Пышақ өткір болса, қын түбінде жатар деймісің… Роман – қазақ әдебиетінің қазынасына сәтімен қосылған жаңа үлгідегі проблемалық трилогия.
Ол былай аяқталады:
«…Ол – уақыт қозғалысы, тіршілік тілегі, болмыс қажеттілігі. Оның қатқыл өкпегі тұнба көтереді, қиқым-сиқым сыпырады. Қалыптылық шайқалады. Беймаза көңіл ашық пен бұлыңғырдың алмасуында, лайсаң толқындар жөңкілуінде аласұрып, жөн іздейді. Бір үміт, бір күдік. Ереуіл хал. Уақыт толғағы. Үлкен тоғыс. Ұлы бетбұрыс. Абыржы».
Молдахмет ҚАНАЗ