Жырлары – жастарға шамшырақ

Жуырда Алматы технология-экономикалық колледжінің ұйымдастыруымен ерекше әдеби байқау өтті.
Бұл – поэзия көгінде жұлдыздай жарқ етіп, ғасырлармен үндескен, жырсүйер жүректердің мәңгілік ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған қалалық байқау еді. Жастардың рухани тәрбиесіне, тілге деген сүйіспеншілігіне, өлең өнеріне деген құрметіне үлкен серпін берген мазмұнды, мәні зор іс-шараға қала бойынша 27 колледжден 80-ге жуық үміткер қатысты.
Байқаудың салтанатты ашылу сәтінде сөз алған АТЭК директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Орманов Сәрсебай Ермекбайұлы бұл кеш – ақын жырларына арналған құрмет қана емес, оның шығармашылығын тереңірек танып, ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік беретін жастарға арналған тағылымды сәт екенін жеткізді. Аталмыш оқу орнының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Снадинова Бақытгул Аманкосқызы да осы ойды жетеліп, жан дүниені жаңғыртатын мөлдір бұлақ іспетті ақынның әрбір өлеңі жастардың жүрегіне ұяласа екен деген тілегін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Екі кезең бойынша сынға түскен үміткерлер алдымен Мұқағали аталарының көп айтыла бермейтін өлеңдерін нақышына келтіре оқып шықты. Өмірге деген құштарлық, туған жерге деген шексіз махаббат, сағыныш, мұң мен үміт қатар өрілген жырларды бірі беріле жеткізсе, енді бірі мәнерлеп оқудың мәніне жете түсінбей қарабайыр айтып шықты. Десек те өлеңге, поэзияға, өнерге жаны құштар жас буын өкілдерін көріп көңіл қуанды. Ондай өнерпаздардың дауысының мәнері, ырғағы, екпіні, көзқарасы, сахна мәдениеті, киім кию әдебі, көрермендерді баурап алуы – бәрі-бәрі әсерге толы болды.
Мұқағалидың сөзіне жазылған әндерді орындау бойынша өткен екінші кезеңге қатысушылардың жартысы ғана өнер көрсетті. Ақынның жүрек тербеген әндерін жанды дауыста шырқап ерекше ілтипатқа бөленгендер де болды, фонограмма қосып немқұрайлылық танытқандар да табылды. Қазақ халқының музыкалық мұрасына, рухани байлығына қосылып кеткен «Мен деп ойла», «Бақыт деген», «Есіңе мені алғайсың» әндері жиі шырқалды.

Әр үміткерді бақылап, бағалап отырған әділқазы құрамында журналист, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалы бойынша директоры Меруерт Мәулетқызы, ОКЖ қарасты №20 кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы, Алмалы кітапханасының меңгерушісі Сымбат Асанова, №1 медициналық және фармацевтикалық колледжінің оқу тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айгүл Балтабайқызы, Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің әдіскері, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы Сабира Мусретулллақызы болды. Олар студенттердің тек өлең оқу шеберлігін ғана емес, олардың поэзияны жүрекпен қабылдау деңгейін де бағалады. Үздіктер бағаланып, номинацияларға ие болған үміткерлер де қалыс қалмады.

Жастардың өлең арқылы санасына ой салып, бойына ұлттық құндылықтарды дарытуға сеп болған байқаудың басы-қасында ұйымдастырушы болып жүрген АТЭК қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылары Самыкжанова Роза Бюджейканқызы мен Кажыбаева Динара Заманкелдіқызының еңбегін айтпай кетуге болмас. Жастардың шығармашылығына демеу болып, олардың рухани өсуіне жағдай жасайтын нағыз осындай ұлағатты ұстаздан саналы, парасатты шәкірт шығары ақиқат. Поэзия мен әннің тоғысқан сайысында Мұқағали Мақатаев осылайша жастарға тағы бір табан жақындай түсті десек артық айтқандығымыз емес.
М.МАУЛИНА,
журналист