«Тұманбайдың тұма жырлары»
11.04.2024
663
0

Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурыз Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, «Жарсу» кеңшарыда дүниеге келген қазақтың біртуар ақыны.

Сыршыл ақынның туғанына 90 жыл толуына орай  сәуір айының 10- күні  Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №6 кітапханасында «Тұманбайдың тұма жырлары» атты әдеби кеш өтті.

Әдеби кешімізде Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналисттер Одағы сыйлығының иегері,  «Кездесу», «Гаухар тас», «Қазақтың Қаршығасы», «Шипагердің шын сыры», «Қарагөз ғұмыр» т.б. көркем, деректі повесть, әңгіме жинақтарының авторы Болатханова Баян Ануарбекқызы қадірменді қонақ болды. Сонымен қатар,  ақын журналист, мемлекеттік 1-дәрежелі педагог, инспектор, Мұқағали Мақатаев  туралы «поэзия менімен егізбедің» атты кітаптың авторы Серік Дәуітұлы ағамызда ортамыздан табылды. Мерекелік кешімізде Тұманбай Молдағалиевтің өмірбаяны дәріптеліп,  №64 жалпы білім беретін орта мектептің 7-8 сынып оқушылары сыршыл ақынның отты жырларын шабыттана оқыды. Кеш қонақтары Тұманбай Молдағалиев туралы естеліктерден сыр шертіп, өз арнауларын оқып, көрермендер мен  оқушыларымызға  ақындық талантын  жүрегіне ұялату арқылы поэзияны сүюге, оны бағалай білуге, сыршыл да шыншыл ақын өлеңдерінің мәні мен маңызына үңілдіріп,  рухани танымын кеңейтті. Кітапханамыздың тұрақты әрі өнерлі оқырманы, №172 мектеп гимназияның  6 сынып оқушысы Гайсак Кәусар Жомартқызы «Секіртпе» күйін орындап, сыршыл ақынның «Тарыққанда табынарым — өлеңім» шығармасын тебірене оқып әдеби кешімізге өз үлесін қосты. Кеш барысында оқушылардың өнерлерін тамашалап, Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған әндер шырқалды. Кеш соңында, кітапхана меңгерушісі  Балнұр Асқарқызы әдеби кешті қорытындылап, кеш қонақтары мен қатысушыларды орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Еркенұлы Бектембаевтың атынан алғыс хатпен марапаттады.

Т.Молдағалиев нәзік сырлы да, ойлы да, отты жырларымен танылды. Қалам тартқан елу жылдай уақытты сараласақ, қазақ халқы деген ардақты ұғымға сиятын бір елдің еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін үлкен ақынның күмбірлеген жыр жүрегіне, күнгей мен теріскейіндегі ғұмыр – жырына бойлаймыз.

Халқымыздың поэзия төрінен орын тапқан ақын шығармашылығы — өзінің әндеріне келіп қосылғанда- тұтас бір телегей-теңіз дарияға айналады.Тұманбай ағамыздың лирикалық кейіпкерінің жүрегі қылау түсе қоймаған сәбидің мінезіндей. Осындай сыршыл да таза жүректен шыққан дүниелер оқырманды бей-жай қалдыра алмас. Артында  өлшеусіз мол рухани мұра қалдырған ақын қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Ғазиза ЕДІЛҚАСЫМ,
6 кітапхана қызметкері

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір