ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАЛЫН ЖЫРЛАРЫ

Бақытжан Абызов
МЕНІҢ ЖИЫРМАМ
Нені көрдің, нені білдің, нені ұқтың,
Жастық дәурен, сен несіне желіктің?
Тебіндеген мұртымменен, күлкіммен,
Жиырма жасқа бала болып келіппін.
Келдім солай, қамсыз кезде әйтеуір,
Дана уақыт, ұланыңды байқа бір.
Саған әлі тұлғалы жан болғам жоқ,
Болып жатсам, кейінгіге айта жүр.
Баламын ба, шаламын ба, не дейін,
Бұрынғыдай еркелік жоқ, жоқ ойын.
Жиі барар қонағы боп кафенің,
«Ауылым» деп ән салады көмейім.
Ажарыңа қызығамын мен сенің,
Өз әніңе қызығамын мен сенің.
Мұңаюың – әрі кетсе өкпелеу,
Қуануың – биіктігі еңсенің.
Күлкім кейде ауысқанда ашуға,
Досым болып қауышқанда қасым да.
Қол көтерсең, қайыры жоқ таксилер,
Қағып кетсе, айыбы жоқ машина.
Менің жиырмам –
шулы көше, кең көше,
Қызыл ойға жасыл жарық сөнбесе…
Кесіп өтсең, ысқырады біреулер,
Тоқтап қалсаң, «Бала»,– дейді, ендеше,
Менің жиырмам –
шулы көше, кең көше!
БАЛАПАН ТОҒАЙ
Бүріскен балапан тоғай,
Ызғырық. Өліара маусым.
Жүгірген жапа-тармағай,
Шашылып жағада дауысым.
Шақырғам қайықшы шалды,
Мазалап түн жарымында.
Ішімнен: «Айып шығар», – деп,
Беріліп, бір жағы мұңға.
Өтетін дарияны кешіп,
Дауысымды қала ма ап түн?
Ескекші қарияға ілесіп,
Ауыл жақ жағаға өттім.
Жаңбырың себелеп берсе,
Үй шалғай, бар қауіп түрлі.
Аппақ көбелектерше,
Жолда қар жауып тұрды…
ТАНЫС – БЕЙТАНЫС
(Поэтикалық этюд)
Аялдама. Аппақ қыс.
Тоңып тұрмын,
Тоңып тұр ем.
Өзіңді жолықтырдым.
Ұқсамайсың күндегі
көп танысқа,
Ұяң қыз
боп мінесің автобусқа.
Тілдесуге, әйтеуір,
себеп іздеп,
Әзілдеп ем: «Тайғанап
келеміз», – деп.
Сен жымидың.
Дедім мен: «Кешіріңіз!
Сізді білем…
Ұмыттым… Есіміңіз?..»
– Ойланыңыз.
Содан соң түседі еске.
– Бірде – тұман.
Бірде – қар. Қыс емес пе?
Мойындадым мен сені
данышпан деп,
Тұрдым үнсіз.
Бір кезде танысқан боп.
Төмен сырғып автобус,
жағып шамды ой,
Сен тіл қаттың:
«Атыңыз – Бақытжан ғой?».
Менде тіл жоқ.
Сен сонда жарқын едің.
Ал мен болсам…
Танитындығыңнан қорқып едім!
КҮТПЕГЕН «СУЫҚ».
БЕЙБІТШІЛІК БӘЙІТІ
Ауылға біздің бір суық кепті,
Тоңғандар бойын жасырды тонға.
Газеттен оқып, күрсініп кеттім:
«Жұлдызды соғыс» – бұл ғажап соғыс,
Деген соң, Ақ үй. Вашингтонда.
Қайтесің енді, қалқам-ай, бәрі
Дүниеге қатер болып тұр.
Қаракөз ару Тартоғайдағы,
Мұңайма соңғы хабардан,
Жырымды оқығым келіп тұр.
Ақынның жырын ұғарсың сен де,
Кездесу болса, гүл ап бар.
Бейкүнә біздің момақан Жерге,
Шықпасын өсіп ешқашан,
Атомдық «саңырауқұлақтар»!
Тырна ұшырмақ болып садақа қиған,
Керегі не енді қағаз кептердің?
Бейбіт күн болсын, болсыншы мейрам,
Қалжыңын сүйем қашан да өзім,
Қуаныштар мен Оразбектердің.
Гүл өссін жерге, нұр өпсін белді,
Бірақ сен кеспе бұрымды.
Қол тисе, алып киоскілерден,
Палестинадағы қырғындарды емес,
Оқып тұрғайсың жырымды.
Өмірді сүйем Тартоғайдағы,
Нағашыменен ойнап, жиенмен.
Оңай ма соның, қалқам-ай, бәрі,
Қанатты ракеталарды да ұмытпай,
Бейбітшілік пен сені сүйем мен!
АҚБОЗ АТ ТҮН
Ақбоз ат түн,
Асықпай тұра тұршы,
шыбыртқым жоқ.
Мен сенің жұлдызыңнан от та
жақтым,
Жанымды жылытқым кеп.
Жарықтан қорқасың ба?
Тұрасың сен қараңғы бұрыштарда.
Шамы сөнген көшенің ортасында,
Милициямен ұры ұстауға.
Аттанасың,
Менімен мұршаң келмей қоштасуға.
Есігімді сен келіп қақпағасын,
Өзіңді тосқасын да.
Ояумын бүгінше мен,
Ақбоз ат түн, әкелші жылы бір от…
Жан қалтамды қармалап шылым шегем,
Түтіннің жылуы жоқ!
ІҢІРДЕ. КЕШКІ АУЫЛДА
Бұрқырап иісі жиденің,
Жусанды сайдың бойында.
Ағыттым-дағы түймені,
Толтырып самал қойынға.
Келемін жалғыз сүрлеумен,
Ауылдан шығып оңаша.
Жаяулап асып құм белден,
Жүгірем кейде балаша.
Тарқамай қойды құмарым,
Толғанбай қайтем мен енді.
Жұлдыздар жағып шырағын,
Аспан да шымқай көгерді.
Келемін үнсіз жақ ашпай,
Ойымды көк қып боядым.
Іңірде көзім адаспай,
Апарар үйге аяғым.
ӨТЕДІ ӨМІР. АҒАДЫ ӨЗЕН…
(Қазақтың көрнекті ақыны
Ибрагим Исаның рухына)
Өмір – өзен. Адам – қайық. Ағамыз.
Қызылордада қара суық. Қара күз.
Жыл құсындай сағындырып жетуші ед,
Бұл шаһарға Ибрагим ағамыз.
Беттен нұры тұрушы еді төгіліп,
Сыр елі – бұл, жыр елі – бұл. Жері құт.
Бір айдан соң келем дедің. Қайтпадың,
Алматыда қалдырып ең нені ұмыт?
Жел өтінде тұрған шырақ жанбай ма?
Озмыш-жазмыш тағдырыңды алдай ма?
– Көкем-ау сол. Айналайын! – деп тұрар,
Енді маған қамқор көңіл жан қайда?!
Жүрек тыншып, үзілді ақын тынысы,
Несібеге толмай кеткен уысы
Ұлықбек пен Есенғали деуші еді:
– Бұл Бақытжан Ибрагим інісі…
Ал ол кезде байлық та жоқ, күй де жоқ,
Қайсар ақын – сабырлы әрі күйгелек.
Арман қуып барған бізді ауылдан,
Жүруші еді жетектеп ап, сүйрелеп.
… Әлі есімде:
Күлімсіреп келеді,
Сиқыр қыздай еліктіріп өлеңі.
Қызметке алмай мені бір дөкей,
Жұмекенге ертіп барған сол еді.
Сексенінші жылдар. Басы дастанның,
Жыр сапары аға үйінен басталды.
Қандай бақыт Алматыда тіркелу,
Пәтерінде Сүлейменов Асқардың!
Сағынушы ед Тартоғайын. Дарияны,
Махаббатын барша әлемге жария ғып.
Түн ауғанда жаңа жырын аяқтап,
Оятушы ед асыл жары Әнияны.
Қызық еді-ау сол бір кезде Алматы,
Күтіп тұрар сонда бізді алда кім?
Ағам бар деп арқа сүйеп жүруші ек,
Болмай-тұғын одан басқа, ең жақын.
Өтті. Кетті. Бұған енді не дерсің?
Оның рухы муза болып келер шын.
Сыр елінде қонақүй боп, бекет боп,
Жүруші еді жан жолдасы Елеусін.
Көп жыл ақты. Сәл мұңайып қалдым ба,
Қысқа болды ғұмыры ардақ жанның да.
Қандай жақсы іні болып еркелеу,
Қандай жақсы болғаны ағаң алдыңда!
Ол күндер жоқ. Жатыр дүние астасып,
Кеткендей ме жанардан да жас қашып.
Қайта-қайта елге қимай оралып,
Жүріпті ол, туған жермен қоштасып…