Серік Ақшолақовпен өткізген он бір сағат
20.01.2026
78
0

Бастау

Әр халықта да, айтуға оңай, арқалап әкетуге ауыр салмақты сөздер бар.
«Жігіт!», «Азамат!», «Қазақ, адам ғой!» деп те қайырады.
Аталы сөздер. Киелі ұғымдар.
Маған осы аталы сөздер, атақты нейрохирург, нағыз ғалым, нағыз қазақ, нағыз азамат Серік Ақшолақовқа тиесілі айтылғандай көрінеді де тұрады.
Серік Ақшолақовтың үйіндегі кең кітапханасында еркін отырмыз. Күн жексенбі болса да, кездесуді ертерек бастап кетуді жөн көргенбіз. Менің білгім келген, Серіктің айтқысы келген кездесулер, оқиғалар, ойлар тым көп болатын.
– Секе, әңгімеңізді бастап кетіңіз, – дедім.
– Неден бастасам екен деп, ойланып отырмын.
– Шалқардан, Туған топырақтан бастаңыз.
– Болсын!.. – деді Серік Қуандықұлы. – Бабалардан бастайын. Айту менен, жазу сізден…
Келістік.
Серік Қуандықұлы маған байыппен сынай қарады. Бұл көпті көрген адамның келіскен рәсімі болатын.
Нағашы атам
– Кісі келе жатыр. Дастарқан дайын болсын, – деді. – Ал сен, Серік қарғам, кешегі Ер Төстік дастанын тоқтаған жеріңнен ары қарай оқи бер.
Қомақты «Батырлар жыры» дастаны кітабын құшақтап, аласа терезе қасына барып жайғасамын.
– Ата, ол кісі неге келе жатыр? – деп сұраймын. Бала шіркін бәрін білгісі келеді ғой.
– Жұмысы болғаны ғой, – сәл бөгеліп барып: – Қолын зақымдап алса керек. Сен оқы, оқи бер, – дейді нағашы атам.
Шалқардың көріпкелі де, емшісі де, сынықшысы да, ақылгөйі де, қолына Құран ұстағаны да осы нағашы атасы, Жалмұрат ақсақал болатын. Шалқарда жан баласы ол кісіге қарсы шыққан емес. Жұрт атасын құрметтейді. Атасы елін қадірлейді. «Ауыз бірліктеріңді күл құсатып шашып алып жүрмеңдер», – дейтін нағашы атасы. Нағашы атасының зерек, ойлы сөздері Шалқарда әлі де тірі. Сол есті ойлар, әр кезде, әр ортада естіліп қалып жатады.
О, Дешті-Қыпшақтың қайран есті ақсақалдары-ай! Сіздерді сағындық қой. Бұл сөздерді мен жиі қайталаймын. Жиі толғанамын. Сол сәттерде дүниенің бәрін талақ тастап, жалғыздық атты жалмауыздың құшағына қалай еніп кеткенімді өзім де байқамай қаламын.
Өйткені өткен күндерді қайтып қайы­ра алмайтыннан болар. Өйткені бүгін бар, ертең жоқ күндердің жеткізбейтінін білгеннен болар. Өйткені адам уақытқа емес, уақыт адамға билік жасайтыннан болар…
О, қайран Дешті-Қыпшақ!.. Ұлы Далада ұлып қалған Дешті-Қыпшақтың қасиетті ойшыл жырауларының жасындай жарқылдаған жырлары-ай! Ұстатпай кетіп барасыңдар-ау!..

Арқаның қызыл изені

Басы күрдек, түбі арал,
Қыдырып шалар аруана.
Үлкені кімнің жоқ болса,
Жасы болар дуана.
Бір сынаған жаманды
Екіншілей сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама!
Бұл Махамбет батырдың, Махамбет ақынның, жаны күйзелген, намысы қайнаған отты жыры болатын.
Атам мені қасынан тастамай ертіп жүретін. Бірде ауыл шетіндегі құмға шыққанда атам тізерлеп отырып алып намаз оқыды. Намазын оқып болған соң, малдасын құрып жұмсақ көшпелі құмға жайланды.
– Мен осы құмды алқапта, небір тылсым күштердің құдіретін көремін. Бізбен бірге қосамжар (параллельный) әлем де өмір кешеді. Осы құмда, қосамжар әлемнің иелерін талай көрдім. Мектепте сендерге қосамжар әлем туралы айтпайды. Айту керек. Ана-Жерде болып жатқан небір тылсым қозғалыстарды адам білуі керек. Жасыруға болмайды. Ақиқатты қадірлемеген қоғамның өмірі ұзаққа бармайды. Қашан да ақиқатты айту керек. Бұл қоғамның адамдары Құран оқуы керек. Құранға жығылмай, пенде адам бола алмайды, – деді.
Содан соң нағашы атам құмдауыт алқапқа ойлана қараған қалпы ұзақ үнсіз қалды.
– Қосамжар әлем туралы біз әлі де түк білмейміз. Ғалым болдық, өстік, өркендедік, бірақ біз үшін қосамжар әлем жұмбақ, – деді Серік Қуандықұлы.
– Сен қоғам дегенді білемісің?.. – деп сұрады нағашы атам. Мен ойланып барып, бала түйсікке салып:
– Қоғам деген, сіз, әжем, әкем, анам, менің бауырларым…
– Бұлар – сенің отбасың. Ал қоғам деген бүкіл қазақ елі, оған қызылдардың мемлекеті түгел енеді. Ұғамысың?
– Енді ұқтым.
– Сен қазір қай класста оқисың?
– Үшінші класста…
Нағашы атам орнынан асықпай тұрып ауқымды құмды бетке алып жүріп кетті.
– Құмда серуен құрмағалы көп болды. Маған еремісің?
– Еремін. Қосамжар әлемнің адамдарын көрсетемісіз?..
– Әне, олар анау құмдауыт төбеде кетіп барады.
– Кәне, кәне ата!.. – деп дауыстап жібергенім есімде.
– Сен оларды көре алмайсың. Олар жай пендеге көрінбейді. Қосамжар әлемді жақсы білген бір қазақ керекулік ақын, дана Мәшһүр-Жүсіп. Ол бертіндегі білгіш. Ертеде ондай адамдар көп болған. Бұл менің ұйғарымым. Бұның бәрін мемлекет зерттеуі керек. Білгірлерді табулары керек. Мен жаңа намаз оқып отырғанымда, екеуі қасымнан өтіп бара жатты. Анау төбеде кетіп бара жатқан солар, – деді нағашы атам. Көзі жасаурап солардың соңынан ұзақ қарап тұрып қалып еді.
– Ата… – деп шапанынан тарттым. – Ата…
– О, шіркіндер, төбе асып жоғалып тынды.
– Ата, сіз олардан қорықпайсыз ба?
– Қосамжар әлемнің тұрғындарынан қорықпаймын. Мына белсенді қызылдардан сескенем. Бұлар шаш ал десе, бас алатын хайуандар ғой. Әйтпесе, революция қайдан келсін?.. Қазақ даласына аштық қайдан келсін?.. Соғыс қайдан келсін?..
– Реке, менің нағашы атам, ақиқат­тың шағын ғана ауылынан шыққан таза адам еді. Құранын оқыды. Емдерін жасады. Ақиқатты айтты. Осы үш тағанға сүйеніп өмір сүрді. Кейін Үкімет нағашы атама, ем жасауға, сынық салуға тыйым сала бастады. Небір «тәртіп сақтаушылар» болды ғой. Сонда атамның айтқан бір ауыз сөзі бар еді: «Өлер бала молаға қарай жүгіреді» дейтұғын. Өле-өлгенінше ем жасауын тоқтатқан жоқ. «Құдайдың бойыма дарытқан қабілетін адамға қызмет жасауға жұмсауым керек» – деуші еді. Бұл өмірде айтқан сөзінен таймай өмір кешкен бір адамды білдім. Ол менің нағашы атам Жалмұрат болатын.
Серік қабырға толы кітаптарға қарап үнсіз қалды. Әудім уақыттан соң маған бұрыла қараған күйі:
– Мен сол жолы, сол құмды алқапта атам сияқты сынықшы боламын, – деп өз-өзіме серт берген болатынмын. Бірақ мен сынықшы болмадым, нейрохирург болдым.
– Жай нейрохирург емес, атақты нейрохирург болдыңыз.
– Бәрі де Алланың жазымында ғой. Мен қазір де, шығып кеткен, сынып қалған аяқ-қолды салып бере аламын. Бірақ менің қалауым нейрохирургияда. Бұл – өте күрделі мамандық. Күрделі ғылым саласы. Бүлкілдеген бастағы миға ота жасау оңай емес. Менің бұл таңдауға қалай келгенімді әңгіме үстінде айтармыз…
Ақшолақ атам суырып салма ақындығы бар, ел ортасында сый-құрметке бөленген адам болған көрінеді. Атам жалғыз ұлын жанындай жақсы көріпті. Жалғыз ұлға ерекше сенім артыпты. Өкінішке қарай, 1943 жылы қайтыс болған көрінеді. Атам Сайрам соғысына қатысқан текті Тілеу руынан.
– Реке, әкем, атаңа топырақ сала алмадым. Атаңа дүниенің қызығын да көрсете алмадым, – деп күрсініп отырушы еді. Қайран аталар, қайран асылдар!..

Әкем Қуандық

1941 жылы соғысқа аттанып кетеді. Батыста сұрапыл соғыс жүріп жатқан. Майданда қырғын шайқас, елде аш-жалаңаш кемпір-шалдар, буыны қатпаған бозбалалар, шиеттей нәрестелер. Несін айтасыз, ол жылдары кеңес халқының тіршілігі атаусыз трагедия еді ғой. Құдай басқа салмасын…
Әйбибі әжемнің шағын баспанасына ауылдың келімді-кетімді кісілері анда-санда бас сұғып тұрған ғой. Олардың ішінде: «жалғыз ұлың майданнан аман-есен оралсын» деп ақ тілек айтатындары да бар. Әжем, әкемнің тілеуін тілегендерге дастарқанда бар талшық тамақты түгел жиып дорбаларына салып береді екен. Өзі аш қалса да, өзгенің көңілін қалдырмаған Шалқардың аяулы анасы болып бағыпты.
Әкем Қуандық соғыстан Кеңес армиясының капитаны, атақты ұшқыш дәрежесінде, аман-есен елге оралады. 1950 жылдар болса керек…
Әкемнің отызыншы жылдары, дәлірек айтсам 1933 жылы көзімен көрген бірер оқиғасын айтайын… Өз аузынан естігенмін…
…Ол кезде әкем он жас шамасында. Қолда мал жоқ. Ішерге тамақ та жоқ. Қазақ даласын аштық жайлаған кезең. Әкем қара жұмысқа жарамайды. Ақындық өнерін жария ете алмайды. Жазғандарын жария етуге қорқады. Тажал заман. Үйде отырады. Ертемен тұрып үйінің қасына әзер жетіп, аштан өліп жатқан адамдарды, әлі келгенінше жер қазып, бетін жасырады. Өлгендер әкемді танымайды, әкем өлгендерді танымайды. Бірақ адамның Құдай алдындағы міндетін орындайды. Адамдық парызға кір келтірмейді.
Тағы бір айтқаны. «Туған апамды іздеп, Ақсу, Қуласу деген жерге аттандым. Жүз шақырымдай жер екен. Апама жетсем тірі қалатынымды, жетпесем қу далада өлетінімді білдім. Жол алыс жеткізер емес. Күш те жоқ. Қарын аш. Далада найзағай ойнады. Қалың
жау­ын жауды. Иесіз қораға жетіп, соның бір бұрышын паналадым. Әбден шаршап-шалдыққан баламын, сол жерде ұйықтап кетіппін. Оянсам, таң атыпты, күн жарқырап шығып тұр. Қайтадан сүрлеу соқпаққа түстім. Оң қапталдан үш-төрт кішкене күшіктерді көрдім. Соның бірін ұстап алайын деп ойладым. Қастарына жақындағанда өлген әйелдің денесінің пара-парасын шығарып жеп жатқан қасқырдың күшіктері екенін ұқтым. Ал өлген әйелдің басындағы ақ жаулығын жел желбіретіп тұр еді. Қорыққанымнан сүрлеу соқпаққа түсіп алып тұра қаштым… Тыянақ жоқ қу дала, аштық жайлаған ел, қасқырдың күшіктері паршалап тастаған өлі әйел­дің денесі, зәресі ұшып қашып келе жатқан он жастағы бала… Бұндай жан түршігерлік сурет жаныңызды қоярға жер таптырмай қинайды-ау?!.»
Ұлы Отан соғысында атақты ұшқыш болған әкем, елге оралған соң колхоз, ауданның дайындау кеңсесінің бастығы жұмыстарын атқарды. Ел ағасы болды. Шалқардың есті азаматтары әкемізге арнайы келіп бата алатын. Шалқарда Үкіметтен «Волга» машинасын алғаш иеленген де әкем болатын.
«Ер жігіт ерте тұруы керек», – деп әкем бізді таң атқан кезде оятып тұрғызып жіберетін. Соғыстың қатал тәртібіне үйренген әкем, қатал адам болды. Екі айтпайтын. Біз оны қабағынан танып, айтқанын екі етпеуші едік. Ағам екеуміз тұра салысымен, үйдегі кішкентай ботаға ала бұта шөбін шауып үйге әкелетінбіз. Әкем аулада өсіп тұрған картопты қазып алып, дәмдеп қуырып, таңғы асты дайындап қоятын.
Ауладағы шарбаққа сүйеп қойып өсіретін жүзімі аса тәтті болушы еді-ау. Аулада қып-қызыл алма, неше түрлі гүл өсіп тұратын.

Киелі Шалқар

Ғажайып жер ғой, шіркін! Бір тұсы – қазақтың ұлы борсық құмы. Тоқтамай көшіп жататын құм. Бір тұсы – үстірт. Бір тұсы – Шалқар көлі. Тағы бір тұсы – Бершүгір тауының етегіне ендей кіріп дамыл табады.
Табиғаты бөлек, киелі жер. Төрт-түлік малдың ішінде түйе көп өседі. Ол да Шалқардың табиғатына келісімді. Шалқарлықтар, қазақ бөлетін руға көп көңіл бөлмейді. «Біз Шалқарданбыз, біз шалқарлықпыз» деп кесіп айтады. Бұл Шалқар елінің ерекше ауызбірлігін танытады. Бір шалқарлыққа тиіссең, бүкіл шалқарлықтар тік көтеріледі. Шалқар көлінің суы жұмсақ, жайлы келеді. Бала кезімізде Шалқар көлінің жұмсақ суына тоймай шомылушы едік. Сол көлге баратын жолда, көкке ытқып ағатын салқын минералды су бар еді, сол суды бала біткен тоймай ішуші еді. Шалқардың жазы ыстық, бірақ еш бала ыстық тиіп ауырмайтын. Бұл да, Шалқарға ғана тән табиғи мінез болса керек.
Менің түсіме туған үйім, биік шарбаққа сүйеніп өскен қалың жүзім, соңғы кездері жиі енеді. Сол жүзімдердің дәмі таңдайымнан кеткен емес. Кетпейтін де болар!..

Мәскеу

Менің өмірімдегі де, ғылымдағы да жолымды ашқан он бес жыл ғұмыр кешкен қимас, қадырлы мекенім болды. Ресейдің Бурденко атындағы нейрохирургия институтында орыстың атақты ғалымдарынан дәріс алдым, миға ота жасаудың алуан түрлі әдіс-амалдарымен таныстым. Ең бастысы, сол институттың директоры, атақты нейрохирург, академик Александр Коноваловтың шәкірті болдым. Озық ойлы, адал жүректі, нағыз ғалым адаммен сыйлас, сырлас болған кезді ұмыту мүмкін емес. Әлі күнге дейін, сол адам маған ақылшы, ұстаз ретінде қымбат-ақ.

Александр Коновалов –

мені нейрохирургияға қолымнан жетектеп әкелген хас шебер хирург. Орыс хирургі ғана емес, әлемдік дәрежедегі озат хирургтің бірі.
– Реке, әңгімеміздің басында мен сізге нағашы атам құсап сынықшы, дем салушы болуды армандадым дедім ғой. Ал Александр Николаевич мені нейрохирургия әлеміне жетектеп әкеліп бір-ақ тықты. Мен сол туралы айтайын. Олай болса, Ақтөбеге қайтып оралайын. Дұрысы, Қарабұтақ ауданына соққанымыз жөн болар.
Ол кезде, мен Ақтөбенің медициналық институтында жұмыс істейтінмін. 1977 жылы, ұмытпасам мамыр айында, біздің институтқа Мәскеудің Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерт­теу институтының директоры Александр Коновалов келіпті. Жұмыс жайын реттеген соң, ақтөбеліктерден «балық аулауға мүмкіндік бар ма?» – деп сұрайды. Институт басшылары жан-жаққа хабарласып, балық аулайтын өзендер мен көлдердің жайын сұрайды. Ешкім ыңғайлы жауап таба алмайды. Сонда институт басшылары маған шықты. «Александр Николаевич Ақтөбеде балық аулағысы келеді. Соның жөнін табуға сені шақырдық. Атаң аудан басшысы, Коноваловты балық аулауға шақыр», – деп тілек білдірді. Мен Коноваловтың кім екенін білмесем де, басшыларға келісім бердім. Құртақандай ғана жеті-сегіз адам әзер сыятын АН-2 ұшағымен, ол кісіні Қарабұтақ ауданына алып келдік.
Сөзге Серіктің жан жары Баян Төлеу­қызы араласты:
– Құлпырған мамыр айы. Бүкіл дала жайқалған қып-қызыл қызғалдақтарға толы. Қарабұтақтың табиғаты керемет қой.
Сөзді Серік Қуандықұлының өзі жалғап кетті:
– Баянның әкесі Қарабұтақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Елге сыйлы, бүкіл Ақтөбе халқы қадірлейтін Төлеу Алдияров. Менің сенгенім, арқаланғаным Төлеу ағамыз. Жөн білетін де, сөз білетін де сол кісі. Қарабұтақтың қасында кішкентай өзендер көп. Бірақ балығы тапшы, майда шабақтар.
Өзі де үлкен, балығы да кесек Ырғыз өзені алыста. Оған жету үшін жарты күн жол жүру керек. Төлеу ағамыз Ырғызға бір водовозды жіберіп, соны үлкен сазандарға толтырып әкеп Қарабұтақтың іргесіндегі өзенге тастап жібереді. Таңертең ол сазандар, өзенде шалажансар жүзіп жүр екен. Біз оларды қармақпен емес, қолмен аулап кеттік. Рахат болды. Балық аулаудың жөнін білетін Коновалов: «О, Құдай, мен бұндай керемет балық аулауды бұрын-соңды көрген емеспін» – деп мәз-мейрам. Дәу сазандар, жағалауда қозғалуға шамалары жетпей, жан тапсырып жатты. Мәскеуден арнайы келген үлкен қонақты күтісуге Төлеу ағамыз Қарабұтақ ауданының прокурорын қосқан болатын. Далада не көп, сарышұнақ көп. Сарышұнақ жарықтық інінен басын шығарып алып, адамның бетіне тура қарайды. Жылдам қозғалады. Коновалов: «Сарышұнақты қара, тура көзіңе қарайды, тура көзіңе…» – деп қуана дауыстап жатыр. Қушікеш аудан прокуроры: «Александр Николаевич, даланың еркін сарышұнағы үшін бір тартып жіберейік» – деп желпініп берді. Мәскеулік қонақ, прокурордың ұсынысын орынды санап, жарты стақан арақты тартып жіберді. Прокурор да қуанды. Коновалов одан бетер қуанды. Қарабұтақтың жазық даласында інінен басын шығарып алып, адамның көзіне тура қарайтын сарышұнақтарда сан жоқ екенін мәскеулік академик Коновалов қайдан білсін!..
Әңгімеге тағы да Баян Төлеуқызы араласты.
– Балық аулаудан соң, Коновалов әкейдің үйіне құрметті қонақ боп еркін енді. Қасында Мәскеуден ертіп келген аспирант жігіті бар. Ақтөбенің медициналық институтының профессорлары да бірге еріп келді. Бір бөлмені еуропалық үлгіде, бір бөлмені өзіміздің қазақы дәстүрде дайындағанбыз. Дөңгелек үстел, жан-жағына жұмсақ көрпешелер жайылған кең бөлме. «Рұқсат болса, мен қазақ дәстүрінде дастарқан жайылған бөлмеде отырамын», – деді Коновалов. Александр Николаевич ашық-жарқын әңгіме айтып, кең кеңес жасап жақсы отырды. Жер үстелде ұзақ уақыт отыру қазақтарға да оңай емес. Ал Александр Николаевич дастарқан басынан аяғы тартылып қиналса да, сыр бермей еркін тұрды. «Мен білсем жерде отырып ас ішкен пайдалы ма деп қалдым. Қазақ халқы кемеңгер. Не істеуді біледі ғой», – деді. Жылы жымиып рақмет айтты. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына ғана емес, институт профессорларына да, Серік екеумізге де көрсеткен ибалы көңіл жылулығы еді. Үлкен адамға тән, үлкен тәрбие көрген мінез танытты.
Серік Қуандықұлы кең креслоға шалқая беріп:
– Баян Төлеуқызы есіне алып отырған әңгіме оқиғасына қырық алты жыл өтсе де, дәл бүгін өткен уақиғадай келісті айтуын қараңдаршы… – деп рақаттана күлді.
– Александр Николаевич Қарабұтақтан кетерінде мені сәл шетке шығарып алып, Мәскеуге, тура маған кел, – деді. Мен айттым:
– Александр Николаевич, Мәскеуде травматология және ортопедия институты бар. Сол институттың директорын танисыз ба? – деп сұрадым.
– Әрине танимын.
– Ол кісіге мен туралы айта аламысыз?
Коновалов айтты:
– Саған травматология институты керек емес. Мен сені танысам, саған керегі Нейрохирургия институты. Тура маған кел. Нейрохирург боласың.
Коновалов Мәскеуге кетті. Мен Ақтөбеде қалдым. Су сияқты зымыраған уақыт шіркін өтеді-ау. Мен травматология кафедрасында кішігірім жұмыс істеп жаттым. Нейрохирургия туралы әңгіме не ары бармай, не бері келмей, мұхит­тағы айсберг сияқты қатты да қалды.
Бірде Мәскеуден Ящков деген жігіт телефонмен хабарласты. Кезінде Александр Коноваловпен Қарабұтаққа еріп келген жігіт.
– Серік, сен демалыс ал да, Мәскеу­ге кел. Менің үйімде тоқтайсың. Мен жұмыс істейтін 33-емханада кезекшілік жасайсың. Александр Николаевич Коноваловқа апарамын. Ақтөбеде отырып қалдың. Қимылдау керек, – деді.
Мен ойланбастан кезекті демалысымды алып, Мәскеуге тарттым. Қайда баратынымды Баяннан басқа жан баласына айтқамын жоқ. Бұл арманға ұмтылған сапар еді. Яшков мені Коноваловқа алып барды. Мені көрген Александр Николаевич маған таңырқай қарап алды да:
– Келгенің жақсы болды. Дұрыс байлам. Енді берік бол, – деді. Бір профессорды щақырды да, – Бұл жігіт Ақтөбенің қазағы. Мықты қазақ. Осы жігітке жақсылап ас бер, – деді. Маған бұрыла қарап: – Біз саған Қарабұтақтағыдай ұлан-ғасыр ас бере алмаймыз. Барына разы боласың. Ал мен саған айтқан уәде, уәде болып қалады. Мен – уәдеге берік адаммын! – деп қолымды қысып, иығымнан өзімсіне құшақтады.
Мен екі жыл бойы, демалысымды Мәскеуде, нейрохирургия институтында өткіздім. Отаға қатыстым. Дәрігерлік кезекке шығып тұрдым.
Нейрохирургия мені шын қызықтырды. Мен нейрохирургиямен «ауыра» бастадым. Шынында да, нейрохирургия жаңа сала болатын. Нейрохирургияны ғылым ретінде көтерсек, ми ауруынан өліп жатқан адамдарды сақтайтынымызға сендім. Ол үшін нейрохирургияны зерттеу, ота жасауды үйрену керек еді. Ол кезде Қазақстанда нейрохирургия деген аты бар, заты жоқ болатын. Маған нейрохирург болу үшін алты айлық алғашқы маманданудан өту керек еді.
Ақтөбеге келісімен жолдама іздедім. Жолдама Алматыға, Киевке, Новокузнецкіге беріледі екен. 1978 жылы нейрохирург болам деген берік шешіммен Новокузнецке тарттым. Новокузнецке Кеңестер одағының түкпір-түкпірінен 30 курсант жиналды. Маған Новокузнецк қаласы да, нейрохирургияның түп-тамырын терең ұққан оқу орны да ұнады.
Бір күні отыз курсантты арнайы жинап, ертең Москваның нейрохирургия институтының директоры, академик Александр Коноваловтың институтқа келетінін, бізбен арнайы кездесу өткізгісі келетінін хабарлады.
– Коновалов сияқты үлкен ғалымды көру, дәрісін тыңдау, сіздер үшін үлкен олжа, – деді курс жетекшісі.
Ертеңінде барлық курсанттар есік алдына жиналдық. Бізге тақап келген Александр Коновалов, мені көре салып:
– Серік, сен бұнда не ғып жүрсің? – деп таңдана сұрады.
– Александр Николаевич, мен нейрохирург болуға бекіндім, – дедім.
– Дұрыс шешім. Мен разымын. Курс­ты бітірген соң, тура Мәскеуге кел. Сол жерде кездесейік, – деді. Бұл маған деген үлкен қамқорлық еді. Курстастарым маған таңдана қарап не айтарын білмеді.
Алты айлық курсты бітірген соң, Ақтөбеге оралдым. Кафедра меңгерушісі профессор Бирючков мені қуана қарсы алды.
– Серік, бұндай сәттілік, өмірде бір-ақ рет болады, мен білсем. Мәскеу біздің институтқа аспиранттық бір орын берді. Сол орынды саған беруді шештік. Мәскеуге, өзің танитын акамедик Коноваловқа тура бара беруіңе болады, – деді жылы жымиған күйі.

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір