ЖАҺАНДАНУ ОҚШАУЛАНУҒА СЕРІК ЕМЕС
19.11.2024
93
0

Жақында елордамызға Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі С.Лавров келіп кет­ті. Сол жолы ол көрші екі мемлекет­тің тарихшыларын ортақ тарихымызды жазуға шақырды. Кәсіби тарихшы ретінде өз басым ұсынысты құп алдым.
Иә, БАҚ бетіндегі Ресей ұсынысына қарсылықтан, наразылықтан хабардармын. Дей тұрғанмен, «көрші ақысы – тәңірі ақысы» емес пе. Бабаларымыз мұны бекер айтпаған шығар. Толғағы піскен мәселені бірлесе шешу де бәсекелік қабілет­ті шыңдайды.
Ұсыныс негізсіз емес. Енді соларға тоқтала кете­йін.
Біріншіден, Ресеймен ортақ тарихымыз бар екені күмәнсіз. Үш ғасыр бойы бірде тату, бірде қату Ресей құрамында болғанымызды жоққа шығару мүмкін емес. 1731 жылдан берідегі тағдырымыз Петербор мен Мәскеуде қабылданған шешімдермен анықталғаны айдан анық ақиқат. Әкелген пайдасы бір тоғыз болса, зияны – үйірімен үш тоғыз. Оның бәрін санамалап отыратын уақыт емес. Бірақ тарихи зердеден бір сәтке шықпағаны жөн.
Екіншіден, қазақ жер жүзіне тарыдай қалай шашылса, сол тарихтың баяны да әлденеше елдің архивтерінде, кітапханаларында, музейлерінде жатыр. Қазақ хандығының билеушілері құжат­тарға онша ұқыпты бола бермепті. Әйтпесе Қытай, Жоңғар билеушілерінің хат­тары өзімізде сақталмағанын қалай түсінуге болады. Ең көп ақпарат Ресей мекемелерінде шоғырланған. Осыларға қол жеткізбей, төл тарихымыз түгенделмейді. Орта ғасырларды айтпағанда, кешегі желтоқсан (1986) көтерілісіне қатысты құжат­тарға де­йін Ресейдің арнайы архивтерінде екенін бәріміз білеміз. Дерек – тарих ғылымының қанаты.Бірлескен комиссия құрыла қалса, жабық қорлардың есігі ашылуы бек мүмкін.
Үшіншіден, КСРО ыдырағаннан ке­йін қабылданған Ресей заңында мемлекет­тік мүддеге қайшы келетін архив құжат­тары басқа ел азамат­тарына берілмейтіні тайға таңба басқандай көрсетілген. Заң жұмыс істеп тұр. Ресей тарапы Қазақ­стан тарихшыларының еңбектерімен жақсы таныс. Ой-пікірі күдікті саналатын авторлар тізімін де жасақтапты. Осы тізімге ілінген тарихшыларымыз Ресейге бару, архивтерінде жұмыс істеу құқығынан сот шешімімен айырылған. Нақты айтар болсақ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Қабылдиновтан бастап, бір топ қатардағы қызметкерлеріне де­йін алдағы жарты ғасыр бойы Мәскеу архивтерінің есігін де аша алмайтындар қатарына кіріпті. Қазақ ұлт­тық аграрлық зерт­теу университетінде менің докторантым, профессор Г.Н. Ксенжик еңбек етеді. Ол Ресей архивтеріндегі карталар бойынша қазақ жерінің тарихын зерделеген еді. Бірнеше монографиясы да бар. Осыдан 2–3 жыл бұрын зерт­теуін жалғастыру мақсатымен Мәскеуге барған еді. Бағанағы тізімде аты-жөні тұрғандықтан, әуежайда бірден үш күнге қамауға алыныпты. Үш күннен ке­йін Қазақ­станға қайтарылды. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Ендігі үміт құрылатын ортақ комиссияда.
Төртіншіден, Ресей ғылым академиясында, университет­терінде, музейлерінде Қазақ­стан тарихынан іргелі еңбек жазған танымал зерт­теушілер жұмыс істеп жатыр. Ортақ комиссия арқылы осынау азамат­тардың үздік идеяларын, ғылыми нәтижелерін қажетімізге жарататын оңтайлы сәт туып тұр. Өйткені екі елдегі аға буын тарихшылар арасындағы кеңестік жылдарғы шығармашылық аралас-құралас, ынтымақтастық бәсеңдеді. Уақыт өткен сайын қатарлары сиреуде.
Бесіншіден, жаһандану әлемді жайлап алды. Оның түпкі көздегені – төніп келе жатқан дағдарыс пен апат­тан бірлесе сақтану. Ақыл-ой мен күшті біріктіргенде ғана экологияны сауықтыруда, жұқпалы ауруларды жеңу де, азық-түлік тапшылығын жою да, зорлықшыл агрессорды ауыздықтау да оң нәтижеге жетуге болатынын ХХ ғасыр тәжірибесі дәлелдеді.
Ортақ тарих ақиқатына қол сермегенде бірлесе ізденгендер ұтады. Жаһандану заманында оқшаулану – ұтылыстың басы. Бір ақылды жан айт­қан екен: «сенде бір алма, менде де бір алма бар, алмамызды алмастырсақ та, әрқайсымыз сол жалғыз алмамен қаламыз. Ал идеяларымызбен алмассақ, әрқайсымызда екі идеядан болады». Демек, бірлескен комиссияда жұмыс істеу ғылыми ой-сананы, танымды молайтатыны сөзсіз.
Алтыншыдан, С. Лавровтың ұсынысына қарсы топтың қаупі кешегі тоталитарлық практика қайталанады-мыс. Әрине, сақтықта қорлық жоқ. Оған жол бермейтін тетіктерді комиссияның жарғысында, бағдарламасында алдын ала қарастыру керек. Осы комиссияны ҚР және РФ Үкіметі жанынан неге құрмасқа? Оған мүше мамандардың жұмысы сапалы болуы үшін лайықты қаражат бөлінсе артықтық етпес еді. Ортақ тарихты жазу ісіне халықаралық сипат берілгенде, бұра тартуға жол қалмайды.
Бүгінгі қазақ қоғамын қаңтар қасіретіне де­йінгі қоғаммен еш шатастыруға болмайды. Ол тіпті мүмкін емес. Біз, орыстар айтатындай «Иван непомнящий» емеспіз. Біз мәңгүрт­тенген халық емеспіз. Біз тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ғасырларға бергісіз есеюді арт­та қалдырдық. Бұдан былай да қандай ісімізде болсын ұлт­тық, мемлекет­тік мүдде, идея алда тұратынына кәміл сенемін.
Әр істің бастауы қиын. Қиын екен деп шегере беруге де болмайды. «Жоспарды соғыс көрсетеді» деген екен Наполеон. Біз жауапты таңдау алдында тұрмыз. Тәуекел деп тас жұтайық. Тілі де, менталитеті де өзімізге ежелден таныс ел ғой. Жоғалтатын ештеңеміз жоқ.

 

 

Ханкелді Әбжанов,
ҰҒА академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір