Семсер сөзді серік еткен Құл сері
13.06.2024
252
0

Жетісу жерінде ертеректе өмір сүрген, халқымыздың тарихына қиянат жасалған кез­дері ат­тары аталмаса да халық жүрегінде сақталған әулиелеріміз, батырларымыз бен ақындарымыз жайында соңғы жылдары көп айтылып, жазыла бастады.
Солардың бірі – биыл туғанына 180 жыл толатын Құл ақын. Ол жөнінде «Жетісу» энциклопе­диясына мәлімет­тер енген. Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Лепсі ауылындағы бір көше Құл Сері есімін еншілеген.

Құл ақын өткен ғасырдың орта кезінде, дәлірек айтсақ 1844 жылы осы күнгі Жетісу облысы, Сарқан ауданына қарасты Шұбартүбек ауылында туып, 1914 жылы қайтыс болған. Зираты өзі туып-өскен өңірдегі Лепсі өзенінің жағасында. Әкесі Назар Мамырханұлы ағаш шебері болған, ер, келі-келсап, домбыра, үй-ағаш, кебеже, т.б. шауып, соны сатып, одан түскен қаржыға бала-шағасын асыраған көрінеді. Домбыра шертіп, ән де айт­қан. Анасы да өнердің жүйрігі болған деседі. Әкесі мен шешесі бірімен-бірі айтысып, Назар болашақ жарын айтыста жеңіп алған көрінеді. Әке мен ананың бұл қасиеті баласына ерте жаста дарыған. Жас Құл бес жасында домбыра тартып, ауыл тұрғындарын таңғалдырған деседі. Жасынан тек домбыра тартып қоймай өлең де шығарған екен.
Ақын ерте жастан, әділет­ті болуға, имандылыққа, адамгершілікке, елді, жерді қорғауға шақырады. Барлық өмірін жетпістен асқанша отау құрмай өткізген көрінеді. Бұндай адамды сопы дейді. Қариялардан естуімше, ауру-сырқау­ды жазған. Барлық өмірін халқының арасында өткізіп жабырқағанды жадыратуға, жасығанның еңсесін көтеруге, күш- қуатын, өнерін халық игілігіне жұмсаған көрінеді. Сондықтан да болар біздің өлкеде Құл ақынның өлеңін білмейтін адамдар кем де кем.
Құл ақынның бойына өнердің бірнеше түрі қонған. Құл ақын – біріншіден сазгер. Сазгердің он шақты ән-өлеңі халық арасында кеңінен тарап, осы күнге де­йін ел аузында айтылып жүр. Олар – «Шұбар ағаш, ой жайлау», «Мәукім сал», «Құлманға», «Оразға», «Ақ бүрлен», «Қарала», «Малдыбай», «Өтебай», «Ахау- ахау», тағы басқалары.
Құл серінің мұрасы бір орталыққа жиналмаған. Азды-көпті талпыныс Мұқан Төлебаев тарапынан болған көрінеді. Мұқан Төлебаев Құл мен Апырбай ақындардың өмірінен үлкен музыкалық шығарма жазбақ болған. Мұқанды өнерге баулыған Әуелбайұлы Апырбай болса, оны өнерге қанат­тандырған Құл ақын. Бұл үш тарланның арасында өнерге деген байланыс шырмалып жатыр, бірінен-бірін ажырату өте қиын.
Оның айғағы Мұқан Төлебаев Құл ақынның жоғарыда атап өткен ән-өлеңдерін жинастырып, оны өңдеп нотаға түсіріп, «Жүз ән» еңбегінің қолжазбасының ішінде қалдырыпты. Оны өнертану ғылымының кандидаты
Н.С.Кетегенова құрастырып, 1979 жылы «Жалын» баспасынан шығарады.
Құл ақынның сол жинақта жарық көрген өлеңдері төмендегідей:
Басың биік, Алатау мұнарлаған,
Бірде жабық,
бірде ашық тұманданған.
Шұбар ағаш, ой жайлау,
Жаман жолдас қол байлау.

«Шұбар ағаш, ой жайлау»

Ей, Алатау, басың биік –
мұнарланған,
Бірде ашық,
бірде жабық тұманданған.
Күмістей таза бұлақ аспанға атқан,
Хош иіс, көңіл жат­ты құмарланған.

«Өтебай»

Құлман жатыр Тәукеде бие сауып,
Жанына барған жауды ит­тей қауып.
Қос ат алып, соңына Нияз түсті,
Құтылшы бәлем, пұшық, ебін тауып.

«Құлманға»

Ат байлары Ораздың шолақ терек,
Бұтасы жоқ басында молақ терек.
Ахан менен Апасқа жарасады,
Қу төреге қу терек неге керек.

«Оразға»

Шығады ақыл жастан, қына тастан,
Не пайда еңбегі жоқ, жалқау жастан.
Ахау, ахау жалқау жастан.
Басына бейнет келіп қысылғанда,
Жігіт­тің бұлбұлы сол көңіл ашқан.
Ахау, ахау көңіл ашқан.

«Ахау, ахау»

Соғыңдар, соқ жігіт­тер мәукімдетіп,
Қалғандай естігеннің есі кетіп.

Мәукім сал, Мәукім сал,
Да-да күлді-ай, ой-дай-ай.
Атым Құл ой мен қырға
даңқым шыққан,
Сал болдым, ақын болдым әуендетіп.

Мәукім сал, Мәукім сал,
Да-да, күлді-ай, ой-дай-ай.

«Мәукім-сал»

Салайын ән сал десең, ырғаңдатып,
Сұлу қыз шолпы тағар бұлғаңдатып.
Қыз мінген қызыл ат­тың жүрісіндей,
Салайын мен әніме бұлаңдатып.

«Малдыбай»

Құл серінің мұралары ән-өлеңмен шектелмейді. Халыққа жақпаған мансапқор, алаяқ төрелерді мінеп-шенеп, құрдастарына айт­қан көптеген өлең-жырлары ел аузында. Байлықты мұрат тұтпаған, олжасын, сый-сыяпатын қалың елге таратып беріп, еліне еркелеумен күн кешіпті.
Семсер сөзді серік еткен серінің бір шумақ өлеңмен он сегіз биді сипат­тайтын өлеңі бар. Он сегіз би Толым деген кісінің үйінде бір ірі дауды шешуге жиналады. Ылғи жақсы-жайсаңдардың үстіне Құл ақын келеді. Босағаны ат­тай бергенде Талтай деген кісі:
– Ақын болсаң осы отырғандардың атын атап, бас-басына сипат­тама бер, – деп талап қояды.
Сонда Құл сері:
– Мінезі Арап бидің қылтылдаған,
Қасында Толым,
Тоқпай жылтылдаған.
Қорғанбай, Ақпай,
Сартпай ат ерт­тейді,
Ішінде ешқашанда сыр тұрмаған.
Сөзіңде Қаймолданың береке жоқ,
Ұзақ сонар дау айтып сылпылдаған.
Әйткенмен ескі сөзге
Шынбай жақсы,
Қоғалы мен Оспан бар бұрқылдаған.
Бәрінен де Шошақтың
Айнасы артық,
Ін түбінде бос ұстап бұлтылдаған.
Ораз, Нияз, Ақан, Қалмен, Елмен,
Көмейлері құрысын қылқылдаған.
Билікте бас жүлдені Шәкен бермес,
Дуалы ауыз сөз сөйлеп сыңқылдаған.
Елге ұйтқы бір сөзді Жақанбай би,
Тоқ белді биеде­йін ыңқылдаған.
Талтайдың бет аузының бәрі шірік,
Мақаншының сазындай
шылпылдаған.
Шошақтың ақ байталы Арқа кет­ті,
Жігіт­терге төсек боп былқылдаған, – деп тілінің бізін сұғып алғанда ащы да болса ақиқат сөзді билер еріксіз мойындапты.
Туған жеріміздің талант­ты тұлғаларының бірі Құл серінің қазақ даласында ең алғаш ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырғаны – елді елең еткізген оқиға. Ел аралап жүріп Құл бабамыз Омбы шаһарындағы ағайын-туыстарында болған көрінеді. Сол сапарында орыс халқының оркестрін көріп, сол тектес өнер ұжымын Қызылқайың ауылында ұйымдастырып, өнерлерін халық алдына тарту етіп, оны көрген, естіген жандарды таңғалдырыпты. Оркестр құрамында домбыра, асатаяқ, дауылпаз, т.б. аспаптар болыпты. Домбырашылардың бәрі киімдеріне сылдырмақты түйме тағады, біркелкі киінеді. Әрине, бұл жаңалыққа, Құлдың оркестріне осқырына қарап, жақтырмайтындар табылады да ақыры оркестр тарап тынады. Сол кез­де Құл «Мәукім сал» дейтін ән шығарып:
Біраз күн сал атанып сайраңдадым,
Халқымның құрметіне
жайраңдадым.
Шапсам – дүл-дүл,
сайрасам – бұлбұл едім,
Кемем шығып саязға қайраңдадым, – деп қайғырған көрінеді.
Құл ақынның кіндік қаны тамған Шұбартүбек ауылы өнерлілер өлкесі деп бекерге айтылмаған. Бұл ауылдан шыққан ақын Апырбай Әуелбайұлы, ұлы композиторлар Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, әншілер Бекен Жылысбаев, Сара Тыныштығұлова, Кеңес Бақтаев, музыка зерт­теуші Келгенбай Төлеутаев – Құл серінің ізінен ерген айтулы тұлғалар.
Өз кезінде замандасы Жексембай би серіге төмендегідей сипат­тама беріпті:
Аққұба, от­ты көзді, сирек сақал,
Қияқ мұрт, тілі үшкір сөзге басар.
Қыр мұрын, жазық маңдай,
қаусырма жақ,
Көмейден сөзі ағылса көңіл ашар.
Кең иық, ұзын бойлы, тік денелі,
Құрбыдан артық тұрар келсе қатар.
Жайлаудың алуан түрлі
жапырағындай,
Үкі шоқ киімінде лазы баһар.
Қолында төрт бұрышты күміс жүзік,
Жарқырап көзге түсер жақұт-гауһар.
Қадалған желбегейге
қоңырау сылдыр,
Ақынның елге таққан сөзі мөлдір.
Парасат, ақыл-білім ерге бітсе,
Адамның қанат­тысы, мынаны біл.
Жабыдан тұлпар тумас баптағанмен,
Құл аға – түбі тұлпар, ақылы нұр.
Құл сері, құрбылықпен бердім баға,
Ініге жақсы болса әркім аға.
Құрбы едік бір заманда бірге жүрген,
Жеткізді кәрілікке Хақ тағала.
Үстіне биік таудың шығып тұрмын,
Қанша өмір қалды дейсің бұған қара.
Арғы атаң ақын еді, шешен еді,
Бұзылмай жеткен екен бітім-сала.
Жексембай би осылай жеріне жеткізе сипат­таған Құл серінің қазақ өнеріндегі орны зор.
Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің «Өзендер өрнектеген өлке» кітабының «Інжу-маржан секілді» деген тарауына ел аузындағы әңгіме арқау болған:
«Зылиханың әкесі Жақып пен Құл ақын жақсы сыйласқан екен. Домбырасына шашақ тағып, өзінің үстіне сылдырмақ түймелер қадап жүретін, әшекейге әуес кісі болыпты. Бір күні досы Жақыптыкіне келіп, домбыра тартып отырса, оның қызы Зылиха ақынның әшекейлі түймесіне қызығып біреуін сұрапты. Баланың көңілін жықпай Құл бір түймесін үзіп береді. Ке­йін, бойжетіп, өзі де өлең шығаратын халге жеткенде, Зылиха Құл ақынға: «Жас кезімде түймеңізді қиып беріп едіңіз, енді өлеңіңізді беріңіз!» – дейді. Құл риза болып: «Қалқам, өлеңімді де бердім!» – деп батасын беріпті. Сөйтіп, Зылиха ауыл арасында белгілі өлеңші қыз атанады. Міне, осы тұста Құл ақын Зылиханы інісі Апырбайға алып бермек болады. Сөйтіп, қыздың әкесі Жақыпқа өз ойын айтады. Жақып оған келіседі, бірақ сол екі арада Құл ақын қайтыс болып кетеді.
Зылиха он сегізден асқанда Апырбайдың ағайын-туыстары құда болуға келеді. Оларды Жақып жылы қабақпен қарсы алады. Екі жақтың келісім әңгімесі кезінде қыздың әкесі: «Маған қалың малдың қажеті жоқ, Апырбай мен Зылиха айтыссын, Апырбай жеңсе, қызымды қалың малсыз-ақ бере­йін», – дейді. Жақыптың өйтіп айту себебі, сірә, Құл ақынға берген уәдесіне байланысты болу керек. Жақып: «Маған қалың малдың қажеті жоқ, Апырбай мен Зылиха айтыссын», – деген кез­де оның інісі Жаңабай деген намыстаныпты: «Қалыңсыз қыз ұзата ма екен? Ата жолын қалай бұзамыз?» – деп. Сонда Жақып інісіне ашуланып: «Жалғыз қызымды малға сата алмаймын, Апырбай өнерін асырсын да алсын», – дейді.
Сөйтіп, Зылиха он тоғызға толғанда Саусақты деген жерде (қазіргі Көктерек ауылының аумағында) қыз бен жігіт айтысады. Ол айтыстың рет-ретін Зылиха апай ұмытыңқырап қалған екен, дегенмен ойлана келіп кейбірін еске түсірді. Екеуі әуелі тау өлең айтысыпты. Әрқайсысы өз жеріндегі тауды мақтап, қарсыласының өлеңге қосқан тауына мін таға сөйлейді. Содан өтірік өлең айтысқа көшеді. Айтыса-айтыса келіп, бірде Зылиха:
Биік таудың шығатын қиясы бар,
Бауырында қалың өскен миясы бар.
Мені қайтып жеңесің, ақын жігіт,
Таңдайымда өлеңнің ұясы бар, – деп сес көрсетеді. Апырбай да осал жауап қайтармайды. Екеуінің айтысы былай бітеді:
Сағым-сағым, ендеше, сағым-сағым,
Сағынғанда қайда едің,
солқылдағым.
Он ауызды болсаң да оралтармын,
Жолда түсіп қалмаса тіл мен жағым, – дейді.
Сонда Зылиха былай дейді:
Көшкенде жылқы айдаймын
Шалбаспенен,
Ортан жілік бітеді жамбаспенен.
Осы жасқа келгенше әйел алмай,
Күнің өтіп кетіпті-ау далбаспенен.
Оған орай Апырбай да былай жауап қатады:
Ауылым көшіп барады Қоғалыға,
Бүркіт салған шығады жоғарыға.
Осы жасқа келгенше ерге бермей,
Әке-шешең қалыпты-ау обалыңа.
Сонымен қыз жеңіледі де, Апырбай оған қалың малсыз үйленеді. Зылиха келін болып түскеннен ке­йін, Төлебайдың да шешесінің аты Зылиха болғандықтан жұрт енді Апырбайдың әйелін Нұриқа деп атап кетеді». (Б.Нұржекеев «Өзендер өрнектеген өлке». «Жалын» баспасы, 1984 жыл,
205-207 бет­тер).
Міне, Құл сері Апырбай ақынға осындай жанашырлықпен қараса, Апырбай да ке­йін студент Мұқан үшін қамқорлық танытқан ақынның бірегейі болған. Өз кезегінде Мұқан Төлебаев та Құл ақынның өлеңдерін жинастырып, оны өңдеп нотаға түсіріп, «Жүз ән» ат­ты еңбек жазғанын жоғарыда аңдатқан болатынбыз.
Құл атамыз жалғыз ат­ты кедейлігінен бе, болмаса жетім-жесірлерге шынайы жаны ашығандықтан ба, әлде ауқат­тылар мен шонжарлардың кемшіліктерін бетің бар, жүзің бар демей айта алғандығынан ба немесе табан астындағы тапқырлығы тыңдаушы қауымды қызықтыра білгендігінен бе, әйтеуір, елге ұнаған.
Бір жылы Құлман деген біреу болыстыққа таласады. Құлман пұшық кісі екен, оның болыс болғысы келіп жүргенін естіген Құл:
Бәйгеге маңқа айғырды
қосқан болдық,
Жолынан келе ме деп тосқан болдық.
Осы жолы маңқа айғыр ілінбесе,
Кенжебай мен Медетке бостан болдық, – дейді. Оны естіген Құлман ақынның астындағы сары ала атын тартып алады. Құл енді қара ала ат сатып алады да, Құлманның ауылына әдейі келіп үй сыртынан сұрау салады. Үйден Құлман жүгіріп шыққанда өлеңдетіп қоя береді:
Ана айда тартып алдың сары аланы,
Осы айда сатып алдым қара аланы.
Мұрыныңды жеген құрт
мен деп жүрсең,
Насыбайға қосып ат араланы.
Шайға шығарып ішетін мүсәтірдің бір түрін «арала» дейді екен.
Шұбарағашта төрелік еткен Есім төренің үйіне келіп, бетің бар, жүзің бар демей кемшілігін жиналған елдің көзінше айту осындай өр тұлғаның ғана қолынан келеді:
Ассалаумағалейкум, Есім төре,
Жимайсың аяғыңды кесір төре.
Арақ пенен сыраны қосып ішіп,
Өлерсің, есіңді жи есіл төре.
Тіршіліктің қызығы неде болмақ,
Айналаңда белгі жоқ жетім төре.
Бұл өлеңде сері төренің кіндігінен бала жоқ екенін, елге пайда келтірмегенін өлтіре шенейді.
Енді мына бір шық бермес Шығайбайдай сараң байға айт­қан сөзін сүйсінбей оқи алмаймыз:
Мынауың қыстан қалған
сүрі екен ғой,
Қайнаса жібімейтін сірі екен ғой.
Қарынбай біреу ме деп жүруші едім,
Екеу екен, біреуі тірі екен ғой.
Бірде Жақанбай би ел билеп, болыс боп тұрған кезінде жұбайы қайтыс болып, екінші әйелге үйленбек болады да, ел жақсыларын жинайды. Төрт Түгелбай балалары Жақанбай биге көмектесіп, қалың мал жинап береді. Құл ақынды шақыртып алып, қалыңдығына баратынын айтып ақынды қоса жүруге, жолдас болуға көндіреді. Екеуі бәлен күнге уәделесіп, тарқасады. Күндердің күнінде неге екені белгісіз Жақанбай би Құл ақынға хабар бермей, тоқалын серісіз басқа достарымен әкеледі. Бірде Құл сері құт­ты болсын айту үшін Жақанбай ауылына әдейілеп келсе, би үйі қонақтарға толы екен. Сөз кезегі өзіне келгенде Құл сері:
Мынау ма Жақанбайдың
алған жары,
Бетіне әжім түскен арық сары.
Үйінде бір-ер бала тапқан болар,
Солай деп айтып жүр ғой
жұрт­тың бәрі.
Қалыңды төрт Түгелбай түгел берді,
Кезек қатын қыла ма мұны бәрі.
Осымен тоқталайын, ей Жақанбай,
Бауырың құт­ты болсын бұдан әрі, – деп күледі де орнынан тұрып кетпекке бет алады. Сонда Жақанбай сөзден жығылып, жік-жапар болып: «О, Құл аға, өлтіремісіз, ініңіздің бір білместігін кешіріңіз», – деп үстіне шапан жауып, кінәсін мойындап ат­тандырған екен. Құл серінің осындай қағытпа, шымшыма, елге деген жүрегінің түкпірінен шыққан шынайы, қанат­ты өлеңдерінің ел ішіне таралып кетуіне ел ақындарының ықпалы болды. Құл сері өз елінде еркін жүріп, айналасындағылардың кемшілігін табанда өлеңге қосатын бет­ті кісі болған екен. Бірде тоғыз әйелі бар бір төреге былай депті:
Қар жауар қарашада борай-борай,
Бір қабанның соңында тоғыз торай.
Құдайдың бермегенін іздеген ең,
Құлағыңды ұрайын отыр солай.
Құл атамыз өнердің қай түріне болса да, ондағы жаңа өсіп келе жатқан ақындардың қолдаушысы, жанашыры, тірегі болған екен. Болыс болу үшін күштілер сол заманда таласатын көрінеді. Кім көбірек мал берсе, соның дауысы көп болып, сол жеңеді екен. Билердің ішінде парақорлары аз болмаса керек. Оны білген Құл сері мынандай бір шумақ өлең шығарады:
Ұраны – бұл Шүйенің Кебек екен,
Қалиды болыс қоям деген екен.
Аруағын Алдиярдың атқа сатып,
Арзандап бір кеткені неден екен, – деп болыстың Құдайдан, аруақтан қорықпағанын бетіне басып, оны адамгершілікке, әділет­тікке, халық қамын ойлауға шақырады.
Әсем деген бір Садырдың келіні Матай жақтың азаматына күйеуге шығып кетеді. Соған намыстанған Құл ақын Әсеммен айтысады. Әсем:
Арқада айғыр, құлан адуыншы,
Сүрінші, екей-текей бір бүлінші.
Болғанда тауда дихан тарғыл мәулін,
Су толқып өтер бір күн дәлдүрінші, – деген екен. Осы жұмбақ өлеңді Құл серіге тарту етеді. Сонда Құл көп кідірмей мына төмендегідей жауап өлең айт­қан көрінеді:
Айғыр құлан дегенің – алғаның ғой,
Құланың ат басындай қалғаның ғой.
Екей-текей дегенің – ел бүлдіріп,
Дүзі қара елге бүлік салғаның ғой.
Таңға диқан дегенің – тарғыл мәулін,
Құбылып өте шыққан жалғаның ғой.
Су толқып өтер бір күн дәлдүрінші,
Салынып елден жырақ қалғаның ғой, – депті.
Қашаған ақын мен Құл сері айтысыпты. Сол айтыста бірінші рет жеңіліпті деген сөз ел аузында бар.
Құл сері:
Ассалаумағалейкум, Қашағансың,
Алпыс пенен жетпісті жасағансың.
Жетпіс жасқа келгенше сиыр жайып,
Орыстың қара нанын асағансың.
Қашаған ақын орыстың малын бағып, күн көріп жүрген кезі болуы керек. Соны Құл ақын өлеңіне арқау еткен. Бұған шыдамаған ақын Қашаған екеуінің де кедей екенін, кедейлік не істетпейтінін айта отырып, Құлдың анасы некесіз Назарға қосылғанын айтып кінә тағады.
Құл сері сен де кедей, мен де кедей,
Кез келдік екі кедей әлденедей.
Шешеңді некесіз деп естуші едім,
Атыңды Құл қойыпты дәлдегендей.
Осы айтыстан ке­йін Құл сері ақындықты қойып кет­ті деген де сөз бар. Өйткені ол кез­де Құл ақын жетпіске толып, сексенге аяқ басқан кезі екен. Өзінің денсаулығы нашарлап, күйзеліп, жетпіс бір жасқа толғанында қайтыс болыпты.
Садырдың Ораз деген төресімен түйдей жасты екен. Қағытып Құл серіге Ораз тиісе береді. Сонда меселін басу үшін бір шумақ өлеңді арнап айтыпты:
Көтеріңкі көрінер көшкен жұртың,
Қиғаш қара қиылған қара мұртың.
Еш нәрседен кемшілік
көрмессің сен,
Аман-есен күшіктесе мына екі итің, – деп еруліге қаруын қайтарыпты.
Құлдың елінде Бексұлтан деген төре өмір сүрген екен. Бексұлтан аяқ астынан қайтыс болыпты. Құл сері мен Бексұлтан тірісінде қарым-қатынасы үзілмеген жандар екен. Бексұлтанның ұлы Құл серіні жаназасына шақырмапты. Болыстың баласының нашарлығына ренжіген Құл сері ке­йін Бексұлтанның ауылына келіп жоқтау сарынымен былай депті:
Бекем, Бекем, Бекем-ай,
Жерің жаман екен-ай.
Жіп құйысқан, құр айыл,
Үзіліп кетер ме екен-ай.
Жаман туған балаңыз,
Айтпай көмген екен-ай.
Қайран менің, Бекем-ай,
Сенен жақсы өте ме-ай…
Жаман туған балаңыз,
Қылығы естен кете ме-ай?!
Құл ақынның көптеген өлеңдері мен айтыстары бізге жетпей қалды. Ендеше, есімі Жетісу мен Арқаға еркін таралып, елі еркелеткен серінің есімін бір өңірдің аясында тұмшалап қоюға болмайды. Ұрпақтарының ұлағат­ты ісін көрсе сері былай дер еді:
Алмас тілім – ақиқат алдаспаны,
Туралықтың түндігін түргені шын.
Мен сезгенмін
жолымның жалғасқанын,
Жырым хатқа түспеді-ау бір кемісім.
Жетісуды, Арқаны араладым,
Омбы шаһар дүниеге көзімді ашты.
Шындық үшін бет-жүзге қарамадым,
Қаймықпаған ханнан да
қайран жастық.
Бидай емес Құдайдан
«ди-дай» сұрап,
Дүбірлет­тім өлкемді, мәукімдет­тім.
Тірлік деген – тас түйін,
ұнған сынақ,
Серіліктің әуенін сан түрлент­тім.
Заманымда ел болды сөзді ұғарлық,
Тіліп түсер жалғанды тілім қандай.
Шенегенім зорлық пен
ұрлық-қарлық,
Өлеңдерім жетіпті-ау жырымдалмай.
Апырбайдың дөп басып ақындығын,
Баулып едім шәулідей
шыңға асықты.
Ерте сездім ел қамын, ғасыр жүгін,
Өнеріне халқымның шын ғашықпын.
Жетеледі шақырып сенім алдан,
Жырларымды жат­тады елім бүгін.
Әлдилеген жоқ мені жеңіл арман,
Жақсы адамның жанкешті серігімін.
Ұмытпапты ұрпағым Құл ақынды,
Әспет­теді мұрамды, мұратымды.
Кемел күнге кең жаздым
құлашымды,
Берем кімге шабытым-қуатымды.
Тасасынан жылдардың тұрсам қарап,
Ке­йінгілер келісті, кіл ақылды.
Біздің жолды кемел ұл жалғастырар,
Үндестігі ұрпақтың ұнасымды.

 

Жомарт ИГІМАН
Қазақ­стан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір